Қазақстан Республикасының
Заңы
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы
(2011.05.07. берілген өзгерістермен)
Осы редакция 2014 жылғы 13 қаңтарда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Түпнұсқада мазмұны жоқ
Осы Заң тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың құқықтық, экономикалық және әлеуметтік негіздерін, сондай-ақ тұтынушыларды қауіпсіз және сапалы тауарлармен (жұмыстармен, көрсетілетін қызметтермен) қамтамасыз ету жөніндегі шараларды айқындайды.
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) дайындаушы - өткізу үшін тауар өндіретін жеке немесе заңды тұлға;
2) жарамдылық мерзімі - бітуіне қарай тауар мақсаты бойынша пайдалануға жарамсыз деп саналатын уақыт кезеңі;
3) жұмыс - тұтынушылардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған, нәтижелері материалдық сипатқа ие қызмет;
4) кемшілік - тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) техникалық регламенттердің, стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттардың міндетті талаптарына, шарттың ережелеріне, сондай-ақ тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) туралы сатушы (дайындаушы, орындаушы) ұсынған ақпаратқа сәйкес келмеуі;
5) кепілді мерзім - тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) тиісті түрде пайдаланылған және сақталған жағдайда оның сапасына сатушы (дайындаушы, орындаушы) кепілдік беретін уақыт кезеңі;
6) көрсетілетін қызмет - тұтынушылардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған, нәтижелері материалдық сипатта болмайтын қызмет;