Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрiк Республикасының Үкіметі арасындағы өтеусiз әскери көмек көрсету туралы
келісім
(Алматы қ., 1999 жылғы 14 мамырда)
ҚР Үкіметінің 1999 жылғы 24 тамыздағы № 1234 Қаулысымен бекітілді
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрiк Республикасының Үкіметі өздерiнiң бұрындағы достық қарым-қатынастарын қуаттай отырып,
1994 жылғы 8 тамыздағы Қазақстан Республикасының Үкiметі мен Түрiк Республикасының Үкіметі арасындағы әскери ғылым, техника және білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы Шарт және 1996 жылғы 3 қыркүйектегi Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен Түрiк Республикасының Ұлттық қорғаныс министрлігі арасындағы әскери саладағы ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі өзара түсiнiстiк туралы Меморандум ережелерiн iске асыру маңыздылығын ескере отырып,
екi ел арасындағы әскери ынтымақтастықты нығайту мақсатында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiн реформалауды жүргiзуге жағдай жасауға ниет бiлдiре отырып,
төмендегiлер жөнiнде келiстi:
Түрiк Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Үкіметіне 700000 (жетi жүз мың) АҚШ доллары сомасында өтеусiз көмек көрсетедi. Осы көмектi беру 1999 жылдан басталатын болады.
700000 (жетi жүз мың) АҚШ доллары сомасындағы өтеусiз көмек Қазақстан Республикасы мен Түрiк Республикасының ұлттық заңдарына сәйкес жабдықтар мен көрсетiлетiн қызметтер түрiнде ұсынылатын болады.
700000 (жетi жүз мың) АҚШ доллары сомасындағы өтеусiз көмек осы Келісімге сәйкес Тараптардың ресми өкiлдерi қол қоятын Атқарушы хаттамаға сәйкес берiлетiн болады. Бұл хаттамаға 700000 (жетi жүз мың) АҚШ доллары сомасында Түрiк Республикасы ұсынатын жабдықтар мен көрсетiлетiн қызметтер тiзiмi енгiзiлетiн болады және ол осы Келісімнiң ажырамас бөлiгi болып табылады. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі осы Келісімге қол қойылғаннан кейiн бiр ай мерзiм iшiнде Түрiк Республикасының Бас штабына Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң қажеттіліктерiнiң тiзiмiн жiбередi.
Қазақстан Республикасы жабдықтар мен қызмет көрсетулердi немесе оларға деген құқықты басқа елге немесе үшiншi тарапқа Түрiк Республикасының алдын-ала рұқсаты негiзiнде беруге келiстi.
Осы Келісім:
Қазақстан Республикасы үшiн - Қазақстан Республикасының Үкіметі оны мақұлдаған кезеңнен бастап;
Түрiк Республикасы үшiн - Түрiк Республикасының Министрлер Кеңесi оны мақұлдаған кезеңнен бастап күшiне енедi.
Осы Келісім Түрiк Республикасының Атқарушы хаттамада көрсетiлген жабдықтар мен қызметтердi Қазақстан Республикасына беруi аяқталғанға дейiн күшiнде болады.
Осы Келісімдi iске асыру барысында туындауы мүмкiн барлық келiспеушiлiктер өзара талқылаулар мен консультациялар жолымен шешiлетiн болады.
Өтеусiз әскери көмек көрсету жөніндегі Келісімдi Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен Түрiк Республикасының Бас штабы iске асыратын болады.
Осы Келісім қазақ, орыс, түрiк және ағылшын тiлдерiнде екi түпнұсқа данада жасалды. Осы Келісім ережелерiн түсiндiруге қатысты пiкiр алшақтығы туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тiліндегі мәтiндi басшылыққа алатын болады.
Осы Келісім 1999 жылғы 14 мамыр Алматыда, Қазақстанда жасалды.
| Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін | Түрік Республикасының Үкіметі үшін |
| Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі | Түрік Республикасы Бас штабы басқармасының бастығы |