Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Финляндия Республикасының Үкіметі арасындағы дипломатиялық паспорттардың иелерін визалық талаптардан өзара босату туралы ноталар алмасу нысанындағы
келісім
(Астана қ., 2013 жылғы 12 сәуірде)
ҚР Үкіметінің 2013 жылғы 17 қыркүйектегі № 980 Қаулысымен бекітілді
2013 жылғы 22 қазанда күшіне енді
Финляндия Республикасының
Сыртқы Істер Министрлігі
2013 жылғы 18 сәуірде Хельсинки қаласы
Нота № 13-1/3605
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Финляндия Республикасының Сыртқы істер министрлігіне өзінің ілтипатын білдіреді және Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің 2010 жылғы 22 ақпандағы № 13-1/2082 нотасына толықтыру ретінде Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Финляндия Республикасының Үкіметі арасындағы дипломатиялық паспорттардың иелерін визалық талаптардан өзара босату туралы ноталар алмасу нысанындағы мынадай мазмұндағы келісім жасасуды ұсынуды өзіне мәртебе санайды:
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Финляндия Республикасының Үкіметі бұдан әрі Тараптар деп аталады.
1. Бір Тарап мемлекетінің жарамды дипломатиялық паспорттары бар және екінші Тарап мемлекетінің аумағында аккредиттелмеген азаматтары екінші Тарап мемлекетінің аумағына алғаш келген күнінен бастап 180 (жүз сексен) күнтізбелік күн ішінде 90 (тоқсан) күнтізбелік күннен аспайтын кезеңге екінші Тарап мемлекетінің аумағына келу, транзитпен өту, болу және кету үшін визалық талаптардан босатылады.
2. Бір Тарап мемлекетінің жарамды дипломатиялық паспорттары бар, екінші Тарап мемлекетінің аумағындағы дипломатиялық өкілдіктердің және консулдық мекемелердің немесе халықаралық ұйымдардың жанындағы өкілдіктердің қызметкерлері болып табылатын азаматтары және олармен бірге тұратын, жарамды дипломатиялық паспорттары бар отбасы мүшелері аккредиттеудің бүкіл мерзіміне екінші Тарап мемлекетінің аумағына келу, транзитпен өту, болу және кету үшін визалық талаптардан босатылады.