Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2010 жылғы 19 наурыздағы № 129
бұйрығына 1-қосымша
Көптілді білім беру мамандықтарына арналған қазақ тілінің базалық курсы бойынша типтік оқу бағдарламасы
Мазмұны
1. Курстың мақсаты мен міндеттері
3.1. 1-ші кезең мазмұны (А1-тілашар деңгейі)
3.2. 2-ші кезең мазмұны (А2-бастауыш деңгейі)
3.3. 3-ші кезеңнің мазмұны (В1 - орта деңгей)
3.4. 4-ші кезеңнің мазмұны (В1-ілгері орта деңгей)
Жоғары мектепте мамандарды кәсіби негізде даярлаудың мазмұнын қайта құрумен байланысты қоғамның қазіргі дамуының өзекті қажеттіліктері Қазақстанда кәсіптік білім беру саласының алдына күрделі міндеттер қойып отыр. Жоғары кәсіптік білім беруді жаңартудың басты құжаттарында ең негізгі мақсат білікті маман даярлау деп көрсетілген. Ол жауапкершілігі мол, өз мамандығы бойынша халықаралық стандарт деңгейінде тиімді іс-әрекетке қабілетті болуы, кәсіби деңгейінің өсуіне ынталы болуы, әлеуметтік және кәсіби бейімділігі жоғары, үш тілді: мемлекеттік тілді-қазақ тілін, ұлтаралық қатынас құралы ретінде орыс тілін, дүниежүзілік экономикалық кеңестікке кірігу тілі ретінде ағылшын тілін еркін меңгерген тұлға болуы тиіс.
Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуы, дүниежүзілік деңгейде ықпал-беделінің артуы, заманауи инновациялық техника мен технологияларды күнделікті өмір мен өндірісте қолдану, жаһандану үдерісінен сырт қалмау қажеттілігі қазіргі заманғы білімді де білікті, рухани ой-өрісі кең де жан-жақты, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды ұштастырған азаматтың қалыптасуын талап етеді. Мұндай азаматтардың қалыптасуына еліміздегі көптілді білім беру жүйесінде мемлекеттік тілді оқыту да өз әсерін тигізеді.