Қазақстан Республикасының
Заңы
Телерадио хабарларын тарату туралы
(2012.10.07. берілген өзгерістермен)
Осы редакция 2013 жылғы 3 шілдеде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Осы Заңды іске асыру мақсатында қабылдануы қажет нормативтік құқықтық актілердің тізбесін қараңыз
Түпнұсқада мазмұны жоқ
Осы Заң телерадио хабарларын тарату саласындағы қоғамдық қатынастарды, телерадио хабарларын тарату субъектілерінің құқықтары мен міндеттерін реттейді.
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) абонент - телерадио хабарларын тарату қызметтерін алуға телерадио хабарларын тарату операторымен шарт жасасқан жеке немесе заңды тұлға;
2) дара спутниктік және эфирлік қабылдау құрылғысы - теле-, радиосигналды дара қабылдауға арналған жабдық (телевизиялық байланысты қабылдау аппаратурасы);
3) дыбыстық сүйемелдеудің көпарналы берілуі - абонентке көру кезінде тілдерді таңдауға мүмкіндік беретін, телебағдарламада екі және одан да көп дыбыстық сүйемелдеудің берілуі;
4) еркін қолжетімді теле-, радиоарна - көру құқығы үшін ақы алынбай адамдардың шектеусіз тобы үшін цифрлық эфирлік және спутниктік телерадио хабарларын тарату арқылы таратылатын теле-, радиоарна;
5) көпарналы хабар тарату - теле-, радиоарналар топтамаларын таратуға арналған телекоммуникациялық жүйе;
6) міндетті теле-, радиоарна - Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тиісті тізбеге кіретін, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында көпарналы хабар тарату арқылы таратылуға міндетті теле-, радиоарна;