(БҰРЫНҒЫ РЕДАКЦИЯ) САЛЫҚ ЖӘНЕ БЮДЖЕТКЕ ТӨЛЕНЕТІН БАСҚА ДА МІНДЕТТІ Т...

Предыдущая страница

7) халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес іс жүзінде орындалуға тиіс міндеттеме мен бухгалтерлік есепте танылған осы міндеттеменің құны арасындағы оң айырма түрінде бухгалтерлік есептегі міндеттеменің танылуына байланысты туындайтын табыс.

 

85-бап. Жылдық жиынтық табысқа енгізілетін табыстар

1. Жылдық жиынтық табысқа салық төлеуші табыстарының барлық түрлері:

1) өткізуден түсетін табыс;

2) құн өсімінен түсетін табыс;

3) туынды қаржы құралдары бойынша табыс;

4) міндеттемелерді есептен шығарудан түсетін табыс;

5) күмәнді міндеттемелер бойынша табыс;

6) банктердің және лицензия негізінде банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың құрылған провизияларының (резервтерінің) мөлшерлерін азайтудан түсетін табыс;

2008.10.12  № 100-IV ҚР Заңның 23 бабына сәйкес 85-баптың 1-тармағы 7) тармақшасының қолданылуы 2012 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатылды

7) сақтандыру, қайта сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру, қайта сақтандыру ұйымдары құрған сақтандыру резервтерін азайтудан түсетін табыс;

8) талап ету құқығын басқаға беруден түсетін табыс;

9) кәсіпкерлік қызметті шектеуге немесе тоқтатуға келісім бергені үшін алған табыс;

10) тіркелген активтердің шығып қалуынан түсетін табыс;

11) табиғи ресурстарды геологиялық зерттеуге және өндіруге дайындық жұмыстарына арналған шығыстарды, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылардың басқа да шығыстарын түзетуден түсетін табыс;

12) кен орындарын әзірлеу салдарын жою қорына аударымдар сомасының кен орындарын әзірлеу салдарын жою жөніндегі іс жүзіндегі шығыстар сомасынан асып кетуінен түсетін табыс;

13) бірлескен қызметті жүзеге асырудан түсетін табыс;

14) егер бұрын бұл сома шегерімге жатқызылмаса, негізсіз ұсталып, бюджеттен қайтарылған айыппұлдардан басқа, таңылған немесе борышкер таныған айыппұлдар, өсімпұлдар және басқа санкция түрлері;

15) бұрын жүргізілген шегерімдер бойынша алынған өтемақылар;

16) өтеусіз алынған мүлік түріндегі табыс;

17) дивидендтер;

2009.12.02. № 133-ІV ҚР Заңымен 18) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)

18) депозит, борыштық бағалы қағаз, вексель бойынша сыйақылар, ислам жалдау сертификаты;

19) оң бағамдық айырма сомасының халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес анықталған теріс бағамдық айырма сомасынан асып кетуі;

20) ұтыстар;

21) әлеуметтік сала объектілерін пайдалану кезінде алынған табыс;

22) кәсіпорынды мүліктік кешен ретінде сатудан түсетін табыс;

2009.12.02. № 133-ІV ҚР Заңымен бап 22-1) тармақшамен толықтырылды

22-1) ислам банкінде орналастырылған инвестициялық депозит бойынша табыс;

23) сенімгерлікпен басқару шарты бойынша сенімгерлікпен басқару құрылтайшысы немесе сенімгерлікпен басқару туындайтын өзге жағдайларда пайда алушы алатын (алынуға жататын), мүлікті сенімгерлікпен басқарудан түсетін таза табыс;

24) осы тармақтың 1) - 23) тармақшаларында көрсетілмеген басқа да табыстар енгізіледі.

2. Егер табыстардың бірнеше баптарында бір және сол табыстар көрсетілуі мүмкін болатын жағдайда, көрсетілген табыстар жылдық жиынтық табысқа бір рет енгізіледі.

Табыстың қаржылық есептіліктің халықаралық стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес танылу күні табыстың осы Кодекске сәйкес танылу күнінен ерекшеленетін жағдайда, көрсетілген табыс салық салу мақсатына орай бір рет есепке алынады.

Бұл ретте, салық салу мақсатына орай табыстың танылу күні осы Кодекстің ережелеріне сәйкес айқындалады.

3. Егер сенімгерлікпен басқарушы болып табылатын салық төлеушіге мүлікті сенімгерлікпен басқаруды құру туралы актімен мүлікті сенімгерлікпен басқару құрылтайшысы немесе пайда алушы үшін салық міндеттемесін орындау жүктелсе, мүлікті сенімгерлікпен басқару шарты бойынша сенімгерлікпен басқару құрылтайшысының немесе сенімгерлікпен басқару туындайтын өзге жағдайларда пайда алушының табыстары осы бөлімнің мақсатында осы салық төлеушінің жылдық жиынтық табысына қосылады.

4. Салық төлеушінің осы Кодекстің 131 және 132-баптарына сәйкес табыстарын түзетуге құқығы бар.

 

86-бап. Өткізуден түсетін табыс

2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2009 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді) (бұр.ред.қара)

1. Егер Қазақстан Республикасының трансферттiк баға белгiлеу туралы заңнамасында өзгеше көзделмесе, осы Кодекстiң 87 - 98-баптарына сәйкес жылдық жиынтық табысқа енгiзiлетiн табыстардан, сондай-ақ осы Кодекстiң 111-бабының 1-тармағында көрсетiлген шығыстардың сомасынан аспайтын бөлiкте осы Кодекстiң 111-бабының 2-тармағында көрсетiлген табыстардан басқа, өткiзiлген тауарлардың, жұмыстардың, көрсетiлген қызметтердiң құны өткізуден түсетiн табыс болып табылады.

Өткiзiлген тауарлардың, жұмыстардың, көрсетiлген қызметтердiң құнына қосылған құн салығының және акциздiң сомасы енгiзiлмейдi.

2. Қызметтер көрсетуден түсетін табысқа осы бөлімнің мақсатында, сондай-ақ:

1) кредит (қарыз, микрокредит) бойынша, репо операциялары бойынша сыйақылар түріндегі табыс;

2) мүлікті қаржы лизингіне беру бойынша сыйақылар түріндегі табыс;

3) роялти;

4) мүлікті жалға беруден түсетін табыс жатады.

 

2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 87-бап жаңа редакцияда (2009 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді) (бұр.ред.қара)

87-бап. Құн өсiмiнен түсетiн табыс

1. Құн өсiмiнен түсетiн табыс:

2008.10.12  № 100-IV ҚР Заңына сәйкес 87-бабының 1-тармағы 1) тармақшасының қолданылуы 2010 ж. 1 қаңтардан бастап 2011 жылғы 1 қаңтарына дейін тоқтатылды, тоқтата тұру кезеңінде бұл тармақша Заңның 3-4-бабының редакциясында қолданылады

1) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес мемлекет мұқтажы үшiн сатып алынған активтердi қоспағанда, амортизацияға жатпайтын активтердi өткізу;

2) амортизацияға жатпайтын активтердi жарғылық капиталға салым ретiнде беру;

3) бiрiгу, қосылу, бөлiну немесе бөлiнiп шығу жолымен қайта ұйымдастыру нәтижесiнде амортизацияға жатпайтын активтердiң шығып қалуы кезiнде құралады.

2. Осы баптың мақсатында амортизацияға жатпайтын активтерге:

1) жер учаскелерi;

2) аяқталмаған құрылыс объектiлерi;

3) орнатылмаған жабдық;

4) табыс алуға бағытталған қызметте пайдаланылмайтын, бiр жылдан астам қызмет мерзiмi бар активтер;

5) бағалы қағаздар;

6) қатысу үлесi;

7) құны Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 1 қаңтарға дейiн қолданыста болған салық заңнамасына сәйкес толығымен шегерiмге жатқызылған негiзгi құралдар;

8) Қазақстан Республикасының инвестициялар туралы заңнамасына сәйкес 2009 жылғы 1 қаңтарға дейiн жасалған келісімшарттар бойынша инвестициялық жоба шеңберiнде пайдалануға берiлген, құны толығымен шегерiмге жатқызылған активтер;

9) осы Кодекстiң 97-бабының 2-тармағына сәйкес әлеуметтiк сала объектiлерiне жатқызылған мүлiк жатады.

3. Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетiлген (осы баптың 5, 6 және 11-тармақтарында көзделген жағдайлардан басқа) жағдайда өсiм әрбiр актив бойынша өткізу құны мен бастапқы құн арасындағы оң айырма ретiнде айқындалады.

Осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көрсетiлген (осы баптың 5, 6 және 11-тармақтарында көзделген жағдайлардан басқа) жағдайда өсiм әрбiр актив бойынша Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес айқындалған құн мен бастапқы құн арасындағы оң айырма ретiнде айқындалады.

Осы баптың 1-тармағының 3) тармақшасында көрсетiлген (осы баптың 5, 6 және 11-тармақтарында көзделген жағдайлардан басқа) жағдайда өсiм әрбiр актив бойынша беру актiсiнде немесе бөлiну балансында көрсетiлген құн мен бастапқы құн арасындағы оң айырма ретiнде айқындалады.

4. Осы баптың мақсатында:

осы Кодекстiң 115-бабының 14) тармақшасында көрсетiлген шығындарды қоспағанда, осы Кодекске сәйкес шегерiмдерге жатқызылмайтын шығындардан (шығыстардан);

салық төлеушiнiң осы Кодекстiң 100-бабының 6-тармағы, 12-тармағының екiншi бөлiгi, 13-тармағы, сондай-ақ осы Кодекстiң 101 - 114-баптары негiзiнде шегерiмге құқығы болатын шығындардан (шығыстардан);

амортизациялық аударымдардан;

бухгалтерлiк есепке алуда туындайтын және осы Кодекстiң 100-бабының 15-тармағына сәйкес салық салу мақсатында шығыс ретiнде қарастырылмайтын шығындардан (шығыстардан) басқа, активтердi сатып алуға, өндiруге, салуға, монтаждауға арналған шығындардың, сондай-ақ олардың құнын арттыратын, оның iшiнде қаржылық есептіліктiң халықаралық стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес олардың құнын сатып алынғаннан кейiн арттыратын басқа да шығындардың жиынтығы бағалы қағаздар мен қатысу үлестерiн қоспағанда, амортизацияға жатпайтын активтердiң бастапқы құны болып табылады.

5. Борыштық бағалы қағаздарды қоспағанда, бағалы қағаздар, сондай-ақ қатысу үлесi бойынша:

1) өткізу кезiнде - өткiзiлу құны мен бастапқы құн (салым) арасындағы оң айырма;

2) жарғылық капиталға салым ретiнде беру кезiнде - Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес айқындалған құн мен бастапқы құн (салым) арасындағы оң айырма;

3) бiрiгу, қосылу, бөлiну немесе бөлiнiп шығу жолымен заңды тұлғаны қайта ұйымдастыру нәтижесiнде шығып қалу кезiнде - беру актiсiнде немесе бөлiну балансында көрсетiлген құн мен бастапқы құн (салым) арасындағы оң айырма әрбiр бағалы қағаз, қатысу үлесi бойынша құн өсiмi болып танылады.

6. Борыштық бағалы қағаздар бойынша:

1) өткізу кезiнде - дисконттың амортизациясы және (немесе) өткiзiлген күнгi сыйлықақы ескерiле отырып, өткiзiлу құны мен бастапқы құн арасындағы купон ескерiлмеген оң айырма;

2) жарғылық капиталға салым ретiнде беру кезiнде - дисконттың амортизациясы және (немесе) берiлген күнгi сыйлықақы ескерiле отырып, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес айқындалған құн мен бастапқы құн арасындағы купон ескерiлмеген оң айырма;

3) бiрiгу, қосылу, бөлiну немесе бөлiнiп шығу жолымен заңды тұлғаны қайта ұйымдастыру нәтижесiнде шығып қалу кезiнде - дисконттың амортизациясы және (немесе) өткiзiлген күнгi сыйлықақы ескерiле отырып, беру актiсiнде немесе бөлiну балансында көрсетiлген құн мен бастапқы құн арасындағы купон ескерiлмеген оң айырма әрбiр бағалы қағаз бойынша құн өсiмi болып танылады.

7. Қаржылық есептіліктiң халықаралық стандарттарында және Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарында көзделген жағдайларда бағалы қағаздар мен қатысу үлестерiнiң құнын арттыратын сатып алуға байланысты шығындардың, оларды сатып алуға арналған iс жүзіндегі шығындардың жиынтығы, сондай-ақ жарғылық капиталға салымның құны осы баптың мақсатында бағалы қағаздар мен қатысу үлесiнiң бастапқы құны болып табылады.

8. Егер осы бапта өзгеше белгiленбесе, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес айқындалған құн жарғылық капиталға салымның құны болып табылады.

9. Осы Кодекске сәйкес тiркелген активтер бойынша шегерiмдердi айқындамайтын салық төлеушi өзiнiң меншiк құқығын тiркеген кезден бастап осы салық төлеушiнiң меншiк құқығында бiр жыл және одан да көп жыл болатын тұрғын үй-жайларды, саяжай құрылыстарын, гараждарды, өзiндiк қосалқы шаруашылық объектiлерiн жарғылық капиталға салған кезде берiлген мүлiктiң Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес айқындалған құны жарғылық капиталға салымның құны болып табылады.

10. Осы Кодекске сәйкес тiркелген активтер бойынша шегерiмдердi айқындамайтын салық төлеушi осы баптың 7-тармағында көрсетiлмеген мүлiктi жарғылық капиталға салған кезде жарғылық капиталға енгiзiлген мүлiктiң сатып алыну, өндiрiлу, салыну, монтаждалу және орнатылу құны жарғылық капиталға салымның құны болып табылады.

Жарғылық капиталға салынған мүлiктiң сатып алыну, өндiрiлу, салыну, монтаждалу және орнатылу құны болмаған кезде осы мүлiкке меншiк құқығы туындаған кездегi мүлiктiң нарықтық құны салымның құны болып табылады. Бағалаушы мен салық төлеушi арасында Қазақстан Республикасының бағалау қызметi туралы заңнамасына сәйкес шарт бойынша жүргiзiлген бағалау туралы есепте айқындалған құн осы баптың мақсатына орай нарықтық құн болып табылады.

Салық төлеушi мүлiктiң нарықтық құнын корпоративтiк табыс салығы бойынша декларация табыс ету үшiн белгiленген мерзiмнен кешiктiрмей айқындауға тиiс.

11. Осы баптың 2-тармағының 7) және 8) тармақшаларында көрсетiлген активтер бойынша құн өсiмi әрбiр актив бойынша:

1) өткізу кезiнде - өткізу құны мөлшерiнде;

2) жарғылық капиталға салым ретiнде беру кезiнде - Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес айқындалған құн мөлшерiнде;

3) бiрiгу, қосылу, бөлiну немесе бөлiнiп шығу жолымен заңды тұлғаны қайта ұйымдастыру нәтижесiнде шығып қалу кезiнде - беру актiсiнде немесе бөлiну балансында көрсетiлген құн мөлшерiнде айқындалады.

12. Егер амортизацияға жатпайтын активтер өтеусiз алынған болса, онда осы Кодекске сәйкес өтеусiз алынған мүлiктiң құны түрiнде жылдық жиынтық табысқа енгiзiлген осы активтердiң құны осы баптың мақсатына орай бастапқы құн болып табылады.

 

88-бап. Міндеттемелерді есептен шығарудан түсетін табыс

1. Міндеттемелерді есептен шығарудан түсетін табысқа:

1) салық төлеушінің міндеттемелерін оның кредиторының есептен шығаруы;

2) салық төлеуші таратылған кезде тарату балансы бекітілген кезде кредитор талап етпеген міндеттемелер;

3) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген талап қою мерзімінің өтуіне байланысты міндеттемелерді есептен шығару;

4) соттың заңды күшіне енген шешімі бойынша міндеттемелерді есептен шығару жатады.

2009.30.12 № 234-IV Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2009 жылғы 1 қаңтардан қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)

2. Мiндеттемелердi есептен шығарудан түсетiн табыс сомасы салық төлеушiнiң бастапқы құжаттарына сәйкес:

осы баптың 1-тармағының 1), 3) және 4) тармақшаларында көрсетiлген жағдайларда есептен шығарылған;

осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көрсетiлген жағдайда тарату балансын бекiткен күнi төленуге жататын мiндеттемелердiң сомасына (қосылған құн салығының сомасын қоспағанда) тең болады.

3. Осы Кодекске сәйкес күмәнді деп танылған міндеттемелерге осы баптың 1 және 2-тармақтарының ережелері қолданылмайды.

4. Міндеттемелерді есептен шығарудан түсетін табысқа кәсіпорынды мүліктік кешен ретінде сатып алу-сату шарты бойынша міндеттемелердің берілуіне байланысты олардың мөлшерін азайту жатпайды.

 

89-бап. Күмәнді міндеттемелер бойынша түсетін табыс

Сатып алынған тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) бойынша, сондай-ақ қызметкерлердің есебіне жазылған табыстар мен осы Кодекстің 163-бабының 2-тармағына сәйкес айқындалатын басқа да төлемдер бойынша туындаған және туындаған күнінен бастап үш жыл ішінде қанағаттандырылмаған міндеттемелер күмәнді деп танылады.

Көрсетілген міндеттемелер олардың туындауы күніне қабылданған ставка бойынша бюджетпен өзара есеп айырысуда осы міндеттемелердің бұрын шегерімге жатқызылған сомасына барабар түрде қалпына келтірілуге жататын қосылған құн салығын қоспағанда, осы міндеттемелердің бұрын шегерімге жатқызылған сомасы шегінде салық төлеушінің жылдық жиынтық табысына енгізілуге жатады.

 

2009.13.02. № 135-ІV ҚР Заңымен 90-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)

90-бап. Құрылған провизиялардың (резервтердің) мөлшерлерін азайтудан түсетін табыс

1. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, осы Кодекстің 106-бабының 1 және 4-тармақтарына сәйкес провизияларды (резервтерді) құру жөніндегі шығыстар сомасын шегеруге құқығы бар салық төлеуші құрған провизиялардың (резервтердің) мөлшерін азайтудан түсетін табыстар деп:

2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (2009 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді) (бұр.ред.қара)

1) борышкер талапты орындаған кезде бұрын орындау сомасына барабар мөлшерде шегерiмдерге жатқызылған провизиялар (резервтер) сомасы;

2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (2009 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді) (бұр.ред.қара)

2) цессия шартын жасасу жолымен басқаға қайта табыстау туралы шарттың, жаңартпа, талап ету құқықтарын беру шартының негізінде және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де негіздерде борышкерге қойылатын талаптардың мөлшерін азайтқан кезде бұрын талаптар мөлшерiн азайту сомасына барабар мөлшерде шегерімге жатқызылған провизиялар (резервтер) сомасы;

2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (2009 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді) (бұр.ред.қара)

3) талаптарды қайта сыныптаған кезде бұрын қайта сыныпталған талаптың сомасына барабар мөлшерде шегерiмге жатқызылған провизияларды (резервтердi) азайту сомасы танылады.

2008.10.12  № 100-IV ҚР Заңның 13 бабына сәйкес 90-баптың 2-тармағының қолданылуы 2012 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатылды

90-баптың 2-тармағына өзгеріс енгізу туралы 2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңын қара (2012 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледі)

2. Осы Кодекстің 106-бабының 1 және 4-тармақтарына сәйкес провизияларды (резервтерді) құру жөніндегі шығыстар сомасын шегеруге құқығы бар салық төлеуші құрған провизиялардың (резервтердің) мөлшерлерін азайтудан түскен, бұрын шегерімге жатқызылған провизиялардың (резервтердің) сомалары борышкерге талаптар мөлшерін азайтқан кезде:

1) борышкер заңды тұлғаның Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген негіздер бойынша сот шешімімен таратылуына байланысты Заңды тұлғалардың мемлекеттік тіркелімінен алып тасталған;

2) борышкер заңды тұлға соттың күшіне енген шешімі негізінде хабар-ошарсыз кеткен немесе қайтыс болды, әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылған, оған І, ІІ топтағы мүгедектік белгіленген жағдайларда, сондай-ақ борышкер жеке тұлға қайтыс болған жағдайда;

3) осы Кодекстің 106-бабының 1 және 4-тармақтарына сәйкес провизияларды (резервтерді) құру жөніндегі шығыстар сомасын шегеруге құқығы бар салық төлеуші алдында жауапты болатын борышкерде және борышкермен бірлесіп ортақ немесе субсидиарлық жауапты болатын үшінші тұлғаларда өндіріп алуды қолдануға болатын мүлік, оның ішінде ақша, бағалы қағаздар немесе табыстар болмаған жағдайда, осы Кодекстің 106-бабының 1 және 4-тармақтарына сәйкес провизияларды (резервтерді) құру жөніндегі шығыстар сомасын шегеруге құқығы бар салық төлеушіге атқару құжатын қайтару туралы сот орындаушысының қаулысы заңды күшіне енген және оның мүлкін немесе табыстарын анықтау бойынша сот орындаушысы қолданған, Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы заңнамасында көзделген шаралар нәтижесіз болған;

2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді  (бұр.ред.қара)

4) соттың борышкердің мүлкіне, оның ішінде ақшасына, бағалы қағаздарына немесе табыстарына осы Кодекстің 106-бабының 1 және 4-тармақтарына сәйкес провизияларды (резервтерді) құру жөніндегі шығыстар сомасын шегеруге құқығы бар салық төлеушінің өндіріп алуды қолдануынан бас тарту туралы сот шешімі заңды күшіне енген;

2008.10.12  № 100-IV ҚР Заңның 23 бабына сәйкес 90-баптың 3-тармағының қолданылуы 2012 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатылды

3. Құрылған сақтандыру резервтерінің осы Кодексте белгіленген мөлшерде және тәртіппен бұрын шегерімге жатқызылған мөлшерлерін азайту сомасы сақтандыру, қайта сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру, қайта сақтандыру ұйымы құрған сақтандыру резервтерінің мөлшерлерін азайтудан түсетін табыс деп танылады.

 

91-бап. Талап ету құқығын басқаға беруден түсетін табыс

Мыналар:

1) талап ету құқығын алатын салық төлеуші үшін - негізгі борышты талап ету бойынша борышкерден алынуға жататын сома, оның ішінде талап ету құқығын басқаға берген күнгі негізгі борыштан тыс сома мен талап ету құқығын алу құны арасындағы оң айырма;

2) талап ету құқығын басқаға беретін салық төлеуші үшін - салық төлеушінің бастапқы құжаттарына сәйкес басқаға беру жүргізілген талап ету құқығының құны мен борышкерден талап ету құқығын басқаға беру күні алынуға жататын талап ету құны арасындағы оң айырма талап ету құқығын басқаға беруден түсетін табыс болып табылады.

 

2009.12.02. № 133-ІV ҚР Заңымен 92-бап өзгертілді (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)

92-бап. Тіркелген активтердің шығып қалуынан түсетін табыс

Егер осы Кодекстің 119-бабына сәйкес айқындалған кіші топтың (І топ бойынша) немесе топтың (ІІ, ІІІ және ІV топтар бойынша) шығып қалған тіркелген активтерінің құны салық кезеңінің басындағы кіші топтың (І топ бойынша) немесе топтың (ІІ, ІІІ және ІV топтар бойынша) салық кезеңінде түскен тіркелген активтер құны ескерілген құндық балансынан, сондай-ақ салық кезеңінде жұмсалған және осы Кодекстің 122-бабының 3-тармағына сәйкес ескерілетін кейінгі шығыстардан асып кетсе, асып кету шамасы жылдық жиынтық табысқа енгізілуге жатады. Осы кіші топтың (І топ бойынша) немесе топтың (ІІ, ІІІ және ІV топтар бойынша) құндық балансы салық кезеңінің соңында нөлге тең болады.

 

93-бап. Табиғи ресурстарды геологиялық зерттеуге және өндіруге дайындық жұмыстарына жұмсалған шығыстарды, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылардың басқа да шығыстарын түзетуден түсетін табыс

Егер осы Кодекстің 111-бабына сәйкес жеке топты құрайтын шығыстарды түзететін табыстардың мөлшері салық кезеңінің басында салық кезеңінде жұмсалған шығыстар ескерілген жеке топтың мөлшерінен асып кетсе, асып кету шамасы жылдық жиынтық табысқа енгізілуге жатады. Бұл топтың мөлшері салық кезеңінің соңында нөлге тең болады.

 

94-бап. Кен орындарын әзірлеу салдарын жою қорына аударымдар сомасының кен орындарын әзірлеу салдарын жою жөніндегі іс жүзіндегі шығыстар сомасынан асып кетуінен түсетін табыс

1. Егер кен орындарын әзірлеу салдарын жою жөніндегі іс жүзіндегі шығыстар көрсетілген қорға жүргізілген аударымдардан төмен болса, онда айырма жер қойнауын пайдаланушының жылдық жиынтық табысына енгізілуге жатады.

2. Егер жер қойнауын пайдаланушы кен орындарын әзірлеу салдарын жою жөніндегі жұмыстарды тиісті уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен кен орындарын әзірлеу салдарын жою бағдарламасында көзделген кезеңде жүргізбесе, онда есепті кезең ішінде шегерімге жатқызылған, кен орындарын әзірлеу салдарын жою қорына аударымдар сомасы ол жүргізілуге тиіс болған салық кезеңінің жылдық жиынтық табысына енгізілуге жатады.

 

95-бап. Бұрын жүргізілген шегерімдер бойынша алынған өтемақылар

1. Бұрын жасалған шегерімдер бойынша өтемақы түрінде алынған табыстарға:

1) бұрын шегерімге жатқызылған және кейінгі салық кезеңдерінде өтелген, күмәнді деп танылған талаптар сомасы;

2) мемлекеттік бюджет қаражатынан шығындарды (шығыстарды) жабуға арнап алынған сома;

3) осы Кодекстің 119-бабында көрсетілген сақтандыру төлемдерін қоспағанда, сақтандыру ұйымы немесе нұқсан келтірген тұлға төлеген нұқсанды өтеу сомасы;

4) бұрын шегерімге жатқызылған шығындарды өтеу бойынша алынған басқа да өтемақылар жатады.

Алынған өтемақы ол алынған салық кезеңінің табысы болып табылады.

2. Сақтандыру ұйымының сақтанушыға жинақтаушы емес сақтандыру шартының қолданылуы аяқталғаннан кейін немесе оны мерзімінен бұрын тоқтатқан жағдайда қайтаруына жататын немесе қайтарған және сақтанушы бұрын шегерімге жатқызған сақтандыру сыйлықақыларының сомасы олар сақтанушыға қайтарылуға жатқан немесе қайтарылған салық кезеңінің жылдық жиынтық табысына жатқызылады.

 

2009.30.12 № 234-IV Заңымен 96-бап өзгертілді (2009 жылғы 1 қаңтардан қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)

96-бап. Өтеусіз алынған мүлік

Егер осы Кодексте өзгеше белгiленбесе, салық төлеуші өтеусіз алған кез келген мүліктің, оның ішінде жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің құны оның табысы болып табылады.

өтеусіз алынған мүліктің, оның ішінде жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің құны халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес бухгалтерлiк есеп деректерi бойынша айқындалады.