9-тарау. ӘУЕМЕН ТАСЫМАЛДАУ. АВИАЦИЯЛЫҚ ЖҰМЫСТАР
74-бап. Әуемен тасымалдауды жүзеге асыру құқығы.
Авиакомпаниялар
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Жолаушыларды, багажды, жүктерді және пошта жөнелтілімдерін ақысын алып немесе жалдау бойынша әуемен тасымалдауды (коммерциялық әуе тасымалдарын) тұрақты және тұрақты емес рейстермен жүзеге асыру құқығына пайдаланушының қолданыстағы сертификаты бар авиакомпаниялар ие болады.
2. Авиакомпаниялар осы Заңға сәйкес азаматтық авиация саласындағы өзге де қызметті жүзеге асыруы мүмкін.
3. Тұрақты әуемен тасымалдауды орындайтын әуе компаниялары Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен акционерлік қоғам нысанында құрылады.
4. 2015.04.12. № 435-V ҚР Заңымен алып тасталды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
4-1. 2019.26.12. № 284-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
5. Авиакомпанияда сертификаттау талаптарына сәйкес әуе кемелерінің резервтерін қоса алғанда, әуе кемелері, әуе кемелерін қауіпсіз пайдалану және оларды ұшуға жарамдылықта ұстау үшін, сондай-ақ авиация персоналын даярлауды және қайта даярлауды ұйымдастыру үшін қаржы ресурстары мен мүлкі, әуе кемелерінің ұшуын және көрсетілетін қызметтердің сапасын ұйымдастыру және қамтамасыз ету үшін әуе кемелеріне қосалқы бөлшектерінің қоры болуға тиіс.
6. 2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен алып тасталды (2023 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2019.26.12. № 284-VІ ҚР Заңымен 74-1-баппен толықтырылды
74-1-бап. Акционерлік қоғам нысанында құрылған авиакомпанияға шетелдік қатысуды (бақылауды) шектеу
2026.11.06. № 306-VIII ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Шетелдік заңды тұлғаға, заңды тұлға болып табылмайтын шетелдік ұйымға, шетел азаматына және (немесе) азаматтығы жоқ адамға дербес не басқа шетелдік заңды тұлғалармен, заңды тұлға болып табылмайтын шетелдік ұйымдармен, шетел азаматтарымен және (немесе) азаматтығы жоқ адамдармен жиынтықта:
1) акционерлік қоғам нысанында құрылған авиакомпанияның акцияларын және (немесе) Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес шығарылған, акционерлік қоғам нысанында құрылған авиакомпанияның акциялары базалық активі болып табылатын туынды бағалы қағаздарды көрсетілген авиакомпанияның орналастырылған (авиакомпанияның өзі сатып алған акциялар шегеріле отырып) акциялары жалпы санының қырық тоғыз және одан көп пайызынан асатын мөлшерде тікелей және (немесе) жанама иеленуге, пайдалануға және (немесе) билік етуге;
2) акционерлік қоғам нысанында құрылған авиакомпанияға қатысты тиімді бақылауды жүзеге асыруға тыйым салынады.
2. Акционерлік қоғам нысанында құрылған авиакомпанияның акционері мұндай авиакомпанияға өзі туралы, сондай-ақ оған қатысты тиімді бақылауды жүзеге асыратын тұлғалар туралы, тиімді бақылауды жүзеге асыратын соңғы меншік иелеріне дейін ақпаратты ашуға міндетті.
Егер акционерлік қоғам нысанында құрылған авиакомпанияның акционері әрқайсысы осындай акционерге қатысты тиімді бақылауды жүзеге асырмайтын, өзара үлестес емес бірнеше тұлға тікелей және (немесе) жанама иеленетін, пайдаланатын және (немесе) билік ететін заңды тұлға немесе заңды тұлға болып табылмайтын шетелдік ұйым болып табылса, мұндай акционер Қазақстан Республикасы немесе Қазақстан Республикасының азаматы акцияларды, қатысу үлестерін, пайларды не осындай акционерге үлестік қатысудың басқа да нысандарын тікелей және (немесе) жанама иеленетін, пайдаланатын және (немесе) билік ететін барлық жағдай туралы ақпаратты авиакомпанияға қосымша ашуға міндетті.
Акционерлердің осы тармақта көрсетілген ақпаратты ашу тәртібі, мерзімдері және басқа да шарттары акционерлік қоғам нысанында құрылған авиакомпанияның жарғысында айқындалады.
3. Акционерлік қоғам нысанында құрылған авиакомпания осы баптың 2-тармағына сәйкес осындай авиакомпанияның акционерлері олар туралы ақпаратты ашуға тиіс тұлғаларды тоқсан сайын есепке алуды жүргізуге міндетті.
4. Акционерлік қоғам нысанында құрылған авиакомпанияға осы баптың 2-тармағының талаптарына сәйкес ақпаратты ішінара немесе толық бермеген акционерлік қоғам нысанында құрылған авиакомпанияның акционері:
1) акционерлік қоғам нысанында құрылған авиакомпания акционерлерінің жалпы жиналысы кворумын айқындау кезінде есепке алынбайды;
2) акционерлік қоғам нысанында құрылған авиакомпания акционерлерінің жалпы жиналысында қаралатын мәселелерге дауыс беруге және (немесе) оларды талқылауға қатысуға құқылы емес.
5. Акционерлік қоғам нысанында құрылған авиакомпания акционерлерінің жалпы жиналысы шешім қабылдағаннан кейін анықталған, акционерлік қоғам нысанында құрылған авиакомпанияның акционері осы баптың 2-тармағының талаптарына сәйкес ұсынған ақпарат анық болмаған кезде:
1) егер мұндай шешім үшін дауыс беретін акциялардың көпшілігі (анық емес ақпарат ұсынған акционердің дауыс беретін акцияларын есепке алмағанда) дауыс берген жағдайда, акционерлердің жалпы жиналысының шешімі «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген, акционерлік қоғам нысанында құрылған авиакомпания акционерлерінің жалпы жиналысы шешімді қабылдады деп есептелетін кворумның болуы жөніндегі талаптар сақталған кезде аталған акционердің дауысы есепке алынбай қабылданды деп есептеледі;
2) егер анық емес ақпарат берген акционердің дауысы шешуші болған жағдайда, бұл мән-жай Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен, акционерлік қоғам нысанында құрылған авиакомпанияның не өзге де мүдделі тұлғалардың талап етуі бойынша акционерлердің жалпы жиналысының тиісті шешімін жарамсыз деп тану үшін негіз болып табылады.
6. Осы баптың 1-тармағында белгіленген шектеулер бұзылған жағдайда, бұзған акционер:
1) жасалған бұзушылық толық жойылғанға дейін акционерлік қоғам нысанында құрылған авиакомпаниядағы өз акцияларымен дауыс беруге құқылы емес;
2) жасалған бұзушылық толық жойылғанға дейін акционерлік қоғам нысанында құрылған авиакомпанияның акциялары бойынша дивидендтер алуға құқылы емес;
3) акционерлік қоғам нысанында құрылған авиакомпаниядағы өзіне тиесілі акциялардың санын осы баптың 1-тармағында белгіленген шектеулерден төмен деңгейге дейін азайту жолымен акционерлік қоғам нысанында құрылған авиакомпанияның директорлар кеңесінен тиісті талапты алған күнінен бастап он жұмыс күні ішінде жасалған бұзушылықты жоюға міндетті.
7. Акционерлік қоғам нысанында құрылған авиакомпанияның директорлар кеңесі бұзған акционерді айқындайды және оған осы баптың 1-тармағында белгіленген шектеулерді бұзушылықты жою туралы талапты акционерлік қоғам нысанында құрылған авиакомпанияға шетелдік қатысуды (бақылауды) шектеу жөніндегі қағидаларда және акционерлік қоғам нысанында құрылған авиакомпанияның жарғысында айқындалған тәртіппен жібереді.
8. Егер акционерлік қоғам нысанында құрылған авиакомпания акциялары номиналды ұстауда болса, онда осы баптың ережелері акцияларды номиналды ұстаушының клиенті болып табылатын осындай акциялардың меншік иесіне қатысты қолданылады.
Ескертпе: осы баптың мақсаттары үшін мынадай ұғымдар қолданылады:
1) бұзған акционер - осы баптың 1-тармағында белгіленген шектеулерді бұзған акционер не осы баптың 1-тармағында белгіленген шектеулерді бұзған тұлғаның тиімді бақылауындағы акционер;
2026.11.06. № 306-VIII ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) тиімді бақылау - заңды тұлғаның немесе заңды тұлға болып табылмайтын шетелдік ұйымның шешімдерін айқындау мүмкіндігі, ол мынадай шарттардың бірі болған кезде:
заңды тұлғаның немесе заңды тұлға болып табылмайтын шетелдік ұйымның орналастырылған (артықшылықты және заңды тұлға сатып алғандарды шегере отырып) акцияларының, қатысу үлестерінің, пайларының не үлестік қатысудың басқа да нысандарының елу пайыздан астамын тікелей және (немесе) жанама иеленгенде, пайдаланғанда және (немесе) билік еткенде;
заңды тұлғаның немесе заңды тұлға болып табылмайтын шетелдік ұйымның басқару органы немесе атқарушы органы құрамының кемінде жартысын тікелей немесе жанама сайлау мүмкіндігі болғанда;
бір тұлғаның дербес не бір немесе бірнеше тұлғамен бірлесіп, заңды тұлғаның немесе заңды тұлға болып табылмайтын шетелдік ұйымның шешімдерін Қазақстан Республикасы заңының, сот шешімінің негізінде, шартқа (растайтын құжаттарға) орай немесе акционерлік қоғам нысанында құрылған авиакомпанияға шетелдік қатысуды (бақылауды) шектеу жөніндегі қағидаларда көзделген жағдайларда өзгеше түрде тікелей немесе жанама айқындау мүмкіндігі болғанда туындайды.
75-бап. Халықаралық әуемен тасымалдау
1. Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерiнде халықаралық әуе тасымалдары кезінде, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардан өзгеше жағдай туындамаса, әуемен тасымалдау туралы жалпы ережелер қолданылады.
2. Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын әуе қатынасы туралы халықаралық шартқа сәйкес тұрақты әуемен тасымалдауды жүзеге асыру үшін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган осы Заңның 80-бабында белгіленген тәртіппен айқындаған тасымалдаушы тағайындалған әуемен тасымалдаушы болып табылады.
3. Почта жөнелтілімдерінің халықаралық әуемен тасымалдау Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың қағидалары сақтала отырып жүзеге асырылады.
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 75-1-баппен толықтырылды
75-1-бап. Формальдылықтарды оңайлату
1. Әуе тасымалдарына жәрдемдесу және оларды жылдамдату, сондай-ақ әуе кемелерінің, экипаждардың, жолаушылар мен жүктің негізсіз кешіктірілуін болғызбау мақсатында азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган басқа мемлекеттік органдармен келісу бойынша шекаралық, кедендік, санитариялық және басқа да бақылау түрлерімен байланысты формальдылықтарды оңайлатуға бағытталған бағдарламаны әзірлейді.
2. Әуе тасымалына байланысты формальдылықтарды оңайлату жөніндегі шаралар авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және мемлекеттік қадағалауды жүзеге асыру жөніндегі шараларға залал келтіретіндей етіп жүргізілмеуге тиіс.
76-бап. Коммерциялық әуемен тасымалдау саласындағы негізгі ережелер
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Коммерциялық әуе тасымалдары әуе тасымалы шартының негізінде орындалады. Әуе тасымалы шарты авиакомпания не ол уәкілеттік берген тұлғалар (агенттер) беретін тасымалдау құжаттарын ресімдеумен куәландырылады.
Жолаушылардың, багаждың және жүктердің коммерциялық әуе тасымалдары азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен Жолаушыларды, багажды және жүктерді әуе көлігімен тасымалдау қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Әрбір жолаушыға жеке билет ресімделеді, ол:
1) жолаушының әуемен тасымалдау шартының талаптарымен танысқанын;
2) жолаушы мен авиакомпания арасында әуемен тасымалдау шартының жасалғанын растайды.
Билет жолаушының жеке басын куәландыратын құжаттың деректері негізінде ресімделеді.
3. Авиакомпания әуе кемесінің бортында жолаушыларға қызмет көрсеткен кезде ұсынылатын тағам өнімдерінің жарамдылық мерзімдерін сақтауға міндетті.
Авиакомпания және оның лауазымды адамдары әуе кемесінің бортында жолаушыларға қызмет көрсеткен кезде ұсынылатын тағам өнімдерінің жарамдылық мерзімдерін бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
4. Тiркелген багажды тасымалдаған кезде жөнелту және межелі пункттерi көрсетiлген багаж түбіртегi берiледi.
2015.27.10. № 363-V ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен (2023 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2026.11.06. № 306-VIII ҚР Заңымен (2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2026.09.01. № 256-VIII ҚР Заңымен (2026 ж. 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 5-тармақ өзгертілді
5. Жүкті тасымалдаған кезде жөнелту және межелі пункттері, жүктің салмағы, оны тасымалдаудың шарттары көрсетілген жүкқұжаты берiледi. Жүкқұжат қағаз жеткізгіште немесе электрондық түрде жазып беріледі. Жөнелтуші мәліметтер ұсынуға және жүк берілгенге дейін Қазақстан Республикасы мен шет мемлекеттердің заңнамасында белгіленген рәсімдерді орындау үшін алушыға қажетті барлық құжаттарды жүкқұжатына қоса беруге тиіс.
Электрондық түрде жазып берілетін жүкқұжаттарды қабылдау, өңдеу, беру және сақтау авиакомпаниялар қолданатын цифрлық жүйе мен цифрлық технологиялар арқылы жүзеге асырылады.
Бiрыңғай тауар-көлiк жүкқұжаты (бірыңғай коносамент) бойынша әртүрлi көлiк түрлерiмен жүктердi аралас тасымалдауға қатысатын тасымалдаушылардың, сондай-ақ басқа да тұлғалардың қарым-қатынастары Қазақстан Республикасының көлік туралы заңдарында айқындалады.
Азаматтық әуе кемелерінде қауіпті жүктерді тасымалдау ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заңнамасында, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен азаматтық әуе кемелерінде қауіпті жүктерді әуеде тасымалдау жөніндегі нұсқаулықта, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында айқындалады.
2015.27.10. № 363-V ҚР Заңымен 5-1-тармақпен толықтырылды
5-1. Жүк жөнелтушінің, жүкті алушының жүкті әуе тасымалдауына арналған құжаттарда көрсетілген межелі пунктке әуе тасымалдаушының уақтылы жеткізуіне және оның сақталуын қамтамасыз етуіне құқығы бар.
Жүкті, багажды немесе пошта жөнелтілімдерін тасымалдау шарты бұзылған жағдайда, жүк жөнелтушінің немесе жүкті алушының тасымалдаушыдан жүктің, багаждың немесе пошта жөнелтілімдерінің сақталмау себептері туралы құжаттарды (коммерциялық акт, жалпы нысандағы акт және өзге де құжаттар) жасауды талап етуге құқығы бар.
Егер жүктің сапасы оның тiкелей мақсаты бойынша пайдаланылуы мүмкін болмайтындай өзгергендігі анықталған болса, жүк алушының бүлінген немесе бұзылған жүкті қабылдаудан бас тартуға және оны жоғалтқаны үшiн өтем талап етуге құқығы бар.
2015.27.10. № 363-V ҚР Заңымен 5-2-тармақпен толықтырылды
5-2. Әуе тасымалын жүзеге асыратын авиакомпания:
1) жолаушылар мен жүк жөнелтушілерден авиациялық қауіпсіздік пен ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі қағидаларды, оның ішінде қарап-тексеруді ұйымдастыру және жүргізу арқылы сақтауын талап етеді;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жолаушыларға (жүкті жөнелтушілерге) тиісті үлгідегі ақаусыз әуе кемесін, білікті ұшу экипажын, тасымалдау қауіпсіздігін және өзге де көрсетілетін қызметтерді ұсынуды қамтамасыз етеді;
3) жолаушыларды, багажды және жүктерді әуе көлігімен тасымалдау қағидаларында белгіленген, жолаушыларға, жүкті жөнелтушілерге, жүкті алушыларға қызмет көрсету талаптарын сақтайды;
4) жолаушының, жүкті жөнелтушінің немесе жүкті алушының талап етуі бойынша және жолаушыны, багажды, жүкті немесе пошта жөнелтілімдерін тасымалдау шарты бұзылған жағдайда, олардың бірі тасымалдау құжаттарын көрсеткен кезде жүктің, багаждың немесе пошта жөнелтілімдерінің сақталмауының себептері туралы құжаттарды (коммерциялық акт, жалпы нысандағы акт және өзге де құжаттар) жасайды.
6. Почта жөнелтілімдерін әуемен тасымалдау шарты, оның талаптары және почта жөнелтілімдерін тасымалдауға қабылдау почта жүкқұжатымен куәландырылады.
7. Тасымалдау құжаттарын ресімдеу қажетті деректерді тасымалдау құжатының электрондық немесе қағаз нысанына қолмен, автоматтандырылған немесе электрондық режимде енгізу арқылы жүзеге асырылады.
Брондалғаннан кейін тасымалдау құжатын ресімдеу авиакомпания белгілеген мерзімде жүргізіледі.
8. Авиакомпания алатын және жолаушыларды, багажды, жүкті және почта жөнелтілімдерін тасымалдау құнына кіретін алымдардың негізгі түрлері әуежай және отын алымдары болып табылады.
9. Тасымалдауға арналған тариф қолданылатын кезеңде авиациялық отынға жұмсалатын шығындардың өсуін өтеу мақсатында авиакомпания алатын, оны есептеген кезде бұл өсуді ескеру мүмкін болмаған алым отын алымы болып табылады.
10. Авиакомпания әуежай алымын жолаушыларға әуежайда қызмет көрсету жөніндегі қызметтер құнын өтеу мақсатында енгізеді және алады.
2021.29.12. № 94-VII ҚР Заңымен 11-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
11. Әуежайларда және әуе кемелерінің бортында жолаушыларға ақпараттық-анықтамалық қызмет көрсету қазақ және орыс тілдерінде жүзеге асырылады.
Қосымша басқа тілдерді пайдалануға жол беріледі.
Жолаушыларға қызмет көрсету орындарында, оның ішінде билеттер сатылатын пункттерде ақпарат қазақ және орыс тілдерінде, қажет болған кезде басқа тілдерде де беріледі.
Ақпарат мәтіні «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес келуге тиіс.
2013.03.07. № 121-V ҚР Заңымен 76-1-баппен толықтырылды; 2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2025.24.06. № 196-VIII ҚР Заңымен (2025 ж. 25 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 76-1-бап өзгертілді
76-1-бап. Әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде, төтенше жағдай енгізілген кезде әуе көлігін пайдалану
Әлеуметтік, табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған, сондай-ақ төтенше жағдай енгізілген кезде әуе көлігі төтенше жағдайларды және олардың зардаптарын жою бойынша шаралар қолдану үшін пайдаланылады.
Авиакомпаниялар (дипломатиялық иммунитеті бар шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың өкілдіктерінен басқа) құқық қорғау органдарының, арнаулы мемлекеттік органдардың, азаматтық қорғау органдарының жəне Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің өтінімдері бойынша азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның шешімі негізінде құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдар мен азаматтық қорғау органдарының жеке құрамын оқиғалар, төтенше жағдайлар болған жерлерге тасымалдау және шұғыл медициналық көмекке мұқтаж азаматтарды емдеу мекемелеріне жеткізу жөніндегі қызметтерді көрсетуге міндетті.
Осы бапта көзделген жағдайларда авиакомпанияларға көрсеткен қызметтері үшін шығыстар, сондай-ақ келтірілген залал Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында жəне «Азаматтық қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен мемлекеттік бюджет есебінен өтеледі.
77-бап. Жолаушының құқықтары мен міндеттері
2015.03.12. № 433-V ҚР Заңымен (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара); 2022.27.06. № 129-VII ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен (2023 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді
1. Жолаушының:
жолаушылар тасымалы үшін ашық кез келген авиамаршрут бойынша билет алуға;
алынған билетіне сәйкес орын алуға;
белгіленген нормалар шегінде қол жүгі мен багажды өзімен бірге тегін алып өтуге;
тасымалдаушының кінәсінен немесе әуе кемесінің кеш келуі салдарынан рейс мәртебесі өзгерген кезде осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген көрсетілетін қызметтерге;
Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтарға ие болуға құқығы бар.
Мүгедектігі бар адамдар мен халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары қатарындағы жолаушылардың жеке пайдалануға арналған зембілдерді және кресло-арбаны өздерімен багаж ретінде тегін алып жүруге қосымша құқығы бар.
әуе көлігінде Жолаушыларды, багажды және жүктерді тасымалдау қағидаларын сақтауға және әуе кемесінің ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіретін іс-әрекеттерге жол бермеуге;
авиация персоналының өз қызметтік міндеттерін орындауы кезінде кедергі жасамауға;
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де міндеттерді орындауға міндетті.
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 78-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
78-бап. Жолаушыны әуемен тасымалдау шартын біржақты тоқтату
1. Жолаушының ұшудан бас тартуға және енгізген тасымалдау ақысын әуемен тасымалдау шартында белгiленген мөлшерде қайтарып алуға құқығы бар.
2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2023 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Әуемен тасымалдау шарты авиакомпанияның бастамасы бойынша біржақты тәртіппен мынадай:
1) жолаушы әуе кемесi ұшуының алдында осы Заңның 107-бабында белгiленген тексеруден бас тартқан;
2) жолаушы Жолаушыларды, багажды және жүктерді әуемен тасымалдау қағидаларын бұзған және (немесе) жолаушы әуе кемесiнiң ұшу қауiпсiздiгiне қатер төндiретін iс-әрекет жасаған;
3) жолаушы өзінің денсаулығына немесе әуе кемесiнiң бортындағы адамдар мен мүлiктiң қауiпсiздiгiне қатер төндiретін, сондай-ақ басқа жолаушыларға қолайсыз жағдай туғызатын алкогольмен, есірткімен, уытқұмарлықпен масаң күйде болған;
2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (2023 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4) жолаушылар әуе кемесінің бортында осы Заңның 88-бабында көзделген өз міндеттерін орындамаған;
2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен 5) тармақшамен толықтырылды (2023 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді)
5) осы Заңның 78-1-бабының 6-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, жолаушы авиакомпанияның әуе тасымалы шектелген адамдар тізіліміне енгізілген жағдайларда тоқтатылуы мүмкін.
Жолаушының алкогольмен, есірткімен, уытқұмарлықпен масаң күйде болуы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен медициналық куәландыру арқылы расталады.
Авиакомпанияның бастамасы бойынша әуемен тасымалдау шартын жолаушының жасалғаны үшін бұрын тасымалдаушының бастамасы бойынша әуемен тасымалдау шарты тоқтатылып қойған әрекеттері үшін, сондай-ақ егер жолаушы осы Заңның 78-1-бабына сәйкес авиакомпанияның әуе тасымалы шектелген адамдар тізіліміне енгізілмеген болса, қайтадан тоқтатуға жол берілмейді.
2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2023 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Егер осы Заңда өзгеше көзделмесе, жолаушыны әуемен тасымалдау шарты тоқтатылған жағдайда тасымалдау үшiн енгізілген төлем әуемен тасымалдау шартында көзделген тәртiппен қайтарылады.
2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен 78-1-баппен толықтырылды (2023 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді)
78-1-бап. Авиакомпанияның әуе тасымалы шектелген адамдар тізілімі
1. Осы баптың 6-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, егер авиакомпания жеке тұлғаны немесе жолаушыны авиакомпанияның әуе тасымалы шектелген адамдар тізіліміне енгізсе, осы авиакомпания жеке тұлғаға әуемен тасымалдау шартын жасасудан бас тартады немесе жолаушымен әуемен тасымалдау шартын біржақты тәртіппен тоқтатады.
2. Жолаушының Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 441-бабының 1-2-бөлігінде, 564-бабының бесінші бөлігінде және 566-бабында көзделген әкімшілік құқық бұзушылық не Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 293-бабы екінші бөлігінің 4) тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық белгілеріне сәйкес келуі мүмкін әрекеттер жасау фактісі туралы әуе кемесінің командирі не аға бортжолсерігі авиакомпания басшысын немесе басшысының міндетін атқарушыны жазбаша түрде хабардар етеді.
Әуе кемесінің бортында жолаушының Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-1, 73-2 және 434-баптарында көзделген әкімшілік құқық бұзушылық белгілеріне сәйкес келуі мүмкін әрекеттер жасау фактісі туралы әуе кемесінің командирі не аға бортжолсерігі авиакомпанияның басшысын немесе басшысының міндетін атқарушыны жазбаша түрде хабардар етеді.
3. Жолаушыны авиакомпанияның әуе тасымалы шектелген адамдар тізіліміне енгізу туралы шешімді осы баптың 2-тармағында көзделген құқық бұзушылықты жасағаны үшін соттың әкімшілік жаза қолдану туралы заңды күшіне енген қаулысының, айыптау үкімінің негізінде авиакомпания басшысы немесе басшысының міндетін атқарушы қабылдайды. Мұндай шешім авиакомпания осы тармақта көрсетілген сот қаулысын немесе үкімін алған немесе ол тиісті интернет-ресурстарда орналастырылған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімде қабылданады.
4. Жолаушыны авиакомпанияның әуе тасымалы шектелген адамдар тізіліміне енгізу туралы шешімге Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен сотта дау айтылуы мүмкін.
5. Авиакомпания осы баптың 3-тармағында көрсетілген сот қаулысы не үкімі заңды күшіне енген күннен бастап бір жыл өткен соң жолаушыны авиакомпанияның әуе тасымалы шектелген адамдар тізілімінен алып тастауға міндетті.