«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 26 желтоқсандағы № 518-ІV Кодексі (2025.16.09. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)

Предыдущая страница

4) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.

2. Жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды Қазақстан Республикасы азаматтарының отбасыларына орналастыруға жәрдем көрсету жөніндегі ұйым Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

1) бала асырап алу құпиясын сақтауға;

2) Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын, жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды өз отбасына тәрбиелеуге қабылдауға тілек білдірген Қазақстан Республикасының азаматтарын писхологиялық даярлауды жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды Қазақстан Республикасы азаматтарының отбасыларына орналастыруға жәрдем көрсету жөніндегі ұйымның қаражаты есебінен жүзеге асыруға;

3) Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын, жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды өз отбасына тәрбиелеуге қабылдауға тілек білдірген және қабылдаған азаматтарға құқықтық көмек көрсетуге, психологиялық және психологиялық-педагогикалық консультация беруге;

4) жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды Қазақстан Республикасы азаматтарының отбасыларына орналастыруға жәрдем көрсету жөніндегі ұйым отбасыға тәрбиелеуге орналастырған баланың қайтыс болу, оған қатыгездікпен қарау, оның ішінде балаға физикалық немесе психологиялық зорлық-зомбылықты жасау, сондай-ақ баланың жыныстық тиіспеушілігіне қол сұғу фактісі анықталған кезден бастап жиырма төрт сағат ішінде Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органына және Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына хабарлауға;

5) Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органына өзінің қызметі туралы тоқсан сайынғы есепті ұсынуға;

6) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге міндеттерді сақтауға міндетті.

 

 

2016.09.04. № 501-V ҚР Заңымен 4-бөлімнің тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2024.30.12. № 148-VIII ҚР Заңымен 4-бөлімнің тақырыбы өзгертілді (2025 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

4-бөлім. Қорғаншылық немесе қамқоршылық, Республикалық деректер банкі, баланы ҚАБЫЛДАЙТЫН, БАЛАНЫ ҚАБЫЛДАЙТЫН КӘСІБИ ЖӘНЕ бала қонақтайтын отбасылар

 

15-тарау. Жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды анықтау және орналастыру

 

115-бап. Жетім балалардың, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау

1. Жетім балалардың, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органына және өз өкілеттіктері шегінде басқа да мемлекеттік органдарға, сондай-ақ осы балалардың заңды өкілдеріне жүктеледі.

2. Ата-аналарының қамқорлығынсыз қалудың нақты мән-жайларын негiзге ала отырып, жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды есепке алу жөніндегі қызметті ұйымдастыру, балаларды орналастырудың нысандарын таңдау, сондай-ақ оларды күтіп-бағу, тәрбиелеу және оқыту жағдайларын одан әрi бақылау жергілікті атқарушы органдарға жүктеледі.

2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

3. Мемлекеттік органдардың өз құзыреті шегіндегі қызметін қоспағанда, жеке және заңды тұлғалардың жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды іріктеу, орналастыру, беру жөнiндегi қызметі бойынша делдалдық және кез келген өзге де қызметке тыйым салынады.

Қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдардың және жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды анықтау және орналастыру бойынша өздеріне жүктелген міндеттерді, балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды орындайтын басқа да ұйымдардың қызметі, сондай-ақ агенттіктердің және жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды Қазақстан Республикасы азаматтарының отбасыларына орналастыруға жәрдем көрсету жөніндегі ұйымдардың осы Кодексте көзделген қызметі бала асырап алу жөніндегі делдалдық қызмет болып табылмайды.

Осы бапта аталған жеке және заңды тұлғалар өз қызметінде коммерциялық мақсаттарды көздей алмайды.

 

2015.19.05. № 315-V ҚР Заңымен 116-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

116-бап. Жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау нысандары

2016.09.04. № 501-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2024.30.12. № 148-VIII ҚР Заңымен (2025 ж. 11 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2024.30.12. № 148-VIII ҚР Заңымен (2025 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді

1. Жетім балалардың, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау оларды отбасына тәрбиелеуге (асырап алуға, қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа, патронатқа, баланы қабылдайтын отбасына, баланы қабылдайтын кәсіби отбасына) беру арқылы жүзеге асырылады, ал мұндай мүмкіндік болмаған кезде — жетім балаларға, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған барлық типтегі ұйымдарға беру арқылы жүзеге асырылады.

Жетім балалардың, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың туыстары оларды тәрбиелеуге басым құқықты иеленеді.

2. Жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, отбасына тәрбиелеуге (асырап алуға, қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа, патронатқа) берілген балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету «Ең төмен әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдіктері туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес отбасы және балалар саласындағы ең төмен әлеуметтік стандарт болып табылады.

 

117-бап. Жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды анықтау және есепке алу

1. Жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды анықтауды ата-ананың қамқорлығының болмауы туралы өздеріне белгілі болған барлық жеке және заңды тұлғалар жүзеге асырады.

2025.14.07. № 206-VIII ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2025 ж. 26 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

2. Жеке және заңды тұлғалар жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар туралы олардың тұратын жері бойынша қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдарды кешіктірмей хабардар етуге міндетті.

Қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдар жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар туралы мəліметтер келіп түскен кезде оларды анықталған жері бойынша стационарлық жағдайларда медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарына үш тəулікке дейінгі мерзімге орналастыруды қамтамасыз етеді.

2024.05.07. № 111-VІІІ ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2024 ж. 5 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

3. Медициналық ұйымдардың және бала құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдардың лауазымды адамдары жаңа туған бала тастап кетілген, жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар келіп түскен және жеткізілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде бұл туралы тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органына және прокуратурасына хабарлауға міндетті.

2024.30.12. № 148-VIII ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (2025 ж. 11 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

4. Қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган ата-аналарының немесе өзге де заңды өкілдерінің тарапынан қамқорлықтың болмау фактісі анықталған кезде мәліметтер келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде баланың тұрмыс жағдайын зерттеп-қарауды жүргізуге және баланы орналастыру туралы мәселе шешілгенге дейін оның құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге міндетті.

2016.09.04. № 501-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2024.30.12. № 148-VIII ҚР Заңымен (2025 ж. 11 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 5-тармақ жаңа редакцияда

5. Қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар туралы мәліметтерді Республикалық деректер банкіне (бастапқы, орталықтандырылған есепке алу) енгізеді және оларды отбасына (асырап алу, қорғаншылық немесе қамқоршылық, патронат, баланы қабылдайтын отбасы) орналастыруды қамтамасыз етеді.

Жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды есепке алуды ұйымдастыру және олар туралы ақпаратқа қол жеткізу тәртібін Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы айқындайды.

6. 2024.30.12. № 148-VIII ҚР Заңымен алып тасталды (2025 ж. 11 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

 

118-бап. Жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды орналастыру

2016.09.04. № 501-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2024.30.12. № 148-VIII ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2025 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

1. Асырап алуға, қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа отбасына тәрбиелеуге немесе баланы қабылдайтын, баланы қабылдайтын кәсіби немесе қонақтайтын отбасына беру туралы шарт бойынша патронаттық тәрбиелеуге берілген, ал мұндай мүмкіндік болмаған кезде — барлық типтегі ұйымдарға (білім беру, медициналық және басқалар) берілген жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды орналастырған кезде баланың мүддесінде оның ұлты, белгілі бір дінді және мәдениетті ұстанатыны, ана тілі, тәрбиелеу мен оқытуда сабақтастықты қамтамасыз ету мүмкіндігі ескерілуі мүмкін.

2. Жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар, отбасы тәрбиесіне немесе осы баптың 1-тармағында көрсетілген ұйымдарға орналастырылғанға дейін балаларға қорғаншылық немесе қамқоршылық міндеттерін атқару баланың тұрған жері бойынша уақытша қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдарға жүктеледі.

 

2016.09.04. № 501-V ҚР Заңымен Кодекс 15-1-тараумен толықтырылды (2017 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)

15-1-тарау. РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ДЕРЕКТЕР БАНКІ

 

118-1-бап. Республикалық деректер банкін қалыптастыруға және пайдалануға қойылатын талаптар

1. Жетім балалардың, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың орналасқан жері бойынша аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдары және Қазақстан Республикасының баланың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы республикалық деректер банкін қалыптастырады.

2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

2. Республикалық деректер банкінде қамтылатын мәліметтер мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстар болып табылады.

Аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдары және Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарды қорғау жөнінде шаралар қабылдауға міндетті.

 

118-2-бап. Республикалық деректер банкін қалыптастыру

1. Республикалық деректер банкін қалыптастыру және пайдалану тәртібін Қазақстан Республикасының баланың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы айқындайды.

2. Республикалық деректер банкін қалыптастыру үшін ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар туралы мәліметтерді міндетті тәртіппен ұсынатын, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдар осындай мәліметтерді пайдалануға өз құқықтарын жоғалтпайды.

Ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар туралы мәліметтерді ұсыну қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдарды мұндай балаларды Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының отбасыларына тәрбиелеуге орналастыру немесе орналастыруды ұйымдастыру жөніндегі міндеттен босатпайды.

3. Жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды өз отбасына тәрбиелеуге қабылдауға тілек білдірген адам жетім балалардың, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың орналасқан жері бойынша аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдарына немесе кейіннен тіркеу үшін Республикалық деректер банкіне өзі туралы мәлімет береді.

Жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды өз отбасына тәрбиелеуге қабылдауға тілек білдірген адам мұны олардың тұратын жеріне қарамастан, кез келген облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағында жүзеге асыруға құқылы.

 

118-3-бап. Жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар туралы құпия ақпаратқа қол жеткізу

1. Балаларды өз отбасына тәрбиелеуге қабылдауға тілек білдірген адамдардың жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар туралы құпия ақпаратқа қол жеткізуі олар Республикалық деректер банкінде тіркелген және Республикалық деректер банкінің мәліметтерін жария етпеу туралы міндеттемелерді қабылдаған жағдайда жүзеге асырылады.

2. Жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар туралы құпия ақпаратты жетім балалардың, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұратын жері бойынша аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органы және Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар туралы туынды ақпаратты жасау үшін пайдалана алады.

Жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар туралы туынды ақпаратты коммерциялық мақсаттарда пайдалануға жол берілмейді.

Жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар туралы туынды ақпаратқа Республикалық деректер банкінде қамтылған, жынысы жөніндегі, жасы, денсаулық жағдайы, мінезінің ерекшеліктері, ата-ана қамқорлығының болмау себептері, аға-інілері мен апа-сіңлілерінің (қарындастарының), кәмелетке толған туыстарының бар-жоғы, сондай-ақ отбасыларға тәрбиелеуге орналастырудың ықтимал нысандары туралы ақпарат және балалардың фотосуреттері жатқызылады.

 

118-4-бап. Жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар және балаларды өз отбасына тәрбиелеуге қабылдауға тілек білдірген адамдар туралы мәліметтерді Республикалық деректер банкінде есепке алуды тоқтату

1. Ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған бала туралы мәліметтерді Республикалық деректер банкінде есепке алуды тоқтатуға:

ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған баланы отбасына тәрбиелеуге орналастыру;

ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған баланы оның ата-аналарына немесе ата-анасына қайтару;

ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған баланың кәмелетке толуы немесе мұндай баланың өзі кәмелетке толғанға дейін толық әрекетке қабілеттілікке ие болуы;

ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған баланың қайтыс болуы;

баланың сот тәртібімен хабар-ошарсыз кеткен деп танылуы, қайтыс болған деп жариялануы негіздер болып табылады.

2. Баланы өз отбасына тәрбиелеуге қабылдауға тілек білдірген адам туралы мәліметтерді Республикалық деректер банкінде есепке алуды тоқтатуға:

адамның баланы өз отбасына тәрбиелеуге қабылдауы;

баланы өз отбасына тәрбиелеуге қабылдауға тілек білдірген адамның ол туралы мәліметтерді Республикалық деректер банкінде есепке алуды тоқтату туралы жазбаша нысандағы өтініші;

адамға баланы өз отбасына тәрбиелеуге қабылдау мүмкіндігін берген мән-жайлардың өзгеруі;

баланы өз отбасына тәрбиелеуге қабылдауға тілек білдірген адамның қайтыс болуы негіздер болып табылады.

 

118-5-бап. Республикалық деректер банкіне жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар туралы мәліметтерді ұсыну тәртібі мен мерзімдерін бұзғаны және оларды жария еткені үшін жауаптылық

Республикалық деректер банкіне жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар туралы мәліметтерді ұсыну тәртібі мен мерзімдерін бұзғаны және оларды жария еткені үшін кінәлі адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.

 

 

16-тарау. Қорғаншылықты немесе қамқоршылықты белгілеу тәртібі

 

119-бап. Қорғаншылық немесе қамқоршылық белгіленетін адамдар

1. Жетім балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды күтіп-бағу, тәрбиелеу және оқыту мақсатында, сондай-ақ олардың мүлiктiк және жеке мүлiктiк емес құқықтары мен мүдделерiн қорғау үшiн оларға қорғаншылық немесе қамқоршылық белгiленедi.

2. Сондай-ақ, әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулі кәмелетке толған адамдардың мүлiктiк және жеке мүлiктiк емес құқықтары мен мүдделерiн қорғау үшiн қорғаншылық немесе қамқоршылық белгiленедi.

3. Бұл мән-жайлар балалардың мүдделеріне сай келетін жағдайларды қоспағанда, бір отбасында тәрбиеленген бірге туған ағалы-інілер мен апалы-сіңлілерді әртүрлі адамдардың қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа алуына жол берілмейді.

 

120-бап. Мемлекеттің қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функциялары

1. Мемлекет кәмелетке толмағандарға және әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеті шектеулі кәмелетке толған адамдарға қатысты қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі өз функцияларын жергілікті атқарушы органдар арқылы жүзеге асырады.

2013.13.06. № 102-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)

2. Мемлекеттік органдардың және ұйымдардың кәмелетке толмағандарға қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі қызметін үйлестіруді және өзара іс-қимылын ұйымдастыруды Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы жүзеге асырады.

2024.30.12. № 148-VIII ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2025 ж. 11 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

3. Мемлекеттің қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функциялары Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.

Кәмелетке толмағандарға қатысты қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган мамандарының штат санының нормативі аудандағы, облыстық маңызы бар қаладағы, республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы балалар саны негізге алына отырып, бес мың балаға кемінде бір маман арақатынасында айқындалады.

 

121-бап. Қорғаншылықты немесе қамқоршылықты белгілеу

1. Қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдар қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа мұқтаж адамның тұрғылықты жерi бойынша не қамқорлыққа жататын мүліктің орналасқан жері бойынша қорғаншылық немесе қамқоршылық белгiлейдi. Жекелеген жағдайларда қорғаншылық немесе қамқоршылық қорғаншының немесе қамқоршының тұрғылықты жерi бойынша белгiленуi мүмкiн.

2. Адамды әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулі деп тану туралы шешiм заңды күшiне енген кезден бастап үш күн iшiнде сот оған қорғаншылық немесе қамқоршылық белгiлеу үшiн бұл туралы сол адамның тұрғылықты жерi бойынша қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органға хабарлауға мiндеттi.

2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

3. Адамға қорғаншылықты немесе қамқоршылықты немесе мүлікке қорғаншылықты белгiлеу қажеттiгi туралы тиiстi органдарға белгiлi болған кезден бастап жиырма жұмыс күні iшiнде қорғаншылық немесе қамқоршылық белгiленедi.

2020.29.06. № 351-VI ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

4. Мүдделi адамдар қорғаншы немесе қамқоршы тағайындауға Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасауы мүмкiн.

 

122-бап. Қорғаншылар немесе қамқоршылар

2022.03.05. № 118-VII ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

1. Мыналарды:

1) сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулі деп таныған адамдарды;

2) сот ата-ана құқықтарынан айырған немесе сот ата-ана құқықтарын шектеген адамдарды;

3) өзiне Қазақстан Республикасының заңында жүктелген мiндеттердi тиiсiнше орындамағаны үшiн қорғаншы немесе қамқоршы мiндеттерінен шеттетiлген адамдарды;

4) егер сот олардың кiнәсi бойынша бала асырап алудың күшiн жойса, бұрынғы бала асырап алушыларды;

2016.09.04. № 501-V ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)

5) денсаулық жағдайына байланысты қорғаншы немесе қамқоршы мiндеттерін жүзеге асыра алмайтын адамдарды;

2016.09.04. № 501-V ҚР Заңымен 6) - 12) тармақшалармен толықтырылды

6) тұрақты тұратын жері жоқ адамдарды;

7) қорғаншылықты (қамқоршылықты) белгілеу кезінде қасақана қылмыс жасағаны үшін жойылмаған немесе алынбаған сотталғандығы бар адамдарды, сондай-ақ осы тармақтың 12) тармақшасында аталған адамдарды;

8) азаматтығы жоқ адамдарды;

9) анасының қайтыс болуына немесе оның ата-ана құқығынан айырылуына байланысты баланың кемінде үш жыл іс жүзінде тәрбиелену жағдайларын қоспағанда, тіркелген некеде (ерлі-зайыптылықта) тұрмайтын еркек жынысты адамдарды;

10) қорғаншылықты немесе қамқоршылықты белгілеу кезінде қамқорлыққа алынушыны Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейімен қамтамасыз ететін табысы жоқ адамдарды;

11) наркологиялық немесе психоневрологиялық диспансерлерде есепте тұратын адамдарды;

2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 12) тармақша өзгертілді (2020 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

12) адам өлтіру, денсаулыққа қасақана зиян келтіру, халық денсаулығына және имандылыққа, жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтары, экстремистік немесе террористік қылмыстары, адам саудасы үшін сотталғандығы бар немесе болған, қылмыстық қудалауға ұшырап отырған немесе ұшыраған адамдарды «(өздеріне қатысты қылмыстық қудалау Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақшалары негізінде тоқтатылған адамдарды қоспағанда);

2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 13) тармақшамен толықтырылды (2020 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)

13) Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын, осы Кодекстің 91-бабының 4-тармағында белгіленген тәртіппен психологиялық даярлықтан өтпеген Қазақстан Республикасының азаматтарын (баланың жақын туыстарын қоспағанда) қоспағанда, кәмелетке толған адамдар ғана қорғаншылар немесе қамқоршылар бола алады.

Егер кәмелетке толмаған адамға туысы, өгей әкесі (өгей шешесі) тұлғасында дереу қорғаншы немесе қамқоршы тағайындау қажет болса, ол баланы отбасына тәрбиелеуге қабылдаған кезден бастап күнтізбелік бір жыл ішінде психологиялық даярлықтан өткен жағдайда, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдар психологиялық даярлықтан өткізбестен қорғаншылықты немесе қамқоршылықты белгілеуге құқылы. Қорғаншы немесе қамқоршы белгіленген мерзімде психологиялық даярлықтан өтпеген жағдайда, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган қорғаншылықтың немесе қамқоршылықтың күшін жою туралы мәселеге бастамашылық жасайды.