Жоба
Қазақстан Республикасының
Заңы
Гендік-инженерлік қызметті мемлекеттік реттеу туралы
ҚР Үкіметінің 2016 жылғы 30 мамырдағы № 307 Қаулысымен ҚР Парламентінің Мәжілісінен кері қайтарып алынды
ҚР Заңының жобасы ҚР Үкіметінің 2010.30.09. № 1012 Қаулысымен ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілді
Осы Заң өзгертілген тірі организмдер мен генетикалық түрлендірілген объектілерді жасау, сынау, тұйықталған жүйелерде және (немесе) ашық жүйелерде пайдалану, қоршаған ортаға шығару, трансшекаралық орнын ауыстыру, кәдеге жарату және жою кезінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) авария - өзгертілген тірі организмдердің оларды тұйықталған жүйелерде пайдалану барысында қоршаған ортаға абайсызда шығуына әкеп соғатын, адам денсаулығы мен қоршаған ортаға зардабы бар немесе болуы мүмкін оқыс оқиға;
2) ашық жүйе - өзгертілген тірі организмдер мен генетикалық түрлендірілген объектілерді қоршаған ортаға әдейі шығару кезінде олардың халықпен және қоршаған ортамен байланыстарын болжайтын жүйе;
3) гендік инженерия - нуклеин қышқылының молекулаларымен клеткадан тыс жүргізілетін манипуляция және гендердің жасалған конструкцияларын тірі организмге ауыстыру жолымен генетикалық материалдың жаңа комбинациясын алу әдістері мен технологияларының жиынтығы, оның нәтижесінде осы организмде және оның ұрпағында олардың қосылуы мен белсенділігі артады;
4) гендік терапия - ауруларды емдеу мақсатында адамның соматикалық клеткаларының генетикалық аппаратына өзгерістер енгізуге бағытталған гендік-инженерлік және медициналық әдістер жиынтығы;
5) гендік диагностика - геном құрылымындағы өзгерістерді анықтау жөніндегі әдістер жиынтығы;
6) гендік-инженерлік қызмет - өзгертілген тірі организмдер мен генетикалық түрлендірілген объектілерді жасауға, сынауға, оларды тұйықталған және (немесе) ашық жүйелерде пайдалануға, қоршаған ортаға шығаруға, трансшекаралық орнын ауыстыруға, транзитіне, импортына,
экспортына байланысты қызмет;