Түркі Академиясын құру туралы
келісім
(Бишкек қ., 2012 жылғы 23 тамызда)
ҚР 2014 жылғы 15 қазандағы № 241-V Заңымен ратификацияланды
2014 жылғы 11 қарашада күшіне енді
Бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын Әзербайжан Республикасының, Қазақстан Республикасының, Қырғыз Республикасының және Түрік Республикасының үкіметтері,
- 2009 жылғы 3 қазандағы Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін құру туралы Нахчыван келісімінің шарттарына сілтеме жасай отырып;
- 2010 жылғы 16 қыркүйекте Стамбул қаласында қол қойылған Түркітілдес мемлекеттер басшыларының 10-шы Саммитінің Декларациясын назарға ала отырып, Түркі Академиясын құру қажеттілігін тани отырып;
- түркі халықтарын ортақ күш-жігерге біріктіретін және бағыттайтын түркі мәдениетінің тарихи және рухани рөлінің маңыздылығын тани отырып;
- түркі халықтарының адамзаттың тарихи-мәдени мұрасына және әлемдік өркениетті дамытуға қосқан үлесін назарға ала отырып;
- түркітілдес мемлекеттер мен халықтар арасындағы достық қарым-қатынастарды нығайту үшін білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастықты дамытуға берік бекіне отырып;
- академиялық зерттеулер мен білім беруге жәрдемдесу арқылы түркі халықтарының интеграциясына жәрдемдесуге ұмтыла отырып,
төмендегілер туралы келісті:
Осы арқылы Тараптар Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің (бұдан әрі «Түркі Кеңесі» деп аталатын) аясында халықаралық ұйым нысанындағы Түркі Академиясын құрады.
Түркі Академиясының мақсаттары мен міндеттері:
- түркі тілдерінің, әдебиеті мен мәдениетінің диахрондық зерттеулерін сақтауға, дамытуға және кеңінен танытуға бағытталған түркология саласындағы зерттеулерді үйлестіру және оларға жәрдемдесу;
- түркологияны және түркология бойынша ғылыми зерттеулер саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдесу;
- жалпы түркі тарихы мен этнографиясын кешенді оқытуды жүзеге асыру;