(БҰРЫНҒЫ РЕДАКЦИЯ) САЛЫҚ ЖӘНЕ БЮДЖЕТКЕ ТӨЛЕНЕТІН БАСҚА ДА МІНДЕТТІ Т...

Предыдущая страница

19) заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі - филиал, өкілдік;

20) инжинирингтік қызметтер көрсету - инженерлік-консультациялық қызметтер көрсету, зерттеу, жобалау-конструкторлық, есептеу-талдау сипатындағы жұмыстар, жобалардың техникалық-экономикалық негіздемелерін дайындау, өндірісті ұйымдастыру және басқару, өнімдерді өткізу саласында ұсынымдар әзірлеу;

2009.12.02. № 133-ІV ҚР Заңымен  бап 20-1) тармақшамен толықтырылды

20-1) ислам бағалы қағаздары - ислам жалдау сертификаттары мен ислам қатысу сертификаттары;

21) келісімшарттық қызмет - жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың ережелеріне сәйкес жүзеге асырылатын қызметі;

22) келісімшарттан тыс қызмет - жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың ережелерінде тікелей көзделмеген кез келген өзге қызметі;

23) консультациялық қызметтер көрсету - басқарушылық, экономикалық, қаржылық, инвестициялық мәселелерді, оның ішінде стратегиялық жоспарлау, кәсіпкерлік қызметті ұйымдастыру мен жүргізу, персоналды басқару мәселелерін шешу мақсатында проблемаларды және (немесе) тұлғаның мүмкіндіктерін айқындау мен (немесе) бағалауды қоса алғанда, түсіндірмелер, ұсынымдар, кеңестер және өзге де нысандағы консультациялар беру жөнінде көрсетілетін қызметтер;

24) қайырымдылық көмек - өтеусіз негізде:

жеке тұлғаларға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында;

коммерциялық емес ұйымдарға жарғылық қызметін қолдау мақсатында;

әлеуметтік саладағы қызметті жүзеге асыратын ұйымдарға аталған ұйымдардың осы Кодекстің 135-бабының 2-тармағында көрсетілген қызмет түрлерін жүзеге асыруы мақсатында;

әлеуметтік салада осы Кодекстің 135-бабының 3-тармағында көрсетілген талаптарға сәйкес келетін қызметті жүзеге асыратын ұйымдарға берілетін мүлік;

25) қатысу үлесі - акционерлік қоғамдарды және пайлық инвестициялық қорларды қоспағанда, жеке және (немесе) заңды тұлғалардың кәсіпкерлік қызметті бірлесіп жүргізуге мүлкімен үлестік қатысуы;

26) қызметкер - жұмыс берушімен еңбек қатынастарында тұратын және еңбек шарты (келісімшарт) бойынша жұмысты тікелей орындайтын жеке тұлға; мемлекеттік қызметші; мемлекеттік қызметшілерді қоспағанда, акционерлік қоғамның директорлар кеңесінің мүшесі; осы Кодекстің 191-бабы 10-тармағының ережелеріне сәйкес қызметі тұрақты мекеме құрмайтын резидент еместің резидентке немесе Қазақстан Республикасында қызметті тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын өзге резидент емеске персоналды беруіне арналған келісімшарт бойынша жұмыс істеу үшін ұсынылған шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам;

27) маркетингтік қызметтер көрсету - тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің сипаттамасын, баға стратегиясын және жарнама стратегиясын тұжырымдауды қоса алғанда, тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер өндірісі мен айналысына үздік экономикалық жағдайлар жасау жөніндегі шараларды айқындау мақсатында тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер өндірісі мен айналысы саласындағы зерттеуге, талдауға, жоспарлауға және болжамдауға байланысты көрсетілетін қызметтер;

2008.10.12  № 100-IV ҚР Заңның 20-1-бабына сәйкес 12-баптың 28) тармағының қолданылуы 2014 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатылды

28) өзара байланысты тарап - өзара байланыстылығы Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасына сәйкес айқындалатын жеке немесе заңды тұлға;

29) өткізу - сату, айырбастау, өтеусіз беру мақсатында тауарларды тиеп жіберу, жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету, сондай-ақ кепілге салынған тауарларды кепіл ұстаушыға беру;

30) роялти - мыналар үшін:

пайдалы қазбаларды өндіру және техногендік құралымдарды қайта өңдеу процесінде жер қойнауын пайдалану құқығы үшін;

авторлық құқықтарды, бағдарламалық қамтамасыз етілімді, патенттерді, сызбаларды немесе модельдерді, тауар таңбаларын немесе басқа да осыған ұқсас құқық түрлерін пайдаланғаны немесе пайдалану құқығы үшін; өнеркәсіп жабдықтарын, оның ішінде бербоут-чартер немесе димайз-чартер шарттары бойынша жалға алынатын теңіз және әуе кемелерін, сондай-ақ сауда немесе ғылыми-зерттеу жабдықтарын пайдаланғаны немесе пайдалану құқығы үшін; «ноу-хауды» пайдаланғаны үшін; кинофильмдерді, бейнефильмдерді, дыбыс жазуды немесе өзге де жазу құралдарын пайдаланғаны немесе пайдалану құқығы үшін төленетін төлем;

2009.12.02. № 133-ІV ҚР Заңымен (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енді) (бұр.ред.қара); 2010.02.04. № 262-IV ҚР Заңымен (жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 31) тармақша өзгертілді

31) салық агенті - осы Кодекске сәйкес төлем көзінен ұсталатын салықты есептеу, ұстау және аудару жөніндегі міндет жүктелетін дара кәсіпкер, жеке нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, заңды тұлға, оның ішінде резидент емес заңды тұлға;

32) салық берешегі - бересі сомасы, сондай-ақ өсімпұлдар мен айыппұлдардың төленбеген сомасы. Салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарламада көрсетілген өсімпұлдар сомасы, сондай-ақ әкімшілік жаза қолдану туралы қаулыда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасалу кезеңінде шағым жасалу бөлігінде көрсетілген айыппұлдар сомасы салық берешегіне қосылмайды;

33) салық режимі - осы Кодексте белгіленген салықты және бюджетке төленетін басқа да міндеті төлемдерді төлеу жөніндегі барлық салық міндеттемелерін есептеу кезінде салық төлеуші қолданатын Қазақстан Республикасының салық заңнамасы нормаларының жиынтығы;

34) салықтар - осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекет біржақты тәртіппен заң жүзінде белгілеген, белгілі бір мөлшерде жүргізілетін, қайтарымсыз және өтеусіз сипатта болатын, бюджетке төленетін міндетті ақшалай төлемдер;

35) салық төлеуші - салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуші болып табылатын адам;

36) салық төлеушінің (салық агентінің) жеке шоты - салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің, міндетті зейнетақы жарналарының, әлеуметтік аударымдардың есептелген, есепке жазылған (азайтылған), аударылған және төленген (есепке жатқызылғандары және қайтарылғандары ескерілген) сомасын, сондай-ақ өсімпұлдар мен айыппұлдардың сомасын есепке алуға арналған құжат, оның ішінде электрондық нысандағы құжат;

37) салық төлеушінің электрондық құжаты - белгіленген электрондық форматта берілген, қабылданғаннан және бірдейлігі расталғаннан кейін салық төлеушінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық құжат;

38) салық төлеушінің электрондық цифрлық қолтаңбасы - электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың дәйектілігін, оның салық төлеушіге тиесілілігін және мазмұнының өзгермейтінін растайтын электрондық цифрлық нышандардың реттілігі;

2009.12.02. № 133-ІV ҚР Заңымен 39) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)

39) тармақшаға өзгерістерді қара - 2010.30.06. № 297-ІV ҚР Заңы (2011 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі)

39) сыйақы - мыналарға:

кредиттің (қарыздың, микрокредиттің) алынған (берілген) сомасын, банктердің ақша аударғаны үшін комиссияларды және қарыз алушы үшін қарыз беруші, өзара байланысты тарап болып табылмайтын тұлғаға өзге де төлемдерді қоспағанда, кредитке (қарызға, микрокредитке) байланысты;

мұндай мүліктің алыну (берілу) құнын, лизинг алушы үшін лизинг беруші, өзара байланысты тарап болып табылмайтын тұлғаға төлемдерді қоспағанда, мүлікті лизингке беруге байланысты;

салым (депозит) сомасын, сондай-ақ салымды (депозитті) қабылдап алған тарап үшін салымшы (депозитор), өзара байланысты тарап болып табылмайтын тұлғаға төлемдерді қоспағанда, салымдар (депозиттер) бойынша;

сақтандыру сомасының мөлшерін, сондай-ақ сақтандырушы үшін сақтанушы, өзара байланысты тарап болып табылмайтын тұлғаға төлемдерді қоспағанда, жинақтаушы сақтандыру шартымен байланысты;

борыштық бағалы қағаздар бойынша дисконт не купон (дисконтты не бастапқы орналастырылу құнынан және (немесе) сатып алыну құнынан алынған сыйлықақыны есепке алып), сыйақы төлейтін тұлға үшін оның борыштық бағалы қағаздарын ұстаушы, өзара байланысты тарап болып табылатын тұлғаға төлем түріндегі;

вексельде көрсетілген соманы, вексель беруші үшін оның вексельдерін ұстаушы, өзара байланысты тарап болып табылмайтын тұлғаға төлемдерді қоспағанда, вексель бойынша;

репо операциялары бойынша - репоны жабу бағасы мен ашу бағасы арасындағы оң айырма түріндегі;

исламдық жалдау сертификаттары бойынша барлық төлемдер;

40) туынды қаржы құралы - құны болашақта осы шарт бойынша есеп айырысуды жүзеге асыруды көздейтін шарттың базалық активінің шамасына (шаманың ауытқуын қоса алғанда) тәуелді болатын шарт. Туынды қаржы құралдарына опциондар, фьючерстер, форвардтар, своптар және басқа да туынды қаржы құралдары, оның ішінде жоғарыда тізіп көрсетілген туынды қаржы құралдарының комбинациясын білдіретіндер жатады.

Туынды қаржы құралдарының базалық активтері тауарлар, тауарлардың стандартталған партиялары, бағалы қағаздар, валюта, индекстер, проценттік ставкалар және нарықтық құны бар басқа да активтер, болашақ оқиға немесе мән-жай, өзге де туынды қаржы құралдары болуы мүмкін;

41) тұлға - жеке тұлға және заңды тұлға; жеке тұлға - Қазақстан Республикасының азаматы, шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам; заңды тұлға - Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес құрылған ұйым (резидент емес заңды тұлға). Шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес құрылған компания, ұйым немесе басқа да корпоративтік құралым осы Кодекстің мақсатына орай олар өздері құрылған шет мемлекеттің заңды тұлғасы мәртебесіне ие ме, жоқ па - осыған қарамастан дербес заңды тұлғалар ретінде қарастырылады;

2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 42) тармақша өзгертілді (2009 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді) (бұр.ред.қара)

42) уәкілетті мемлекеттік органдар - салық органдарын және жергілікті атқарушы органдарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының Үкіметі бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді есептеуді және (немесе) жинауды жүзеге асыруға уәкілеттік берген, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінiң актілерінде белгіленген өздерінің құзыреті шегінде осы Кодекске сәйкес салық қызметі органдарымен өзара іс-қимыл жасайтын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары;

43) уәкілетті орган - салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

44) ұтыстар - салық төлеушілердің конкурстарда, жарыстарда (олимпиадаларда), фестивальдарда, лотереялар бойынша, салымдар мен борыштық бағалы қағаздарға байланысты ұтыс ойындарын қоса алғанда, ұтыс ойындары бойынша алатын заттай және ақшалай түрдегі табыстардың кез келген түрлері, сондай-ақ құмар ойында және (немесе) бәс тігуде алынған мүліктік пайда түріндегі табыстар;

45) электрондық салық төлеуші - осы Кодексте белгіленген тәртіппен электрондық құжаттармен алмасу кезінде салық қызметі органдарымен жасалған электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалану және тану туралы келісімнің негізінде салық қызметі органдарымен электрондық тәсілмен өзара іс-қимыл жасайтын салық төлеуші.

2009.12.02. № 133-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ 46) тармақшамен толықтырылды (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)

46) оператор - өнімді бөлу туралы келісім (келісімшарт) шеңберінде жай серіктестік (консорциум) құрамында жер қойнауын пайдалану бойынша операцияларды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылар Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес құратын немесе айқындайтын заңды тұлға;

2009.12.02. № 133-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ 47) тармақшамен толықтырылды (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)

47) тауарлардың импорты - кеден одағының кеден заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын, тауарларды кеден одағының кеден аумағына әкелу, сондай-ақ тауарларды кеден одағына мүше басқа мемлекеттің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына әкелу.

2. Қазақстан Республикасының салық заңнамасының басқа арнаулы ұғымдары мен терминдері осы Кодекстің тиісті баптарында айқындалатын мағынада пайдаланылады.

3. Осы Кодексте пайдаланылатын Қазақстан Республикасының азаматтық және басқа да заңнамасы салаларындағы ұғымдар, егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасы заңнамасының сол салаларында пайдаланылатын мағыналарында қолданылады.

 

2-тарау. САЛЫҚ ТӨЛЕУШІНІҢ ЖӘНЕ САЛЫҚ АГЕНТІНІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ. САЛЫҚТЫҚ ҚАТЫНАСТАРДАҒЫ ӨКІЛДІК

 

13-бап. Салық төлеушінің құқықтары

1. Салық төлеуші:

1) салық қызметі органдарынан қолданылып жүрген салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы, Қазақстан Республикасының салық заңнамасындағы өзгерістер туралы ақпарат, салықтық нысандарды толтыру тәртібі бойынша түсіндірмелер алуға;

2) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында реттелетін қатынастарда жеке өзі не өзінің өкілі арқылы немесе салық консультантының қатысуымен өзінің мүдделерін білдіруге;

3) осы Кодексте белгіленген жағдайларда салықтық бақылау нәтижелерін алуға;

2010.02.04. № 263-ІV ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

4) салық органында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілген мемлекеттік қызметтер көрсету стандарттарын, салықтық өтініштердің белгіленген нысандарының бланкілерін және (немесе) электрондық түрде салық есептіліктері мен өтініштерін беру үшін қажетті бағдарламалық қамтамасыз етілімді тегін алуға;

5) өтініш бойынша салық органында бұрын өзі тапсырған салық есептілігінің көшірмесін алуға;

6) салық қызметі органдарына салықтық бақылау нәтижелері бойынша салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді есептеу мен төлеу жөніндегі түсіндірмелерді табыс етуге;

7) салық органы салықтық өтініш алған кезден бастап екі жұмыс күнінен кешіктірмей салық міндеттемесін, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналарын есептеу, ұстау және аудару, әлеуметтік аударымдарды есептеу және төлеу бойынша міндеттемелерді орындау бойынша бюджетпен есеп айырысудың жай-күйі туралы жеке шоттан үзінді көшірме алуға;

8) салықтық өтініш бойынша осы Кодексте белгіленген тәртіппен және мерзімде мынадай:

салықтық берешектің, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар бойынша берешектің жоқ екендігі туралы;

салықтық берешектің, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар бойынша берешектің жоқ екендігі (бар екендігі) туралы;

резидент еместің Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған табыстар мен ұсталынған (төленген) салықтардың сомасы туралы анықтама түрлерін алуға;

9) салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеу жөніндегі салық міндеттемесін орындау мақсатында төлем құжатын толтыру үшін қажетті деректемелер туралы мәліметтер, сондай-ақ салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеу тәртібі туралы ақпаратты салық органына көрсетілген ақпарат үшін өтініш жасалған кезден бастап бір жұмыс күні ішінде алуға;

10) осы Кодексте және Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарламаға және (немесе) салық қызметінің жоғары тұрған органының хабарламаға жасалған шағымды қарау нәтижелері бойынша шығарған шешіміне, сондай-ақ салық қызметі органдарының лауазымды адамдарының іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасауға;

11) салықтық құпияның сақталуын талап етуге;

12) осы Кодекске сәйкес салық қызметі органдары көрсететін мемлекеттік қызметтерді тегін алуға;

13) салықтық тексеру жүргізу барысында салық қызметі органдарының лауазымды адамында туындаған сұрақтарды жазбаша тіркеуге және осы сұрақтар көрсетілетін құжатты онымен келісуге;

14) берілуі Қазақстан Республикасының салық заңнамасында, Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының акцизделетін тауарлардың жекелеген түрлерін өндіру мен олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы заңнамасында тікелей көзделген ақпарат пен құжаттарды қоспағанда, салық салу объектілеріне және (немесе) салық салуға байланысты объектілерге жатпайтын ақпарат пен құжаттарды бермеуге құқылы.

2. Салық төлеуші Қазақстан Республикасының салық заңнамасында реттелетін қатынастарға осы Кодексте белгіленген тәртіппен электрондық тәсілмен қатысуға құқылы.

3. Салық төлеушінің Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген өзге де құқықтары бар.

 

14-бап. Салық төлеушінің міндеттері

1. Салық төлеуші:

1) осы Кодекске сәйкес салық міндеттемелерін уақтылы және толық көлемде орындауға;

2) салық қызметі органдары лауазымды адамдарының Қазақстан Республикасының салық заңнамасын анықталған бұзушылықтарды жою туралы заңды талаптарын орындауға, сондай-ақ олардың қызметтік міндеттерін атқаруы кезіндегі заңды қызметіне кедергі жасамауға;

3) нұсқама негізінде салық қызметі органдары лауазымды адамдарының салық салу объектісі және (немесе) салық салуға байланысты объект болып табылатын мүлікті зерттеп-тексеруіне жол беруге;

4) Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасында көзделген ақпарат пен құжаттарды беруге;

5) бақылау-кассалық машиналарды қолдануға және оларды қолданудың осы Кодексте белгіленген тәртібін сақтауға;

6) тармақшаға өзгерістерді қара - 2010.30.06. № 297-ІV ҚР Заңы (2011 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі)

2010.02.04. № 262-IV ҚР Заңымен 6) тармақша өзгертілді (жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

6) дара кәсіпкердің (осы Кодекстің 43-бабында белгіленген жағдайларды қоспағанда) кәсіпкерлік қызметті, жекеше нотариустың, жеке сот орындаушысының, адвокаттың, тұрақты мекеменің, резидент емес заңды тұлғаның қызметін тоқтатуына, заңды тұлғаның бөліну жолымен қайта ұйымдастырылуына және (немесе) таратылуына байланысты құжаттық тексеруді жүргізу туралы салық органына салықтық өтініш беруге міндетті.

2. Салық төлеуші осы Кодексте көзделген өзге де міндеттерді орындайды.

 

15-бап. Салық агентінің құқықтары мен міндеттері

1. Салық агентінің, егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, салық төлеуші сияқты құқықтары бар және сондай міндеттері болады.

2. Салық агенті сондай-ақ:

1) осы Кодекстің ерекше бөліміне сәйкес төлем көзінен ұсталатын салықты дұрыс және уақтылы есептеуге;

2) салық төлеушіден тиісті салықты ұстауға және оларды осы Кодексте көзделген тәртіппен және мерзімдерде бюджетке аударуға;

3) салық төлеушілерге төленген табыстардың, сондай-ақ ұсталған және бюджетке аударылған салық сомасының есебін жүргізуге, оның ішінде әрбір салық төлеуші бойынша жеке-жеке жүргізуге;

4) тіркелу есебінде тұрған жері бойынша салық органына осы Кодекстің ерекше бөлімінде белгіленген тәртіппен салық есептілігін табыс етуге міндетті.

3. Салық агенті осы Кодексте көзделген өзге де міндеттерді орындайды.

 

16-бап. Салық төлеушінің (салық агентінің) құқықтарын қамтамасыз ету және қорғау

1. Салық төлеушіге (салық агентіне) оның құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуына кепілдік беріледі.

2. Салық төлеушінің (салық агентінің) құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.

 

17-бап. Осы Кодексте реттелетін салықтық қатынастарда өкілдік ету

2010.30.06. № 297-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2010 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

1. Егер осы тармақта өзгеше көзделмесе, салық төлеуші (салық агенті) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында реттелетін қатынастарға заңды немесе уәкілетті өкілі арқылы қатысуға құқылы.

Осы Кодекстің 571-бабының 4-тармағына сәйкес салық органының шешімімен қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен алып тасталған салық төлеуші қосылған құн салығын төлеуші болып табылмаған кезеңде осындай салық төлеуші қосылған құн салығы бойынша салық есептілігін табыс еткен жағдайда осы тармақтың ережесі қолданылмайды.

2. Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес салық төлеушінің (салық агентінің) атынан өкілдік етуге уәкілеттік берілген тұлға салық төлеушінің (салық агентінің) заңды өкілі болып танылады.

2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2009 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді) (бұр.ред.қара)

3. Салық төлеушi (салық агентi) салық қызметi органдарымен, Қазақстан Республикасының салық заңнамасында реттелетiн қатынастарға өзге де қатысушылармен қатынастарда өз мүдделерiн бiлдiруге уәкiлеттiк берген жеке немесе заңды тұлға салық төлеушiнiң (салық агентiнiң) уәкiлеттi өкiлi болып танылады.

Салық төлеушiнiң (салық агентiнiң) - жеке тұлғаның, оның iшiнде дара кәсiпкердiң уәкiлеттi өкiлi нотариаттық куәландырылған сенiмхат немесе Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес мұндай салық төлеушi (салық агентi) берген нотариаттық куәландырылғанға теңестiрiлген сенiмхат негiзiнде әрекет етедi, онда өкiл өкiлеттiктерiнiң нақты тiзбесi көрсетiледi.

Салық төлеушiнiң (салық агентiнiң) - заңды тұлғаның не заңды тұлғаның құрылымдық бөлiмшесiнiң уәкiлеттi өкiлi мұндай салық төлеушiнiң (салық агентiнiң) құрылтай құжаттары және (немесе) оның Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес берiлген сенiмхаты негiзiнде әрекет етедi, онда өкiл өкiлеттiктерiнiң нақты тiзбесi көрсетiледi.

4. Қазақстан Республикасының салық заңнамасында реттелетін қатынастарға салық төлеушінің (салық агентінің) жеке өзінің қатысуы оны өкіл алу құқығынан айырмайды, сол сияқты өкілдің қатысуы салық төлеушіні (салық агентін) көрсетілген қатынастарға жеке өзінің қатысу құқығынан айырмайды.

5. Салық төлеуші (салық агенті) өкілінің Қазақстан Республикасының салық заңнамасында реттелетін қатынастарға сол салық төлеушінің (салық агентінің) қатысуына байланысты жасаған іс-әрекеттері (әрекетсіздігі) салық төлеушінің (салық агентінің) аталған өкілге осы баптың 3-тармағында көрсетілген құжаттардың негізінде берген өкілеттіктері шеңберіндегі іс-әрекеттері (әрекетсіздігі) болып танылады.

 

2010.30.06. № 297-ІV ҚР Заңымен 17-1-баппен толықтырылды (2009 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) 

17-1-бап. Өнімді бөлу туралы келісім (келісімшарт) негізінде жер қойнауын пайдалану бойынша операцияларды жүзеге асыру кезінде салық қатынастарына оператор арқылы қатысу

1. Өнімді бөлу туралы келісім (келісімшарт) шеңберінде жай серіктестік (консорциум) құрамында жер қойнауын пайдалану бойынша операцияларды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылар Қазақстан Республикасының салық заңнамасында реттелетін қатынастарға оператор арқылы қатысуға құқылы.

2. Қазақстан Республикасының салық заңнамасымен реттелетін қатынастардағы оператордың өкілеттігі, осы Кодекске қайшы келмейтін бөлігінде өнімді бөлу туралы келісімге (келісімшартқа) сәйкес айқындалады.

3. Осы Кодекстің 308-1-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес салық міндеттемелерін орындаған кезде, оператор осы Кодексте салық төлеушiлер (салық агенттерi) үшін көзделген барлық құқықтар мен міндеттерге ие болады, сондай-ақ оған осы Кодексте салық төлеушiлер (салық агенттерi) үшін көзделген салық әкімшілігін жүргізудің тәртібі қолданылады.

4. Қазақстан Республикасының салық заңнамасында реттелетін қатынастарда жер қойнауын пайдаланушылардың қатысуына байланысты осы жер қойнауын пайдаланушылардың атынан және (немесе) тапсырмасы бойынша жасалған оператордың іс-әрекеттері (әрекетсіздігі) осындай жер қойнауын пайдаланушылардың және олардың атынан және (немесе) олардың тапсырмасы бойынша әрекет ететін оператордың іс-әрекеттері (әрекетсіздігі) деп танылады.