Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Словения Республикасының
Үкіметі арасындағы мәдени ынтымақтастық туралы
келiсiм
(Алматы қ., 1994 жылғы 18 қаңтарда)
ҚР Үкіметінiң 1996 жылғы 15 сәуiрдегі № 441 Қаулысымен бекітілді
1997 ж. 24 ақпанда күшіне енді
Бұдан әрi «Уағдаласушы Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Словения Республикасының Үкіметі,
екi ел арасында білім, мәдениет және ғылым саласындағы ынтымақтастықты дамыту ниетiн көздей отырып,
мұндай ынтымақтастық өзара жақсырақ түсiнiсуге және әр түрлi деңгейлердегi қатынастарды нығайтуға жәрдемдесетiндiгiне кәмiл сене отырып,
мына төмендегiлер жайында келiстi:
Уағдаласушы Тараптар білім, мәдениет, ғылым, спорт, туризм және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы өзара ынтымақтастық пен қарым-қатынастарды дамытады, сөйтiп осы мақсаттарда университеттер, басқа да оқу орындары, мәдениет мекемелерi мен ұйымдар арасындағы тiкелей ынтымақтастық пен қарым-қатынастарды қолдайды,
Олар сондай-ақ университет профессорларын, студенттер, ғалымдар, сарапшылар және артистер алмасуға да қолдау жасайды.
Уағдаласушы Тараптар, өз мүмкiндiктерiне қарай, өзаралық негiзiнде оқу мен стажировкаға арнап стипендия бередi.
Уағдаласушы Тараптар екiншi Тараптың тілін оқытуға және үйретуге қолдау жасайды.
Уағдаласушы Тараптар дипломдарды, университеттiк дәрежелер мен академиялық атақтарды өзара тану мүмкiндiктерiн қарастырады.
Уағдаласушы Тараптар екiншi Тараптың мәдениетi туралы білімдi кеңейтуге ықпал жасап, мәдениеттiң барлық нысандары саласындағы қарым-қатынастарды қолдайды.
Уағдаласушы Тараптар баспасөз агенттiктерi арасындағы тiкелей ынтымақтастықты қолдайды.
Ғылым, ғылыми-зерттеулер және технологиялар саласындағы ынтымақтастық жөнiнде жеке келісіледi.
Уағдаласушы Тараптар екi Уағдаласушы Тараптың жастары мен жастар ұйымдары арасындағы қарым-қатынастарды көтермелеп отырады.
Уағдаласушы Тараптар спорт ұйымдарының ынтымақтасуына және екi елдiң әрқайсысындағы спорт шараларына қатысуға жәрдемдеседi.
Уағдаласушы Тараптар өз аумақтарында қолданылып жүрген заңдар мен ережелердiң шеңберiнде, екiншi Тараптың келiсуi бойынша өкiлдердiң келуiне, болуына және кетуiне, сондай-ақ осы Келісімге сәйкес жүзеге асырылатын айырбас жасау бағдарламаларының орындалуына қажеттi материалдар мен жабдықтардың әкелiнуiне жәрдемдеседi.
Осы Келісімдi жүзеге асыруға байланысты шараларды қарау үшiн Уағдаласушы Тараптардың өкiлдерi қажет болған жағдайда немесе екiншi Тараптың өтiнiшi бойынша Бiрлескен Комиссия шеңберiнде кездесетiн болады.
Осы Келісім қол қойылған сәтiнен бастап уақытша қолданылатын болады және оны екi елдiң құзыреттi органдары бекiткенi туралы жазбаша хабарлама алмасқан күннен бастап күшiне енедi.
Осы Келісім бес жыл мерзiмге жасалып отыр. Егер Уағдаласушы Тараптардың бiр де бiрi дипломатиялық арналар арқылы екiншi Тарапқа өзiнiң оны бұзғысы келетiнi жөнiнде тиiстi мерзiмi бiткенге дейiн кемiнде алты ай бұрын жазбаша түрде хабарламаса, онда оның қолданыс мерзiмi өздiгiнен бес жылдық кезеңге ұзартылады.
Алматы қаласында 1994 жылы 18 қаңтар екi данада, әрқайсысы қазақ, словен және ағылшын тiлдерiнде жасалды, сондай-ақ барлық текстiң де күшi бiрдей.
Осы Келісімдi түсiндiруде алшақтық туған жағдайда Уағдаласушы Тараптар ағылшын тіліндегi текстi басшылыққа алатын болады.
| Қазақстан Республикасының Үкіметі үшiн | Словения Республикасының Үкіметі үшiн |