Табыс салығын шартты банк салымына аудару тәртібі резидент еместің тұрақты мекеме құруға алып келмейтін Қазақстан Республикасында жұмыстарды орындаудан, қызметтер көрсетуден түсетін табысынан ұсталған табыс салығына ғана қолданылады.
2. Табыс алатын резидент емес, салық агенті және салық агенті айқындаған резидент банк салық агентінің резидент еместің табысынан табыс салығын аударуының белгіленген мерзіміне дейін шартқа қатысушылармен келісілген нысан бойынша резидент еместің шартты банк салымын ашу туралы шарт жасасады.
3. Шартты банк салымы ұлттық немесе шетел валютасында ашылады. Шартты банк салымы шетел валютасында ашылған жағдайда бюджетке табыс салығының сомасы және бюджетке салық аударылған күнгі валюта айырбастаудың нарықтың бағамы бойынша қайта есептелген ұлттық валютадағы банктік сыйақылардың сомасы аударылады.
4. Шотында шартты банк салымы орналастырылған банк есепті тоқсаннан кейінгі екінші айдың он бесінші күнінен кешіктірмей, салық агенті орналасқан жердегі салық органына уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша есепті тоқсан ішіндегі ақша қозғалысы туралы есепті табыс етуге міндетті. Есеп шартты банк салымы орналастырылған шотта ақша қозғалысы болған тоқсандарға табыс етіледі.
Есепке өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу және оны табыс ету салық есептілігі үшін осы Кодексте белгіленген жағдайларда және тәртіппен жүзеге асырылады.
5. Салық агенті өзі орналасқан жердегі салық органына:
1) қол қойылған күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде шартты банк салымы туралы шартты (мұндай шарттың көшірмесі аталған салық органында сақталады);
2) шартты банк салымына аударылған табыс салығының сомалары көрсетілетін, осы Кодекстің 196-бабында белгіленген мерзімдерде резидент еместің табыстарынан төлем көзінен ұсталатын корпоративтік табыс салығы бойынша есеп-қисапты табыс етуге міндетті.
6. Салық агенті орналасқан жердегі салық органы шартты банк салымы туралы шартты салық агенті табыс еткен кезден бастап күнтізбелік екі күн ішінде тіркеуге немесе оны тіркеуден бас тартуға міндетті. Бұл ретте талаптары осы баптың ережелеріне қайшы келмейтін шартты банк салымы туралы шарт қана тіркелуге тиіс. Шартты банк салымы туралы шарт талаптарының осы баптың ережелеріне сәйкес келмеуі оны тіркеуден бас тартуға негіз болып табылады.
7. Салық органы резидент еместің пайдасына шешім қабылдағанға дейін резидент еместің және салық агентінің шартты банк салымына орналастырылған табыс салығының сомасына билік етуге құқығы жоқ.
8. Осы баптың ережелері салық органында тіркелген шартты банк салымы туралы шартқа ғана қолданылады.
9. Осы Кодекстің 195-бабына сәйкес айқындалатын төлем көзінен ұсталатын табыс салығын аудару күніне шартты банк салымы туралы шарт салық органында тіркелмеген жағдайда, бюджетке табыс салығын аудару белгіленген мерзімдерде жүргізіледі.
10. Салық агенті салық органына табыс етілетін есеп-қисапта есептелген (төленген) табыстардың және ұсталған салықтардың сомаларын, сондай-ақ солар бойынша табыс салығы есептелген ставкаларды көрсетуге міндетті.
шартты банк салымдарына орналастырылған;
халықаралық шарттың ережелерін қолдануға құқығы бар резидент емеске қайтарылған;
бюджетке аударылған табыс салығы сомаларының есебін жүргізуге міндетті.
217-бап. Бюджеттен немесе шартты банк салымынан табыс салығын қайтару тәртібі
1. Резидент еместің мынадай жағдайларда:
1) салық агенті резидент еместің Қазақстан Республикасының көздерінен алынған табыстарынан табыс салығын шартты банк салымына немесе бюджетке аударғанда;
2) резидент емес Қазақстан Республикасында халықаралық шартқа сәйкес тұрақты мекеме құруға алып келмейтін қызметті филиал, өкілдік арқылы жүзеге асырғанда;
3) салық төлеуші осы Кодекстің ережелеріне сәйкес салық төлегенде, осы бапта белгіленген тәртіппен халықаралық шарт ережелеріне сәйкес табыс салығын қайтарып алуға құқығы бар.
Бұл ретте резидент емес осы Кодекстің 219-бабында айқындалған құжаттарды қоса бере отырып, төленген табыс салығын халықаралық шарттың негізінде бюджеттен немесе шартты банк салымынан қайтарып алуға салықтық өтінішті (бұдан әрі осы баптың және осы Кодекстің 218-бабының мақсатында - өтініш) салық органына табыс етуге міндетті.
2. Резидент емес өтінішті салық агенті орналасқан жердегі салық органына қатысты жоғары тұрған орган болып табылатын салық органына (уәкілетті органды қоспағанда) табыс етеді.
Егер салық агенті уәкілетті органға қатысты төмен тұрған орган болып табылатын салық органында тіркелген болса, резидент емес өтінішті аталған салық органына табыс етеді.
3. Халықаралық шарттың талаптарын орындаған және Қазақстан Республикасында жұмыстарды орындаған, қызметтер көрсеткен кезде, ұзақ мерзімді келісімшарттар бойынша жұмыстарды орындауды, қызметтер көрсетуді қоспағанда, резидент емес өтінішті Қазақстан Республикасында жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету аяқталғаннан кейін табыс етеді.
4. Егер халықаралық шартта өзгеше көзделмесе, салық төлеуші өтінішті салық органына табыс салығы сомаларын шартты банк салымына орналастырған күннен бастап немесе табыс салығын бюджетке аударған күннен бастап осы Кодекстің 46-бабында белгіленген талап қою мерзімі өткеннен кешіктірмей табыс етеді.
Егер халықаралық шартта өзгеше көзделмесе, резидент емес ұзақ мерзімді келісімшарттар бойынша өтінішті салық органына осы Кодекстің 46-бабында белгіленген талап қою мерзімінің өтуінен кешіктірмей, келісімшарттың іс жүзінде орындалуына байланысты табыс етеді.
5. Салық органы өтінішті резидент емес оны табыс еткен күннен бастап күнтізбелік қырық бес күн ішінде қарайды.
6. Өтінішті қарау кезінде камералдық бақылау нәтижелері бойынша қателер анықталған жағдайда салық органы осы Кодекстің 84-тарауына сәйкес резидент емеске жіберілген қателерді дербес жою үшін хабарлама жібереді. Бұл ретте резидент еместің өтінішін қарау мерзімі анықталған қателер жойылғанға дейін тоқтатыла тұрады.
7. Резидент еместің өтінішін қарау кезінде салық органы салық агентіне оның осы Кодекстің 46-бабында белгіленген талап қою мерзімі кезеңі ішінде өтініш берген резидент еместің табысынан төлем көзінен табыс салығын есептеу, ұстау және аудару жөніндегі салықтық міндеттемелерді орындауы тұрғысынан тақырыптық тексеру жүргізеді.
Аталған тексеруді жүргізу барысында салық органы құжаттарды:
1) салық агентінің резидент еместің табыстарынан төлем көзінен табыс салығын есептеу, ұстау және аудару жөніндегі салықтық міндеттемелерді толық орындауы;
2) табыс етілген келісімшарттардың бір жобамен байланыстылығы, табыс етілген келісімшарттардың басқа келісімшартпен (келісімшарттармен) бір жоба немесе байланысқан жобалар шеңберінде байланыстылығы;
3) резидент еместің бұрын резиденттерге қызметтер көрсетуі, резидент еместің Қазақстан Республикасының аумағындағы қызметінің жүйелілігі;
4) резидент еместің Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекемесінің болуы (болмауы);
5) жұмыстарды орындаудың, қызметтер көрсетудің нақты мерзімдерінің жұмыстарды орындауға, қызметтер көрсетуге арналған келісімшартта (келісімшарттарда) көзделген мерзімдерге сәйкестігі (бұл мәселе өтініш беруші резидент емес Қазақстан Республикасының аумағында жұмыстарды орындаған, қызметтер көрсеткен кезде қарастырылады);
6) өтініш беруші резидент еместің Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы заңнамасына сәйкес әділет органдарында есептік тіркеуден өтуі;
2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 7) тармақша жаңа редакцияда (2010 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді) (бұр.ред.қара)
7) өтiнiште көрсетiлген деректердiң дұрыстығы;
8) өтініштерде немесе резиденттікті растайтын құжаттарда шетелдік тұлғаның және шетелдік тұлғаның резиденттігін куәландырған шет мемлекеттің құзыретті органының қолы мен мөрінің болуы;
9) шартты банк салымы туралы шарттардың салық агенті орналасқан жердегі салық органдарында тіркелуінің болуы (бұл мәселе резидент емес осындай шарттарды жасасқан кезде қарастырылады);
10) шартты банк салымы туралы шартқа қатысушылардың оның талаптарын сақтауы (бұл мәселе резидент емес осындай шартты жасасқан кезде қарастырылады) тұрғысынан тексереді.
8. Егер резидент еместің Қазақстан Республикасында өкілдігі немесе филиалы болса, өтінішті қарайтын салық органы резидент еместі оның осы Кодекстің 46-бабында белгіленген талап қою мерзімі кезеңінің ішінде салықтық міндеттемелерді орындауы және Қазақстан Республикасында тұрақты мекемесінің болуы не болмауы тұрғысынан кешенді салықтық тексеру жүргізуге арналған сұрау салуды өкілдіктің немесе филиалдың орналасқан жеріндегі салық органына жіберуге міндетті.
9. Салық агенті таратылған жағдайда салық органы резидент еместің резиденттік елінің құзыретті органына салық агенті мен резидент еместің өзара қарым-қатынастары туралы ақпарат беру туралы сұрау салу жіберуге міндетті.
10. Резидент емес осы Кодекстің 219-бабында белгіленген құжаттарды табыс етпеген не салық органы шет мемлекеттің құзыретті органына немесе Қазақстан Республикасының мемлекеттік органына қажетті ақпарат беру туралы сұрау салу жіберген жағдайларда, резидент еместің өтінішін қарау мерзімі көрсетілген құжаттарды, сұратылатын ақпаратты алғанға дейін тоқтатыла тұрады.
Бұл ретте, өтінішті қарауды тоқтата тұру мерзімі салықты бюджетке немесе шартты банк салымына төлеу бойынша салықтық міндеттемелер туындаған күннен бастап осы Кодекстің 46-бабында белгіленген талап қою мерзімінен аспауға тиіс. Осы Кодекстің 46-бабында белгіленген талап қою мерзімінен асып кеткенде, мұндай өтініш қаралудан бас тартылуға жатады.
11. Салық органы төлем көзінен ұсталатын табыс салығын қайтару туралы шешім қабылдаған кезде табыс етілген өтініште халықаралық шарттың ережелеріне сәйкес қайтарылуға жататын табыс салығының сомасы қойылады және өтініштің өзі басшының қолымен және салық органының мөрімен куәландырылады.
12. Табыс салығы бюджетке төленген және салық органы резидент еместің пайдасына шешім қабылдаған жағдайда салық органы осы Кодекстің 602-бабында көзделген тәртіппен халықаралық шарттың ережелеріне сәйкес резидент еместің салық органы куәландырған өтінішінің негізінде резидент емеске табыс салығын бюджеттен қайтаруды жүргізеді.
13. Табыс салығы шартты банк салымына аударылған және салық органы резидент еместің пайдасына шешім қабылдаған жағдайда банк резидент емеске шартты банк салымынан табыс салығының өтініште көрсетілген сомасын және есептелген банк сыйақылары сомасын қайтаруды жүргізеді. Бұл ретте салық органы куәландырған өтінішті резидент емес банкке дербес табыс етеді.
14. Салық органы халықаралық шарт ережелерінің заңсыз қолданылғанын анықтаған кезде резидент емеске төлем көзінен ұсталған табыс салығын қайтарудан бас тарту туралы негізді шешім жіберіледі, ол басшы қол қойған салық органы хатының бланкісінде ресімделеді.
15. Салық органының шешімі резидент емеске алғаны туралы хабарлама берілетін арнайы почтамен жіберіледі.
2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 16-тармақ өзгертілді (2010 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді) (бұр.ред.қара)
16. Салық органының теріс шешімімен келіспеген немесе салық органының шешiмi болмаған жағдайларда, резидент еместің халықаралық шарт ережелерін қолданудың заңдылығы мәселесін қайтадан қарау туралы сұрау салумен уәкілетті органға (қажет болғанда резиденттік елінің құзыретті органын тарта отырып) мынадай мерзімдердің кез келгенінде:
1) теріс шешім алынған күннен бастап күнтізбелік тоқсан күн ішінде;
2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (2010 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді) (бұр.ред.қара)
2) салық органының шешiмi жоқ өтініш берілген күннен бастап күнтізбелік қырық бес күн өткеннен кейін жүгінуге құқығы бар.
Бұл ретте мұндай сұрау салудың көшірмесі теріс шешім қабылдаған салық органына табыс етіледі. Сұрау салу осы Кодекстің 219-бабында белгіленген құжаттар қоса беріле отырып, еркін нысанда ресімделеді.
17. Уәкілетті орган сұрау салу бойынша резидент емес сұрау салуды табыс еткен күннен бастап күнтізбелік қырық бес күннен кешіктірмей дәлелді шешім шығаруға міндетті.
Уәкілетті орган төлем көзінен ұсталған табыс салығын қайтару туралы шешім қабылдаған кезде табыс етілген өтініште халықаралық шарттың ережелеріне сәйкес қайтарылуға жататын табыс салығының сомасы қойылады және өтініштің өзі басшының қолымен және уәкілетті органның мөрімен куәландырылады.
18. Егер резидент емес Қазақстан Республикасында табыстарға салық салу тиісті халықаралық шарттың ережелеріне қайшы келеді деп есептесе, ол өзінің табыстарына салық салуға қатысты халықаралық шарт ережелерін қолданудың заңдылығы туралы мәселені қарау туралы өтінішпен өзі резиденті болып табылатын мемлекеттің құзыретті органына жүгінуге құқылы.
Бұл ретте резидент емес өзі резиденті болып табылатын мемлекеттің құзыретті органына осы Кодекстің 46-бабында белгіленген талап қою мерзімі ішінде Қазақстан Республикасының сотына жүгінгенге дейін уәкілетті органмен өзара келісу рәсімін жүргізу туралы сұрау салумен жүгінуге тиіс.
19. Халықаралық шарт ережелерін резидент еместің Қазақстан Республикасындағы көздерден алынатын табысына қолдану мәселесі бойынша Қазақстан Республикасы сотының шешімі болған кезде уәкілетті органның шет мемлекеттің құзыретті органымен өзара келісу рәсімін жүргізуге құқығы жоқ.
218-бап. Табыс салығын шартты банк салымынан бюджетке аудару тәртібі
1. Салық органы резидент еместің өтініші бойынша теріс шешім алған күнінен бастап күнтізбелік тоқсан күн өткеннен кейін және резидент еместен осы Кодекстің 217-бабының 16-тармағында көрсетілген сұрау салудың көшірмесін алмаған жағдайда, банкке өтініште көрсетілген және шартты банк салымында орналастырылған салық сомасын бюджетке аудару туралы инкассалық өкімді жіберуге міндетті.
2. Резидент емес осы Кодекстің 46-бабында белгіленген талап қою мерзімі ішінде салық органына өтінішті табыс етпеген жағдайда, салық органы жоғарыда көрсетілген мерзім өткеннен кейін күнтізбелік он бес күн ішінде банкке шартты банк салымында орналастырылған салық сомасын бюджетке аудару туралы инкассалық өкімді жіберуге міндетті.
3. Салық органы инкассалық өкіммен бір мезгілде табыс салығының сомасы резидент еместің шартты банк салымында орналастырылған кезден бастап бюджетке аударылғанға дейін банк сыйақыларының есебіне жазылған сомалары туралы сұрау салуды уәкілетті орган белгілеген тәртіппен және нысан бойынша банкке жібереді.
4. Банк сұрау салу алынған күннен бастап күнтізбелік екі күн ішінде салық органына уәкілетті орган белгілеген нысандағы банк сыйақыларының есебіне жазылған сомалары туралы мәліметтерді жіберуге міндетті.
Банк сыйақыларының есебіне жазылған сомалары туралы мәліметтерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу және оларды табыс ету салық есептілігі үшін осы Кодексте белгіленген жағдайларда және тәртіппен жүзеге асырылады.
5. Салық органы банк сыйақыларының есебіне жазылған сомалары туралы мәліметтерді алғаннан кейін күнтізбелік екі күн ішінде банк сыйақылары сомаларын бюджетке өндіріп алуға арналған инкассалық өкімді банкке жіберуге міндетті.
6. Банк инкассалық өкімді алған күнінен кейінгі бір операциялық күннен кешіктірмей, шартты банк салымына орналастырылған табыс салығының сомасын және есебіне жазылған банк сыйақыларын бюджетке аударуға міндетті.
7. Банктің кінәсінен шартты банк салымы туралы шарттың талаптары бұзылған және табыс салығының ұсталған сомалары бюджетке уақтылы аударылмаған кезде банк Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
8. Банктің шартты банк салымына орналастырылған табыс салығының сомасын бюджетке аудару жөніндегі міндеттемелерді орындауы мүмкін болмаған жағдайда, төлем көзінен табыс салығын, банк сыйақыларын және бюджетке салықты уақтылы аудармағаны үшін айыппұл санкцияларын аудару жөніндегі міндеттеме салық агентіне жүктеледі.
219-бап. Резиденттікті растайтын құжатқа және төленген табыс салығын халықаралық шарт негізінде бюджеттен немесе шартты банк салымынан қайтаруға арналған салықтық өтінішке қойылатын талаптар
1. Осы Кодекстің 217-бабы қолданылған жағдайда, төленген табыс салығын халықаралық шарттың негізінде бюджеттен немесе шартты банк салымынан қайтаруға арналған салықтық өтінішті тиісті салық органы мыналар:
1) жұмыстарды орындауға, қызметтер көрсетуге арналған немесе өзге де мақсаттарға арналған келісімшарттардың (шарттардың, келісімдердің) нотариаттық куәландырылған көшірмелері;
2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (2010 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді) (бұр.ред.қара)
2) резидент емес заңды тұлғаның құрылтайшыларын (қатысушыларын) және мажоритарлық акционерлерiн көрсете отырып, құрылтай құжаттарының нотариаттық куәландырылған көшiрмелерi не сауда тiзiлiмiнен (акционерлердiң тiзiлiмiнен немесе резидент емес тiркелген мемлекеттiң заңнамасында көзделген өзге де ұқсас құжаттан) үзiндi көшiрмелер;
3) алынған табыстар мен ұсталған (төленген) салықтар сомаларын растайтын бухгалтерлік құжаттардың көшірмелері;
4) резиденттік мемлекетінің құзыретті органы берген, резиденттікті растайтын құжат немесе оның нотариаттық куәландырылған көшірмесі болған кезде қабылдайды. Бұл ретте осы тараудың мақсаты үшін резидент емес резиденттік еліндегі өзінің тіркеу деректері өзгерген жағдайда, өзгертілген деректерді ескере отырып, резиденттікті растайтын құжатты немесе оның нотариаттық куәландырылған көшірмесін осы тарауда белгіленген тәртіппен қайта табыс етуге міндетті.
2. Егер резидент емес депозитарлық қолхаттардың базалық активі болып табылатын акциялар бойынша алынған табыстардан төленген табыс салығын халықаралық шарттың негізінде бюджеттен немесе шартты банк салымынан қайтаруға арналған салықтық өтінішті берсе, өтінішке мынадай құжаттар:
резидент еместің тегін, атын, әкесінің атын (ол болған кезде);
депозитарлық қолхаттардың саны мен түрі туралы ақпаратты;
резидент еместің жеке басын куәландыратын құжаттың атауын және деректемелерін (жеке тұлға үшін), резидент еместің мемлекеттік тіркелу нөмірін және күнін (заңды тұлға үшін) қамтитын «Орталық бағалы қағаздар депозитарийі» акционерлік қоғамынан алынған шоттың көшірме үзіндісі;
2) депозитарлық қолхаттардың базалық активі болып табылатын акциялар эмитентінің акционерлері жалпы жиналысының бір акция есебінен дивидендтің мөлшерін және дивидендтер алуға құқығы бар акционерлердің тізімі жасалған күнді көрсете отырып, белгілі бір кезең үшін дивидендтер төлеу туралы шешімі;
3) келіп түскен дивидендтердің сомалары бойынша валюта шотынан көшірме үзінділер;
4) осындай резидент еместің резиденттігін растайтын, осы баптың 4-тармағының талаптарына сәйкес келетін құжат қоса беріледі.
3. Егер осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілген құжаттар шет тілінде жасалса, резидент емес олардың қазақ немесе орыс тiліндегі нотариаттық куәландырылған аудармасын қоса беруге міндетті.
4. Осы тараудың ережелерін қолдану мақсатында шетелдік тұлғаның резиденттігін растайтын құжат табыс алушы шетелдік тұлғаның салық кезеңінде шетелдік тұлғаға Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған, табыс есебіне жазылған халықаралық шарттарға сәйкес салық салуға жататын Қазақстан Республикасымен халықаралық шарт жасасқан мемлекеттің резиденті болып табылатынын растайтын ресми құжат болып табылады. Мұндай құжатты табыс алушы шетелдік тұлға резиденті болып табылатын шет мемлекеттің құзыретті органы куәландырады.
Бұл ретте резидент еместің резиденттігін куәландырған органның қолы мен мөрі (резиденттікті растайтын құжат), сондай-ақ резиденттікті растайтын құжаттың нотариаттық куәландырылған көшірмесі табыс етілген жағдайда шетелдік нотариустың қолы мен мөрі Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе тараптарының бірі Қазақстан Республикасы болып табылатын халықаралық шартта белгіленген тәртіппен дипломатиялық немесе консулдық заңдастыруға жатады.
220-бап. Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған
табыстардың және ұсталған (төленген) салықтардың сомасы туралы анықтама
1. Резиденттік елінде Қазақстан Республикасында төленген салықтарды есепке жатқызуды немесе Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған табыстар шегерімін алу мақсатында резидент еместің Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған табыстардың және ұсталған (төленген) салықтардың сомасы туралы анықтаманы салық органынан алуға құқығы бар.
2. Резидент емес Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған табыстардың және ұсталған (төленген) салықтардың сомасы туралы анықтаманы алу үшін салықтық өтінішті төменде көрсетілген салық органына:
1) Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме құрмай жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлға - салық агенті орналасқан жер бойынша;
2) Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлға - тұрақты мекеме орналасқан жер бойынша;
3) шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам - салық агенті орналасқан жер бойынша;
4) Қазақстан Республикасындағы көздерден алынатын табыстардан салықтарды дербес төлейтін шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам - Қазақстан Республикасында болатын (тұрғылықты) жері бойынша табыс етуге міндетті.
2009.12.02. № 133-ІV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)
3. Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған табыстардың және ұсталған (төленген) салықтардың сомалары туралы анықтаманы салық органы мынадай күндерден неғұрлым кеш:
өтініш берілген күннен;
резидент еместің есебіне жазылған табыстарының және төлеуге жататын салықтардың сомалары көрсетілген салық есептілігінің тиісті нысанын резидент емес және (немесе) салық агенті табыс еткен күннен бастап күнтізбелік он бес күннен кешіктірмей береді.
4. Салық төлеушінің салықтық өтініші деректерінің салық төлеушінің және (немесе) салық агентінің салық есептілігі нысандарында көрсетілген деректерге сәйкес келмеуі анықталған кезде, сондай-ақ салық төлемі болмаған немесе салық агентінде салық өтініші берілген күні резидент еместердің табысынан салықты аудару бойынша салықтық берешек болған жағдайда, салық органы резидент емеске анықтама беруден жазбаша бас тартуды жібереді.
5. Резидент емес салық органына салықтық өтінішті табыс етпеген жағдайда, Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған табыстардың және ұсталған (төленген) салықтардың сомасы туралы анықтама берілмейді.
6. Салық органы уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша анықтамаларды тіркеу журналын жүргізуге міндетті.
27-тарау. РЕЗИДЕНТТЕРДІҢ СЫРТҚЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТТЕН ТҮСЕТІН ТАБЫСТАРЫНА САЛЫҚ САЛУДЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
221-бап. Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі көздерден алынған табыстар
1. Осы Кодекстің мақсаты үшін Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі көздерден алынған табыстар деп төленген жеріне қарамастан, Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған табыстар болып табылмайтын барлық табыс түрлері танылады.
2. Резидент - салық төлеуші Қазақстан Республикасындағы салық декларациясында Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі көздерден алынған, оның ішінде салық салуда жеңілдігі бар мемлекеттердегі көздерден алынған табыстарды көрсетуге міндетті.
222-бап. Резидент - заңды тұлғаның Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде табыстар алуымен байланысты
шығыстарын шегерімге жатқызу тәртібі
1. Резидент - салық төлеуші табыс, оның ішінде Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі көздерден табыс алумен байланысты шығыстарды осы Кодекстің 4 және 6-бөлімдерінің ережелерінде белгіленген тәртіппен шегерімге жатқызады.
2. Резидент - салық төлеуші өзінің шет мемлекетте орналасқан тұрақты мекемесіне Қазақстан Республикасында да, одан тысқары жерлерде де шеккен, тұрақты мекеме арқылы Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі көздерден табыс алумен байланысты шығыстарды осындай шет мемлекеттің салық заңнамасының ережелеріне сәйкес шегерімге жатқызады.
3. Резидент - заңды тұлғаның шет мемлекеттегі тұрақты мекемесінің салық салынатын табысын айқындау кезінде мұндай шет мемлекеттің салық заңнамасының немесе халықаралық шарттың ережелеріне сәйкес осындай салық салынатын табысты алу мақсатында Қазақстан Республикасында да, одан тысқары жерлерде де шеккен басқару және жалпыәкімшілік шығыстарды шегерім жасауға жол беріледі.
4. Басқару және жалпыәкімшілік шығыстардың сомасы резидент - заңды тұлға сондағы көздерден табыс алған шет мемлекетте осындай шет мемлекеттің салық заңнамасында көзделген тәртіппен шегерімге жатады.
Егер резидент - заңды тұлға сондағы көздерден табыс алған шет мемлекеттің салық заңнамасында немесе халықаралық шартта басқару және жалпыәкімшілік шығыстарды шегерім жасауға жол берілсе, бірақ бұл ретте шет мемлекеттің салық заңнамасында мұндай шығыстарды шегерімге жатқызудың тәртібі көзделмеген болса, резидент - салық төлеуші көрсетілген шет мемлекеттегі басқару және жалпыәкімшілік шығыстарды осы Кодекстің 208 - 211-баптарында көзделген тәртіппен шегерімге жатқызады.