Гудвиллі бар қозгалысқа келтіретін бірліктерді құнсыздану мәніне сынақтау
88. 81-тармақта айтылғандай, гудвилл қозғалысқа келтіретін бірлікке жатқызылған, бірақ оған бөлінбеген кезде, бұл бірлік оның мүмкін болатын құнсыздануының кез келген белгісі болған жағдайда, гудвилл есепке алынбай, оның қаржылық жағдай туралы есептік құнын оның өтелетін сомасымен салыстыру арқылы құнсыздануға сынақталуы тиіс. Құнсызданудан болған кез келген шығын 104-тармаққа сәйкес танылуы тиіс.
89. Егер 88-тармақта сипатталған қозғалысқа келтіретін бірліктің қаржылық жағдай туралы есептік құны шектеусіз пайдалы қызмет мерзімі бар немесе әлі пайдалануға келмейтін материалдық емес активті қамтитын болса, және мұндай актив құнсыздануға қозғалысқа келтіретін бірліктің құрамында ғана сынақтала алатын болса, онда 10-тармақтың талабына сәйкес, ондай бірлік жыл сайынғы негізде сынақталуға жатқызылады.
90. Гудвилл бөлінген қозғалысқа келтіретін бірлік құнсыздануға жыл сайын сынақталуы тиіс, ал бұл бірліктің құнсыздану белгісі пайда болған кезде гудвилл есепке алынбай, оның қаржылық жағдай туралы есептік құнын оның өтелетін сомасымен салыстыру арқылы құнсыздануға сынақталуы тиіс. Егер бірліктің өтелетін сомасы оның қаржылық жағдай туралы есептік құнынан асатын болса, онда ол бірлікті, оған бөлінген гудвилл сияқты құнсызданбаған деп есептеу керек. Ал егер бірліктің қаржылық жағдай туралы есептік құны оның өтелетін сомасынан асатын болса, онда ұйым құнсызданудан болған шығынды 104-тармаққа сәйкес тануға міндетті.
91. −
95. [Жойылған]
Құнсыздану мәніне тексеріс жасау мерзімі
96. Гудвилл бөлінген қозғалысқа келтіретін бірліктің құнсыздану әрекетін жыл сайынғы сынақтауды, ондай жыл сайынғы сынақтау алдағы уақытта ылғи бір мезгілде жүргізілетін жағдайда, жылдық кезеңнің ішінде кез келген уақытта жүргізуге болады. Қозғалысқа келтіретін әртүрлі бірліктер құнсыздануға әртүрлі уақытта сынақталуы мүмкін. Бірақ, егер қозғалысқа келтіретін бірлікке бөлінген гудвилл ағымдағы жылдық кезеңнің ішінде ұйымдар біріктірілген кезде ішінара немесе толық сатып алынған болса, ондай қозғалысқа келтіретін бірлік осы ағымдағы жылдық кезең аяқталғанға дейін құнсыздануға сынақталуы тиіс.
97. Егер гудвилл бөлінген қозғалысқа келтіретін бірлікті құрайтын активтер өзінде гудвилл жасалған бірлік сияқты тап сол уақытта құнсыздануға сынақталатын болса, онда олар өзінде гудвилл жасалған бірліктен бұрын құнсыздануға сынақталуы тиіс. Сол сияқты, егер гудвилл бөлінген қозғалысқа келтіретін бірліктер тобын құрайтын қозғалысқа келтіретін бірліктер өзінде гудвилл жасалған бірліктер тобы сияқты тап сол уақытта құнсыздануға сынақталатын болса, онда жекелеген бірліктер өзінде гудвилл жасалған бірліктер тобынан бұрын құнсыздануға сынақталуы тиіс.
98. Гудвилл бөлінген қозғалысқа келтіретін бірлікті сынақтау кезінде өзінде гудвилл жасалған бірліктің құрамындағы сол немесе басқа активтің құнсыздану белгісі пайда болуы мүмкін. Ондай жағдайларда ұйым бұл активті бірінші кезекте сынақтайды және өзінде гудвилл жасалған қозғалысқа келтіретін бірлікке қатысты құнсыздануға сынақтау өткізілгенге дейін ол бойынша құнсызданудан болған кез келген шығынды таниды. Сол сияқты, өзінде гудвилл жасалған бірліктер тобының құрамындағы қозғалысқа келтіретін бірліктің құнсыздану белгісі пайда болуы мүмкін. Ондай жағдайларда ұйым тап осы қозғалысқа келтіретін бірлікті құнсыздануға бірінші кезекте сынақтайды және өзінде гудвилл бөлінген қозғалысқа келтіретін бірліктер тобына қатысты құнсыздануға сынақтау өткізілгенге дейін осы бірлік бойынша құнсызданудан болған кез келген шығынды таниды.
99. Гудвилл бөлінген қозғалысқа келтіретін бірліктің өтелетін сомасына қатысты алдыңғы кезеңде жүргізілген ең соңғы егжей-тегжейлі есептеулердің нәтижесі мынадай өлшемдер қанағаттандырылатын жағдайда осы бірлікті құнсыздануға сынақтаған кезде пайдаланылуы мүмкін:
(а) осы бірлікті құрайтын активтер мен міндеттемелер өтелетін сома ең соңғы есептелген кезден бастап елеулі өзгерістерге ұшырамаған;
(b) өтелетін соманы ең соңғы есептеу нәтижесінде осы бірліктің қаржылық жағдай туралы есептік құнынан едәуір асатын сома алынған; және
(c) өтелетін сома ең соңғы есептелген кезден бастап болған оқиғаларды және өзгерген мән-жайларды талдау ағымдағы кезге анықталған өтелетін соманың қозғалысқа келтіретін бірліктің қаржылық жағдай туралы есептік құнынан аз болуы неғайбіл екендігін дәлелдейді.
Корпорациялық активтер
100. Корпорациялық активтер штаб-пәтер үйі немесе ұйымның бөлімшелері, электронды-есептеу техникасы немесе зерттеу орталығы сияқты топтардың немесе бөлімшелердің активтерін қамтиды. Ұйымның құрылымы активтің ақша қаражатын қозғалысқа келтіретін нақты бірлікке қатысты осы Стандартта корпорациялық активтерге берілген анықтаманы қанағаттандыратынын не қанағаттандырмайтынын анықтайды. Корпорациялық активтердің басты сипаттамалары олардың, басқа активтерге немесе активтер топтарына қарамастан, ақшалай қаражаттар ағындарын қамтамасыз етуге қабілетсіздігі және олардың қаржылық жағдай туралы есептік құны қаралып отырған қозғалысқа келтіретін бірлікке толық жатқызылуы мүмкін еместігі болып табылады.
101. Корпорациялық активтер ақшалай қаражаттардың жекелеген түсімдерін қамтамасыз етпейтіндіктен, егер ұйымның басшылығы осы активті пайдаланудан шығару туралы шешім қабылдамаса ғана, жеке корпорациялық активтің өтелетін сомасы анықтала алмайды. Тиісінше, егер корпорациялық активтің мүмкін болатын құнсыздану белгісі анықталса, онда ақша қаражатын қозғалысқа келтіретін бірлік немесе осы актив тиесілі қозғалысқа келтіретін бірліктер тобы үшін өтелетін сома анықталады, одан кейін ол қозғалысқа келтіретін осы бірліктің немесе қозғалысқа келтіретін бірлік тобының қаржылық жағдай туралы есептік құнымен салыстырылады. Құнсызданудан болған кез келген шығын 104-тармаққа сәйкес танылуы тиіс.
102. Ақша қаражатын қозғалысқа келтіретін бірлікті құнсыздануына сынақтау кезінде ұйым қаралып отырған қозғалысқа келтіретін бірлікке жататын корпорациялық активтердің барлығын бірегейлендіруге міндетті. Егер корпорациялық активтің қаржылық жағдай туралы есептік құнының бір бөлігі:
(a) негізді және жүйелі түрде осы бірлікке бөлінуі мүмкін болса, онда ұйым корпорациялық активтің қаржылық жағдай туралы есептік құнының осы бірлікке бөлінген бөлігін қоса, осы бірліктің қаржылық жағдай туралы есептік құнын, оның өтелетін сомасымен салыстыруға міндетті.
Құнсызданудан болған кез келген шығын 104-тармаққа сәйкес танылуы тиіс;
(b) негізді және жүйелі түрде осы бірлікке бөлінуі мүмкін болмаса, ұйым:
(i) осы бірліктің қаржылық жағдай туралы есептік құнын, корпорациялық активті есепке алмай, оның өтелетін сомасымен салыстыруға және құнсызданудан болған кез келген шығынды 104- тармаққа сәйкес тануға;
(ii) қаралып отырған бірлік құрамына кіретін және корпорациялық активтің қаржылық жағдай туралы есептік құнының бір бөлігі негізді және жүйелі түрде бөлінуі мүмкін қозғалысқа келтіретін бірліктердің ең шағын тобын бірегейлендіруге; және
(ііі) корпорациялық активтің қаржылық жағдай туралы есептік құнының бірліктің осы тобына бөлінген бөлігін қоса, қозғалысқа келтіретін бірліктің осы тобының қаржылық жағдай туралы есептік құнын осы топтың өтелетін сомасымен салыстыруға міндетті. Құнсызданудан болған кез келген шығынды 104-тармаққа сәйкес танылуы тиіс.
103. Көрнекі 8-мысал осы талаптарды корпорациялық активтерге қалай қолданған жөн екендігін көрсетеді.
Қозғалысқа келтіретін бірліктердің құнсыздануынан болған залал
104. Құнсызданудан болған залал ақша қаражатын қозғалысқа келтіретін бірлікке қатысты (гудвилл немесе корпорациялық актив бөлінген қозғалысқа келтіретін бірліктердің ең шағын тобы), егер де осы бірліктің (бірліктер тобының) өтелетін сомасы осы бірліктің (бірліктер тобының) қаржылық жағдай туралы есептік құнынан аз болса ғана, танылуы тиіс. Бірлік (бірлік топтары) активтерінің қаржылық жағдай туралы есептік құнын азайту үшін құнсызданудан болған залал былайша бөлінуі тиіс:
(а) алдымен ақша қаражатын қозғалысқа келтіретін осы бірлікке (бірліктер тобына) бөлінген кез келген гудвиллдің қаржылық жағдай туралы есептік құнын азайту үшін; және
(b) одан кейін бірліктің (бірліктер тобының) құрамындағы әрбір активтің қаржылық жағдай туралы есептік құнына тепе-тең етіп бірліктің (бірліктер тобының) басқа да активтеріне.
Қаржылық жағдай туралы есептік құнды осы азайтулар жекелеген активтер бойынша құнсызданудан болған залалдар ретінде ескерілуге және 60-тармаққа сәйкес танылуы тиіс.
105. 104-тармаққа сәйкес құнсызданудан болған шығынды бөлу кезінде, ұйым активтің қаржылық жағдай туралы есептік құнын мыналардың:
(а) сатуға шыққан шығындар шегерілген оның әділ құнының (егер ол анықтауға келсе);
(b) оның пайдалану құндылығының (егер ол анықтауға келсе); және
(c) нөлдің ең көп мәнінен төмен азайтуға құқылы емес.
Олай болмаған жағдайда активке жатқызылатын құнсызданудан болған шығынның өлшемі бірліктің (бірліктер тобының) құрамындағы басқа активтерге тепе-тең негізде бөлінуі тиіс.
106. Егер ақша қаражатын қозғалысқа келтіретін бірліктің әрбір жеке активінің өтелетін сомасын бағалау мүмкін болмаса, онда, осы Стандартқа сәйкес, қозғалысқа келтіретін бірліктің барлық активтері бірге жұмыс істейтіндіктен, осы бірліктің гудвиллден өзгеше активтерінің арасында құнсызданудан болған шығынды еркін бөлу қажет.
107. Егер жеке активтің өтелетін сомасын анықтау мүмкін болмаса (67-тармақты қараңыз):
(а) актив үшін, егер оның қаржылық жағдай туралы есептік құны сатуға шыққан шығындар шегерілген оның әділ құны және 104 және 105-тармақтарда сипатталған бөлу рәсімдері нәтижелері мәндерінің ең көбінен асатын болса, құнсызданудан болған шығын танылады; және
(b) актив үшін, егер ақша қаражатын қозғалысқа келтіретін тиісті бірліктің құны азаймаса, құнсызданудан болған ешқандай шығын танылмайды. Бұл ереже, тіпті егер сатуға шыққан шығындар шегерілген активтің әділ құны оның қаржылық жағдай туралы есептік құнынан аз болған кезде де қолданылады.