(БҰРЫНҒЫ РЕДАКЦИЯ) САЛЫҚ ЖӘНЕ БЮДЖЕТКЕ ТӨЛЕНЕТІН БАСҚА ДА МІНДЕТТІ Т...

Предыдущая страница

 

212-бап. Халықаралық шартты резидент еместің Қазақстан

Республикасындағы көздерден алған табыстарына

салық салудан толық немесе ішінара босатуға қатысты

қолдану тәртібі

2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2009 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді) (бұр.ред.қара)

1. Егер резидент емес табыстарды түпкiлiктi алушы болып табылса және халықаралық шарт жасасқан елдiң резидентi болып табылса, мұндай резидент емеске табыс төлеу кезiнде немесе резидент еместiң табысын шегерiмге жатқызу кезiнде салық агентiнiң тиiстi халықаралық шартта көзделген салық салудан босатуды немесе төмендетiлген салық ставкасын дербес қолдануға құқығы бар.

Халықаралық шартты салық салудан босату немесе төмендетiлген салық ставкасын пайдалану бөлiгiнде қолдануға резидент емес салық агентiне осы Кодекстiң 219-бабы 4-тармағының талаптарына сәйкес келетiн, резиденттiктi растайтын құжатты табыс еткен жағдайда ғана рұқсат етiледi.

Бұл ретте резиденттiктi растайтын құжатты резидент емес салық агентiне осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, бiрiншi болып басталатын мынадай күндердiң бiрiнен:

1) резидент емеске табыс төлеу жүргiзiлген немесе резидент еместiң төленбеген табыстары шегерiмге жатқызылған күнтiзбелiк жылдың 31 желтоқсанынан;

2) төлем көзiнен ұсталатын табыс салығы бойынша салық мiндеттемесiн орындау мәселесi бойынша есептi салық кезеңiнiң жоспарлы салық тексеруiн жүргiзудiң басталуынан;

3) төлем көзiнен ұсталатын табыс салығы бойынша салық мiндеттемесiн орындау мәселесi бойынша есептi салық кезеңiнiң жоспардан тыс салық тексеруi аяқталғанға дейiн бес жұмыс күнiнен кешiктiрмей табыс етедi. Жоспардан тыс салық тексеруiнiң аяқталған күнi нұсқамаға сәйкес айқындалады.

2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2009 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді) (бұр.ред.қара)

2. Резидент еместiң Қазақстан Республикасындағы көздерден алған дивидендтерiне, сыйақыларына және роялтиiне халықаралық шарт ережелерiне сәйкес табыс салығының төмендетiлген ставкасын қолдану мақсатында табыстарды пайдалану және оларға билiк ету тәсiлдерiн дербес анықтауға құқығы бар тұлғаны табыстарды түпкiлiктi (iс жүзiнде) алушы (иеленушi) деп түсiну керек.

Бұл ретте табысты иелену құқықтары жоқ, мұндай табысқа қатысты делдал, оның iшiнде агент, номиналды ұстаушы болып табылатын тұлға табысты түпкiлiктi (iс жүзiнде) алушы (иеленушi) бола алмайды.

Егер шартқа (келісімшартқа) сәйкес сыйақы төлеу делдал арқылы жүзеге асырылған жағдайда бiр мезгiлде мынадай талаптар орындалған:

1) шартта (келісімшартта) сыйақыны делдал арқылы түпкiлiктi (нақты) алушы (иеленушi) болып табылатын әрбiр тұлға бойынша осындай тұлғаның деректерiн (жеке тұлғаның тегiн, атын, әкесiнiң атын (бар болса) немесе заңды тұлғаның атауын; бар болған жағдайда инкорпорация еліндегі салықтық тiркеу нөмiрiн (немесе оның аналогын); инкорпорация еліндегі мемлекеттік тiркеу нөмiрiн (немесе оның аналогын) көрсете отырып, сыйақы сомалары көрсетiлген;

2) сыйақыны түпкiлiктi (нақты) алушы (иеленушi) Қазақстан Республикасы онымен халықаралық шарт жасасқан елдiң резидентi болып табылған;

3) салық агентiне осы Кодекстiң 219-бабының 4-тармағының талаптарына сәйкес сыйақыны түпкiлiктi (нақты) алушы (иеленушi) болып табылатын тұлғаның резиденттiгiн растайтын құжат ұсынылған кезде салық агентiнiң осындай табысты түпкiлiктi (нақты) алушы (иеленушi) резидентi болып табылатын мемлекетпен тиiстi халықаралық шартта көзделген, табыс салығының төмендетiлген ставкасын қолдануға да құқығы бар.

Бұл ретте резиденттiктi растайтын құжат салық агентiне бiрiншi болып басталатын мынадай күндердiң бiрiнен:

1) резидент еместiң делдалға табыс төлемiн жүргiзген немесе резидент еместiң делдалға төлемеген табыстары шегерiмге жатқызылған күнтiзбелiк жылдың 31 желтоқсанынан;

2) төлем көзiнен ұсталатын табыс салығы бойынша салық мiндеттемесiн орындау мәселесi бойынша есептi салық кезеңiнiң жоспарлы салық тексеруiн жүргiзудiң басталуынан;

3) төлем көзiнен ұсталатын табыс салығы бойынша салық мiндеттемесiн орындау мәселесi бойынша есептi салық кезеңiнiң жоспардан тыс салық тексеруi аяқталғанға дейiн бес жұмыс күнiнен кешiктiрмей табыс етедi. Жоспардан тыс салық тексеруiнiң аяқталған күнi нұсқамаға сәйкес айқындалады.

3. Осы бапта белгіленген халықаралық шарт ережелерін қолдану тәртібі резидент еместің Қазақстан Республикасындағы көздерден алған мынадай табыс түрлеріне:

1) дивидендтерге, оның ішінде депозитарлық қолхаттардың базалық активі болып табылатын акциялар бойынша алынатын дивидендтерге;

2) бір мезгілде мынадай талаптар орындалған:

резидент емес жеке тұлға есепті салық жылында басталатын немесе аяқталатын кез келген кезекті он екі айлық кезеңде жалпы саны бір жүз сексен үш күннен аспайтын кезең немесе кезеңдер ішінде Қазақстан Республикасында болған;

табыстарды Қазақстан Республикасының резиденті болып табылмайтын жұмыс беруші төлеген немесе олар соның атынан төленген;

резидент емес жеке тұлғаның табыстарын төлеу жөніндегі шығыстарды жұмыс берушінің Қазақстан Республикасында орналасқан тұрақты мекемесі көтермеген кезде, осы Кодекстің 192-бабы 1-тармағының 18), 20), 21) тармақшаларында көрсетілген, осы Кодекстің 201-202-баптарында аталған резидент емес жеке тұлға алатын табыстарға;

2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (2009 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді) (бұр.ред.қара)

3) егер көрсетілетін қызметтерді (жұмыстарды) Қазақстан Республикасының аумағындағы резидент емес халықаралық шартқа сәйкес Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме құруға алып келмейтін мерзім шегінде көрсетсе (орындаса), Қазақстан Республикасының аумағында қызметтер көрсетуден (жұмыстарды орындаудан) түсетін табыстарға салық салуға қатысты қолданылады.

Осы тармақшаны қолдану мақсатында резидент емес салық агентіне құрылтайшы құжаттардың нотариаттық куәландырылған көшірмелерін не құрылтайшыларды (қатысушыларды) және резидент емес заңды тұлғаның мажоритарлық акционерлерін көрсете отырып, сауда тізілімінен (акционерлердiң тiзiлiмiнен немесе резидент емес тiркелген мемлекеттiң заңнамасында көзделген өзге де ұқсас құжаттан) үзінді көшірмелерді табыс етеді;

4) резидент емес болып табылатын заңды немесе жеке тұлға осы Кодекстің 197-бабында көрсетілген табыстарды қоспағанда, тұрақты мекеме арқылы Қазақстан Республикасындағы қызметін жүзеге асыруға байланысты емес, осы Кодекстің 192-бабының 1-тармағында белгіленген Қазақстан Республикасындағы көздерден алатын өзге де табыстарға салық салуға қатысты қолданылады.

4. Тиісті халықаралық шартта көзделген төмендетілген салық ставкасын депозитарлық қолхаттардың базалық активі болып табылатын акциялар бойынша алынатын дивидендтерге қолдану мақсатында салық агентінде табысты төлеу кезінде мынадай құжаттар:

1) «Орталық бағалы қағаздар депозитарийі» акционерлік қоғамынан алынған:

базалық активі Қазақстан Республикасының резиденті шығарған акциялар болатын депозитарлық қолхаттардың иеленушілері болып табылатын жеке тұлғалардың тегін, атын, әкесінің атын (егер бар болса) немесе заңды тұлғалардың атауларын;

депозитарлық қолхаттардың саны мен түрі туралы ақпаратты;

жеке тұлғалардың жеке басын куәландыратын құжаттардың атауы мен деректемелерін немесе заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу нөмірі мен күнін қамтитын депозитарлық қолхаттарды ұстаушылар тізімі.

Егер көрсетілген талапта басқа күн көрсетілмесе, тізімді «Орталық бағалы қағаздар депозитарийі» акционерлік қоғамы тіркеушінің талабын алған күнге жасайды;

2) резидент еместен алынған, осы Кодекстің 219-бабы 4-тармағының талаптарына сәйкес, депозитарлық қолхаттар бойынша табыстарды түпкілікті (іс жүзінде) алушы (иеленуші) резидент еместің резиденттігін растайтын құжат болу керек.

5. Салық агенті салық органына табыс етілетін салық есептілігінде есебіне жазылған (төленген) табыстардың және халықаралық шарттар ережелеріне сәйкес ұсталған, ұстаудан босатылған салықтардың сомасын, табыс салығының ставкаларын және халықаралық шарттардың атауларын көрсетуге міндетті.

Бұл ретте салық агенті салық есептілігін табыс еткен кезде өзі орналасқан жердегі салық органына осы Кодекстің 219-бабының 4-тармағының талаптарына сәйкес келетін, резидент емес салық төлеушінің резиденттігін растайтын құжаттың нотариаттық куәландырылған көшірмесін табыс етуге міндетті.

Бұл ретте, көрсетілген құжат осы Кодекстің 219-бабы 1-тармағының 4) тармақшасына сәйкес өзгертілген деректер ескеріле отырып табыс етілген жағдайларды қоспағанда, егер осындай құжаттың көшірмесі бұрын табыс етілсе, салық агентінің салық органына салық төлеушінің резиденттігін растайтын құжаттың нотариаттық куәландырылған көшірмесін қайта табыс етуі талап етілмейді.

6. Халықаралық шарттың ережелері заңсыз қолданылып, бұл мемлекеттік бюджетке салықтың төленбеуіне немесе толық төленбеуіне алып келген кезде салық агенті Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

 

213-бап. Халықаралық шартты халықаралық тасымалдарда тұрақты мекеме арқылы резидент еместің көлік қызметін көрсетуден түскен табыстарына салық салудан босатуға қатысты қолдану тәртібі

1. Егер резидент емес табысты түпкілікті алушы және халықаралық шарт жасасқан елдің резиденті болып табылса, тараптардың бірі Қазақстан Республикасы болып табылатын халықаралық тасымалда көлік қызметін көрсетуден түсетін табыстарға салық салудан босату бөлігінде оның халықаралық шарттың ережелерін қолдануға құқығы бар.

Халықаралық шартты салық салудан босату бөлігінде қолдануға резидент еместе корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияны табыс ету күніне резиденттігін растайтын, осы Кодекстің 219-бабы 4-тармағының талаптарына сәйкес келетін құжаты болған кезде ғана рұқсат етіледі.

Резиденттікті растайтын құжаттың нотариаттық куәландырылған көшірмесін салық төлеуші корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияны табыс еткен кезде тұрақты мекеме орналасқан жердегі салық органына табыс етеді.

2. Резидент емес корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияда салық сомасын, ставканы және соның негізінде мұндай ставка қолданылған халықаралық шарттың атауын көрсетуге міндетті.

3. Бұл ретте резидент емес заңды тұлға халықаралық тасымалда көлік қызметін көрсетуден (халықаралық шартқа сәйкес салық салуға жатпайтын) және Қазақстан Республикасының аумағында көлік қызметін көрсетуден (салық салуға жататын) түсетін табыстар сомасын бөлек есепке алуды жүргізуге міндетті.

4. Халықаралық тасымалда көлік қызметін көрсетуден табыстар алу үшін жұмсалған шығыстар сомасы тікелей немесе жанама әдіспен айқындалады.

Бұл ретте салық төлеуші өз таңдауы бойынша шығыстарды есептеудің көрсетілген әдістерінің бірін қолдануға құқылы. Таңдап алынған әдіс жыл сайын пайдаланылады және салық төлеуші орналасқан жердегі салық органына қатысты жоғары тұрған орган болып табылатын салық органының (уәкілетті органды қоспағанда) келісімі бойынша ғана, есепті салық кезеңі басталғанға дейін өзгертілуі мүмкін.

5. Тікелей әдіс халықаралық тасымалда көлік қызметін көрсетуден шеккен шығыстардың және Қазақстан Республикасының аумағында көлік қызметін көрсетуден түсетін шығыстардың бөлек есебін жүргізу негізінде тиісті шығыстарды айқындауды көздейді.

6. Жанама әдіс көрсетілген шығыстарды резидент емес есепті салық кезеңінде Қазақстан Республикасындағы көздерден табыстар алу үшін шеккен шығыстардың үлесі мен жалпы сомасының көбейтіндісі ретінде айқындауды көздейді. Үлес халықаралық тасымалда көлік қызметін көрсетуден түсетін табыстар сомасының Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған табыстардың жалпы сомасына арақатынасы ретінде айқындалады.

7. Халықаралық шарттың ережелері заңсыз қолданылып, бұл бюджетке салықтың төленбеуіне немесе толық төленбеуіне алып келген кезде салық төлеуші Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

 

214-бап. Халықаралық шартты резидент еместің тұрақты мекеме арқылы Қазақстан Республикасындағы қызметінен түсетін таза табысқа салық салудан ішінара босатуға қатысты қолдану тәртібі

1. Егер резидент емес халықаралық шарт жасасқан елдің резиденті болса және осындай халықаралық шартта резидент еместің таза табысына салық салудың осы Кодекстің 199-бабында белгіленген тәртіптен өзгеше тәртібі көзделген болса, тұрақты мекеме арқылы Қазақстан Республикасындағы таза табысына оның тиісті халықаралық шартта көзделген төмендетілген салық ставкасын қолдануға құқығы бар.

Төмендетілген салық ставкасын қолдануға резидент еместе корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияны табыс ету күніне резиденттігін растайтын, осы Кодекстің 219-бабы 4-тармағының талаптарына сәйкес келетін құжаты болған кезде ғана рұқсат етіледі.

Резиденттікті растайтын құжаттың нотариаттық куәландырылған көшірмесін резидент емес корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияны табыс еткен кезде тұрақты мекеме орналасқан жердегі салық органына табыс етеді.

2. Резидент емес корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияда таза табысқа салық сомасын, ставканы және оның негізінде мұндай ставка қолданылған халықаралық шарттың атауын көрсетуге міндетті.

3. Халықаралық шарттың ережелері заңсыз қолданылып, бұл бюджетке салықтың төленбеуіне немесе толық төленбеуіне алып келген кезде резидент емес салық төлеуші Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

 

215-бап. Халықаралық шартты салық агенттері болып табылмайтын  тұлғалардан резидент емес жеке тұлғаның алған табыстарына салық салудан босатуға қатысты қолдану  тәртібі

1. Егер резидент емес жеке тұлға табысты түпкілікті алушы және халықаралық шарт жасасқан елдің резиденті болып табылса, осы Кодекстің 204-бабында көрсетілген оның халықаралық шарттың ережелерін табыстарға салық салудан босату бөлігінде қолдануға құқығы бар.

Халықаралық шартты салық салудан босату бөлігінде қолдануға резидент еместе корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияны табыс ету күніне резиденттігін растайтын, осы Кодекстің 219-бабы 4-тармағының талаптарына сәйкес келетін құжаты болған кезде ғана рұқсат етіледі.

Резиденттікті растайтын құжаттың нотариаттық куәландырылған көшірмесін резидент емес салық төлеуші жеке табыс салығы бойынша декларацияны табыс еткен кезде өзі болатын (тұрғылықты) жердегі салық органына табыс етеді.

2. Халықаралық шарттың ережелеріне сәйкес есебіне жазылған (алынған) табыстардың және төленген (төлеуден босатылған) салықтардың сомасын және халықаралық шарттың атауын резидент емес жеке тұлға жеке табыс салығы бойынша декларацияда көрсетеді.

3. Резидент емес жеке тұлға жеке табыс салығы бойынша декларацияны табыс ету кезінде резиденттігін растайтын құжаты болмаған кезде осы Кодекстің 204-бабында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде бюджетке табыс салығын төлеуді жүргізуге міндетті.

Бұл ретте тиісті халықаралық шарттың ережелерін қолдануға құқығы бар резидент емес жеке тұлға бюджетке Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған табыстардан түсетін табыс салығын төлеген жағдайда, осындай резидент еместің осы Кодекстің 217-бабында белгіленген тәртіппен төленген табыс салығын бюджеттен қайтарып алуға құқығы бар.

 

216-бап. Резидент еместің табыстарынан табыс салығын бюджетке  немесе шартты банк салымына аудару тәртібі

1. Салық агенті осы Кодекстің 212-бабында белгіленген тәртіпті қолданбаған жағдайда, салық агенті резидент емеске табысты төлеу кезінде осы Кодекстің 158-бабының 1-тармағында немесе 194-бабында айқындалған ставка бойынша төлем көзінен табыс салығын ұстауға және ұсталған табыс салығының сомасын осы Кодекстің 161, 195-баптарында белгіленген мерзімдерде бюджетке немесе резидент емеске ашылған шартты банк салымына аударуға міндетті.

Табыс салығын шартты банк салымына аудару тәртібі резидент еместің тұрақты мекеме құруға алып келмейтін Қазақстан Республикасында жұмыстарды орындаудан, қызметтер көрсетуден түсетін табысынан ұсталған табыс салығына ғана қолданылады.

2. Табыс алатын резидент емес, салық агенті және салық агенті айқындаған резидент банк салық агентінің резидент еместің табысынан табыс салығын аударуының белгіленген мерзіміне дейін шартқа қатысушылармен келісілген нысан бойынша резидент еместің шартты банк салымын ашу туралы шарт жасасады.

3. Шартты банк салымы ұлттық немесе шетел валютасында ашылады. Шартты банк салымы шетел валютасында ашылған жағдайда бюджетке табыс салығының сомасы және бюджетке салық аударылған күнгі валюта айырбастаудың нарықтың бағамы бойынша қайта есептелген ұлттық валютадағы банктік сыйақылардың сомасы аударылады.

4. Шотында шартты банк салымы орналастырылған банк есепті тоқсаннан кейінгі екінші айдың он бесінші күнінен кешіктірмей, салық агенті орналасқан жердегі салық органына уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша есепті тоқсан ішіндегі ақша қозғалысы туралы есепті табыс етуге міндетті. Есеп шартты банк салымы орналастырылған шотта ақша қозғалысы болған тоқсандарға табыс етіледі.

Есепке өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу және оны табыс ету салық есептілігі үшін осы Кодексте белгіленген жағдайларда және тәртіппен жүзеге асырылады.

5. Салық агенті өзі орналасқан жердегі салық органына:

1) қол қойылған күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде шартты банк салымы туралы шартты (мұндай шарттың көшірмесі аталған салық органында сақталады);

2) шартты банк салымына аударылған табыс салығының сомалары көрсетілетін, осы Кодекстің 196-бабында белгіленген мерзімдерде резидент еместің табыстарынан төлем көзінен ұсталатын корпоративтік табыс салығы бойынша есеп-қисапты табыс етуге міндетті.

6. Салық агенті орналасқан жердегі салық органы шартты банк салымы туралы шартты салық агенті табыс еткен кезден бастап күнтізбелік екі күн ішінде тіркеуге немесе оны тіркеуден бас тартуға міндетті. Бұл ретте талаптары осы баптың ережелеріне қайшы келмейтін шартты банк салымы туралы шарт қана тіркелуге тиіс. Шартты банк салымы туралы шарт талаптарының осы баптың ережелеріне сәйкес келмеуі оны тіркеуден бас тартуға негіз болып табылады.

7. Салық органы резидент еместің пайдасына шешім қабылдағанға дейін резидент еместің және салық агентінің шартты банк салымына орналастырылған табыс салығының сомасына билік етуге құқығы жоқ.

8. Осы баптың ережелері салық органында тіркелген шартты банк салымы туралы шартқа ғана қолданылады.

9. Осы Кодекстің 195-бабына сәйкес айқындалатын төлем көзінен ұсталатын табыс салығын аудару күніне шартты банк салымы туралы шарт салық органында тіркелмеген жағдайда, бюджетке табыс салығын аудару белгіленген мерзімдерде жүргізіледі.

10. Салық агенті салық органына табыс етілетін есеп-қисапта есептелген (төленген) табыстардың және ұсталған салықтардың сомаларын, сондай-ақ солар бойынша табыс салығы есептелген ставкаларды көрсетуге міндетті.

11. Салық органы:

шартты банк салымдарына орналастырылған;

халықаралық шарттың ережелерін қолдануға құқығы бар резидент емеске қайтарылған;

бюджетке аударылған табыс салығы сомаларының есебін жүргізуге міндетті.

 

217-бап. Бюджеттен немесе шартты банк салымынан табыс салығын қайтару тәртібі

1. Резидент еместің мынадай жағдайларда:

1) салық агенті резидент еместің Қазақстан Республикасының көздерінен алынған табыстарынан табыс салығын шартты банк салымына немесе бюджетке аударғанда;

2) резидент емес Қазақстан Республикасында халықаралық шартқа сәйкес тұрақты мекеме құруға алып келмейтін қызметті филиал, өкілдік арқылы жүзеге асырғанда;

3) салық төлеуші осы Кодекстің ережелеріне сәйкес салық төлегенде, осы бапта белгіленген тәртіппен халықаралық шарт ережелеріне сәйкес табыс салығын қайтарып алуға құқығы бар.

Бұл ретте резидент емес осы Кодекстің 219-бабында айқындалған құжаттарды қоса бере отырып, төленген табыс салығын халықаралық шарттың негізінде бюджеттен немесе шартты банк салымынан қайтарып алуға салықтық өтінішті (бұдан әрі осы баптың және осы Кодекстің 218-бабының мақсатында - өтініш) салық органына табыс етуге міндетті.

2. Резидент емес өтінішті салық агенті орналасқан жердегі салық органына қатысты жоғары тұрған орган болып табылатын салық органына (уәкілетті органды қоспағанда) табыс етеді.

Егер салық агенті уәкілетті органға қатысты төмен тұрған орган болып табылатын салық органында тіркелген болса, резидент емес өтінішті аталған салық органына табыс етеді.

3. Халықаралық шарттың талаптарын орындаған және Қазақстан Республикасында жұмыстарды орындаған, қызметтер көрсеткен кезде, ұзақ мерзімді келісімшарттар бойынша жұмыстарды орындауды, қызметтер көрсетуді қоспағанда, резидент емес өтінішті Қазақстан Республикасында жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету аяқталғаннан кейін табыс етеді.

4. Егер халықаралық шартта өзгеше көзделмесе, салық төлеуші өтінішті салық органына табыс салығы сомаларын шартты банк салымына орналастырған күннен бастап немесе табыс салығын бюджетке аударған күннен бастап осы Кодекстің 46-бабында белгіленген талап қою мерзімі өткеннен кешіктірмей табыс етеді.

Егер халықаралық шартта өзгеше көзделмесе, резидент емес ұзақ мерзімді келісімшарттар бойынша өтінішті салық органына осы Кодекстің 46-бабында белгіленген талап қою мерзімінің өтуінен кешіктірмей, келісімшарттың іс жүзінде орындалуына байланысты табыс етеді.

5. Салық органы өтінішті резидент емес оны табыс еткен күннен бастап күнтізбелік қырық бес күн ішінде қарайды.

6. Өтінішті қарау кезінде камералдық бақылау нәтижелері бойынша қателер анықталған жағдайда салық органы осы Кодекстің 84-тарауына сәйкес резидент емеске жіберілген қателерді дербес жою үшін хабарлама жібереді. Бұл ретте резидент еместің өтінішін қарау мерзімі анықталған қателер жойылғанға дейін тоқтатыла тұрады.

7. Резидент еместің өтінішін қарау кезінде салық органы салық агентіне оның осы Кодекстің 46-бабында белгіленген талап қою мерзімі кезеңі ішінде өтініш берген резидент еместің табысынан төлем көзінен табыс салығын есептеу, ұстау және аудару жөніндегі салықтық міндеттемелерді орындауы тұрғысынан тақырыптық тексеру жүргізеді.

Аталған тексеруді жүргізу барысында салық органы құжаттарды:

1) салық агентінің резидент еместің табыстарынан төлем көзінен табыс салығын есептеу, ұстау және аудару жөніндегі салықтық міндеттемелерді толық орындауы;

2) табыс етілген келісімшарттардың бір жобамен байланыстылығы, табыс етілген келісімшарттардың басқа келісімшартпен (келісімшарттармен) бір жоба немесе байланысқан жобалар шеңберінде байланыстылығы;

3) резидент еместің бұрын резиденттерге қызметтер көрсетуі, резидент еместің Қазақстан Республикасының аумағындағы қызметінің жүйелілігі;

4) резидент еместің Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекемесінің болуы (болмауы);

5) жұмыстарды орындаудың, қызметтер көрсетудің нақты мерзімдерінің жұмыстарды орындауға, қызметтер көрсетуге арналған келісімшартта (келісімшарттарда) көзделген мерзімдерге сәйкестігі (бұл мәселе өтініш беруші резидент емес Қазақстан Республикасының аумағында жұмыстарды орындаған, қызметтер көрсеткен кезде қарастырылады);

6) өтініш беруші резидент еместің Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы заңнамасына сәйкес әділет органдарында есептік тіркеуден өтуі;

2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 7) тармақша жаңа редакцияда (2010 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді) (бұр.ред.қара)

7) өтiнiште көрсетiлген деректердiң дұрыстығы;

8) өтініштерде немесе резиденттікті растайтын құжаттарда шетелдік тұлғаның және шетелдік тұлғаның резиденттігін куәландырған шет мемлекеттің құзыретті органының қолы мен мөрінің болуы;

9) шартты банк салымы туралы шарттардың салық агенті орналасқан жердегі салық органдарында тіркелуінің болуы (бұл мәселе резидент емес осындай шарттарды жасасқан кезде қарастырылады);

10) шартты банк салымы туралы шартқа қатысушылардың оның талаптарын сақтауы (бұл мәселе резидент емес осындай шартты жасасқан кезде қарастырылады) тұрғысынан тексереді.

8. Егер резидент еместің Қазақстан Республикасында өкілдігі немесе филиалы болса, өтінішті қарайтын салық органы резидент еместі оның осы Кодекстің 46-бабында белгіленген талап қою мерзімі кезеңінің ішінде салықтық міндеттемелерді орындауы және Қазақстан Республикасында тұрақты мекемесінің болуы не болмауы тұрғысынан кешенді салықтық тексеру жүргізуге арналған сұрау салуды өкілдіктің немесе филиалдың орналасқан жеріндегі салық органына жіберуге міндетті.

9. Салық агенті таратылған жағдайда салық органы резидент еместің резиденттік елінің құзыретті органына салық агенті мен резидент еместің өзара қарым-қатынастары туралы ақпарат беру туралы сұрау салу жіберуге міндетті.

10. Резидент емес осы Кодекстің 219-бабында белгіленген құжаттарды табыс етпеген не салық органы шет мемлекеттің құзыретті органына немесе Қазақстан Республикасының мемлекеттік органына қажетті ақпарат беру туралы сұрау салу жіберген жағдайларда, резидент еместің өтінішін қарау мерзімі көрсетілген құжаттарды, сұратылатын ақпаратты алғанға дейін тоқтатыла тұрады.