18. Салық төлеушінің осы Кодекстің 131 және 132-баптарына сәйкес шегерімдерді түзетуге құқығы бар.
101-бап. Қызметтік іссапарлар кезінде өтемақылар сомасының шегерімі
Қызметтік іссапарлар кезінде шегерімге жататын өтемақыларға:
1) жол жүру мен броньға (оның ішінде құнының төлену фактісін растайтын құжат болған кезде электрондық билетке) жұмсалған шығыстарды растайтын құжаттар негізінде, броньға жұмсалған шығыстардың төлемақысын қоса алғанда, іссапарға баратын жерге жетуге және кері қайтуға іс жүзінде жүргізілген шығыстар;
2) тұрғын үй-жайды жалдауға және броньға жұмсалған шығыстарды растайтын құжаттардың негізінде, броньға жұмсалған шығыстардың төлемақысын қоса алғанда, тұрғын үй-жайды жалдауға іс жүзінде жүргізілген шығыстар;
2011.21.07. № 467-ІV ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3) қызметкерге іссапарда болған уақытта салық төлеушінің шешімі бойынша белгіленген мөлшерде төленетін тәулікақы жатады.
Іссапарда болу уақыты:
жұмыс берушінің қызметкерді іссапарға жіберу туралы бұйрығы немесе жазбаша өкімі;
жол жүруді растайтын құжаттарда көрсетілген, іссапар орнына кету күні мен кері қайтып келу күнін негізге ала отырып іссапар күндерінің саны негізінде айқындалады. Мұндай құжаттар болмаған кезде іссапар күндерінің саны салық төлеушінің салықтық есепке алу саясатында көзделген, іссапар орнына кету күні мен кері қайтып келу күнін растайтын басқа да құжаттар негізге алына отырып айқындалады;
4) салық төлеуші келу визасын ресімдеген кезде жүргізген шығыстар (визаның, консулдық қызметтердің, міндетті медициналық сақтандырудың құны) келу визасын ресімдеуге арналған шығыстарды (визаның, консулдық қызметтердің, міндетті медициналық сақтандырудың құнын) растайтын құжаттар негізінде айқындалады.
2009.12.02. № 133-ІV ҚР Заңымен (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енді) (бұр.ред.қара); 2009.30.12 № 234-IV Заңымен (2009 жылғы 1 қаңтардан қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара) 102-бап өзгертілді; 2012.26.12. № 61-V ҚР Заңымен 102-бап жаңа редакцияда (2013 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
102-бап. Өкілдік шығыстар сомасының шегерімі
1. Өкілдік шығыстарға мынадай:
1) өзара ынтымақтастықты орнату немесе қолдау бойынша;
2) салық төлеушінің атқарушы органдарынан басқа, директорлар кеңесінің, өзге де басқару органының отырыстарын ұйымдастыру және (немесе) өткізу бойынша, өкілдік іс-шараларын өткізу кезінде олардың өткізілу орнына қарамай жүргізілетін, тұлғаларды, оның ішінде салық төлеушінің штатында тұрмайтын жеке тұлғаларды қабылдау және оларға қызмет көрсету жөніндегі шығыстар жатады.
Өкілдік шығыстарға сонымен қатар:
1) осы Кодекстің 101-бабының 1) тармақшасына сәйкес қызметтік іссапарлар кезіндегі өтемақыға жататын шығыстарды қоспағанда, өкілдік іс-шараларға қатысушы тұлғаларды көлікпен қамтамасыз етуге;
2) өкілдік іс-шараларды өткізу барысында мұндай тұлғаларды тамақтандыруға;
3) ұйымның штатында тұрмайтын аудармашылар көрсететін қызметтерге ақы төлеуге;
4) өкілдік іс-шараларды өткізу үшін үй-жайларды жалдауға және (немесе) ресімдеуге арналған шығыстар да жатады.
2. Шақырылған адамдардың тұруына, мұндай тұлғалар үшін визалар ресімдеуге, бос уақытын, ойын-сауықты, демалысты ұйымдастыруға арналған шығыстар, сондай-ақ осы тармаққа сәйкес өкілдік іс-шараларға қатысушы тұлғаларды көлікпен қамтамасыз ету шығыстарына жатқызылмайтын шығыстар өкілдік шығыстарына кірмейді және шегерімге жатпайды.
Өкілдік іс-шараларға қатысушылардың теміржол, теңіз және әуе көлігімен жүру шығыстары көлікпен қамтамасыз ету шығыстарына жатпайды.
1) салық төлеушінің өкілдік іс-шараны өткізу мақсатын және оны өткізуге жауапты тұлғаларды көрсете отырып, оны өткізу туралы жазбаша бұйрығы немесе жазбаша өкімі;
2) салық төлеуші бекіткен мұндай іс-шараның шығыстар сметасы;
3) жауапты тұлғалардың өткізілген өкілдік іс-шара туралы оның өткізілген күні мен орны, жүргізілген іс-шараның нәтижелері, қатысушылар құрамы, іс-шаралар бағдарламасы, іс жүзінде жүргізілген шығыстар көрсетілген есебі;
4) өкілдік шығыстардың негіздері мен жүзеге асырылуын растайтын бастапқы және өзге де құжаттар өкілдік шығыстардың шегерімін жүзеге асыру үшін негіз болып табылады.
4. Өкілдік шығыстар осы Кодекстің 163-бабының 2-тармағында көрсетілген қызметкерлердің салық салуға жататын табыстары бойынша жұмыс берушінің салық кезеңіндегі шығыстары сомасының 1 пайызынан аспайтын мөлшерде шегерімге жатады.
103-бап. Сыйақы бойынша шегерімдер
2012.26.12. № 61-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2013 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Сыйақы шегерімі осы баптың ережелеріне сәйкес жүргізіледі.
Осы баптың мақсаты үшін мыналар:
1) осы Кодекстің 12-бабында айқындалған сыйақылар;
2) өзара байланысты тараптар арасындағы кредит (қарыз) шарты бойынша тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл);
3) өзара байланысты тарапқа берілетін кепілдік үшін төлемақы сыйақылар болып танылады.
Сыйақы сомасы:
1) есепті салық кезеңінде және (немесе) есепті салық кезеңінің алдындағы салық кезеңдерінде шығыс деп танылған сыйақы сомасының шегінде есепті салық кезеңінде;
2) есепті салық кезеңінде шығыс деп танылған сыйақы сомасы шегінде есепті салық кезеңінің алдындағы салық кезеңдерінде төленген, осы тармаққа сәйкес танылған сыйақы мөлшерінде айқындалады.
2. Сыйақыны шегеру мынадай формула бойынша есептелетін сома шегінде жүргізіледі:
(А+Д)+(ЖК/МС)*(ШК)*(Б+В+Г),
мұнда:
А - Б, В, Г, Д көрсеткіштеріне енгізілген соманы қоспағанда, осы баптың 1-тармағында айқындалған сыйақы сомасы;
Б - Д көрсеткішіне енгізілген соманы қоспағанда, өзара байланысты тарапқа төленетін сыйақы сомасы;
В - Б көрсеткішіне енгізілген соманы қоспағанда, осы Кодекстің 224-бабына сәйкес айқындалатын жеңілдікті салық салынатын мемлекетте тіркелген тұлғаларға төленетін сыйақы сомасы;
Г - В көрсеткішіне енгізілген соманы қоспағанда, кепілдіктерді, кепілгерлікті немесе қамтамасыз етудің өзге нысанын орындаған жағдайда депозитке немесе қамтамасыз етілген кепілдікке, кепілгерлікке немесе өзара байланысты тараптардың қамтамасыз етуінің өзге нысанына берілген қарыздар бойынша тәуелсіз тарапқа төленетін сыйақы сомасы;
Д - Қазақстан Республикасында құрылған кредиттік серіктестік беретін кредиттер (қарыздар) үшін сыйақы сомасы;
ШК - шекті коэффициент;
ЖК - жеке капиталдың орташа жылдық сомасы;
МС - міндеттемелердің орташа жылдық сомасы.
А, Б, В, Г, Д сомаларын есептеу кезінде құрылысқа алынған және құрылыс кезеңіне есепке жазылған сыйақылар алып тасталады.
Өзара байланысты болып табылмайтын тарап осы баптың мақсатына орай тәуелсіз тарап деп танылады.
3. Осы баптың 2-тармағының мақсатына орай:
2011.21.07. № 467-ІV ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) жеке капиталдың орташа жылдық сомасы есепті салық кезеңінің әрбір айының соңындағы жеке капиталдың орташа арифметикалық сомасына тең. Жеке капиталдың орташа жылдық сомасының теріс мәні осы баптың мақсаты үшін нөлге тең деп танылады;
2) міндеттемелердің орташа жылдық сомасы есепті салық кезеңінің әрбір айындағы міндеттемелердің орташа арифметикалық ең көп сомасына тең. Міндеттемелердің орташа жылдық сомасын есептеу кезінде мыналар:
салықтар, алымдар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер;
қызметкерлердің жалақысы және өзге де табыстары;
өзара байланысты тараптан алынатын табыстарды қоспағанда, болашақ кезеңдердің табыстары;
сыйақылар мен комиссиялар;
дивидендтер бойынша есепке жазылған міндеттемелер есеп-қисапқа алынбайды;
103-баптың 3-тармағы 3) тармақшасының қолданылуы 2012 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтата тұру кезеңiнде аталған тармақша 2008.10.12 № 100-IV ҚР Заңның 14-бабының редакциясында қолданылды
3) шекті коэффицент қаржылық ұйымдар үшін - 7-ге, өзге заңды тұлғалар үшін 4-ке тең.
4. Резидент емес заңды тұлғаның Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекемесінің жеке капиталының сомасы осы баптың 2-тармағының мақсатына орай осы тұрақты мекеменің активтері мен міндеттемелері арасындағы айырма ретінде айқындалады.
Бұл ретте, резидент емес заңды тұлғаның Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекемесінің жеке капиталының сомасы осы тармақтың қолданылу мақсатына орай осы тұрақты мекеме оқшауландырылған және жеке заңды тұлға болғандай және өзі тұрақты мекемесі болып табылатын резидент емес заңды тұлғадан тәуелсіз әрекет ететіндей түрде қарастырылады.
104-бап. Төленген күмәнді міндеттемелер бойынша шегерім
Егер салық төлеуші бұрын табыс деп танылған күмәнді міндеттемелерді кредит берушіге төлесе, онда жүргізілген төлемнің шамасында шегерім жасауға жол беріледі. Мұндай шегерім төлем жасалған салық кезеңінде бұрын табысқа жатқызылған шама шегінде жүргізіледі.
Осы бапта көзделген шегерімдерге жатқызу тәртібі осы Кодекстің 88-бабына сәйкес бұрын табыс деп танылған міндеттемелерді төлеген жағдайда да қолданылады.
105-бап. Күмәнді талаптар бойынша шегерім
2012.26.12. № 61-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2013 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Егер осы тармақта өзгеше белгіленбесе, заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлерге, сондай-ақ тұрақты мекеме, филиал, өкілдік арқылы Қазақстан Республикасында қызметін жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғаларға тауарлар өткізу, жұмыстар орындау, қызметтер көрсету нәтижесінде туындаған талаптар және талаптар туындаған кезден бастап үш жыл ішінде қанағаттандырылмаған талаптар күмәнді талаптар болып танылады. Өткізілген тауарлар, орындалған жұмыстар, көрсетілген қызметтер бойынша туындаған және салық төлеуші-дебиторды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес банкрот деп тануға байланысты қанағаттандырылмаған талаптар да күмәнді талаптар болып танылады.
Осы Кодекстің 106-бабының 1-тармағына сәйкес провизиялар (резервтер) құру жөніндегі шығыстар сомасын шегеруге құқығы бар салық төлеушілердің 2012 жылғы 31 желтоқсаннан кейін аударылған:
1) басқа банктерде орналастырылған корреспонденттік шоттардағы қалдықтарды қоса алғанда, депозиттер бойынша сыйақыларды;
2) басқа банктер мен клиенттерге берілген кредиттер (қаржы лизингін қоспағанда) бойынша сыйақыларды;
3) құжаттамалық есеп-қисаптар мен кепілдіктер бойынша дебиторлық берешекті;
4) өтелмеген аккредитивтер, шығарылған немесе расталған кепілдіктер бойынша шартты міндеттемелерді төлеу жөніндегі талаптары күмәнді талаптар болып танылмайды.
2. Осы Кодекске сәйкес күмәнді деп танылған талаптар шегерімге жатады.
Салық төлеушінің күмәнді талаптарды шегерімге жатқызуы бір мезгілде мынадай талаптар сақталған кезде жүргізіледі:
1) талаптар туындауын растайтын құжаттардың болуы;
2) шегерімдерге жатқызу кезіне бухгалтерлік есепте талаптардың көрсетілуі не осындай талаптарды алдыңғы кезеңдердегі бухгалтерлік есептегі шығыстарға (есептен шығаруға) жатқызу.
3. Дебитор банкрот деп танылған жағдайда, осы баптың 2-тармағында көрсетілген құжаттардан басқа, оған қосымша конкурстық іс жүргізудің аяқталғаны туралы сот ұйғарымы көшірмесінің болуы қажет. Салық төлеуші жоғарыда көрсетілген шарттар сақталған кезде, конкурстық іс жүргізу аяқталғаны туралы сот ұйғарымы күшіне енген салық кезеңінің қорытындылары бойынша күмәнді талаптың сомасын шегерімге жатқызуға құқылы.
4. Күмәнді талаптар бұрын тауарлар өткізуден, жұмыстар орындаудан, қызметтер көрсетуден түсетін табыс деп танылған табыстың мөлшері шегінде шегерімге жатқызылады.
2009.13.02. № 135-ІV ҚР Заңымен 106-бап редакцияда жазылды (бұр.ред.қара)
106-бап. Резервтік қорларға аударымдар бойынша шегерімдер
2009.30.12 № 234-IV Заңымен (2009 жылғы 1 қаңтардан қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара); 2012.05.07. № 30-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді
2011.21.07 № 467-IV ҚР Заңына сәйкес 1-тармағының қолданысы 2009 жылғы 1 қаңтардан бастап 2013 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтата тұру кезеңінде 1-тармақ аталған Заңның 2-бабының редакциясында қолданылады
2012.26.12. № 61-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2013 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Акцияларының бақылау пакеті ұлттық басқарушы холдингке тиесілі ұлттық даму институты болып табылатын банкті қоспағанда, банктердің халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес және уәкілетті органның келісімі бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бекіткен тәртіппен құрылған провизиялар (резервтер) бойынша шығыстар сомасын шегеруге құқығы бар.
Провизиялар (резервтер) сомасын айқындау кезінде кепілдің және басқа қамтамасыз етудің құны өздеріне қарсы провизиялар (резервтер) құрылатын активтің, шартты міндеттеменің мөлшерін азайтады.
Кепілдің және басқа қамтамасыз етудің құнын айқындау тәртібін уәкілетті органның келісімі бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілейді.
Осы тармақтың ережелері, өзара байланысты тараптардың пайдасына не өзара байланысты тараптардың мiндеттемелерi бойынша үшiншi тұлғаларға берiлген активтер мен шартты мiндеттемелердi қоспағанда, мынадай активтерге, шартты міндеттемелерге:
1) басқа банктерде орналастырылған корреспонденттік шоттардағы қалдықтарды қоса алғанда, депозиттерге, сондай-ақ осындай депозиттер бойынша 2012 жылғы 31 желтоқсаннан кейін есептелген сыйақыларға;
2) басқа банктер мен клиенттерге берілген кредиттерге (қаржы лизингін қоспағанда), сондай-ақ осындай кредиттер бойынша 2012 жылғы 31 желтоқсаннан кейін есептелген сыйақыларға;
3) құжаттамалық есеп-қисаптар мен кепілдіктер бойынша дебиторлық берешекке;
4) өтелмеген аккредитивтер, шығарылған немесе расталған кепілдіктерге қарсы провизиялар (резервтер) бойынша қолданылады.
2012 жылғы 1 қаңтардан бастап 2018 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңінде 2008.10.12 № 100-IV ҚР Заңның 63-бабына сәйкес 106-баб 1-1-тармақпен толықтырылды
2012.26.12. № 61-V ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды (2012 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді және 2018 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылады)
1-1. 2012 жылғы 1 қаңтарға дейін берілген және күмәндi және үмiтсiз активтер деп танылған кредиттер (қарыздар) бойынша банктердiң талап ету құқықтарын сатып алуға банктiң еншiлес ұйымына берiлген күмәндi және үмiтсiз активтерге қарсы провизияларды (резервтердi) құру шығыстарының сомаларын банктердiң шегеруге құқығы бар.
Бас банктiң күмәндi және үмiтсiз активтерiн сатып алатын еншiлес ұйымды құруға немесе сатып алуға берiлген рұқсаттар тiзбесi Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң нормативтiк құқықтық актiсiмен айқындалады.
Бұл ретте қаржылық есептіліктің халықаралық стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен есептілік туралы заңнамасы талаптарына сәйкес күмәндi және үмiтсiз активтер деп танылған кредиттер (қарыздар) бойынша талап ету құқықтарын бас банктен сатып алуға бас банктің еншiлес ұйымға берген күмәндi немесе үмiтсiз активтерге қарсы провизиялар (резервтер) құру жөніндегі шығыстар сомасы шегерiмге жатады.
Банктердiң еншiлес ұйымдарға күмәндi және үмiтсiз активтер деп танылған кредиттер (қарыздар) бойынша талап ету құқықтарын сатып алуға берген активтерiн күмәндi және үмiтсiз активтер санатына жатқызу тәртiбiн, сондай-ақ бас банктердiң еншiлес ұйымдарға берген активтерiне қарсы провизияларды (резервтердi) қалыптастыру тәртiбiн уәкiлеттi органмен келiсе отырып Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлейдi.
Екiншi деңгейдегi банктердiң кредиттiк портфельдерiнiң сапасын жақсартуға маманданған, дауыс беретiн акцияларының жүз пайызы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiне тиесiлi ұйымнан сатып алынған күмәндi және үмiтсiз активтерге қарсы провизиялар (резервтер) құру жөніндегі шығыстар сомасын банктер шегерiмге жатқызуға құқылы емес.
2012.26.12. № 61-V ҚР Заңымен 1-2-тармақпен толықтырылды (2013 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
1-2. Акцияларының бақылау пакеті ұлттық басқарушы холдингке тиесілі ұлттық даму институты болып табылатын банктерді қоспағанда, банктердің есепті салық кезеңінің соңында айқындалған серпінді резерв мөлшері мен өткен салық кезеңінің соңында айқындалған серпінді резерв мөлшерінің арасындағы оң айырма сомасын шегеруге құқығы бар.
Серпінді резервтің мөлшері уәкілетті органның келісімі бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген тәртіппен айқындалған күтілетін ысырап мөлшері мен осы баптың 1-тармағына сәйкес шегерімге жатқызылған провизиялар (резервтер) сомасы арасындағы айырма ретінде айқындалады.
2012.26.12. № 61-V ҚР Заңымен 1-3-тармақпен толықтырылды (2013 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
1-3. Банктік қарыз операцияларын жүргізуге арналған лицензия негізінде банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың:
1) қаржы лизингін;
2) өзара байланысты тараптардың пайдасына не өзара байланысты тараптардың міндеттемелері бойынша үшінші тұлғаларға берілген кредиттерді (қарыздарды) қоспағанда, халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес және уәкілетті органның келісімі бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бекіткен тәртіппен кредиттерге (қарыздарға) қарсы құрылған провизияларды (резервтерді) құру бойынша шығыстар сомасын шегеруге құқығы бар.
Провизиялар (резервтер) сомасын айқындау кезінде кепілдің және басқа да қамтамасыз етудің құны өзіне қарсы провизиялар (резервтер) құрылатын активтің мөлшерін азайтады.
Кепілдің және басқа қамтамасыз етудің құнын айқындау тәртібін уәкілетті органның келісімі бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі айқындайды.»
2008.10.12 № 100-IV ҚР Заңның 23 бабына сәйкес 106-баптың 2-тармағының қолданылуы 2012 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатылды
2012.05.07. № 30-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша сақтандыру резервтерiн құру жөнiндегi шығыстар сомасын шегеруге құқығы бар. Сақтандыру резервтерiн құру тәртiбiн уәкiлеттi органның келiсiмі бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі айқындайды.
2012.26.11. № 57-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Микроқаржы ұйымдарының өзара байланысты тарапқа не өзара байланысты тараптың міндеттемелері бойынша үшінші тұлғаларға берілген активтерін қоспағанда, берілген микрокредиттер бойынша күмәнді және үмітсіз активтерге қарсы провизияларды (резервтерді) құру жөніндегі шығыстардың сомасын шегеруге құқығы бар.
Берілген микрокредиттер бойынша активтерді күмәнді және үмітсіз активтерге жатқызу тәртібін, сондай-ақ оларға қарсы провизиялар (резервтер) құру тәртібін уәкілетті органмен келісім бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі айқындайды.
2009.30.12 № 234-IV Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2009 жылғы 1 қаңтардан қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
2011.21.07 № 467-IV ҚР Заңына сәйкес 4-тармағының қолданысы 2009 жылғы 1 қаңтардан бастап 2013 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтата тұру кезеңінде 4-тармақ аталған Заңның 2-бабының редакциясында қолданылады
4. Ұлттық басқарушы холдингтің, сондай-ақ негізгі қызмет түрі қарыз операцияларын жүзеге асыру немесе талап құқықтарын сатып алу болып табылатын және дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) жүз проценті ұлттық басқарушы холдингке тиесілі заңды тұлғалардың өзара байланысты тараптардың пайдасына не өзара байланысты тараптардың міндеттемелері бойынша үшінші тұлғаларға берілген активтер мен шартты міндеттемелерді (кредиттік серіктестіктердің активтері мен шартты міндеттемелерінен басқа) қоспағанда, мынадай күмәнді және үмітсіз активтерге, шартты міндеттемелерге:
банктерде орналастырылған корреспонденттік шоттардағы қалдықтарды қоса алғанда, депозиттерге;
банктер мен клиенттерге берілген кредиттерге (қаржы лизингін қоспағанда);
құжаттық есеп-қисаптар мен кепілдіктер бойынша дебиторлық берешекке;
өтелмеген аккредитивтер, шығарылған немесе расталған кепілдіктер бойынша шартты міндеттемелерге қарсы провизиялар (резервтер) құру жөніндегі шығыстар сомасын шегеруге құқығы бар.
Активтер мен шартты міндеттемелерді күмәнді және үмітсіз санатқа жатқызу тәртібін, сондай-ақ осы тармақта көрсетілген заңды тұлғалардың тізбесін және осындай тізбені қалыптастыру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
Осы тармақтың ережелері осы баптың 1, 2 және 3-тармақтарында көрсетілген салық төлеушілерге қолданылмайды.
107-бап. Кен орындарын әзірлеу салдарын жоюға арналған шығыстар бойынша шегерімдер және салдарды жою қорларына аударымдар сомасының шегерімдері
1. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жасалған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт негізінде қызметті жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы жылдық жиынтық табыстан салдарды жою қорына аударымдар сомасын шегеруге құқығы бар. Көрсетілген шегерімге жер қойнауын пайдаланушының салық кезеңінде Қазақстан Республикасының аумағындағы кез келген банктегі арнаулы депозиттік шотқа іс жүзінде жүргізген аударымдардың мөлшерінде жол беріледі.
Салдарды жою қорына аударымдардың мөлшері мен тәртібі жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта белгіленеді.
Жер қойнауын пайдалану мәселелері жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган жер қойнауын пайдаланушының салдарды жою қорының қаражатын мақсатсыз пайдалану фактісін анықтаған жағдайда мақсатсыз пайдаланылған қаражат сомасы оған жол берілген немесе ол анықталған және жойылмаған және осы Кодекстің 46-бабында белгіленген талап қою мерзімінен асып кеткенде, жер қойынауын пайдаланушының сол салық кезеңіндегі жылдық жиынтық табысына енгізілуге жатады.
2009.30.12 № 234-IV Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2009 жылғы 1 қаңтардан қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
2. Жер қойнауын пайдаланушының салық кезеңі ішінде кен орындарын әзірлеу салдарын жоюға іс жүзінде шеккен шығыстары, салдарды жою қорының арнайы депозиттiк шотта орналастырылған қаражаты есебінен жүргізілген шығыстарды қоспағанда, сол шығыстарды шеккен салық кезеңінде шегерімге жатады.
3. Салық төлеушінің Қазақстан Республикасының аумағындағы кез келген екінші деңгейдегі банктегі арнайы депозиттік шотқа аударылған, қалдықтарды орналастыру полигондарын жою қорына аударымдардың сомасын жылдық жиынтық табыстан шегеруге құқығы бар.
Қалдықтарды орналастыру полигондарын жою қорына аударымдардың мөлшері мен тәртібі, сондай-ақ қор қаражатын пайдалану тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленеді.
Осы мақсаттарға уәкілеттік берілген мемлекеттік орган салық төлеушінің қалдықтарды орналастыру полигондарының салдарын жою қорының қаражатын мақсатсыз пайдалану фактісін анықтаған жағдайда мақсатсыз пайдаланылған қаражат сомасы оған жол берілген салық кезеңіндегі салық төлеушінің жылдық жиынтық табысына енгізілуге жатады.
108-бап. Ғылыми-зерттеу және ғылыми-техникалық жұмыстарға арналған шығыстар бойынша шегерім
Тіркелген активтерді сатып алуға, оларды орнатуға жұмсалатын шығыстардан және капитал сипатындағы басқа шығыстардан басқа, ғылыми-зерттеу және ғылыми-техникалық жұмыстарға арналған шығыстар шегерімдерге жатады. Осындай шығыстарды шегерімге жатқызуға ғылыми-зерттеу және ғылыми-техникалық жұмысқа арналған техникалық тапсырма және осындай жұмыстардың аяқталған кезеңдерін қабылдап алу актілері негіз болып табылады.
109-бап. Кепілдік беру жүйелеріне қатысушылардың сақтандыру сыйлықақылары мен жарналары бойынша шығыстарды шегеру
1. Жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру сыйлықақыларын қоспағанда, сақтанушының сақтандыру шарттары бойынша төлеуіне жататын немесе төлеген сақтандыру сыйлықақылары шегерімге жатады.
2. Жеке тұлғалардың депозиттеріне міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктер жеке тұлғалардың депозиттеріне кепілдік беруге байланысты аударылған міндетті күнтізбелік, қосымша және төтенше жарналарының сомасын шегерімге жатқызуға құқылы.