Шағын өлшемді кемелерді және олар тоқтайтын базаларды (құрылыстарды) пайдалану қағидасын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 14 шілдедегі № 798 Қаулысы
Осы редакция 2012 жылғы 19 желтоқсанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Сауда мақсатында теңізде жүзу туралы» Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 17 қаңтардағы Заңының 4-бабы 2-тармағының 28) тармақшасына және «Ішкі су көлігі туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 6 шілдедегі Заңының 8-бабының 23) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Шағын өлшемді кемелерді және олар тоқтайтын базаларды (құрылыстарды) пайдалану қағидасы бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
К. Мәсімов |
Үкіметінің
2011 жылғы 14 шілдедегі
№ 798 қаулысымен
бекітілген
Шағын көлемді кемелерді және олар тоқтайтын базаларды (құрылыстарды) пайдалану
қағидасы
1. Жалпы ережелер
1. Осы Шағын көлемді кемелерді және олар тоқтайтын базаларды (құрылыстарды) пайдалану қағидасы (бұдан әрі - Қағида) Қазақстан Республикасының «Сауда мақсатында теңізде жүзу туралы» 2002 жылғы 17 қаңтардағы және «Ішкі су көлігі туралы» 2004 жылғы 6 шілдедегі заңдарына сәйкес қабылданды және шағын көлемді кемелерді және олар тоқтайтын базаларды (құрылыстарды) теңіз жағалауындағы суда, ішкі су жолдарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының басқа су қоймаларында пайдалану тәртібін белгілейді.
2. Қағидада мынадай негізгі терминдер қолданылады:
кеме билеті - шағын көлемді кемеге меншік құқығын және осы кеменің Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтеріп жүзу құқығын растайтын құжат;
судағы жүрдек аттракцион - шағын көлемді кеменің көңіл көтеретін жүзу құралдарын сүйреу арқылы ойын-сауық түрі («банандар», «шайбалар», «су шаналары» және басқалар);