«Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгi туралы» Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 6 қаңтардағы № 527-ІV Заңы (2026.01.07. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)

Предыдущая страница

 

18-бап. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi шаралар

1. Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мемлекеттiң барлық органдары мен лауазымды адамдары, сондай-ақ ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi шараларды iске асыруға заңды негiзде қатысатын азаматтар мен ұйымдар құзыретiнiң аражiгi нақты ажыратылған және олардың үйлесімді жұмыс iстеуi қамтамасыз етілген кезде дәйектілікпен iске асырылатын мемлекеттiк саясат арқылы қол жеткізіледі.

2. Қазақстан Республикасы өзiнiң ұлттық қауiпсiздiгiн өз билігіндегі барлық, оның iшiнде бiржақты немесе халықаралық шарттарға сәйкес қолданылатын экономикалық, саяси, әскери, құқықтық, арнаулы (барлау, қарсы барлау) құралдармен және әдiстермен қамтамасыз етедi.

Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi талаптар:

1) елдiң әлеуметтiк-экономикалық дамуының бағыттары мен кезеңдерiн стратегиялық жоспарлау;

2026.11.06. № 306-VIII ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

2) ұлттық қауіпсіздік саласындағы заңдарды және өзге де нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеу, қабылдау мен орындау кезiнде мiндеттi түрде ескерiледi.

3. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету:

1) мемлекеттің осы саладағы қызметiнiң негiзгi бағыттарын айқындау;

2) ұлттық қауiпсiздiкке төнген қауіп-қатердi, сондай-ақ шет елде Қазақстан Республикасының саяси бастамаларын ілгерілету мүмкіндіктерін анықтау және болжау;

3) ұлттық қауiпсiздiкке төнетiн қауіп-қатердiң алдын алу және оны бейтараптандыру жөнiнде, оның iшiнде осы қауіп-қатердi туындататын себептер мен жағдайларды жою жөнiнде жедел және ұзақ мерзiмдi шаралар кешенiн жүзеге асыру;

4) ұлттық қауіпсіздікке тiкелей қауіп-қатер төнген, оған қол сұғушылық болған жағдайларда, оның iшiнде мемлекетішілік, трансшекаралық және жаһандық сипаттағы тосын және төтенше жағдайлар туындаған кезде ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету күштерi мен құралдарын жұмылдыру;

2015.23.11. № 417-V ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

5) ұлттық мүдделердi қорғау жөнiндегi шешiмдер мен әрекеттердi кідіріссіз қабылдау, ұлттық қауiпсiздiкке қол сұғатын заңсыз iс-әрекеттiң жолын кесу, өзге де құқық шектеу шараларын, оның ішінде барлау, қарсы барлау қызметіне және күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі күзет іс-шараларына байланысты ақпаратқа қолжетімділікті шектеу жолымен жүзеге асыру;

6) ұлттық мүдделерге қол сұғушылыққа байланысты зардаптарды оқшаулау және жою, қалпына келтiру шаралары кешенiн жүзеге асыру арқылы ұлттық мүдделер қорғалуының қажеттi деңгейiне қол жеткiзу мен оны сақтап отырудан тұрады.

4. Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шараларды іске асыру мақсатында ведомствоаралық комиссиялар, кеңестер немесе штабтар құрылуы мүмкін.

Осы Заңның 15-бабына сәйкес ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің белгілі бір саласында ведомствоаралық үйлестіруді жүзеге асыратын уәкілетті органдардың басшылары ведомствоаралық комиссиялардың, кеңестердің немесе штабтардың басшылары болып табылады.

Ведомствоаралық комиссиялардың, кеңестердің немесе штабтардың құрамына өз құзыреті шегінде ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысатын мемлекеттік органдар мен ұйымдар кіреді.

 

19-бап. Қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету

1. Қоғамдық қауiпсiздiк мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен азаматтардың:

1) азаматтардың жеке қауiпсiздiгiн, олардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету кепiлдiктерiн нығайтуға;

2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2026.11.06. № 306-VIII ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

2) қазақстандық патриотизмге, этносаралық және конфессияаралық келісімге негiзделген мемлекеттік идеологияны қалыптастыруға;

3) Қазақстан халқының бiрлiгiн және қоғамда тағаттылықты нығайтуға;

4) халықтың табиғи өсiмiн сақтап тұруға және дағдарысты демографиялық процестерге қарсы іс-қимыл жасау жөнiнде уақтылы шаралар қолдануды қамтамасыз етуге;

5) қылмысқа, оның iшiнде оның ұйымдасқан нысандарына, сыбайлас жемқорлыққа, терроризмге және экстремизмге қарсы күрестi күшейтуге;

6) жұмыссыздықтың өсуiн және халықтың тұрмыс деңгейiнiң төмендеуiн тежеуге;

2020.07.07. № 361-VI ҚР Заңымен 7) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2026.11.06. № 306-VIII ҚР Заңымен 7) тармақша өзгертілді (2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

7) психикаға белсенді әсер ететін заттарды медициналық емес мақсатта тұтынудың, сондай-ақ азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік болмысына, Қазақстан халқының гендік қорына қатер төндiретiн басқа да әлеуметтiк факторлардың алдын алуға;

8) елдiң зияткерлік әлеуетiнiң төмендеуiне жол бермеуге;

9) қазақстандық қоғамның тарихи, дәстүрлі, рухани және мәдени құндылықтарының сақталуын қамтамасыз етуге;

2022.21.05. № 123-VII ҚР Заңымен 10) тармақша өзгертілді (2022 ж. 24 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

10) заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимылға;

2022.21.05. № 123-VII ҚР Заңымен 11) тармақшамен толықтырылды (2022 ж. 24 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді)

11) биологиялық тәуекелдерді бағалауға және биологиялық қауіпсіздік саласындағы профилактикаға бағытталған шешiмдерімен және iс-қимылдарымен қамтамасыз етiледi.

2. Мыналарға:

1) Қазақстан халқының бiрлiгiн бұзуға және этносаралық және конфессияаралық қатынастардың жай-күйiн нашарлатуға;

2) қоғамдық келісімді бұзуға;

3) қоғамдық және діни бірлестіктердің мемлекет iстерiне және мемлекеттiң қоғамдық және діни бірлестіктердің істеріне заңсыз араласуына;

4) қылмыстың және құқық бұзушылықтың өсуiне;

5) білім беру және медициналық қамтамасыз ету деңгейі мен сапасының төмендеуіне;

6) тарихи-мәдени мұра объектілерінің жойылуына;

2022.21.05. № 123-VII ҚР Заңымен 7) тармақша өзгертілді (2022 ж. 24 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

7) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын негізсіз шектеуге;

2022.21.05. № 123-VII ҚР Заңымен 8) тармақшамен толықтырылды (2022 ж. 24 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді)

8) биологиялық тәуекелдердің деңгейін арттыруға не Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігіне төнетін қатерлердің туындауына алып келуге көрiнеу ықпал ететiн шешiмдер қабылдау мен іс-қимылдар жасауға жол берiлмейдi.

2023.23.12. № 51-VIII ҚР Заңымен (2024 ж. 5 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2026.11.06. № 306-VIII ҚР Заңымен (2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 3-тармақ өзгертілді

3. Қоғамның саламаттылығына нақты қауіп-қатер туғызатын аса қауіпті және карантиндік инфекциялық аурулары бар шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасына келуіне жол берілмейді.

Қазақстан Республикасының аумағында жүрген және азаматтардың денсаулығына қауіп-қатер туғызатын инфекциялық аурулары бар шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар ел шегінен шығарып жіберілуге жатады.

 

20-бап. Әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету

1. Әскери қауіпсіздік:

1) мемлекеттің қорғаныс қабілетінің қажетті деңгейін сақтап тұрумен;

2) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жауынгерлік дайындығын сақтап тұрумен;

3) экономиканың жұмылдыру дайындығы мен елдің халқын жұмылдыруға даярлаудың тиiмдi жүйелерiн құрумен;

4) қауіпсіздіктің өңірлік және халықаралық құрылымдарының шеңберіндегі әскери ынтымақтастық пен әріптестік қатынастарды кеңейтумен, әлемде өзара сенімді күшейту және әскери қауіптілік деңгейін төмендету мақсатында ядролық қарусыздану бастамасын ілгерілетумен;

5) Азаматтық қорғаныстың ел халқы мен аумағын қорғау дайындығын сақтап тұрумен қамтамасыз етіледі.

2. Мемлекеттiң барлық органдары мен лауазымды адамдарының, меншiк нысандарына қарамастан ұйымдардың және азаматтардың мiндетi:

1) Қазақстан Республикасының қорғаныс қабiлетiн нығайтуға;

2) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнiң, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жауынгерлiк дайындық деңгейiн сақтап тұруға және арттыруға;

3) жұмылдыру қуаттарын сақтауға және жұмылдыру резервтері жүйесін жетілдіруге жәрдемдесу болып табылады.

2023.23.12. № 51-VIII ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2024 ж. 5 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

3. Мынадай:

1) Қазақстан Республикасының қорғаныс қабілетіне және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың жауынгерлік дайындығына нұқсан келтіретін;

2) қорғаныстық-өнеркәсіптік кешен ұйымдарына қатысты «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 98-бабы 3-1 және 3-2-тармақтарының талаптарын бұзуға алып келетін шешімдер қабылдауға және іс-қимылдар жасауға тыйым салынады.

4. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделген жағдайларды қоспағанда:

2026.11.06. № 306-VIII ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

1) Қазақстан Республикасының аумағында шет мемлекеттердiң және (немесе) халықаралық ұйымдардың әскери базаларын орналастыруға;

4-тармақтың 2) тармақшаcы 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді

2026.11.06. № 306-VIII ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

2) шет мемлекеттердiң және (немесе) халықаралық ұйымдардың әскери құралымдарының, қару-жарақтары мен әскери техникасының Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитіне жол берiлмейдi.

5. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерi, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдары ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына сәйкес тартылады.

 

21-бап. Саяси қауіпсіздікті қамтамасыз ету

1. Саяси қауіпсіздік мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен азаматтардың:

2026.11.06. № 306-VIII ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

1) конституциялық құрылыстың негіздерін, мемлекеттік Егемендікті және аумақтың тұтастығын құқыққа қарсы қол сұғушылықтан қорғауға;

2) саяси шешімдер қабылдауда Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін сақтауға;

3) мемлекеттік органдардың қызметін және мемлекеттік басқару тәртібін жетілдіруге;

4) мемлекеттік институттардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге;

5) қоғамның саяси мәдениетінің деңгейін арттыруға бағытталған шешімдерімен және іс-қимылдарымен қамтамасыз етіледі.

2. Азаматтардың, оның iшiнде саяси партиялар мен өзге де қоғамдық бiрлестiктер өкiлдерiнiң:

2026.11.06. № 306-VIII ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

1) конституциялық құрылысты құлатуға немесе оның негіздерін күштеп өзгертуге, оның iшiнде терроризмге, экстремизмге, сепаратизмге және Қазақстан Республикасының бiртұтас құрылысына, оның аумағының тұтастығына, қол сұғылмаушылығына және бөлiнбестігіне қол сұғатын өзге де iс-әрекеттерге;

2) билiктi басып алуға;

3) Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамасына сәйкес құрылған немесе сайланған (тағайындалған) Қазақстан Республикасының органдары мен лауазымды адамдарының өкiлеттiгiн күштеп тоқтатуға немесе қызметiне кедергi келтiруге;

4) орын алып отырған конфессиялық айырмашылықтар мен түрлi дiни көзқарастарды саяси, экстремистік және террористік мақсаттарға пайдалануға шақыруы ұлттық қауiпсiздiкке нұқсан келтiредi және заңда белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады деп танылады.

3. Мемлекеттiк институттардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары басшыларының мiндетi болып табылады және олардың қызметтiк iс-қимылын бағалау өлшемдерiнiң бiрi ретінде қарастырылады.

Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызметшiлерi өз қызметiнде жалпы мемлекеттiк мүдделердi басшылыққа алуға мiндеттi. Мемлекеттiк қызметшiлердiң мемлекеттiк биліктің беделiне күмән келтiретін, лауазымдық жағдайын қызметтен тыс мүдделерге пайдалануға әкелетін шешiмдер қабылдауына және iс-қимылдар жасауына тыйым салынады.

4. Мемлекет:

1) мемлекеттiк қызметтiң беделi мен абыройын арттыруға;

2) белгiленген талаптарға сай келмейтiн адамдардың мемлекеттiк қызметке кiруiне жол бермейтiн ұйымдастырушылық-құқықтық тетiктер қалыптастыруға бағытталған шаралар қолданады.

5. Мыналарға:

1) Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының бiртұтас жүйесiнiң;

2) Қазақстан Республикасының бiртұтас құқықтық жүйесiнiң қалыптасуы мен үздіксіз жұмыс iстеуi мүдделерiне қайшы келетiн шешiмдер қабылдауға және iс-қимылдар жасауға жол берiлмейдi.

2014.03.11. № 244-V ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (2015 ж. 2 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2026.11.06. № 306-VIII ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

6. Қазақстан Республикасына қарсы нұқсан келтіру іс-әрекетін жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының Егемендігіне, аумақтық тұтастығына, оның халқының бiрлiгiне, елдегi қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылыққа жария түрде қарсы шығатын шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың, сондай-ақ егер оларға қатысты олардың экстремизмге немесе террористік іс-әрекетке қатыстылығы туралы мәліметтер болса не сот олардың әрекеттерінде қауіпті түрде қайталанған қылмыс бар деп таныған жағдайда, олардың Қазақстан Республикасына келуiне жол берiлмейдi. Қазақстан Республикасының аумағында болатын және осындай мазмұндағы жария әрекеттерге жол беретін шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар елден шығарып жіберілуге жатады, Қазақстан Республикасының заңдары мен халықаралық шарттарына сәйкес өзге де жауаптылықта болады.

 

22-бап. Экономикалық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету

1. Экономикалық қауіпсіздік мыналарды:

1) мемлекет қаржы жүйесінің тұтастығын, тәуелсіздігін және орнықты дамуын қамтамасыз етуге қабілетті, оның нақты және ықтимал қауіп-қауіптерден қорғалу жай-күйін көздейтін қаржылық қауіпсіздікті;

2) мемлекет тұтынудың және демографиялық өсудiң физиологиялық нормаларын қанағаттандыру үшiн жеткiлiктi болатын сапалы және қауіпсіз азық-түлiк тауарларына халықтың нақты және экономикалық қолжетімділігін қамтамасыз ете алатын экономиканың, оның ішінде агроөнеркәсіптік кешеннің қорғалу жай-күйін көздейтін азық-түлік қауіпсіздігін;

3) мемлекет қоғам мен мемлекеттің энергия ресурстарына деген қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін энергетикалық тәуелсіздік пен экономиканың жылу-энергетикалық, мұнай-газ және атом-энергетикалық кешендерінің орнықты дамуын қамтамасыз етуге қабілетті олардың нақты және ықтимал қауіп-қатерлерден қорғалу жай-күйін көздейтін энергетикалық қауіпсіздікті;

4) мемлекет автомобиль, темір жол, әуе, теңіз және өзен көлігі түрлерімен тасымалдарда және олармен байланысты қызметтерде экономика мен тұрғындардың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жағдай жасауды, көлік инфрақұрылымын қалыптастыруды және дамытуды, сондай-ақ транзит әлеуетін орнықты дамыту мен бәсекеге қабілеттілігін қамтуды қамтамасыз етуге қабілетті, нақты және ықтимал қауіп-қатерлерден экономиканың көлік саласы қорғалуының жай-күйін көздейтін көлік қауіпсіздігін қамтиды.

2. Экономикалық қауiпсiздiк мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен азаматтардың:

2021.27.12. № 87-VIІ ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)

1) ұлттық экономиканың, оның ішінде өнеркәсіптік-инновациялық құрамдас бөлігінің тұрақтылығы мен орнықты дамуын қамтамасыз етуге;

2026.11.06. № 306-VIII ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

2) Қазақстан Республикасының қаржылық, энергетикалық, азық-түлік және көліктік тәуелсiздiгiн қамтамасыз етуге;

3) Қазақстан Республикасының дүниежүзiлiк экономикалық жүйеден экономикалық оқшаулануына жол бермеуге;

2026.11.06. № 306-VIII ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

4) экономикалық шешімдер қабылдауда, оның ішінде экономикалық ықпалдасудың ұлттық органдардан жоғары тұратын органдар шеңберінде шешімдер қабылдауда Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін сақтауға және ұлттық мүдделерінің сақталуын қамтамасыз етуге;

5) экономиканы одан әрі әртараптандыруға, ел экономикасының ресурстық-энергетикалық негiзiн сақтау мен нығайтуға;

2026.11.06. № 306-VIII ҚР Заңымен 6) тармақша өзгертілді (2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

6) Қазақстан Республикасының геосаяси айналасында туындайтын теріс факторлардың әсерiне байланысты мемлекет экономикасы осалдығының дәрежесін барынша азайтуға;

7) отандық және халықаралық қаржы институттарымен өзара тиiмдi ынтымақтастықты қамтамасыз етуге, отандық экономиканы дамытуға арналған iшкi, сыртқы кредиттік ресурстар мен инвестициялық мүмкiндiктер бағытының басымдығына;

8) мемлекеттiк бюджет тапшылығының жол берілетін шектi деңгейiнен асып кетпеуіне және оның кiрiс бөлiгiн нығайтуға;

9) бюджет қаражаты мен мемлекеттiк ресурстардың мақсатсыз пайдаланылуына жол бермеуге, көлеңкелі экономика ауқымын қысқартуға;

10) сыртқы қарыздың «Республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгiленген мөлшерге қарағанда ұлғайып кетуiне жол бермеуге;

2026.11.06. № 306-VIII ҚР Заңымен 11) тармақша өзгертілді (2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

11) Қазақстан Республикасы өңірлерінің әлеуметтiк-экономикалық дамуындағы қауіп төндірерлік теңгерімсіздікке жол бермеуге;

2025.19.05. № 188-VIII ҚР Заңымен 12) тармақша өзгертілді (2025 ж. 31 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

12) бәсекенi көтермелеу және монополизмдi шектеу жағдайында ел экономикасында Қазақстанда шығарылатын тауарлар өндірісінің жəне көрсетілетін қызметтердің үлесiн арттыруға;

13) Қазақстан Республикасында өндiрiлетiн, әкелiнетiн және өткiзiлетiн тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің нақты және экономикалық қолжетімділігін, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген сапасы мен қауіпсіздігі деңгейіне қойылатын талаптарға олардың сәйкестiгiн қамтамасыз етуге;

2025.19.05. № 188-VIII ҚР Заңымен 14) тармақша өзгертілді (2025 ж. 31 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

14) Қазақстанда шығарылатын тауарлардың жəне көрсетілетін қызметтердің бәсекелестікке қабілеттілігін арттыруға;

2012.10.07. № 33-V ҚР Заңымен 15) тармақша жаңа редакцияда (2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

15) iшкi және сыртқы қолайсыз факторлардың әсерiне қарамастан, мемлекеттік материалдық резервті, азық-түлiк тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын басымдықпен қалыптастыруды, жаңартуды және толықтыруды қамтамасыз етуге;

16) экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерiнде қоғамдық бiрлестiктердiң, кәсiпкерлер қауымдастықтарының (одақтарының) рөлiн арттыруға;

17) экономиканың жай-күйі және шет мемлекеттермен сауда-экономикалық қатынастар туралы ақпараттың қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған шешімдермен және іс-қимылдармен қамтамасыз етіледі.

2026.11.06. № 306-VIII ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

3. Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерiн қорғау, оның iшiнде өнеркәсiптік әлеуеттi сақтау мен нығайту мақсатында мемлекет шетелдiк инвесторларға берiлетiн кепiлдiктердi сақтай отырып, шетелдiк ұйымдар мен шетелдіктер қатысатын ұйымдардың басқаруындағы немесе меншiгiндегi Қазақстан Республикасының экономикасы объектiлерінiң жай-күйi мен пайдаланылуын бақылауды жүзеге асырады.

4. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi талаптар Қазақстан Республикасының стратегиялық ресурстарын пайдалану жөнiндегi келiсiм-шарттарды жасау (өзгерту), осы келiсiмшарттардың орындалуы және олардың орындалуын бақылау кезінде, сондай-ақ мемлекеттiк органның жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдалану құқығын басқа тұлғаға iшiнара немесе толық беруiне рұқсат беруі немесе рұқсат беруден бас тартуы туралы шешiм қабылдауы кезінде және жер қойнауын пайдалану құқығына ие заңды тұлғадағы қатысу үлесiн (акциялар пакетiн) иелiктен шығаруға рұқсат беру немесе рұқсат беруден бас тарту кезiнде мiндеттi түрде ескерiледi.

Бұл ретте, егер осы тармақта көзделген мәмiлелердi жасау бiр елден шыққан бiр тұлғада немесе тұлғалар тобында операциялар жүргiзуге құқықтардың шоғырлануына әкеп соғатын болса, мемлекеттiк орган өтiнiм берушiге бұған рұқсат беруден бас тартуға құқылы.

Үлестес тұлғалармен мәмiлелерге қатысты да осы шарттың сақталуы мiндеттi.

5. Мыналарға:

1) оның шегiнде еңбек, қаржы және өзге де ресурстардың еркiн қозғалуы жүзеге асырылатын Қазақстан Республикасының нарықтық қеңістігінің;

2) Қазақстан Республикасының қаржы жүйесiнiң, оның iшiнде елдiң бүкiл аумағында ұлттық валюта - теңге айналымының;

3) Қазақстан Республикасының бiртұтас және дербес коммуникациялық және энергетикалық жүйелерiнiң қалыптасуы мен үздіксіз жұмыс iстеуi мүдделерiне қайшы келетiн шешімдер қабылдауға және iс-қимыл жасауға жол берiлмейдi.

6. Мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдарының:

1) республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң қаражатын, оның iшiнде мемлекеттiк сатып алуға арналған қаражатты және бөлiнетiн кредиттiк ресурстарды бөлуге;

2) рұқсаттар мен лицензиялар беруге;

3) шаруашылық қызмет субъектiлерiне заңнамада белгiленген жеңiлдiктер мен преференциялар беруге;

4) мемлекеттiк меншiк объектiлерiн жекешелендiруге байланысты шешiмдер қабылдау рәсiмдерi заңнамада белгiленген шектерде ашық және бақыланатын сипатта болуға тиiс.

7. Мыналарға:

2021.27.12. № 87-VIІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2026.11.06. № 306-VIII ҚР Заңымен (2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 1) тармақша өзгертілді

1) Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік-инновациялық дамуына және экономикасына инвестициялардың тартылуына кедергi жасайтын;

2) капиталдың және тауарлардың елден тысқары жерлерге бақылаусыз әкетілуіне ықпал ететiн;

3) тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге бағалардың негізсіз өсуіне ұрындыратын;

4) халықтың денсаулығы мен өміріне қауіпті тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді ішкі нарыққа әкелуге ықпал ететін;

5) ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіре отырып, пайдалы қазбалардың кен орындарын және экономика объектілерін шаруашылық жүргізуші субъектілерге беруге ықпал ететін шешiмдер қабылдауға және iс-қимыл жасауға тыйым салынады және жауаптылыққа әкеп соғады.

8. Ұлттық қауiпсiздiкті қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi Қазақстан Республикасының стратегиялық ресурстарына (объектiлерiне) меншiк құқығының өтуіне және туындауына шектеу белгілейді.

9. Қазақстан Республикасының Үкіметі экономикалық қауіпсіздік жай-күйі нашарлаған кезде тауарлардың экспорты мен импортына уақытша тыйым салуды және шектеу қоюды енгізуге құқылы.

 

23-бап. Ақпараттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету

1. Ақпараттық қауiпсiздiк мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың, лауазымды адамдардың:

2026.11.06. № 306-VIII ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

1) Қазақстан Республикасының ақпараттық тәуелді болуына жол бермеуге;

2) басқа мемлекеттердiң, ұйымдар мен жекелеген адамдардың тарапынан ақпараттық өктемдік пен оқшаулаудың алдын алуға;

2026.11.06. № 306-VIII ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

3) Қазақстан Республикасының Президентiн, Құрылтайын, Үкіметін және Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін күштерді ақпараттық жағынан оқшаулауға жол бермеуге;