Осы редакция 2012 жылғы 29 желтоқсанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 8 тамыздағы
№ 1033 қаулысымен
бекітілген
«Қоршаған ортаны қорғау саласындағы жұмыстарды орындауғажәне қызмет көрсетуге
лицензия беру, қайта ресімдеу, лицензия телнұсқасын беру»
мемлекеттік қызмет стандарты
1. Жалпы ережелер
1. «Қоршаған ортаны қорғау саласындағы жұмыстарды орындауға және қызмет көрсетуге лицензия беру, қайта ресімдеу, лицензия телнұсқасын беру» мемлекеттік қызметті (бұдан әрі - мемлекеттік қызмет) мына мекенжайда: 010000, Астана қаласы, Министрліктер үйі, Орынбор көшесі, № 8 үй, № 14 кіреберісте орналасқан Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитеті (бұдан әрі - уәкілетті орган), сондай-ақ «электрондық үкіметтің» www.e.gov.kz веб-порталы немесе www.elicense.kz «Е лицензиялау» веб-порталы (бұдан әрі - портал) арқылы көрсетеді.
2. Көрсетілетін мемлекеттік қызметтің нысаны: ішінара автоматтандырылған.
3. Мемлекеттік қызмет Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы Экологиялық кодексінің 21-бабына, «Лицензиялау туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 11 қаңтардағы Заңының 27, 42 және 47-баптарына, «Ақпараттандыру туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 11 қаңтардағы Заңының 29-бабына және «Қоршаған ортаны қорғау саласындағы жұмыстарды орындау және қызметтерді көрсету жөніндегі қызметті лицензиялау ережесін және оған қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 5 маусымдағы № 457 қаулысына сәйкес жүзеге асырылады.
4. Мемлекеттік қызмет туралы ақпарат:
1) уәкілетті органның интернет-ресурсында: www.ecokomitet.kz;
2) порталда;
3) call-орталығында: (1414) орналастырылады.