«Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі № 339-IV Заңы (2026.13.08. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)

Предыдущая страница

Азаматтық авиация ұйымдарының басшы қызметкерлеріне қойылатын біліктілік талаптары азаматтық әуе кемелерін пайдаланушыларға және авиациялық техникаға техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу жөніндегі ұйымдарға қойылатын сертификаттау талаптарында белгіленеді.

2. Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуді ұйымдастыруға дербес жауапкершілік пайдаланушының және азаматтық авиация ұйымының бірінші басшысына жүктеледі.

Пайдаланушының бірінші басшысы лауазымына кандидаттың Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес құжатпен расталатын, азаматтық авиация саласындағы басшы лауазымдарда кемінде 3 жыл (немесе тағайындалған күннен бастап үш ай ішінде ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі курсты кейіннен өту шартымен басқа салалардағы басшы лауазымдарда кемінде 5 жыл) жұмыс тәжірибесі болуға тиіс.

 

 

7-тарау. ПАЙДАЛАНУШЫ

 

59-бап. Тұлғаларға азаматтық әуе кемелерін пайдалануға рұқсат беру

1. Азаматтық әуе кемелерін пайдалануға рұқсат етілген Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғалары:

1) сертификаттаудан өткеннен кейін және пайдаланушы сертификатын алғаннан кейін коммерциялық әуе тасымалдарын орындайтын пайдаланушы;

2) сертификаттаудан өткеннен кейін және аваиациялық жұмыстарды орындауға арналған куәлікті алғаннан кейін авиациялық жұмыстарды орындайтын пайдаланушы;

3) жалпы мақсаттағы авиацияны пайдаланушы болуы мүмкін.

2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

2. Халықаралық коммерциялық әуе тасымалдарын жүзеге асыратын пайдаланушылар және халықаралық ұшуды орындауға жіберілген жалпы мақсаттағы авиацияның ауыр немесе турбореактивті ұшақтарын пайдаланушылар азаматтық әуе кемелерін пайдаланушылардың ұшу қауіпсіздігін басқару жөніндегі үлгілік нұсқаулыққа сәйкес орындалатын ұшудың көлемі мен күрделілігіне қарай ұшу қауіпсіздігін басқару жүйесін енгізуге міндетті.

2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды (2023 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді)

3. Пайдаланушы ұшуды қауіпсіз жүргізуге және Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы Қазақстан Республикасы заңнамасы талаптарының сақталуына жауапты болады.

 

2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 60-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)

60-бап. Азаматтық әуе кемелерін пайдаланушыларды сертификаттау

2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.19.04. № 249-VІ ҚР Заңымен (2019 ж. 1 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен (2023 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді

1. Пайдаланушының сертификатын және (немесе) авиациялық жұмыстарды орындауға арналған куәлікті алу үшін өтініш беруші азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымға азаматтық әуе кемелерін пайдаланушыны сертификаттау және оған сертификат беру қағидаларына және (немесе) пайдаланушыны авиациялық жұмыстарға жіберу қағидаларына сәйкес сертификаттау талаптары мен сертификаттау шарттарына сәйкестікті растайтын құжаттармен қоса белгіленген нысандағы өтінімді жібереді.

Пайдаланушы сертификатын немесе авиациялық жұмыстарды орындауға арналған куәлікті алу үшін өтініш беруші азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымға өзінде сертификатталған әуе кемелері, даярланған персоналы, құжаттамасы, әуе кемелерін ұшуға, техникалық пайдалануға және ұшуды орындауды қамтамасыз етуге қажетті жабдықтары, ғимараттары, құрылыстары бар екенін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының міндетті сақтандыру түрлері туралы заңдарына сәйкес міндетті сақтандыруды жүзеге асыратынын көрсетуге тиіс.

Пайдаланушы өзінің әуе кемелері бақыланбайтын әуе кеңістігінде ұшқан кезде авариялық хабар беру үшін жауаптылықта болады.

Бастапқы сертификаттау кезінде өтініш беруші жоспарланған қызметті жүзеге асыру және ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін авиация персоналын кәсіптік даярлауға, әуе кемелерінің ұшуға жарамдылығын ұстап тұруға, жабдықтар, құралдар сатып алуға, еңбекақы қорына қаржы ресурстарын бөлуді және өзге де шығыстарды қамтитын қызметтің толық қаржылық-экономикалық жоспарын ұсынады. Қызметтің қаржылық-экономикалық жоспарын пайдаланушы сертификатын алуға үміткер заңды тұлғаның меншік иесі (қатысушылары, акционерлері) бекітеді. Жеткілікті қаржы ресурстарының болуы өтініш берушінің банктік шотынан соңғы үш айдағы тиісті үзінді көшірмемен расталады.

2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

2. Пайдаланушының сертификатында және (немесе) авиациялық жұмыстарды орындауға арналған куәлікте белгіленген пайдалану талаптары мен шектеулерді пайдаланушының бұзуына тыйым салынады. Нақ сол әуе кемесінің екі және одан да көп пайдаланушының сертификаттарында және (немесе) авиациялық жұмыстарды орындауға арналған куәліктерінде болуына жол берілмейді.

Пайдаланушының қолданыстағы сертификатынсыз және (немесе) авиациялық жұмыстарды орындауға арналған куәліксіз әуе кемелерін пайдалануға тыйым салынады.

3. Пайдаланушының сертификатын және (немесе) авиациялық жұмыстарды орындауға арналған куәлікті басқа адамға беруге болмайды.

2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.19.04. № 249-VІ ҚР Заңымен (2019 ж. 1 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 4-тармақ өзгертілді

4. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйым осы Заңның 16-3-бабының ережелеріне сәйкес, сондай-ақ:

1) пайдаланушы сертификатталған талаптар мен шектеулерді сақтамаған;

2) Қазақстан Республикасының міндетті сақтандыру түрлері туралы заңнамасының талаптарына сәйкес сақтандыру қамтамасыз етілмеген;

3) инспекциялық тексеру кезінде, оның ішінде шет мемлекеттерде тексеру кезінде белгілі болған ұшу қауіпсіздігіне әсер ететін бұзушылықтар анықталған жағдайларда;

4) пайдаланушы жазбаша өтініш берген жағдайда пайдаланушы сертификатының және (немесе) авиациялық жұмыстарды орындауға арналған куәліктің қолданылуын тоқтата тұрады.

Азаматтық әуе кемелерін пайдаланушы сертификатының және (немесе) авиациялық жұмыстарды орындауға арналған куәліктің қолданылуын тоқтата тұру тәртібі тиісінше Азаматтық әуе кемелерін пайдаланушыны сертификаттау және сертификат беру қағидаларында және Пайдаланушыны авиациялық жұмыстарға жіберу қағидаларында айқындалады.

Егер әуе кемесін пайдаланушы анықталған сәйкессіздіктерді және (немесе) бұзушылықтарды белгіленген мерзімде жоймаса, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйым пайдаланушының сертификатын және (немесе) авиациялық жұмыстарды орындауға арналған куәлікті кері қайтарып алады.

Пайдаланушы коммерциялық әуе тасымалдарын алты айдан астам мерзімге тоқтатқан жағдайда, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйым пайдаланушы сертификатын қайтарып алады.

2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен 4-1-тармақпен толықтырылды (2023 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді)

4-1. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйым осы Заңның 16-3-бабы 5-тармағының екінші бөлігіне және 39-бабының 5-1-тармағына сәйкес, сондай-ақ:

1) егер өтініш берушіге қатысты соттың заңды күшіне енген, оған осы қызмет түрін көрсетуге тыйым салатын шешімі болған;

2) пайдаланушының жазбаша өтініші болған жағдайларда, пайдаланушы сертификатын және (немесе) авиациялық жұмыстарды орындауға арналған куәлікті кері қайтарып алады.

Азаматтық әуе кемелерін пайдаланушының сертификатын және (немесе) авиациялық жұмыстарды орындауға арналған куәлікті кері қайтарып алу тәртібі тиісінше азаматтық әуе кемелерін пайдаланушыны сертификаттау және оның сертификатын беру қағидаларында және пайдаланушыны авиациялық жұмыстарға жіберу қағидаларында айқындалады.

2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2020.29.06. № 351-VI ҚР Заңымен (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 5-тармақ өзгертілді

5. Пайдаланушының сертификатын және (немесе) авиациялық жұмыстарды орындауға арналған куәлікті беруден бас тарту:

1) осы Заңның 16-бабының 7-тармағында көзделген сәйкессіздіктер анықталған;

2) өтініш берушіге қатысты оған қызметтердің осы түрін көрсетуге тыйым салатын сот шешімі болған жағдайларда жүргізіледі.

Пайдаланушы сертификатын және (немесе) авиациялық жұмыстарды орындауға арналған куәлікті беруден бас тартуға Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.

 

2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 61-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)

61-бап. Жалпы мақсаттағы авиацияны пайдаланушылар

2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2023 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

1. Сертификатталған ең жоғары ұшу массасы бес мың жеті жүз килограмм және одан кем болатын ұшақтарды, сертификатталған ең жоғары ұшу массасы үш мың бір жүз жетпіс бес килограмм және одан кем болатын тікұшақтарды, сондай-ақ ұшу аппараттары мен қосалқы құрылғыларды пайдаланатын жалпы мақсаттағы авиацияны пайдаланушыларды ұшуға жіберу үшін мынадай шарттарды сақтау:

1) әуе кемесінің, ұшу аппараты мен қосалқы құрылғының осындай типін басқаруға рұқсаты бар пилоттың қолданыстағы куәлігінің болуы;

2) азаматтық әуе кемесін, ұшу аппаратын, қосалқы құрылғыны мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің және азаматтық әуе кемесінің ұшуға жарамдылығының қолданыстағы сертификатының болуы;

3) Қазақстан Республикасының міндетті сақтандыру түрлері туралы заңдарының талаптарына сәйкес сақтандыруды қамтамасыз ету;

4) аэроклубтармен немесе әуе кемелерін пайдаланушыларды біріктіретін коммерциялық емес ұйымдармен бақыланбайтын әуе кеңістігінде ұшқан кезде авариялық хабар беруді қамтамасыз ету бойынша қызметтер көрсетуге арналған шарттар жасасу негіз болып табылады.

Ұшу қауіпсіздігін әуе кемесінің командирі (пилот) және жалпы мақсаттағы авиацияны пайдаланушы болып табылатын әуе кемесінің иесі қамтамасыз етеді.

2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2019.19.04. № 249-VІ ҚР Заңымен (2019 ж. 1 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен (2023 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 2-тармақ өзгертілді

2. Сертификатталған ең жоғары ұшу массасы бес мың жеті жүз килограмнан асатын ұшақтарды және (немесе) бір немесе бірнеше турбореактивті қозғалтқыштармен жарақтандырылған ұшақтарды, сертификатталған ең жоғары ұшу массасы үш мың бір жүз жетпіс бес килограмнан асатын тікұшақтарды пайдаланатын жалпы мақсаттағы авиацияны пайдаланушылар азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйым жалпы мақсаттағы авиацияны пайдаланушыларды ұшуға жіберу қағидаларына сәйкес ұшуды орындау құқығына арналған куәлікті бергеннен кейін ұшуға жіберіледі.

2019.19.04. № 249-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2019 ж. 1 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

3. Азаматтық әуе кемесінің иесі ұшуды орындау құқығына арналған куәлікті алу үшін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымға Жалпы мақсаттағы авиацияны пайдаланушыларды ұшуға жіберу қағидаларында белгіленген талаптарға сәйкестікті растайтын құжаттармен қоса өтінім жібереді.

4. Ұшуды орындау құқығына арналған куәлікті алу үшін азаматтық әуе кемесі иесінің сертификатталған әуе кемесі, дайындалған авиация персоналы, құжаттамасы, әуе кемесін ұшуға пайдалануға, техникалық пайдалануға және ұшуды орындауды қамтамасыз етуге қажетті жабдықтары болуға, сондай-ақ міндетті сақтандыруды жүзеге асыруға міндетті.

Әуе кемесін пайдаланушы (оның иесі) өзінің әуе кемелері бақыланбайтын кеңістікте ұшқан кезде авариялық хабар беру үшін жауаптылықта болады.

5. Ұшуды орындау құқығына арналған куәлікті басқа адамға беруге болмайды.

2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.19.04. № 249-VІ ҚР Заңымен (2019 ж. 1 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 6-тармақ өзгертілді

6. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйым ұшуды орындау құқығына арналған куәліктің қолданылуын:

1) әуе кемесін пайдаланушы (оның иесі) Жалпы мақсаттағы авиацияны пайдаланушыларды ұшуға жіберу қағидаларында белгіленген талаптар мен шектеулерді сақтамаған;

2) Қазақстан Республикасының міндетті сақтандыру түрлері туралы заңдарының талаптарына сәйкес сақтандыру қамтамасыз етілмеген;

2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

3) осы Заңның 16-3-бабында көзделген бұзушылықтар анықталған;

2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 4) тармақшамен толықтырылды

4) пайдаланушының жазбаша өтініші болған жағдайларда тоқтата тұрады.

Ұшуды орындау құқығына арналған куәліктің қолданысын тоқтата тұру мен қалпына келтіру тәртібі жалпы мақсаттағы авиацияны пайдаланушыларды ұшуға жіберу қағидаларында айқындалады.

2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2020.29.06. № 351-VI ҚР Заңымен (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 7-тармақ өзгертілді

7. Ұшуды орындау құқығына арналған куәлікті беруден бас тарту:

1) өтініш беруші жалпы мақсаттағы авиацияны пайдаланушыларды ұшуға жіберу қағидаларының талаптарына сай келмеген;

2) өтініш берушіге қатысты оған мұндай ұшуды орындауға тыйым салатын сот шешімі болған жағдайларда жүргізіледі.

Ұшуды орындау құқығына арналған куәлікті беруден бас тартуға Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.

 

62-бап. Аэроклуб

1. Аэроклуб ұсынатын қызметтер көрсетуге пайдаланушылармен жасалған шарттардың есебін аэроклуб жүргізеді.

Аэроклуб пайдаланушы алдындағы өз міндеттемелерін олардың арасында жасалатын шарттың негізінде және пайдаланушымен келісім бойынша басқа аэроклубқа беруге құқылы.

Аэроклубтың қызметтер көрсетуіне арналған үлгі шартты азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган белгілейді.

2. Аэроклуб авариялық хабар беруді қамтамасыз етеді және оның көрсететін қызметтерін пайдаланатын пайдаланушыларға метеорологиялық және аэронавигациялық ақпаратты, әуе кемелерін ұшуға жарамдылықта ұстау, оларға техникалық және жөндеу бойынша қызмет көрсету, авиация персоналын кәсіптік даярлау, жауапкершілік аймағы шегінде әуе қозғалысына қызмет көрсету, авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қызметтерін ұсынуға құқылы.

3. Аэроклуб ұшу қауіпсіздігі және авиациялық қауіпсіздік жөніндегі талаптардың орындалуы үшін пайдаланушымен жасалған шартқа сәйкес жауаптылықта болады.

 

 

8-тарау. ӘУЕАЙЛАҚТАР (ТІКҰШАҚ АЙЛАҚТАРЫ). ӘУЕЖАЙЛАР

 

63-бап. Әуеайлақтардың (тікұшақ айлақтарының) сыныптамасы

1. Әуеайлақтар (тікұшақ айлақтары) тиесілігіне қарай:

азаматтық авиация;

эксперименттік авиация;

мемлекеттік авиация әуеайлақтарына (тікұшақ айлақтарына) бөлінеді.

2. Азаматтық, эксперименттік және мемлекеттік авиация әуеайлақтарының (тікұшақ айлақтарының) сыныптамасын олардың пайдаланылуына, ұшып көтерілу-қону жолағының мөлшерiне және олардың жабын қабатының салмақ көтеру қабiлеттiлiгiне қарай, сондай-ақ әуеайлақтардың (тікұшақ айлақтарының) байланыс, жарық беру сигналдары және ұшуды радиотехникамен қамтамасыз ету құралдарымен жабдықталуына қарай авиация салаларындағы тиісті уәкілетті органдар айқындайды.

3. Әуеайлақтар (тікұшақ айлақтары) ұшып көтерілу-қону жолағының үстіңгі қабатының түріне қарай жасанды жабыны бар, топырақ бетіндегі, қар бетіндегі, мұз бетіндегі және су бетіндегі әуеайлақтар болуы, сондай-ақ жүзетін баржалардың, кемелердің және басқа да құрылыстардың үстінде болуы мүмкін.

 

2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 64-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)

64-бап. Азаматтық авиация әуеайлағын (тікұшақ айлағын), әуежайын пайдаланушы

1. Меншік құқығымен не өзге де заңды негіздерде әуеайлақты (тікұшақ айлағын) пайдаланатын, Қазақстан Республикасының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес шет мемлекеттің жеке немесе заңды тұлғасы әуеайлақты (тікұшақ айлағын) пайдаланушы деп танылады.

Меншік құқығымен не өзге де заңды негіздерде әуежайды пайдаланатын Қазақстан Республикасының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес шет мемлекеттің заңды тұлғасы ғана әуежайды пайдаланушы бола алады.

Әуеайлақты (тікұшақ айлағын), әуежайды пайдаланушы:

2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

1) әуежай, әуеайлақ (тікұшақ айлағы) аумағында ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі талаптардың сақталуын, оның ішінде әуеайлақ (тікұшақ айлағы), әуежай аумағында қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардың сақтауын қамтамасыз етеді және бақылайды;

2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

2) әуеайлақта және әуеайлақ маңындағы аумақта ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін қызметті бақылау жөніндегі комиссияны құрады;

3) әуе кемелерін қабылдау және жөнелту жөніндегі тәуліктік жоспарды жүргізеді, оның орындалуын қамтамасыз етеді, әуе кемелерінің жөнелтілуі, ұшып көтерілуі мен қонуы тұрақтылығының есебі мен талдауын жүргізеді;

2019.19.04. № 249-VІ ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (2019 ж. 1 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

4) азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымның сұратуы бойынша ұшу қауіпсіздігін, авиациялық қауіпсіздікті сақтау туралы есептерді, аудиторлық, бухгалтерлік есептерді ұсынады;

2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)

5) ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіретін техникалық және метеорологиялық жағдайларға байланысты азаматтық әуе кемелерін қабылдау және жөнелту үшін әуеайлақты (тікұшақ айлағын), әуежайды жабуға құқығы бар;

6) авиациялық емес қызметті жүзеге асыруға құқығы бар, бұл ретте мұндай қызметті жүзеге асыруға жұмсалатын шығыстар реттелетін қызметтерге арналған тарифтерге тікелей немесе жанама әсер етпеуге тиіс.

2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды

1-1. Азаматтық авиация саласында пайдаланылатын әуеайлақта қызметті жүзеге асыратын барлық субъектілер Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, әуежай пайдаланушысы белгілеген нормаларды сақтауға міндетті.

2. Әуежайды пайдаланушының бірінші басшысы лауазымына кандидат азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган белгілейтін біліктілік талаптарына сәйкес келуге тиіс.

2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен (2023 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 3-тармақ жаңа редакцияда

3. Сертификатталған әуеайлақты (тікұшақ айлағын), азаматтық авиация әуежайын пайдаланушы ұшу қауіпсіздігін басқару жүйесін ендіруге міндетті, ол жүзеге асырылатын әуежай қызметінің көлемі мен күрделілігіне сәйкес келуге тиіс.

2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды (2023 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді)

4. Жылына екі жүз мың жолаушыдан кем жолаушылар легімен операциялық шығындарды жабу үшін кірістердің жеткілікті деңгейін қамтамасыз етпейтін коммуналдық меншіктегі азаматтық авиация әуежайлары облыстардың жергілікті атқарушы органдарының шешімдері негізінде бюджет қаражаты есебінен субсидиялауға жатады.

2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды (2023 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді); 2026.11.06. № 306-VIII ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

5. Астананың, республикалық маңызы бар қаланың азаматтық авиация әуежайын пайдаланушының аса маңызды ұшуға жетекшілік ететін лауазымды адамы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметімен келісу бойынша тағайындалады. Әуежайды пайдаланушының бірінші басшысына тікелей бағынатын Қазақстан Республикасының азаматы ғана астананың, республикалық маңызы бар қаланың азаматтық авиация әуежайын пайдаланушының аса маңызды ұшуға жетекшілік ететін лауазымды адамы бола алады.

 

2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 65-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

65-бап. Әуежай қызметі

2017.25.12. № 122-VI ҚР Заңымен (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2020.29.06. № 352-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2022.30.12. № 177-VІІ ҚР Заңымен (2023 ж. 12 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен (2023 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді

1. Әуежай қызметінің құрамына әуеайлаққа және жерде қызмет көрсету тауарлары, жұмыстары, қызметтері кіреді, олардың тізбесін азаматтық (мемлекеттік) авиация саласындағы уәкілетті орган монополияға қарсы органмен келісу бойынша бекітеді.

Әуежай қызметіне жатпайтын басқа қызмет түрлерін әуежайды (әуеайлақты) пайдаланушы не әуежайды (әуеайлақты) пайдаланушымен әуежай (әуеайлақ) аумағында әуежай қызметіне жатпайтын қызметтерді көрсетуге қол жеткізу қағидаларына сәйкес жасалатын шарт бойынша өзге де жеке және заңды тұлғалар әуежай (әуеайлақ) аумағында жүзеге асыра алады.

Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасымен әуежайдың (әуеайлақтың) реттелетін қызметтеріне жатқызылған және әуежайды (әуеайлақты) пайдаланушы жүзеге асыратын әуежай қызметінің түрі әуеайлаққа қызмет көрсету деп танылады.

Әуежайды (әуеайлақты) пайдаланушы және (немесе) жерде қызмет көрсету қызметтерін беруші, сондай-ақ өз әуе кемелеріне, жолаушыларға, багажға, жүк пен поштаға өзі дербес қызмет көрсететін авиакомпания жерде қызмет көрсетуді жүзеге асырады.

2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен (2023 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 2-тармақ өзгертілді

2. Әуежайда қызмет көрсетілген жолаушылар саны жылына екі миллион адамнан аз болған кезде азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган монополияға қарсы органмен келісу бойынша бекіткен әуежайларда жерде қызмет көрсетуді жүзеге асыру қағидаларына сәйкес әуежайды (әуеайлақты) пайдаланушы әуежай (әуеайлақ) аумағына жерде қызмет көрсету қызметтерін берушінің кіруіне рұқсат бере алады.

2-тармақтың екінші бөлігі 2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді

Әуежайда қызмет көрсетілген жолаушылар саны жылына екі миллион адамнан көп болған кезде әуежайды (әуеайлақты) пайдаланушы жерде қызмет көрсетуге кіретін қызметтерді ұсыну үшін әуежай (әуеайлақ) аумағында оларды көрсететін жерде қызмет көрсету қызметтерін берушінің кіруіне рұқсат беруге міндетті.

Әуежай (әуеайлақ) аумағында жерде қызмет көрсету қызметтерін ұсыну тәртібі мен шарттары, жерде қызмет көрсету қызметтерін берушілерге қойылатын талаптар және жерде қызмет көрсету қызметтерін көрсетуге арналған үлгілік шарттың нысаны әуежайларда жерде қызмет көрсетуді жүзеге асыру қағидаларында айқындалады.

2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен (2023 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді  бұр.ред.қара, 2024 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді бұр.ред.қара) 3-тармақ өзгертілді

3. Әуежайды (әуеайлақты) пайдаланушы жерде қызмет көрсету қызметтерін берушімен немесе өз әуе кемелеріне, жолаушыларға, багажға, жүк пен поштаға өз бетінше қызмет көрсететін авиакомпаниямен жасасатын шартта жерде қызмет көрсету қызметтерін көрсетуге арналған үлгілік шартқа сәйкес әуежайдың (әуеайлақтың) инфрақұрылым объектілерін, жабдықтары мен техникалық құралдарын пайдаланғаны үшін инфрақұрылымдық алым көзделуге тиіс.

2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2023 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

4. Әуежайды (әуеайлақты) пайдаланушы жерде қызмет көрсету қызметтерін берушіге немесе өз әуе кемелеріне, жолаушыларға, багажға, жүк пен поштаға өз бетінше қызмет көрсететін авиакомпанияға әуежайдың (әуеайлақтың) аумағында жерде қызмет көрсету қызметтерін ұсынуынан негізсіз бас тартуға құқылы емес.

Әуежайды (әуеайлақты) пайдаланушының әуежайдың (әуеайлақтың) аумағында жерде қызмет көрсету қызметтерін берушіге немесе өз әуе кемелеріне, жолаушыларға, багажға, жүк пен поштаға өз бетінше қызмет көрсететін авиакомпанияға бас тарту туралы шешіміне сотқа шағым жасалуы мүмкін.

2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (2023 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

5. Әуежайды (әуеайлақты) пайдаланушы мен жерде қызмет көрсету жөніндегі қызметтерді беруші Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттары мен ұсынылатын практикасына немесе азаматтық авиация саласындағы халықаралық ұйымдардың авиациялық қағидаларына сәйкес әуежай қызметіне кіретін қызметтердің сапасын бақылау жөніндегі бағдарламаны әзірлейді және бекітеді.