Қазақстан Республикасының
Заңы
Ақпараттандыру туралы
(2010.19.03. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2010 жылғы 15 шілдеде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Түпнұсқада мазмұны жоқ
Осы Заң ақпараттандырудың құқықтық негіздерін белгілейді, электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелерді құру, пайдалану және қорғау кезінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.
ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) ақпараттандыру - ақпараттық технологияларды пайдаланудың негізінде электрондық ақпараттық ресурстарды, ақпараттық жүйелерді қалыптастыруға және дамытуға бағытталған ұйымдастырушылық, әлеуметтік-экономикалық және ғылыми-техникалық процесс;
2) ақпараттық жұмыстар - электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелерді құру жөніндегі қызмет;
3) ақпараттық жүйе - ақпараттық процестерді іске асыруға арналған аппараттық-бағдарламалық кешен;