Қазақстан Республикасы Президентінің
Жарлығы
«Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 1 ақпандағы № 922 Жарлығына өзгеріс енгізу туралы
ҚР Президентінің 2018 жылғы 15 ақпандағы № 636 Жарлығымен күші жойылды
қаулы етемін:
1. «Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 1 ақпандағы № 922 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2010 ж., № 10, 115-құжат; 2012 ж., № 68, 976-құжат) мынадай өзгеріс енгізілсін:
жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарында:
«Қазақстанның 2020 жылға дейінгі дамуының түйінді бағыттары» деген III бөлім мынадай редакцияда жазылсын:
«III. Қазақстанның 2020 жылға дейінгі дамуының түйінді бағыттары
Қазақстан 2020 жылы
Қазақстан 2020 жылы әлемдік дағдарыстан біршама қуатты және бәсекеге қабілетті, экономикасы әртараптандырылған және халқы белсенді түрде жаңа экономикаға тартыла отырып шыныққан елге айналады.
2020 жылға қарай Қазақстан ел экономикасының шикізат емес секторларына қомақты шетелдік инвестициялар тартуға мүмкіндік беретін қолайлы іскерлік ахуал қалыптасқан әлемнің бәсекеге барынша қабілетті елу елінің қатарында болады. Экономика келесі экономикалық дағдарыстарға жақсы дайындықта болады. Қазақстан шектес елдермен және басқа да мемлекеттермен өзінің саяси және экономикалық байланыстарын нығайтады.
2020 жылға қарай ел әртараптандырылған экономиканы дамыту үшін қажетті адами ресурстарға, сондай-ақ отандық кәсіпкерлер мен экспорттаушыларға қызмет көрсету үшін қажетті инфрақұрылымға ие болады. Көлік инфрақұрылымы мен телекоммуникацияны қарқынды дамыту есебінен өзге әлеммен үзіліссіз байланыс қамтамасыз етіледі. Қазақстанның өңдеуші өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы мен қызметтер көрсету саласы экономика құрылымында тау-кен өнеркәсібімен қатар лайықты орын алады. Әлеуметтік салада және қоршаған ортаны қорғау саласында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізіледі.
2020 жылға қарай Қазақстан экономикасы нақты мәнде 2009 жылдың деңгейінің үштен бірінен жоғары өседі1. Экономиканы әртараптандыру жөніндегі жоспарларды табысты іске асыру есебінен экономиканың қайта өңдеу салаларының өсу көрсеткіштері 2020 жылға қарай өндіруші салалардың өсу көрсеткіштерінен жоғары немесе оларға тең болады.
Ойластырылған макроэкономикалық саясат жүргізу нәтижесінде 2020 жылға қарай алтын-валюта резервтерінің деңгейі (Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының активтерін қоспағанда) үш айлық импорттан немесе (қандай көрсеткіштің жоғары болатынына қарай) ел экономикасының мемлекеттік және корпоративтік секторларының қысқа мерзімді (1 жылға дейінгі) сыртқы борышының көлемінен төмен болмайды. Ұлттық қордың активтері ІЖӨ-нің кемінде 30%-ын құрайды. Осы кезеңде инфляция жылына орта есеппен 5-8% деңгейінде сақталып тұрады. Айырбас бағамы саясаты қазақстандық экономиканың ішкі және сыртқы бәсекеге қабілеттілігінің теңгерімін қамтамасыз етеді.
2020 жылға қарай табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі 8%-ға төмендейді. Халықтың әлеуметтік осал топтары, мүмкіндігі шектеулі адамдар, әйелдер, балалар мен жастар өздерінің барынша қорғалғанын сезінеді және өздерінің қоғамдағы мүмкіндіктерін кеңейте алады.
Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесiнде 2020 жылға қарай отбасы-тұрмыстық қатынастарсаласында әйелдерге қатысты жасалған қылмыстардың үлес салмағы 9,7%-ға дейін және кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстардың үлес салмағы 2,2%-ға дейін азаяды.
Балабақшадан университетке дейін сапалы білім беру бүкіл ел бойынша қолжетімді болады, халық денсаулығының жай-күйі айтарлықтай жақсарады. Денсаулық сақтау қызметтері әлемнің үздік стандарттарына сай болады. Қазақстандықтар барынша саламатты өмір салтын ұстанып, темекі шегетіндер мен алкогольді асыра пайдаланатындар саны азаяды. Қоғамның тыныс-тіршілігінің барлық салаларында мемлекеттік тілді қолдану дәйекті және кезең-кезеңімен кеңейеді. Әртүрлі этностық топтар мен діни конфессия өкілдері ішкі тұрақтылық, қауіпсіздік, бейбітшілік пен келісім жағдайында өмір сүретін болады.
Қазақстанның өркендеуінің, гүлденуі мен қауіпсіздігінің орнықты тұғыры: түйінді бес бағыт
Таяу онжылдықта түйінді бес бағыт мемлекет қызметіндегі басымдықтар болады:
1) дағдарыстан кейінгі дамуға дайындық;
2) индустрияландыру мен инфрақұрылымды дамыту арқылы әртараптандыруды жеделдету есебінен экономиканың орнықты өсуін қамтамасыз ету;
3) болашаққа инвестициялар - орнықты экономикалық өсуге, қазақстандықтардың өркендеуі мен әлеуметтік әл-ауқатына қол жеткізу үшін адами капиталдың бәсекеге қабілеттілігін арттыру;
4) халықты сапалы әлеуметтік және тұрғын үй-коммуналдық көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз ету;
5) ұлтаралық келісімді, қауіпсіздікті, халықаралық қатынастардың орнықтылығын қамтамасыз ету.
Экономиканы қалпына келтіруге дайындық процесінде Қазақстан оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік беретін реформаларды жеделдетіп іске асыруға тиіс. Бірінші түйінді бағыт - дағдарыстан кейінгі дамуға дайындық - нәтижесін онжылдық кезеңнің басында байқауға болатын шараларды қамтиды. Бұл - біршама қолайлы бизнес орта құру, қаржы секторын нығайту және құқықтық жүйені жетілдіру.
Екінші түйінді бағыт шеңберіндегі іс-қимылдар елді үдемелі индустрияландыру бағдарламасын іске асыру және инфрақұрылымды дамыту нәтижесінде Қазақстан экономикасын әртараптандыруды жеделдетуге ықпал ететін болады. Бұл экономикалық модельді өзгертуге және экстенсивті, шикізаттық даму жолынан индустриялық-инновациялық дамуға көшуге мүмкіндік береді. Елді инфрақұрылымдық дамыту жоспарлары экономиканы үдемелі әртараптандыруға және елге шетел инвестицияларын тартуға ықпал ететін энергетика, көлік және телекоммуникация салаларын жаңғыртуға шоғырланады.
Адами ресурстардың саны мен сапасы кез келген елдің болашағын айқындайтын негіз құрушы факторлар болып табылады. Адами капитал - бұл инновациялардың және экономиканың тиімділігін арттырудың негізгі қозғаушы күші. Үшінші бағыт - болашаққа инвестициялар - Қазақстанның адами ресурстарының сапасын ұзақ мерзімді кезеңде арттыру үшін қажетті шараларды қамтитын болады.
Төртінші түйінді бағыт - азаматтар үшін қызметтер көрсету шеңберінде - халықты әлеуметтік қорғау және тұрғын үй-коммуналдық қызметтерді тиімді көрсету жөніндегі шаралар күшейтілетін болады.
Бесінші түйінді бағыт - ұлтаралық келісім, қауіпсіздік, халықаралық қатынастардың тұрақтылығы шеңберінде - ішкі тұрақтылықты, қауіпсіздікті, бейбітшілік пен келісімді нығайту, бейбітсүйгіш сыртқы саясатты дамыту жөніндегі шаралар көзделетін болады.
Қазақстанның 2020 жылға дейінгі дамуының түйінді бес бағытының негізі ұтымды макроэкономикалық саясат болып табылады. Экономиканы қалпына келтіру және әртараптандыру, оның «қызып кетуін» болдырмау үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында экономиканың өсуі кезеңінде мемлекеттің шығыстарын азайтуды және оларды экономикалық бәсеңдеу кезеңінде ұлғайтуды көздейтін антициклді фискалдық саясат жүргізілетін болады. Бұл ретте келесі онжылдық кезеңнің соңына қарай бюджеттің мұнай емес тапшылығы ІЖӨ-ге қатысты 3%-дан аспайды. Ақша-кредит саясаты инфляцияны тежеу жөніндегі шаралардың тиімділігін арттыруға бағытталатын болады. Валюталық айырбас бағамының саясаты қазақстандық экономиканың ішкі және сыртқы бәсекеге қабілеттілігі арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуге бағытталады.
Түйінді бағыт: дағдарыстан кейінгі дамуға дайындық
Жаһандық қайта өрлеу кезеңінде Қазақстандағы іскерлік ахуал елдің бәсекеге қабілеттілігінің орнықты негізін қамтамасыз етеді. Ол экономиканы жеделдетіп әртараптандыру және отандық бизнесті дамыту үшін ауқымды инвестицияларды тартуға ықпал ететін шешуші фактор болып табылады. Орнықты қаржы жүйесі және сенімді құқықтық орта да кәсіпкерлікті дамытуда сындарлы рөл атқарады.
Бизнес ортаны жақсарту
Стратегиялық жоспар - 2020-ны іске асырудың алғашқы жылдары мемлекет отандық кәсіпкерлер, сол сияқты халықаралық инвесторлар үшін де бизнес жүргізудің құнын азайтуға бағытталған белсенді шараларға бастама жасайды. Әкімшілік рәсімдердің оңтайлы шеңберін белгілеп және оларды жүзеге асырудың ашықтығын арттыра отырып, мемлекет төрешілдік пен сыбайлас жемқорлықтың Қазақстандағы іскерлік ахуалдың маңызды аспектілеріне ықпал етуін төмендетуге ұмтылатын болады.
Бизнес ортаны жақсарту жөніндегі стратегиялық мақсаттар