Жекешелендіру объектісі төртінші тендерге шығарылған кезде бастапқы баға алғашқы бағаның отыз пайызына тең.
Жекешелендіру объектісі бесінші жəне одан кейінгі тендерлерге шығарылған кезде бастапқы баға кепілдік жарнаның мөлшеріне тең.
Әрбір кейінгі тендер алдыңғы тендер күнінен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмей өткізіледі.
2025.24.06. № 196-VIII ҚР Заңымен 4-3-тармақпен толықтырылды (2025 ж. 25 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді)
4-3. Жекешелендіру объектілерін сату бойынша аукциондар мен тендерлер мынадай негіздердің бірі бойынша өткізілмеді деп танылады:
1) аукционға немесе тендерге қатысуға ұсынылған өтінімдердің болмауы;
2) жалғыз қатысушының аукционда бастапқы немесе жарияланған бағаны растамауы немесе тендерде жекешелендіру объектісінің бастапқы бағасын ұсынбауы;
3) аукцион немесе тендер жеңімпазының осы баптың 6-тармағында белгілеген мерзімде сатып алу-сату шартына қол қоймауы.
Осы тармақта көзделген жағдайларда сатушы өткізілмеген аукцион немесе тендер туралы актіге қол қояды жəне жекешелендіру объектісі қайтадан сауда-саттыққа шығарылады.
5. Сауда-саттықты ұтқан тұлға және сатушы аукцион немесе тендер өткiзiлген күнi сауда-саттықтың нәтижелерi туралы хаттамаға қол қояды.
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (2019 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6. Тараптар сатып алу-сату шартына сауда-саттық аяқталғаннан кейiн күнтізбелік он күннен кешiктiрмей қол қоюға тиiс.
Сауда-саттықты ұтқан тұлға сауда-саттықтың нәтижелерi туралы хаттамаға немесе сатып алу-сату шартына қол қоюдан жалтарған кезде өзi енгізген кепiлдiк жарнасынан айрылады және кепiлдiк жарнамен жабылмаған бөлiгiнде сатушыға өзі келтірген нақты залалды өтеуге мiндеттi.
Сауда-саттықты ұтқан тұлға осы Заңның 93-бабының талаптарына сай келмейтін жағдайлардан басқа, сатушы сауда-саттық нәтижелерi туралы хаттамаға және сауда-саттықты ұтқан тұлғамен сатып алу-сату шартына қол қоюдан жалтаруға құқылы емес.
Сатып алу-сату шартының талаптары сауда-саттық талаптарына қайшы келмеуге тиiс.
Кәсіпорынды мүліктік кешен ретінде сатып алу-сату шарттарында мерзімдер туралы талаптар қамтылуға тиіс, осы мерзімдер ішінде сатып алушы кәсіпорын қызметінің тоқтатылуын тіркеу үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына өтініш жасайды.
7. Сатып алу-сату шарты Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген коммерциялық және Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді жария етуге қойылатын талаптарды сақтай отырып, мүдделі адамдардың талап етуі бойынша оларға танысу үшін беріледі.
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 8-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
8. Осы бапта белгiленген қағидаларды бұза отырып өткiзiлген сауда-саттықты сот мүдделi тұлғаның, тиісті уәкілетті органның не прокурордың талап-арызы бойынша жарамсыз деп тануы мүмкiн.
Сауда-саттықты жарамсыз деп тану осындай сауда-саттықтың қорытындысы бойынша жасалған сатып алу-сату шартының маңызсыздығына алып келеді.
9. Егер осы Заңның 102, 104-баптарында өзгеше көзделмесе, сауда-саттық өткізу кезiнде осы бапта белгiленген қағидалар қолданылады.
102-бап. Қор биржасындағы сауда-саттық
2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
1. Мемлекетке тиесiлi бағалы қағаздарды қор биржасында сату «Бағалы қағаздар рыногы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Сату туралы хабарлама мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында және қор биржасының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялануға тиіс. Сату туралы хабарлама қор биржасында сауда-саттық өткізу басталардан кемінде күнтізбелік он бес күн бұрын жариялануға және сауда-саттықтың басталу күні, сауда-саттықты өткізу орны, сату объектісі мен оның мөлшері туралы мәліметтерді қамтуға тиіс.
Сатушы хабарламада мемлекетке тиесілі бағалы қағаздарды сатуға қатысты өзге де мәліметтерді көрсетуге құқылы.
3. Сатушының бағалы қағаздар нарығының кәсiби қатысушысымен жасасқан шартында мемлекетке тиесiлi бағалы қағаздарды сатушы белгiлеген ең төменгі бағадан төмен емес бағамен сату мiндеттемесі болуға тиiс.
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды
4. Мемлекетке тиесілі бағалы қағаздарды шет мемлекеттердің қор биржаларында сатуға жол беріледі.
Мемлекетке тиесілі бағалы қағаздарды шет мемлекеттердің қор биржаларында сату кезінде сол мемлекеттің заңнамасы қолданылады.
2015.04.12. № 435-V ҚР Заңымен 103-бап жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
103-бап. Екi кезеңдiк рәсiмдер арқылы өткізілетін конкурс
1. Екi кезеңдiк рәсiмдер арқылы болатын конкурс баға басымдығын және (немесе) жекешелендiрудің өзге де талаптарын айқындайтын, Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң шешiмi бойынша тәуелсіз консультанттың қатысуымен өткiзiледi.
2. Конкурс мынадай iс-шаралар жоспарын:
1) жекешелендіру объектісіне жан-жақты талдау жүргізу үшін осы Заңның 100-1-бабында белгіленген тәртіппен тәуелсіз консультантты тартуды, оның құнын бағалауды және әлеуетті сатып алушылар (инвесторлар) үшін сату объектісі туралы ақпараттық дерекқорды қалыптастыруды;
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) сатушының жекешелендіру объектісін сату туралы хабарламаны мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында қазақ және орыс тілдерінде жариялауын, сондай-ақ тәуелсіз консультанттың әлеуетті сатып алушыларға (инвесторларға) сату туралы ұсынысты жіберуін;
3) тәуелсіз консультанттың әлеуетті сатып алушылардың (инвесторлардың) ұсыныстары бар өтiнiмдер тiзбесiн қалыптастыруын;
4) келiссөздер барысында ең үздік ұсыныстарды ұсынған кемiнде екi әлеуетті сатып алушыны (инвесторды) анықтау мақсатында, өтiнiмдер тiзбесi бойынша сатушының тәуелсіз консультанттың қатысуымен әлеуетті сатып алушылармен (инвесторлармен) келiссөздер жүргізуін (конкурстың бірінші кезеңін);
5) сатушының тәуелсіз консультанттың қатысуымен, конкурстың бiрiншi кезеңiнiң жеңiмпаздарымен бұрын ұсынылған шарттарды жақсарту тұрғысынан келiссөздер жүргізуін (конкурстың екiншi кезеңiн) қамтиды.
3. Сатушы, тәуелсіз консультант және конкурстың барлық қатысушылары өткiзілген келiссөздердiң әрбiр кезеңiнiң қорытындылары бойынша оның нәтижелерi туралы хаттамаға қол қояды.
2025.24.06. № 196-VIII ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2025 ж. 25 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Конкурстың екінші кезеңінің барысында ең жоғары баға жəне (немесе) ең үздік шарттар ұсынған әлеуетті сатып алушы (инвестор) конкурста ұтқан болып танылады.
5. Конкурстың жеңiмпазы сатушы белгiлеген мерзiмдерде сатып алу-сату шартына қол қоюдан бас тартқан немесе жалтарған жағдайда, ұсынысы конкурс жеңімпазының ұсынысынан кейін ең үздік болып танылған әлеуетті сатып алушымен (инвестормен) сатып алу-сату шартына қол қойылады.
2025.24.06. № 196-VIII ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды (2025 ж. 25 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді)
6. Егер:
1) конкурстың бірінші кезеңіне қатысуға екеуден аз өтінім тіркелсе;
2) конкурстың екінші кезеңіне екіден аз əлеуетті сатып алушы (инвестор) жіберілсе;
3) конкурс жеңімпазы сатушы белгілеген мерзімде сатып алу-сату шартына қол қоймаса, конкурс өткізілмеді деп танылады.
Осы тармақта көзделген жағдайларда сатушы мен тəуелсіз консультант өткізілмеген конкурс туралы актіге қол қояды жəне жекешелендіру объектісі қайтадан конкурсқа шығарылады.
2025.24.06. № 196-VIII ҚР Заңымен 7-тармақпен толықтырылды (2025 ж. 25 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді)
7. Əрбір кейінгі конкурс алдыңғы конкурс күнінен бастап күнтізбелік алпыс күннен кешіктірілмей өткізіледі.
104-бап. Акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесiлi акцияларына құқықтарды куәландыратын туынды бағалы қағаздарды сату
1. Акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесілі акцияларына құқықтарды куәландыратын туынды бағалы қағаздарды сату Қазақстан Республикасы Yкіметінiң немесе тиiстi жергiлiктi атқарушы органның шешiмi бойынша жүзеге асырылады.
2. Туынды бағалы қағаздарды сатудың негізгi талаптарын сатушы Қазақстан Республикасының Үкiметіне немесе жергілікті атқарушы орган тиісті жергілікті өкілді органға бекітуге ұсынады.
3. Туынды бағалы қағаздарды сату туралы шешiмде туынды бағалы қағаздар шығарылған, мемлекетке тиесiлi акциялардың саны, сатылатын туынды бағалы қағаздардың түрі, аумағында туынды бағалы қағаздарды сату жүзеге асыру көзделіп отырған шет мемлекет (шет мемлекеттер), мәмiленi аяқтаудың ең ұзақ мерзiмдерi туралы мәлiметтер, туынды бағалы қағаздардың меншiк иелерiнiң құқықтарын іске асырудың талаптары мен тәртібі және қажет болған жағдайда, өзге де талаптар болуға тиiс.
105-бап. 2025.24.06. № 196-VIII ҚР Заңымен алып тасталды (2025 ж. 25 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
105-1-бап. 2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
106-бап. 2025.24.06. № 196-VIII ҚР Заңымен алып тасталды (2025 ж. 25 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
107-бап. Объектiнi жекешелендiруге дайындау
1. Объектiнi жекешелендiруге дайындауды сатушы жүзеге асырады.
2. Объектiнi жекешелендiруге дайындау процесінде сатушы:
2015.04.12. № 435-V ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара); 2025.24.06. № 196-VIII ҚР Заңымен (2025 ж. 25 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) осы Заңның 100-1-бабына сәйкес жекешелендіру объектісінің құнын бағалауды жүргізеді;
2) сатып алушының талап етуi бойынша жекешелендiру объектілерінiң ауыртпалықтары туралы, сондай-ақ кредиторлық және дебиторлық берешектер сомасы, егер жекешелендiру объектiсi мүлiктiк кешен ретіндегі кәсiпорын болып табылса, жекешелендірілетін кәсіпорынның жасасқан шарттары туралы ақпаратты дайындайды және ұсынады;
2014.11.04. № 189-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3) тармақша жаңа редакцияда
3) жекешелендiру объектiсiнде мемлекеттiк материалдық резервтiң материалдық құндылықтары болған жағдайда, көрсетілген рәсімдерді жүргізу туралы шешім қабылданғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде мемлекеттік материалдық резерв саласындағы уәкiлеттi органға және тиісті орталық атқарушы органдарға хабарлайды;
4) жекешелендiру жүргiзудiң талаптарын, нысандары мен түрлерiн айқындайды, оны өткізуге дайындықты жүзеге асырады;
5) мүлiктiң сақталуын қамтамасыз етедi;
6) жекешелендiрудi жүргізуге қажеттi басқа да iс-шараларды өткізедi.
3. Мемлекеттік заңды тұлғалардың, сондай-ақ мемлекеттiң акциялары мен жарғылық капиталдарындағы қатысу үлесi сату объектiсi болатын заңды тұлғалардың лауазымды адамдары объектiнi сатуға дайындау үшiн қажеттi мәлiметтердi сатушының сұратуы бойынша ол айқындайтын мерзімдерде табыс етуге міндетті.
Табыс етілген мәлiметтердiң дұрыстығы үшiн жауаптылық осы тармақта санамаланған заңды тұлғалардың лауазымды адамдарына жүктеледi.
1. Жекешелендiру объектілерін сатып алу-сату шарты бойынша есеп айырысу сатушы мен сатып алушының арасында жүргiзiледi.
2. Сатып алынатын объектiге ақы төлеу сатып алу-сату шартына қол қойылған күннен бастап отыз күн iшiнде жүргiзiлуге тиiс.
3. Ақыны бөліп-бөліп төлеуге ықтимал бөліп-бөліп төлеу шарттары сауда-саттыққа қатысушылардың назарына алдын ала жеткізілген жағдайларда ғана жол берiледi.
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Жекешелендiрiлетiн объектiнiң ақысын бөліп-бөліп төлей отырып сату кезiнде бастапқы жарнаның мөлшерi сату бағасының он бес пайызынан кем болмауға, ал ақыны бөліп-бөліп төлеу кезеңі үш жылдан аспауға тиіс.
Келесі сомаларды төлеген кезде Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 282-бабында белгіленген ақшалай мiндеттемені орындау қағидалары қолданылады.
Бұл ретте кейіннен енгізілетін сомаларға Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесі негізге алына отырып пайыздар есепке жазылады.
5. Егер сатып алу-сату шартында қамтамасыз етудiң өзгеше тәсілі көзделмесе, сатып алушы сатып алған мүлiкке сатушының кепiл салу құқығы төлемдердi уақтылы өтеудiң қамтамасыз етiлуi болып қызмет етеді.
109-бап. Жекешелендіруден алынған қаражат
2017.11.07. № 90-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Республикалық меншікті жекешелендіруден алынған қаражат - Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына, коммуналдық меншікті жекешелендіруден алынған қаражат тиісті жергілікті бюджетке жіберіледі.
Мемлекеттік материалдық резервтiң материалдық құндылықтарын сатудан алынған қаражатты пайдалану тәртібі Қазақстан Республикасының Бюджет кодексімен белгiленедi.
2. Жекешелендіру бойынша сауда-саттықты дайындау және өткізу бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
110-бап. Сатып алу-сату шартының орындалуын бақылау
1. Жекешелендiру объектiсiн сатып алу-сату шарты талаптарының тиiсiнше орындалуын кейіннен бақылауды сатушы жүзеге асырады.
2018.10.01. № 134-VI ҚР Заңымен (2018 ж. 13 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2025.24.06. № 196-VIII ҚР Заңымен (2025 ж. 25 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 2-тармақ өзгертілді
2. Сатып алу-сату шарты талаптарының орындалуын бақылау сатып алушының мiндеттемелердi орындауы аяқталған кезге дейiн жүргiзiледi.
Сатушы бақылауды жүзеге асыру үшiн сатып алу-сату шартын, оның iшiнде өзiнiң қолданысын тоқтатқан шартты орындауға байланысты құжаттармен танысады және жұмысқа тиісті салалардың уəкілетті органдарының (жергілікті атқарушы органдардың) өкілдерін, сондай-ақ қажет болған жағдайда консультациялық, аудиторлық және өзге де ұйымдарды тартады.
Тиісті салалардың уəкілетті органдары (жергілікті атқарушы органдар) сатушыдан хабарлама алған күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде сатып алу-сату шарты талаптарының орындалуын бақылауға қатысу үшін өз өкілдерінен кандидатуралар ұсынады.
Бақылауды жүргізу үшін консультациялық, аудиторлық жəне өзге де ұйымдарды тарту Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сəйкес жүзеге асырылады.
111-бап. Жекешелендiрiлген кәсiпорынның меншік иесiнiң қоршаған ортаға келтiрілген залал үшiн жауаптылығы
1. Алдыңғы жекешелендiрудiң шаруашылық қызметі салдарынан қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына келтiрiлген залал үшiн жекешелендiру объектiсiнiң бұрынғы меншік иесi - мемлекет жауаптылықта болады.
2. Қоршаған ортаға келтiрiлген зиянды, сондай-ақ экологиялық тәуекелдi жаңа меншiк иесiне бөлу немесе аудару оның келісімiмен ғана мүмкiн болады.
3. Жекешелендiруден кейін қалдықтарға меншiк құқығы, сондай-ақ қалдықтармен қауiпсiз жұмыс iстеу және оларды жою, жердi рекультивациялау мен қалпына келтiру жөнiндегі мiндеттемелер жаңа меншiк иесiне өтедi.
4. Қоршаған ортаға жаңа меншiк иесiнiң шаруашылық қызметiнен келтiрілген зиян үшiн жауаптылық Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленеді.
112-бап. Сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану және бұзу
1. Жекешелендiру объектiсiн сатып алу-сату шартын соттың жарамсыз деп тануына:
1) объектiнi сатып алуға құқығы жоқ тұлғаға оны сату;
2) сатып алушыға заңсыз жеңiлдiктер мен артықшылықтар беру;
3) сауда-саттық жүргiзу тәртібін елеулi түрде бұзу;
4) Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген өзге де негiздер негіз болып табылады.
2. Сатып алушы сатып алу-сату шарты жарамсыз деп танылғанға дейiн жекешелендiру объектiсiн кейіннен иеліктен шығарған жағдайда Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң 260-262-баптарында көзделген қағидалар бойынша оны иеленушіден талап ету мүмкін болады.
3. Егер тарап талап-арызды шартта келтірсе, сатып алу-сату шартының жарамсыз деп танылуына байланысты даулар бойынша талап қоюдың өту мерзiмi оған қол қойылған күннен бастап алты айды құрайды. Өзге мүдделi тұлғалар не прокурор талап-арыз келтірген жағдайда, даулар бойынша талап қоюдың өту мерзiмi шартты жарамсыз деп тануға негiз болып табылатын мән-жайлар туралы талапкер бiлген немесе бiлуге тиiстi болған күннен бастап алты айды құрайды, бірақ ол шартқа қол қойылған күннен бастап үш жылдан кеш болмауға тиiс.
4. Жекешелендіру объектісін сатып алу-сату шарты Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көзделген негіздер бойынша және тәртіппен бұзылуы мүмкін.
5. Сатып алу-сату шартының бұзылуы тараптардың шарт бұзылғанға дейінгі міндеттемелері бойынша өздері орындағандарын қайтаруына және шартты бұзған тараптың залалдарды өтеуіне әкеп соғады.
113-бап. Мемлекеттік тұрғын үй қорының объектілерін жекешелендіру
Мемлекеттік тұрғын үй қорының объектілерін жекешелендіру ерекшеліктері «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі.
3-параграф. Мемлекеттік мүлікті иеліктен шығарудың өзге де тәсілдері
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 114-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен 114-баптың тақырыбы өзгертілді (бұр.ред.қара)
114-бап. Мүлікті жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталына не акционерлік қоғамдардың акцияларын сатып алу ақысына не «Астана» халықаралық қаржы орталығының қолданыстағы құқығына сәйкес тіркелген заңды тұлғалардың жарғылық капиталына (акцияларын төлеуге) мүліктік салым ретінде беру
2021.24.11. № 75-VII ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Қазақстан Республикасы акционері (қатысушысы) болып табылатын акционерлік қоғамдардың акцияларын және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге қатысу үлестерін және республикалық меншіктегі стратегиялық объектілерді жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталына не акционерлік қоғамның акцияларын төлеуге беру туралы шешімді Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.
Мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган Қазақстан Республикасы акционері (қатысушысы) болып табылатын акционерлік қоғамдардың акцияларын және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге қатысу үлестерін және республикалық меншіктегі стратегиялық объектілерді қоспағанда, республикалық мемлекеттік мүлікті акционерлік қоғамның акцияларын төлеуге не жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталына беру туралы шешім қабылдайды.
2. Коммуналдық мүлікті жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталына не акционерлік қоғам акцияларын төлеуге беру туралы шешімді тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністің жергілікті атқарушы органы қабылдайды.
3. Стратегиялық объектілерге жататын мемлекеттік мүлікті жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталына не акционерлік қоғамдар акцияларын төлеуге беру стратегиялық объектілермен мәмілелер жасау жөніндегі талаптар сақтала отырып жүзеге асырылады.
2023.23.12. № 51-VIII ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2024 ж. 5 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Тек мемлекеттік меншікте ғана болатын мемлекеттік мүлік, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің не Қазақстан Республикасының Президентімен келісу бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілеріне сәйкес иеліктен шығаруға жатпайтын мемлекеттік мүлік жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталына не акционерлік қоғамның акцияларын төлеуге мүліктік салым ретінде пайдаланыла алмайды.
Егер осы тармақтың бірінші бөлігінде өзгеше белгіленбесе, жекешелендіруге жатпайтын мемлекеттік мүлік Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін шарттармен және тәртіппен ұлттық басқарушы холдинг, ұлттық холдинг, ұлттық компания акцияларын төлеуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде айқындалған жағдайларда өзге де заңды тұлғаларға берілуі мүмкін. Сондай-ақ жекешелендіруге жатпайтын мемлекеттік мүлікті иелену және (немесе) пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі 59-бабы 1-тармағының және «Акционерлік қоғамдар туралы» және «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» Қазақстан Республикасы заңдарының қағидалары бойынша жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталына мүліктік салым ретінде не акционерлік қоғам акцияларын төлеуге берілуі мүмкін.
2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды
5. Осы баптың ережелері мемлекеттік мүлікті «Астана» халықаралық қаржы орталығының қолданыстағы құқығына сәйкес тіркелген заңды тұлғалардың жарғылық капиталына (акцияларды төлеуге) мүліктік салым ретінде беру үшін де қолданылады.
115-бап. Жер учаскелерін иеліктен шығару
Жер учаскелерін жеке меншікке беру Қазақстан Республикасының Жер кодексінде көзделген арнайы рәсімдер шеңберінде жүзеге асырылады.
116-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне бекітіліп берілген мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне бекітіліп берілген мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
116-1-бап. 2023 ж. 1 қаңтардан бастап 31 желтоқсанға дейін қолданылды (бұр.ред.қара)
117-бап. Жекелеген негіздер бойынша мемлекеттік мүліктің құрамына түскен мүлікті иеліктен шығару
Осы Заңның 210-бабында көзделген жекелеген негіздер бойынша мемлекеттік мүліктің құрамына түскен мүлікті иеліктен шығару осы Заңның 213-бабында белгіленген рәсімдер шеңберінде жүзеге асырылады.
2011.11.10. № 484-IV ҚР Заңымен 118-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
118-бап. Діни бірлестіктердің меншігіне ғибадат үйлерiн (ғимараттарын) және ғибадат ету мақсатындағы өзге де мүлікті беру
1. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары мемлекет меншігіндегі ғибадат үйлерiн (ғимараттарын) және ғибадат ету мақсатындағы өзге де мүлікті діни бірлестіктердің меншігіне беруге құқылы. Діни бірлестіктердің өздеріне ғибадат үйлерiн (ғимараттарын) іргелес жатқан аумағымен қоса берілуіне басым құқығы бар.
2. 2011.11.10. № 484-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2015.29.10. № 376-V ҚР Заңымен 119-бап өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
119-бап. Мемлекеттік заттай грантты жеке меншікке беру
Республикалық немесе коммуналдық мүлікке жататын мемлекеттік заттай грантты жеке меншікке беру Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде көзделген тәртіппен және талаптармен жүргізіледі.
2015.21.07. № 337-V ҚР Заңымен 119-1-баппен толықтырылды
119-1-бап. Мемлекеттік мүлікті дербес білім беру ұйымына өтеусіз беру
Қазақстан Республикасының Үкіметі мемлекеттік мүлікті дербес білім беру ұйымына өтеусіз береді.
2017.11.07. № 89-VI ҚР Заңымен 119-2-баппен толықтырылды
119-2-бап. Электр желілерін өтеусіз беру
Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес иесіз деп танылған электр желілерін жергілікті атқарушы органдар электр желілеріне бұлар тікелей қосылған энергия беруші ұйымдарға өтеусіз береді.
2018.05.10. № 184-VІ ҚР Заңымен 119-3-баппен толықтырылды
119-3-бап. Байланыс жолдарын (желілерін), құрылысжайларын өтеусіз беру
Құрылыс салу аймағынан шығарылған байланыс жолдарын (желілерін), құрылысжайларын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылысқа тапсырыс беруші реконструкциялау учаскесінде шығару (көшіру) жүзеге асырылған байланыс жолдарының (желілерінің), құрылысжайларының меншік иесі болып табылатын ұйымның меншігіне өтеусіз беруге тиіс.
2025.24.06. № 196-VIII ҚР Заңымен 120-бап жаңа редакцияда (2025 ж. 25 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
120-бап. Мемлекеттік мүлікті шағын жəне орта кəсіпкерлік субъектілерінің меншігіне өтеусіз беру
Мемлекеттік мүлікті шағын жəне орта кəсіпкерлік субъектілерінің меншігіне, сауда-делдалдық қызметті қоспағанда, өндірістік қызметті ұйымдастыру жəне халыққа көрсетілетін қызметтер саласын дамыту үшін өтеусіз беру Қазақстан Республикасының Кəсіпкерлік кодексіне сəйкес жүзеге асырылады.
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 120-1-баппен толықтырылды; 2025.15.03. № 172-VIII ҚР Заңымен 120-1-бап жаңа редакцияда (2025 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
120-1-бап. Қорғаныс объектілерін мемлекеттік-жекешелік əріптестік шарттары бойынша иеліктен шығару
Қорғаныс объектілерін мемлекеттік-жекешелік əріптестік шарттары бойынша иеліктен шығару «Қазақстан Республикасының қорғанысы жəне Қарулы Күштері туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сəйкес жүзеге асырылады.
121-бап. Мемлекетке тиесілі болмайтын мүлікті және жекелеген негіздер бойынша мемлекеттік мүліктің құрамына түскен мүлікті иеліктен шығару
1. Егер Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына орай мемлекетке тиесілі болмайтын мүлік мемлекеттік мүліктің құрамына түссе, осы мүлікке құқықты иеленген кезден бастап бір жыл ішінде бұл мүлік иеліктен шығарылуға тиіс, ал мүлікті өткізуден түскен қаражат бюджет есебіне жатқызылады.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген мүлік осы Заңның 213-бабының қағидалары бойынша иеліктен шығарылады.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 4-параграфпен толықтырылды
4-параграф. Мемлекеттік мүлікті мемлекеттік ислам арнайы қаржы компаниясына тікелей атаулы сату