Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды тіркеу және оларға Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беру бойынша мемлекеттік қызмет көрсету стандартын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 14 желтоқсандағы № 2102 Қаулысы
Осы редакция 2010 жылғы 19 маусымда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексіне сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған «Шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беру» бойынша мемлекеттік қызмет көрсету стандарты бекітілсін.
2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Үкіметінің
2009 жылғы 14 желтоқсандағы
№ 2102 қаулысымен
бекітілген
«Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды тіркеу және оларға
Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беру»
мемлекеттік қызмет көрсету стандарты
1. Жалпы ережелер
1. Осы «Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды тіркеу және оларға Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беру» мемлекеттік қызмет көрсету стандарты (бұдан әрі — стандарт) шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды тіркеу және оларға Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беру бойынша мемлекеттік қызмет (бұдан әрі - мемлекеттік қызмет) көрсету тәртібін айқындайды.
2. Көрсетілетін мемлекеттік қызметтің нысаны: автоматтандырылмаған.
3. Мемлекеттік қызмет Қазақстан Республикасының «Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы» 1995 жылғы 19 маусымдағы, «Халықтың көші-қоны туралы» 1997 жылғы 13 желтоқсандағы заңдарының, Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Шетелдіктердің Қазақстан Республикасында болуын құқықтық реттеудің жекелеген мәселелері» туралы 2000 жылғы 28 қаңтардағы № 136, «Қазақстан Республикасының халқын құжаттандыру және тіркеу ережесін бекіту туралы» 2000 жылғы 12 шілдедегі № 1063, «Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсаттар алуға үміткер шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасында болу кезеңінде өздерінің төлем жасау қабілеттігін растау ережесін бекіту туралы» 2003 жылғы 26 қарашадағы № 1185 қаулыларының негізінде көрсетіледі.
4. Мемлекеттік қызметті осы стандарттың 2-қосымшасында көрсетілген мекен-жайлар бойынша Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары көші-қон полициясының аумақтық бөлімшелері (бұдан әрі - көші-қон полициясының бөлімшелері) көрсетеді.
5. Мемлекеттік қызметті аяқтау нысаны азаматтарды тіркеу кітабында, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдардың куәліктерінде тіркеу туралы мөртаңба қою болып табылады.
1) «тұрақты тұру үшін» санатының визасы бар;
2) Қазақстан Республикасында өзге де заңды негізде уақытша болатын (визалар негізінде не кірудің және болудың визасыз тәртібі туралы келісімнің негізінде) шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға көрсетіледі.
7. Мемлекеттік қызмет мынадай мерзімдерде көрсетіледі:
1) мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі өтініш беруші өтініші қабылданғаны туралы талонды алған сәттен бастап - екі ай;
2) мемлекеттік қызметті ұсынуға қажетті құжаттарды өткізу кезінде кезек күтудің рұқсат берілген ең ұзақ уақыты - 30 минут;
3) тіркеуді жүзеге асыру кезінде кезек күтудің рұқсат берілген ең ұзақ уақыты - 30 минут.
8. Мемлекеттік қызмет көрсетілгені үшін «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 540-бабына сәйкес мемлекеттік баж алынады, ол мемлекеттік баж төленген күнге белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 10 пайызын құрайды.
Мемлекеттік баж Қазақстан Республикасының банк мекемелері арқылы төленеді, олар төлемнің мөлшері мен күнін растайтын құжат береді.
9. Мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі және қажетті құжаттар туралы толық ақпарат, сондай-ақ оларды толтыру үлгілері Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің (бұдан әрі - ІІМ) интернет-ресурсында www.mvd.kz. сондай-ақ көші-қон полициясының бөлімшелерінде орналасқан ресми ақпарат көздері мен стенділерде орнатылады.
10. Мемлекеттік қызмет көші-қон полициясының бөлімшелерінде аптасына алты күн, жұмыс күндері сағат 13-00-ден 14-30-ға дейінгі түскі үзіліспен сағат 9-00-ден 18-00-ге дейін және сенбі күні сағат 9-00-ден 13-00-ге дейін ұсынылады. Қабылдау кезек тәртібімен, алдын ала жазылусыз және жылдам қызмет көрсетусіз жүзеге асырылады.
11. Осы мемлекеттік қызмет көрсетілетін көші-қон полициясы бөлімшелерінің үй-жайлары ғимараттың бірінші қабатында орналасады, дене бітімінің мүмкіндіктері шектеулі адамдардың кіруіне арналған пандусы бар ішкі істер органдарының басқа бөлімшелерінен бөлек кіретін есігі болады. Күту залы, құжаттарды толтыруға арналған орындар қажетті құжаттардың тізбесі мен оларды толтыру үлгілері бар стенділермен жарақталады.
2. Мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі
12. Мемлекеттік қызметті алу үшін шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар:
1) «тұрақты тұруға» санатының визасы бар адамдар:
Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері беретін «тұрақты тұруға» санатының визасы бар жарамды паспорт немесе азаматтығы жоқ адамның құжатын;
35x45 мм мөлшеріндегі екі фотосурет (фотосурет өтініш берушінің жасына сәйкес болуы және қатаң түрде жарық жерде алдынан түсірілген болуы тиіс әрі адамның беті фотосуреттің жалпы ауданының 75%-ға жуығын алуы тиіс);
2) өзге де заңды негізде Қазақстан Республикасында уақытша болатын адамдар:
бланкісін көші-қон полициясы бөлімшелерінің қызметкерлері беретін өтініш-сауалнама;
кету парағы не шетелге тұрақты тұруға шығуға рұқсатты растайтын басқа құжат ретінде болуы мүмкін шетелдіктің азаматтығы мемлекетінің жазбаша келісімі;
өтініш беруші еркін нысанда толтырған өмірбаяны;
жарамды паспорт немесе азаматтығы жоқ адамның құжаты;
Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау органдары беретін медициналық куәландыру туралы ресми анықтама;
Қазақстан Республикасында болу кезеңінде төлем қабілеттігін растау туралы белгіленген үлгідегі құжат;
35x45 мм мөлшеріндегі екі фотосурет (фотосурет өтініш берушінің жасына сәйкес болуы және қатаң түрде жарық жерде алдынан түсірілген болуы тиіс әрі адамның беті фотосуреттің жалпы ауданының 75%-ға жуығын алуы тиіс) ұсынады.
Ескертпе:
Қазақстан Республикасында немесе Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасында туған немесе бұрын азаматтығында болған адамдар мен олардың отбасы мүшелерінен, сондай-ақ оралмандардан 2) тармақшаның 6-абзацында көрсетілген құжаттарды ұсыну талап етілмейді;
3) тіркеу және Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беру туралы оң шешім шығарылса, өтініш беруші көші-қон полициясының бөлімшесіне:
шетелдікті не азаматтығы жоқ адамды тіркеуге келісім беретін адамның азаматтарды тіркеу кітабын;
мемлекеттік бажды төлегені туралы құжат;
бланкісі көші-қон полициясының бөлімшелерінде берілетін толтырылған мекен-жайлық келу парағын;
бланкісі көші-қон полициясының бөлімшелерінде берілетін келу парағына толтырылған статистикалық есеп талонын көрсетеді.
13. Көші-қон полициясы бөлімшелерінің қызметкерлері беретін бланкілер, сондай-ақ ІІМ-нің интернет-ресурсында www.mvd.kz. орналастырылады.
14. Мемлекеттік қызметті алу үшін өтініш беруші көші-қон полициясының бөлімшесіне тіркеу орны бойынша өтініш береді.
Көші-қон полициясы бөлімшесінің қызметкері құжаттарды қабылдайды және оларды журналға тіркейді.
15. Барлық қажетті құжаттарды тапсырғаннан кейін:
1) көші-қон полициясы бөлімшесінің қызметкері өтініш берушіге осы стандарттың 4-қосымшасына сәйкес өтінішті қабылдағаны туралы талон береді, өтініш беруші ұсынған құжаттардан Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға қалдыру туралы іс (бұдан әрі — іс) қалыптастырылады және оны облыстық көші-қон полициясының бөлімшесіне жібереді;
2) облыстық көші-қон полициясы бөлімшесінің қызметкері іс материалдарын тиісті ұлттық қауіпсіздік органдарымен келіседі, содан кейін облыс, Алматы, Астана қалалары Ішкі істер департаментінің басшылығы бекітетін дәлелді қорытынды шығарады.
16. Тіркеу және Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға қалдыру мәселесі бойынша қабылданған шешім туралы өтініш берушіге көші-қон полициясы бөлімшесінің қызметкерлері жеті күн мерзімде телефон арқылы немесе жеке қабылдауда хабардар етеді.
17. Шетелдікке немесе азаматтығы жоқ адамға:
1) қасақана заңсыз көшіп келушілерге, сондай-ақ қылмыс жасағаны үшін өздері шыққан елдерінің заңнамасы бойынша қудалаудағы адамдарға;
2) сотталғанға дейін тұрақты тұратын жері Қазақстан Республикасынан тыс қары болған, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға;
3) адамзатқа қарсы қылмыс жасаған адамдарға;
4) оралмандарды, Қазақстан Республикасында немесе Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасында туған немесе бұрын азаматтығында болған адамдарды және олардың отбасы мүшелерін қоспағанда, өзінің төлем қабілеттігін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен және мөлшерлерде растауды ұсынбаған адамдарға;
5) Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау органдарының қорытындысына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында эпидемияға себеп болуы мүмкін сырқаты бар адамдарға;
6) уәкілетті органның, ішкі істер және Ұлттық қауіпсіздік комитеті органдарының шешімі негізінде Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы заңнаманы бұзған адамдарға;
7) мемлекетаралық, ұлтаралық және діни араздықты тұтандыратын адамдарға;
8) әрекеттері конституциялық құрылысты күштеп өзгертуге бағытталған адамдарға;
9) Қазақстан Республикасының егемендігі мен тәуелсіздігіне қарсы шыққан, оның аумағының бірлігі мен тұтастығын бұзуға шақырған адамдарға;
10) террористік әрекеті, ауыр немесе аса ауыр қылмысы үшін соттылығы бар адамдарға. Бұл ретте қылмыстың ауырлығы, соттылығының болуы немесе болмауы Қазақстан Республикасының заңдарымен айқындалады;
11) Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беру туралы қолдаухатпен өтініш білдірген кезде өзі туралы жалған мәліметтер хабарлаған немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімдерде қажетті құжаттарды дәлелсіз себептермен ұсынбаған адамдарға;
12) Қазақстан Республикасынан бұрын шығарылған адамдарға;
13) егер бұл Қазақстан Республикасы азаматтарының және басқа да адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін қажет болса, Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беруден бас тартылуы не бұрын берілген рұқсат жойылуы мүмкін.
18. Көші-қон полициясы бөлімшелерінің қызметі адамның конституциялық құқықтарын, қызметтік борышты орындау кезіндегі заңдылықты, Ішкі істер органдары қызметкерінің ар-намыс кодексін сақтауға негізделеді және сыпайылық, толық ақпарат ұсыну, оның сақталуын, қорғалуын және құпиялылығын қамтамасыз ету қағидаттарында жүзеге асырылады.
19. Көші-қон полициясы бөлімшелерінің жұмыс нәтижелері осы стандарттың 3-қосымшасына сәйкес сапа және қол жетімділік көрсеткіштерімен өлшенеді.
20. Мемлекеттік органның жұмысы бағаланатын мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қол жетімділігі көрсеткіштерінің нысаналы мақсатын арнайы құрылған жұмыс топтары жыл сайын бекітеді.
21. Көші-қон полициясы қызметкерлерінің іс-әрекеттеріне осы стандарттың 1-қосымшасында көрсетілген қалалық, аудандық ішкі істер басқармаларының (бөлімдерінің), ішкі істер департаменттерінің, ІІМ-нің Әкімшілік полиция комитетінің, Ішкі істер министрлігінің жоғары тұрған басшылығына заңнамада белгіленген тәртіппен шағымдануға болады.
22. Шағымдар жазбаша түрде почта, электрондық почта арқылы не ішкі істер органдарының кеңселері арқылы қолма-қол жұмыс күндері сағат 13-00-ден 14-30-ға дейінгі түскі үзіліспен, сағат 9-00-ден бастап 18-00-ге дейін, сондай-ақ сенбіде сағат 9-00-ден бастап 13-00-ге дейін қабылданады.
23. Түскен шағым ішкі істер органдарының кеңсесінде тіркеледі және заңнамада белгіленген тәртіппен қаралады.
Шағымдарды қарау нәтижелері туралы өтініш берушіге жазбаша түрде почта арқылы не электрондық почта арқылы хабарланады.
24. Ұсынылатын мемлекеттік қызметке жауапты көші-қон полициясы бөлімшелері басшыларының мекен-жайлары осы стандарттың 2-қосымшасында көрсетілген.
25. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің мекен-жайы: 010000, Астана қаласы, Тәуелсіздік даңғылы, 1, ІІМ-нің интернет-ресурсында: www.mvd.kz., қабылдау бөлмесінің телефоны (7172)71-40-75.
Үкіметінің
2009 жылғы 14 желтоқсандағы
№ 2102 қаулысымен бекітілген
мемлекеттік қызмет
көрсету стандартына
1-қосымша