«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 26 желтоқсандағы № 518-ІV Кодексі (2026.12.07. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)

Предыдущая страница

 

278-бап. Кәмелетке толған балалардың, сондай-ақ отбасының басқа да мүшелерінің алименттік міндеттемелері

Ата-аналардың пайдасына алименттік міндеттемелер, сондай-ақ отбасының басқа да мүшелерінің алименттік міндеттемелері аумағында олардың бірге тұратын тұрғылықты жері бар мемлекеттің заңнамасымен айқындалады. Бірге тұратын тұрғылықты жері болмаған кезде мұндай міндеттемелер алимент алуға құқығы бар адам азаматы болып табылатын мемлекеттің заңнамасымен айқындалады.

 

279-бап. Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу

2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

1. Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрақты немесе уақытша тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына қатысты азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуді Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерi жүргізеді және олар жасаған акт жазбалары Қазақстан Республикасы астанасының тіркеуші органына беріледі.

2. Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерiнде азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу кезінде, егер мүдделі адамдар Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылса, Қазақстан Республикасының заңнамасы қолданылады.

 

2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 280-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)

280-бап. Азаматтық хал актілерінің жасалуын растайтын шет мемлекеттердің құжаттарын тану

Қазақстан Республикасының азаматтарына, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға қатысты тиісті мемлекеттердің заңдары бойынша шет мемлекеттердің құзыретті органдары берген Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде азаматтық хал актілерінің жасалғанын растайтын құжаттар, егер олар Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмесе, сондай-ақ консулдық ресмилендірілген не арнайы мөртаңба (апостиль) болған кезде Қазақстан Республикасында жарамды деп танылады. Азаматтық хал актілерінің цифрлық жүйесінде мемлекеттік тіркелуге жататын туу туралы акт жазбасын қоспағанда, мүдделі адамдардың өтініші бойынша тіркеуші орган немесе Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемесі азаматтық хал актілерінің цифрлық жүйесінде Қазақстан Республикасының шегінен тыс жердегі азаматтық хал актісін тіркеу туралы белгі қояды.

Қазақстан Республикасының құзыретті органдары босқындар мен мәжбүрлеп қоныс аударушыларға бұрынғы тұрған жері бойынша неке қию (ерлі-зайыпты болу), туу туралы куәліктерді және азаматтық хал актілерінің басқа да құжаттарын алуға жәрдем көрсетуге міндетті.

 

 

33-тарау. Қорытынды және өтпелі ережелер

 

281-бап. Қазақстан Республикасының неке-отбасы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

Қазақстан Республикасының неке-отбасы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.

 

2016.09.04. № 501-V ҚР Заңымен 282-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

282-бап. Осы Кодексті қолдану тәртібі

1. Осы Кодекс оны қолданысқа енгізгеннен кейін туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.

2. Осы Кодекстің 112-бабы 2-тармағының 8), 9) және 10) тармақшаларының ережелері қолданысқа енгізілген күнге дейін Қазақстан Республикасының аумағында аккредиттеуді алған бала асырап алу жөніндегі агенттіктер көрсетілген тармақшалардың ережелері қолданысқа енгізілген күннен бастап бір жыл ішінде Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілетті органына тиісті міндеттемелер ұсынуға міндетті.

3. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген мерзім өткен соң осы Кодекстің 112-бабының 2-тармағы 8), 9) және 10) тармақшаларының ережелеріне сәйкес міндеттемелер ұсынбаған бала асырап алу жөніндегі агенттіктер Қазақстан Республикасының аумағында өз қызметін тоқтатады.

 

283-бап. Осы Кодексті қолданысқа енгізу тәртібі

1. Осы Кодекс алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

2. «Неке және отбасы туралы» 1998 жылғы 17 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1998 ж., № 23, 430-құжат; 2001 ж., № 24, 338-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2006 ж., № 1, 5-құжат; 2007 ж., № 3, 20-құжат; № 9, 67-құжат; № 20, 152-құжат; 2011 ж., № 6, 49-құжат) күші жойылды деп танылсын.

 

 

Қазақстан Республикасының

Президенті

 

Н. НАЗАРБАЕВ

 

Астана, Ақорда, 2011 жылғы желтоқсанның 26-ы.

№ 518-ІV