1. Осы Кодекстің 217-бабы қолданылған жағдайда, төленген табыс салығын халықаралық шарттың негізінде бюджеттен немесе шартты банк салымынан қайтаруға арналған салықтық өтінішті тиісті салық органы мыналар:
1) жұмыстарды орындауға, қызметтер көрсетуге арналған немесе өзге де мақсаттарға арналған келісімшарттардың (шарттардың, келісімдердің) нотариаттық куәландырылған көшірмелері;
2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (2010 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді) (бұр.ред.қара)
2) резидент емес заңды тұлғаның құрылтайшыларын (қатысушыларын) және мажоритарлық акционерлерiн көрсете отырып, құрылтай құжаттарының нотариаттық куәландырылған көшiрмелерi не сауда тiзiлiмiнен (акционерлердiң тiзiлiмiнен немесе резидент емес тiркелген мемлекеттiң заңнамасында көзделген өзге де ұқсас құжаттан) үзiндi көшiрмелер;
3) алынған табыстар мен ұсталған (төленген) салықтар сомаларын растайтын бухгалтерлік құжаттардың көшірмелері;
4) резиденттік мемлекетінің құзыретті органы берген, резиденттікті растайтын құжат немесе оның нотариаттық куәландырылған көшірмесі болған кезде қабылдайды. Бұл ретте осы тараудың мақсаты үшін резидент емес резиденттік еліндегі өзінің тіркеу деректері өзгерген жағдайда, өзгертілген деректерді ескере отырып, резиденттікті растайтын құжатты немесе оның нотариаттық куәландырылған көшірмесін осы тарауда белгіленген тәртіппен қайта табыс етуге міндетті.
2. Егер резидент емес депозитарлық қолхаттардың базалық активі болып табылатын акциялар бойынша алынған табыстардан төленген табыс салығын халықаралық шарттың негізінде бюджеттен немесе шартты банк салымынан қайтаруға арналған салықтық өтінішті берсе, өтінішке мынадай құжаттар:
резидент еместің тегін, атын, әкесінің атын (ол болған кезде);
депозитарлық қолхаттардың саны мен түрі туралы ақпаратты;
резидент еместің жеке басын куәландыратын құжаттың атауын және деректемелерін (жеке тұлға үшін), резидент еместің мемлекеттік тіркелу нөмірін және күнін (заңды тұлға үшін) қамтитын «Орталық бағалы қағаздар депозитарийі» акционерлік қоғамынан алынған шоттың көшірме үзіндісі;
2) депозитарлық қолхаттардың базалық активі болып табылатын акциялар эмитентінің акционерлері жалпы жиналысының бір акция есебінен дивидендтің мөлшерін және дивидендтер алуға құқығы бар акционерлердің тізімі жасалған күнді көрсете отырып, белгілі бір кезең үшін дивидендтер төлеу туралы шешімі;
3) келіп түскен дивидендтердің сомалары бойынша валюта шотынан көшірме үзінділер;
4) осындай резидент еместің резиденттігін растайтын, осы баптың 4-тармағының талаптарына сәйкес келетін құжат қоса беріледі.
3. Егер осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілген құжаттар шет тілінде жасалса, резидент емес олардың қазақ немесе орыс тiліндегі нотариаттық куәландырылған аудармасын қоса беруге міндетті.
4. Осы тараудың ережелерін қолдану мақсатында шетелдік тұлғаның резиденттігін растайтын құжат табыс алушы шетелдік тұлғаның салық кезеңінде шетелдік тұлғаға Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған, табыс есебіне жазылған халықаралық шарттарға сәйкес салық салуға жататын Қазақстан Республикасымен халықаралық шарт жасасқан мемлекеттің резиденті болып табылатынын растайтын ресми құжат болып табылады. Мұндай құжатты табыс алушы шетелдік тұлға резиденті болып табылатын шет мемлекеттің құзыретті органы куәландырады.
Бұл ретте резидент еместің резиденттігін куәландырған органның қолы мен мөрі (резиденттікті растайтын құжат), сондай-ақ резиденттікті растайтын құжаттың нотариаттық куәландырылған көшірмесі табыс етілген жағдайда шетелдік нотариустың қолы мен мөрі Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе тараптарының бірі Қазақстан Республикасы болып табылатын халықаралық шартта белгіленген тәртіппен дипломатиялық немесе консулдық заңдастыруға жатады.
220-бап. Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған
табыстардың және ұсталған (төленген) салықтардың сомасы туралы анықтама
1. Резиденттік елінде Қазақстан Республикасында төленген салықтарды есепке жатқызуды немесе Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған табыстар шегерімін алу мақсатында резидент еместің Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған табыстардың және ұсталған (төленген) салықтардың сомасы туралы анықтаманы салық органынан алуға құқығы бар.
2. Резидент емес Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған табыстардың және ұсталған (төленген) салықтардың сомасы туралы анықтаманы алу үшін салықтық өтінішті төменде көрсетілген салық органына:
1) Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме құрмай жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлға - салық агенті орналасқан жер бойынша;
2) Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлға - тұрақты мекеме орналасқан жер бойынша;
3) шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам - салық агенті орналасқан жер бойынша;
4) Қазақстан Республикасындағы көздерден алынатын табыстардан салықтарды дербес төлейтін шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам - Қазақстан Республикасында болатын (тұрғылықты) жері бойынша табыс етуге міндетті.
2009.12.02. № 133-ІV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)
3. Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған табыстардың және ұсталған (төленген) салықтардың сомалары туралы анықтаманы салық органы мынадай күндерден неғұрлым кеш:
өтініш берілген күннен;
резидент еместің есебіне жазылған табыстарының және төлеуге жататын салықтардың сомалары көрсетілген салық есептілігінің тиісті нысанын резидент емес және (немесе) салық агенті табыс еткен күннен бастап күнтізбелік он бес күннен кешіктірмей береді.
4. Салық төлеушінің салықтық өтініші деректерінің салық төлеушінің және (немесе) салық агентінің салық есептілігі нысандарында көрсетілген деректерге сәйкес келмеуі анықталған кезде, сондай-ақ салық төлемі болмаған немесе салық агентінде салық өтініші берілген күні резидент еместердің табысынан салықты аудару бойынша салықтық берешек болған жағдайда, салық органы резидент емеске анықтама беруден жазбаша бас тартуды жібереді.
5. Резидент емес салық органына салықтық өтінішті табыс етпеген жағдайда, Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған табыстардың және ұсталған (төленген) салықтардың сомасы туралы анықтама берілмейді.
6. Салық органы уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша анықтамаларды тіркеу журналын жүргізуге міндетті.
27-тарау. РЕЗИДЕНТТЕРДІҢ СЫРТҚЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТТЕН ТҮСЕТІН ТАБЫСТАРЫНА САЛЫҚ САЛУДЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
221-бап. Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі көздерден алынған табыстар
1. Осы Кодекстің мақсаты үшін Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі көздерден алынған табыстар деп төленген жеріне қарамастан, Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған табыстар болып табылмайтын барлық табыс түрлері танылады.
2. Резидент - салық төлеуші Қазақстан Республикасындағы салық декларациясында Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі көздерден алынған, оның ішінде салық салуда жеңілдігі бар мемлекеттердегі көздерден алынған табыстарды көрсетуге міндетті.
2011.21.07. № 467-ІV ҚР Заңымен 221-1-баппен толықтырылды (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
221-1-бап. Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі көздерден алынған мүлікті өткізуден түсетін табысты айқындау тәртібі
1. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі көздерден алынған мүлікті өткізу кезінде түсетін табыс мүлікті өткізу құны болып табылады.
2. Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі көздерден алынған мүлікті өткізу кезінде түсетін табыс мынадай мүлікті:
1) Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі мүлікке құқық немесе ол бойынша мәмілелер шет мемлекеттің құзыретті органында шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес мемлекеттік тіркелуге жататын;
2) Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі, шет мемлекеттің құзыретті органында шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес мемлекеттік тіркелуге жататын мүлікті өткізу кезінде мүлікті өткізу құны мен оны сатып алу құны арасындағы оң айырма ретінде айқындалады.
3. Борыштық бағалы қағаздарды қоспағанда, Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі көздерден алынған бағалы қағаздарды өткізу кезінде түсетін табыс өткізу құны мен сатып алу құны арасындағы оң айырма ретінде айқындалады.
4. Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі көздерден алынған борыштық бағалы қағаздарды өткізу кезінде түсетін табыс өткізу күнгі дисконт амортизациясы және (немесе) сыйлықақы ескеріле отырып, купон есепке алынбаған өткізу құны мен сатып алу құны арасындағы оң айырма ретінде айқындалады.
5. Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі көздерден алынған қатысу үлесін өткізу кезінде түсетін табыс өткізу құны мен оны сатып алу (салым) құны арасындағы оң айырма ретінде айқындалады.
6. Осы баптың 2-тармағының ережесі мынадай жағдайларда:
1) жылжымайтын мүлік жеңілдікті салық салынатын мемлекеттің аумағында болса;
2) жылжымалы мүлікке құқықтар немесе жылжымалы мүлік бойынша мәмілелер жеңілдікті салық салынатын мемлекеттің құзыретті органында тіркелген болса, қолданылмайды.
7. Осы баптың 3, 4 және 5-тармақтарының ережелері, егер осы баптың 3, 4 және 5-тармақтарында көзделген табыстар жеңілдікті салық салынатын мемлекеттегі көздерден алынса, қолданылмайды.
8. Осы баптың 2, 3, 4 және 5-тармақтарының ережелері:
1) мүлікті сатып алу құнын (салым құнын);
2) мүлікті өткізу құнын;
3) мүлікті және (немесе) мүлікке меншік құқығын және (немесе) мүлік бойынша мәмілені шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес шет мемлекеттің құзыретті органының тіркегенін растайтын құжаттар негізінде қолданылады.
222-бап. Резидент - заңды тұлғаның Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде табыстар алуымен байланысты шығыстарын шегерімге жатқызу тәртібі
1. Резидент - салық төлеуші табыс, оның ішінде Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі көздерден табыс алумен байланысты шығыстарды осы Кодекстің 4 және 6-бөлімдерінің ережелерінде белгіленген тәртіппен шегерімге жатқызады.
2. Резидент - салық төлеуші өзінің шет мемлекетте орналасқан тұрақты мекемесіне Қазақстан Республикасында да, одан тысқары жерлерде де шеккен, тұрақты мекеме арқылы Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі көздерден табыс алумен байланысты шығыстарды осындай шет мемлекеттің салық заңнамасының ережелеріне сәйкес шегерімге жатқызады.
3. Резидент - заңды тұлғаның шет мемлекеттегі тұрақты мекемесінің салық салынатын табысын айқындау кезінде мұндай шет мемлекеттің салық заңнамасының немесе халықаралық шарттың ережелеріне сәйкес осындай салық салынатын табысты алу мақсатында Қазақстан Республикасында да, одан тысқары жерлерде де шеккен басқару және жалпыәкімшілік шығыстарды шегерім жасауға жол беріледі.
4. Басқару және жалпыәкімшілік шығыстардың сомасы резидент - заңды тұлға сондағы көздерден табыс алған шет мемлекетте осындай шет мемлекеттің салық заңнамасында көзделген тәртіппен шегерімге жатады.
Егер резидент - заңды тұлға сондағы көздерден табыс алған шет мемлекеттің салық заңнамасында немесе халықаралық шартта басқару және жалпыәкімшілік шығыстарды шегерім жасауға жол берілсе, бірақ бұл ретте шет мемлекеттің салық заңнамасында мұндай шығыстарды шегерімге жатқызудың тәртібі көзделмеген болса, резидент - салық төлеуші көрсетілген шет мемлекеттегі басқару және жалпыәкімшілік шығыстарды осы Кодекстің 208 - 211-баптарында көзделген тәртіппен шегерімге жатқызады.
223-бап. Шетелдік салықты есепке жатқызу
2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2010 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді) (бұр.ред.қара)
1. Табыстарға салынатын, Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде төленген салықтардың немесе резидент - салық төлеушінің Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі көздерден алған табыстарынан табыс салығының бірдей түрінің сомасы Қазақстан Республикасында корпоративтік немесе жеке табыс салығын төлеу кезінде салықтың төленгенін растайтын құжат болған кезде есепке жатқызылады.
Мұндай құжат шет мемлекеттің салық органы берген және куәландырған, шет мемлекеттегі көздерден алынған табыстардың және төленген салықтардың сомалары туралы анықтама болып табылады.
2. Шетелдік салықты есепке жатқызу Қазақстан Республикасында резидент - салық төлеушінің Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі көздерден алған:
1) осы Кодекстің ережелеріне сәйкес салық салудан босатылған;
2) осы Кодекстің 99-бабына сәйкес түзетуге жататын;
3) шет мемлекетте артық төленген салық сомасы шегінде шет мемлекеттегі осындай табыстардан салықтарды төлеу және (немесе) ұстау фактісіне қарамастан, халықаралық шарттың ережелеріне сәйкес Қазақстан Республикасында салық салуға жататын табыстарынан берілмейді. Бұл ретте салықтың артық төленген сомасы салықтың іс жүзінде төленген сомасы мен халықаралық шарттың ережелеріне сәйкес шет мемлекетте төлеуге жататын салық сомасының арасындағы айырма ретінде айқындалады.
3. Осы бапта көзделген есепке жатқызылатын сомалардың мөлшері әрбір шет мемлекет бойынша жеке айқындалады.
Бұл ретте, салықтың есепке жатқызылатын сомасының мөлшері мынадай сомалардың:
1) резидент - салық төлеушінің Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі көздерден алған табыстарынан салықтың шет мемлекетте іс жүзінде төленген сомасының;
2) Қазақстан Республикасында осы Кодекстің осы тарауының және 4 немесе 6-бөлімдерінің ережелеріне, сондай-ақ халықаралық шарт ережелеріне сәйкес есептелген, Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі көздерден алынған табыстардан табыс салығы сомасының ең төменін білдіреді.
Салық төлеуші осы Кодекстің 46-бабында белгіленген талап қою мерзімі ішінде көрсетілген табыс алынуға жататын салық кезеңінде Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі көздерден алынған табыстардан шетелдік табыс салығын есепке жатқызуды жүргізеді.
4. Шет мемлекеттегі көздерден алынған табыстардан осы мемлекетте төленген табыс салығын есепке жатқызудың жалпы сомасын айқындау үшін резидент корпоративтік немесе жеке табыс салығы бойынша декларацияға тиісті қосымшаны толтырады.
5. Салық төлеуші шет мемлекеттегі көздерден алған табыстарының және төлеген салықтарының сомалары туралы анықтамаға оның нотариаттық куәландырылған қазақ немесе орыс тiліндегі аудармасын қоса беруге міндетті.
224-бап. Жеңілдікті салық салынатын мемлекетте алынған табыс
2011.21.07. № 467-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Мынадай шарттарға бір уақытта сәйкес келетін:
1) жеңілдікті салық салынатын мемлекетте тіркелген;
2) жарғылық капиталының немесе дауыс беретін акцияларының 10 және одан да көп пайызы тiкелей немесе жанама түрде Қазақстан Республикасының резидентіне тиесілі болатын резидент емес заңды тұлға жеңілдікті салық салынатын мемлекетте орналасқан және (немесе) тіркелген резидент емес болып табылады.
Жеңілдікті салық салынатын мемлекетте (мемлекеттерде) орналасқан және (немесе) тіркелген резидент еместердің табысының бір бөлігі салық салынатын табысына қосылуға жатады, ал салық салынатын табыс болмаған жағдайда, осындай резидент еместердің жарғылық капиталының немесе дауыс беретін акцияларының 10 және одан да көп пайызы тiкелей немесе жанама түрде тиесілі Қазақстан Республикасы резидентінің залалын азайтады.
Осы тармақтың ережелері қатысу үлесі тікелей немесе жанама түрде 10 және одан да көп пайызды құрайтын заңды тұлғаны құрмайтын, кәсіпкерлік қызметті ұйымдастырудың басқа нысандарына резиденттің қатысуына да қолданылады.
Осы тармақтың ережелері резиденттің жеңілдікті салық салынатын мемлекетте орналасқан және (немесе) тіркелген резидент еместің жарғылық капиталына жанама түрде қатысуына және (немесе) резиденттің басқа резидент арқылы жүзеге асырылатын осындай резидент еместің дауыс беретін акцияларына жанама түрде иелік етуіне қолданылмайды.
Жеңілдікті салық салынатын мемлекетте орналасқан және (немесе) тіркелген резидент еместердің салық салынатын табысына қосуға жататын табысының, ал салық салынатын табысы болмаған жағдайда, Қазақстан Республикасы резидентінің залалын азайтатын бір бөлігі резиденттің осындай резидент емес заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысу үлесін және (немесе) дауыс беретін акцияларына иелік ету үлесін (бұдан әрі - шоғырландырылатын пайда) ескере отырып, мынадай формула бойынша айқындалады:
П =П1 х Ү1 + П2 х Ү2 +…+ Пn х Үn,
мұнда:
П - шоғырландырылатын пайда;
П1, П2, Пn - жеңілдікті салық салынатын мемлекетте орналасқан және (немесе) тіркелген әрбір резидент еместің жеке қаржылық есептілігінде танылған салық салу кезеңінен кейінгі есепті кезең пайдасының сомасы;
Ү1, Ү2, Үn - резиденттің жеңілдікті салық салынатын мемлекетте орналасқан және (немесе) тіркелген әрбір резидент еместің жарғылық капиталына резиденттің тікелей немесе жанама түрде қатысу үлесі немесе резиденттің осындай резидент еместің дауыс беретін акцияларына тікелей немесе жанама түрде иелік ету үлесі.
Осы баптың мақсатында ұзақтығы осы Кодекстің 148-бабына сәйкес айқындалатын есепті салық кезеңінің ұзақтығына сәйкес келетін кезең есепті кезең болып танылады.
Жеңілдікті салық салынатын мемлекетте және Қазақстан Республикасында ұзақтық немесе есепті кезең мен осы Кодекстің 148-бабына сәйкес айқындалатын есепті салық кезеңінің басталатын және аяқталатын күндері сәйкес келмеген жағдайда, салық төлеуші түзету коэффициенттерін (К1, К2) қолдану арқылы табыстың мөлшерін былайша түзетуге міндетті:
П1, П2, Пn = Пу х К1 + Пу+1 х К2,
К1 = СК (СР)1
СК (СР)3,
К2 = СК (СР)2
СК (СР)3,
мұнда:
П1, П2, Пn - жеңілдікті салық салынатын мемлекетте орналасқан және (немесе) тіркелген әрбір резидент еместің жеке қаржылық есептілігінде танылған салық салу кезеңінен кейінгі есепті кезең пайдасының сомасы;
СК (СР)1 - Қазақстан Республикасында есепті салық кезеңінің шеңберіне кіретін, жеңілдікті салық салынатын мемлекетте бір есепті кезеңдегі айдың саны;
СК (СР)2 - Қазақстан Республикасында есепті салық кезеңінің шеңберіне кіретін, жеңілдікті салық салынатын мемлекетте кезекті есепті кезеңдегі айдың саны;
СК (СР)3 - жеңілдікті салық салынатын мемлекетте есепті кезеңдегі айдың жалпы саны;
Ту - жеңілдікті салық салынатын мемлекетте орналасқан және (немесе) тіркелген резидент еместің осындай мемлекетте бір есепті кезең үшін салық салынғаннан кейін табысының бір бөлігі Қазақстан Республикасында есепті салық кезеңіне қосылатын сомасы;
Ту+1 - жеңілдікті салық салынатын мемлекетте орналасқан және (немесе) тіркелген резидент еместің осындай мемлекетте басқа есепті кезең үшін салық салынғаннан кейін бір бөлігі Қазақстан Республикасында есепті салық кезеңіне қосылатын табысының сомасы.
Осы баптың мақсатында резиденттің жеңілдікті салық салынатын мемлекетте орналасқан және (немесе) тіркелген резидент еместің жарғылық капиталына жанама түрде қатысу немесе дауыс беретін акцияларына жанама түрде иелік ету үлесі (бұдан әрі - жанама түрде қатысу немесе иелік ету үлесі) мынадай формула бойынша айқындалады:
Х = Х1 * Х2*…*Хn * 100;
мұнда:
Х - жанама түрде қатысу немесе иелік ету үлесі, пайызбен;
Х1 - резиденттің жеңілдікті салық салынатын мемлекетте орналасқан және (немесе) тіркелген резидент еместің жарғылық капиталына тікелей түрде қатысу немесе резиденттің осындай резидент еместің акцияларына тікелей түрде иелік ету коэффициенті;
X2,…, Хn - жеңілдікті салық салынатын мемлекетте орналасқан және (немесе) тіркелген әрбір резидент еместің жеңілдікті салық салынатын мемлекетте орналасқан және (немесе) тіркелген басқа резидент еместің жарғылық капиталына тікелей түрде қатысу немесе жеңілдікті салық салынатын мемлекетте орналасқан және (немесе) тіркелген әрбір резидент еместің жеңілдікті салық салынатын мемлекетте орналасқан және (немесе) тіркелген басқа резидент еместің акцияларына тікелей түрде иелік ету коэффициенті.
2011.21.07. № 467-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Жеңілдікті салық салынатын мемлекетте орналасқан және (немесе) тіркелген әрбір резидент еместің салық салынғаннан кейінгі есепті кезеңнің пайда сомасы осындай резидент еместің жеке қаржылық есептілігімен расталуға тиіс, оның бір бөлігі Қазақстан Республикасында резиденттің салық салынатын табысына енгізілуі тиіс, ал салық салынатын табыс болмаған жағдайда оның залалын азайтатын пайда бөлігіне осы баптың 1-тармағына сәйкес айқындау кезінде есептеледі.
Жеңілдікті салық салынатын мемлекетте орналасқан және (немесе) тіркелген әрбір резидент еместің пайдасын оның жеке қаржы есептілігінің деректері бойынша осы баптың ережесін қолдану мақсатында Қазақстан Республикасының резиденті осындай есептілік жасалған есепті кезең үшін валюта айырбасының орташа арифметикалық нарықтық бағамын қолдана отырып, теңгемен қайта есептейді.
3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген резидент өзі орналасқан (тұрғылықты) жердегі салық органына есепті салық кезеңінен кейінгі жылдың 31 желтоқсанынан кешіктірмей, нотариаттық куәландырылған қазақ немесе орыс тiліндегі аудармасын қоса бере отырып, мынадай құжаттардың:
1) резиденттің шоғырландырылған қаржылық есептілігінің (егер салық төлеуші еншілес ұйымы бар заңды тұлға болып табылса);
2) осы баптың 1-тармағында көрсетілген резидент емес - заңды тұлғаның қаржылық есептілігінің;
3) жеңілдікті салық салынатын мемлекеттерде орналасқан еншілес ұйымдар бойынша ақпараттардың мәнін аша отырып (егер резидент емес - заңды тұлғаның еншілес ұйымы болған жағдайда), резидент емес - заңды тұлғаның шоғырландырылған қаржылық есептілігінің;
4) егер жоғарыда аталған тұлғалар үшін Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің заңнамалық актілерінде міндетті түрде аудит жүргізу белгіленген жағдайда, осы тармақта көрсетілген құжаттарға аудиторлық есептің көшірмелерін табыс етуге міндетті.
2010.30.06. № 297-ІV ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2010 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Егер шет мемлекет мынадай талаптардың біріне жауап берген жағдайда:
2010.30.06. № 297-ІV ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (2010 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) мұндай мемлекетте табыс салығының ставкасы 10 проценттен аз мөлшерді құраса;
2010.30.06. № 297-ІV ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (2010 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) мұндай мемлекетте қаржы ақпаратының құпиялылығы туралы заңдар немесе мүліктің, табыстың нақты иесі немесе компанияның нақты иелері, құрылтайшылары, акционерлері туралы құпияны сақтауға мүмкіндік беретін заңдар болса, ол салық салуда жеңілдігі бар мемлекет деп танылады. Осы тармақшаның ережелері Қазақстан Республикасы құзыретті органдар арасында ақпарат алмасу туралы ережелерді көздейтін халықаралық шарттар жасасқан мемлекеттерге қатысты қолданылмайды, уәкілетті орган шет мемлекеттің құзыретті органынан аталған халықаралық шартта алмасу көзделген мәліметтерді беруден жазбаша бас тартуды алған немесе шет мемлекеттің құзыретті органы мұндай мәліметтерді уәкілетті орган тиісті сауалды жібергеннен кейін екі жылдан астам уақыт ішінде бермеген жағдайлар бұған кірмейді.
Салық салуда жеңілдігі бар мемлекеттердің тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
5. Осы баптың мақсатында шет мемлекеттің әкімшілік-аумақтық бірлігі де, егер ол мынадай талаптардың біріне жауап берген жағдайда:
1) мұндай әкімшілік-аумақтық бірлікте мемлекет резидент емес - заңды тұлғаға іс жүзінде қолданатын табыс салығының ставкасы 10 проценттен аспайтын мөлшерді құраса;
2) мұндай әкімшілік-аумақтық бірлікте қаржы ақпаратының құпиялылығы туралы заңдар немесе мүліктің, табыстың нақты иесі немесе компанияның нақты иелері, құрылтайшылары, акционерлері туралы құпияны сақтауға мүмкіндік беретін заңдар болса, салық салуда жеңілдігі бар мемлекет деп танылады.
6. Осы баптың ережелері Қазақстан Республикасы резидентке берген және (немесе) резидент үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жеңілдіктерге, инвестициялық салық преференцияларына, барынша қолайлылық режиміне, сондай-ақ осы Кодексте көзделгендерден неғұрлым қолайлырақ өзге де салық салу шарттарына қарамастан қолданылады.
225-бап. Резиденттің халықаралық шартты шет мемлекетте қолдану тәртібі
1. Резидент Қазақстан Республикасы халықаралық шарт жасасқан шет мемлекеттегі көздерден табыстар алған жағдайда, тиісті халықаралық шарттың талаптарын орындаған кезде резидент шет мемлекетте мұндай табыстарға салық салудан босатылу немесе төмендетілген салық ставкасын қолдану мақсатында көрсетілген мемлекетте осындай халықаралық шарттың ережелерін қолдануға құқылы.
2. Халықаралық шарттың ережелері осы Кодекстің 206-бабында белгіленген талаптар орындалған кезде резиденттің Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі көздерден алатын табыстарына қолданылады.