(БҰРЫНҒЫ РЕДАКЦИЯ) САЛЫҚ ЖӘНЕ БЮДЖЕТКЕ ТӨЛЕНЕТІН БАСҚА ДА МІНДЕТТІ Т...

Предыдущая страница

 

35-бап. Мүлікті сенімгерлікпен басқаруға беру кезінде салық міндеттемесінің орындалуы

1. Сенімгерлікпен басқарушы өзіне жүктелген міндеттерді жүзеге асыру процесінде алынуға жататын (алынған) табыстар, төленуге жататын (жүргізілген) шығыстар және сатып алған және (немесе) алған мүлік мүлікті сенімгерлікпен басқару шарты бойынша сенімгерлікпен басқару құрылтайшысының не сенімгерлікпен басқару туындайтын өзге жағдайларда пайда алушының табыстары, шығыстары және мүлкі болып табылады.

Сенімгерлікпен басқарушының сыйақы түріндегі табысы мүлікті сенімгерлікпен басқару шарты бойынша сенімгерлікпен басқару құрылтайшысының не сенімгерлікпен басқару туындайтын өзге жағдайларда пайда алушының шығысы болып табылады.

Егер салық міндеттемесін орындау сенімгерлікпен басқарушыға жүктелсе, онда сенімгерлікпен басқару құрылтайшысының немесе пайда алушының табыстары мен оның осы тармақта көзделген, осындай құрылтайшының немесе пайда алушының алдыңғы салық кезеңдері үшін шеккен залалдары сомасына, сондай-ақ орындалуы сенімгерлікпен басқарушыға жүктелген салық міндеттемесі сомасына азайтылған шығыстары арасындағы оң айырма мүлікті сенімгерлікпен басқару шарты бойынша сенімгерлікпен басқару құрылтайшысының немесе сенімгерлікпен басқару туындайтын өзге жағдайларда пайда алушының сенімгерлікпен басқарудан алынған таза табысы болып табылады.

Осы тармақта көзделген шығыстардың мүлікті сенімгерлікпен басқару шарты бойынша сенімгерлікпен басқару құрылтайшысының немесе сенімгерлікпен басқару туындайтын өзге жағдайларда пайда алушының табыстарынан асып кетуі мүлікті сенімгерлікпен басқару шарты бойынша сенімгерлікпен басқару құрылтайшысының немесе сенімгерлікпен басқару туындайтын өзге жағдайларда пайда алушының сенімгерлікпен басқарудан шеккен залалы болып табылады.

2. Мүлікті сенімгерлікпен басқаруды құру туралы актіде көзделген сыйақы сенімгерлікпен басқарушының сенімгерлікпен басқарудан алынған табысы болып табылады. Сенімгерлікпен басқаруды жүзеге асыруға байланысты шығыстар, егер көрсетілген актіде сенімгерлікпен басқарушының шығыстарын мүлікті сенімгерлікпен басқару шарты бойынша сенімгерлікпен басқару құрылтайшысының немесе сенімгерлікпен басқару туындайтын өзге жағдайларда пайда алушының есебінен өтеу көзделмеген болса, сенімгерлікпен басқарушының шығыстары болып танылады.

2011.21.07. № 467-ІV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

3. Мүлікті сенімгерлікпен басқару шарты бойынша сенімгерлікпен басқару құрылтайшысының немесе сенімгерлікпен басқару туындайтын өзге жағдайларда пайда алушының салық міндеттемесін орындауды:

1) қосылған құн салығынан басқа салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша осындай құрылтайшы немесе пайда алушы, осы баптың 4-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, мүлікті сенімгерлік басқаруды құру туралы актінің негізінде сенімгерлікпен басқарушыға жүктеуі мүмкін;

2) қосылған құн салығы бойынша ол осы Кодекстің 8-бөлімінде және 568 - 571-баптарында белгіленген жағдайларда және тәртіппен сенімгерлікпен басқарушыға жүктеледі.

Егер салықты, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді есептеу, төлеу немесе ұстау жөніндегі салық міндеттемесін орындау сенімгерлікпен басқарушыға жүктелген болса, мұндай сенімгерлікпен басқарушы осы Кодекстің 81-тарауында белгіленген тәртіппен салық органында тіркелу есебіне тұруға тиіс.

Бұл ретте сенімгерлікпен басқарушы сенімгерлік басқару шарты бойынша салықтарды, басқа да міндетті төлемдерді есептеу, төлеу немесе ұстау жөніндегі салықтық міндеттемелерді:

егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сенімгерлікпен басқару құқығын мемлекеттік тіркеу талап етілген жағдайда, - мұндай құқық мемлекеттік тіркелген;

егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сенімгерлікпен басқару құқығын мемлекеттік тіркеу талап етілмеген жағдайда, - сенімгерлікпен басқару шарты жасалған күннен бастап орындайды.

4. Мүлікті сенімгерлікпен басқару шарты бойынша сенімгерлікпен басқару құрылтайшысы немесе сенімгерлікпен басқару туындайтын өзге жағдайларда пайда алушы мүлікті сенімгерлікпен басқаруға берумен байланысты өзінде туындайтын қосылған құн салығы бойынша салық міндеттемесінен басқа салық міндеттемесін мынадай жағдайлардың кез келгенінде:

1) салық міндеттемесін орындау сенімгерлікпен басқарушыға жүктелмесе;

2011.19.01. № 395-IV ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (2011 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

2) егер сенімгерлікпен басқарушы сенімгерлік басқару туындаған күні және сенімгерлікпен басқару кезеңінде осы Кодекстің 134, 135, 135-1, 181, 182-баптарының және (немесе) 63-тарауының ережелері қолданылатын тұлғаларға жататын болса, осы Кодексте белгіленген тәртіппен дербес орындайды.

5. Сенімгерлікпен басқарушы мүлік сенімгерлікпен басқаруға берілген кездегі салық міндеттемесін орындау мақсатында осы Кодекстің 58-бабына сәйкес бөлек есепке алуды жүргізуге міндетті.

6. Мүлікті сенімгерлікпен басқару шарты бойынша сенімгерлікпен басқару құрылтайшысының не сенімгерлікпен басқару туындайтын өзге жағдайларда пайда алушының мүлікті сенімгерлікпен басқарушыға беруі осындай мүлікті өткізуі болып табылмайды және ол сенімгерлікпен басқарушының табысы болып танылмайды.

7. Сенімгерлікпен басқарушының сенімгерлікпен басқарудың туындауына негіз болатын құжаттың қолданылуы тоқтаған кезде мүлікті қайтаруы осындай мүлікті өткізу болып табылмайды және ол мүлікті сенімгерлікпен басқару шарты бойынша сенімгерлікпен басқару құрылтайшысының немесе сенімгерлікпен басқару туындайтын өзге жағдайларда пайда алушының табысы (залалы) болып танылмайды.

8. Сенімгерлікпен басқарушыға салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер сомасын есептеу, төлеу немесе ұстау, сондай-ақ мүлікті сенімгерлікпен басқару шарты бойынша сенімгерлікпен басқару құрылтайшысы немесе сенімгерлікпен басқару туындайтын өзге жағдайларда пайда алушы үшін салықтық нысандарды жасау және табыс ету жөніндегі салық міндеттемесі жүктелген жағдайда, мұндай салық міндеттемесін орындау сенімгерлікпен басқарушы болып табылатын тұлғаның атынан, осы Кодекстің ерекше бөлімінде сенімгерлікпен басқарушы жататын тұлғалар үшін белгіленген ставкалар бойынша және тәртіппен жүргізіледі.

Бұл ретте, егер осы Кодекстің 58 және 64-баптарында өзгеше белгіленбесе, сенімгерлікпен басқарушы салықтық нысандарды мүлікті сенімгерлікпен басқару құрылтайшысының және (немесе) пайда алушының мүддесінде жүзеге асырылатын қызметті қоса алғанда, тұтас бүкіл қызметі бойынша жасайды және табыс етеді.

 

36-бап. Мүлікті сенімгерлікпен басқаруға беру кезінде салық міндеттемесін орындаудың ерекшеліктері

1. Осы Кодекстің 185-бабының 2-тармағында көзделген декларацияны табыс ету жөніндегі міндет жүктелген жеке тұлғаның мүлікті сенімгерлікпен басқаруға беруі кезінде осындай декларацияны жасау және табыс ету жөніндегі салық міндеттемесін осы жеке тұлға орындайды.

2. Заңды тұлға, дара кәсіпкер сенімгерлік операциялар бойынша банктен алған табысы бойынша, сондай-ақ заңды және жеке тұлға мүлікті резидент емес болып табылатын сенімгерлікпен басқарушыға сенімгерлікпен басқаруға берген кезде салық міндеттемесін дербес орындайды.

3. Дара кәсіпкер болып табылмайтын жеке тұлғаның салық агенті болып табылатын банк жүзеге асыратын сенімгерлік операциялардан түскен табысы бойынша салық міндеттемесін осындай банк салық агентінің міндеттерін орындау түрінде орындайды.

2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды (2009 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді)

4. Егер мүлiктi сенімгерлiкпен басқару шарты бойынша және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген сенімгерлiкпен басқару туындайтын өзге жағдайларда сенімгерлiкпен басқару құрылтайшысының салық мiндеттемесiн орындау толығымен сенімгерлiкпен басқарушыға жүктелген болса, сенімгерлiкпен басқару құрылтайшысының дара кәсiпкер ретiнде тiркелмеуге құқығы бар.

 

37-бап. Таратылатын заңды тұлғаның салық міндеттемесін, сондай-ақ резидент емес заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің, тұрақты мекемесінің Қазақстан Республикасындағы қызметін тоқтатқан кезде салық міндеттемесін орындау

1. Резидент заңды тұлға тарату туралы шешім қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде өзінің орналасқан жері бойынша салық органына бұл туралы жазбаша хабарлайды.

2. Таратылатын заңды тұлға аралық тарату балансы бекітілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде өзінің орналасқан жері бойынша салық органына бір мезгілде:

1) құжаттық тексеру жүргізу туралы салықтық өтінішті;

2) таратудың салық есептілігін;

2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (2010 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді) (бұр.ред.қара)

3) қосылған құн салығы бойынша тіркелу есебіне қойылғаны туралы куәлікті немесе ол жоғалған немесе бүлінген кезде қағаз жеткізгіштегі түсiнiктеменi;

2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 4) тармақшамен толықтырылды (2010 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді)

4) қосылған құн салығы бойынша тiркелу есебiнен шығару үшiн салықтық өтiнiштi табыс етедi.

2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен тармақ екінші бөлікпен толықтырылды (2010 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді)

Осы тармақтың бірiншi бөлiгiнiң 3) және 4) тармақшаларында көрсетiлген құжаттар таратылатын заңды тұлға қосылған құн салығын төлеушi болып табылған жағдайда табыс етiледi.

2009.30.12. № 234-ІV ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2009 жылғы 1 қаңтардан қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара); 2011.21.07. № 467-ІV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

3. Таратудың салық есептілігi таратылатын заңды тұлға төлеушi және (немесе) салық агентi болып табылатын салықтың, бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң түрлерi, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша, құжаттық тексеру жүргiзу туралы салықтық өтiнiш табыс етiлген салық кезеңiнiң басынан бастап осындай өтiнiш табыс етiлген күнге дейiнгi кезең үшiн жасалады.

Егер кезектi салық есептілігiн табыс ету мерзiмi таратудың салық есептілігiн табыс еткеннен кейiн басталса, осындай кезектi салық есептілігiн табыс ету таратудың салық есептілігi табыс етiлген күннен кешіктірмей жүргiзiледi.

4. Таратылатын заңды тұлға салық органына таратудың салық есептілігі табыс етілген күннен бастап күнтізбелік он күн мерзімнен кешіктірмей, таратудың салық есептілігінде көрсетілген салықты, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді, әлеуметтік аударымдарды төлейді, міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын аударады.

Егер таратудың салық есептілігінің алдында табыс етілген салық есептілігінде көрсетілген салықты, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді, әлеуметтік аударымдарды төлеу, міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын аудару мерзімі осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзім өткеннен кейін басталатын болса, онда төлеу (аудару) таратудың салық есептілігі салық органына табыс етілген күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірілмей жүргізіледі.

5. Салық органдары құжаттық тексеруді таратылатын заңды тұлғаның салықтық өтінішін салық органы алғаннан кейін жиырма жұмыс күнінен кешіктірмей бастауға тиіс.

6. Таратылатын заңды тұлғаның салық берешегі, оның ішінде осы баптың 4 және 11-тармақтарында көрсетілген негіздер бойынша туындайтын салық берешегі оның ақшасы есебінен, оның ішінде мүлкін өткізуден алынған ақшасы есебінен Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген кезектілік тәртібімен өтеледі. Бұл ретте, осындай резидент емес заңды тұлға қызметі тоқтатылатын тұрақты мекеме, құрылымдық бөлімше арқылы тұрақты мекемелердің, филиалдардың, өкілдіктердің тобы бойынша жиынтық түрде салық міндеттемелерін орындаған жағдайда, таратылатын заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшелерінің, резидент емес заңды тұлғаның тұрақты мекемелерінің, құрылымдық бөлімшелерінің де салық берешегі өтеледі.

7. Егер таратылатын заңды тұлғаның мүлкі салық берешегін толық көлемде өтеу үшін жеткіліксіз болса, салық берешегінің қалған бөлігін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген жағдайларда, таратылатын заңды тұлғаның құрылтайшылары (қатысушылары) өтейді.

8. Егер таратылатын заңды тұлғада салықтың, төлемақылар мен өсімпұлдардың артық төленген сомасы бар болса, онда көрсетілген сома осы Кодекстің 599-бабында белгіленген тәртіппен таратылатын заңды тұлғаның салық берешегін өтеу шотына есепке жатқызылуға жатады.

Егер таратылатын заңды тұлғада салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің қате төленген сомасы бар болса, онда көрсетілген сома осы Кодекстің 601-бабында белгіленген тәртіппен есепке жатқызылуға жатады.

2010.30.06. № 297-ІV ҚР Заңымен  9-тармақ өзгертілді (2010 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2013.05.12. № 152-V ҚР Заңымен 9-тармақ жаңа редакцияда (2014 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

9. Егер таратылатын заңды тұлғада қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығарылған күнге дейін есепке жатқызылатын қосылған құн салығының осы Кодекстің 272-бабына сәйкес қайтаруға жататын есепке жазылған салық сомасынан асып кететін сомасы болса, көрсетілген асып кеткен сома таратылатын заңды тұлғаға осы Кодекстің 273, 600 және 603-баптарында белгіленген тәртіппен қайтарылуға жатады.

10. Таратылатын заңды тұлғада салық берешегі болмаған жағдайда:

1) салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің қате төленген сомасы осы Кодекстің 601-бабында белгіленген тәртіппен осы заңды тұлғаға қайтарылуға жатады;

2) салықтың, төлемақылар мен өсімпұлдардың артық төленген сомасы осы Кодекстің 602-бабында белгіленген тәртіппен осы заңды тұлғаға қайтарылуға жатады;

3) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің төленген сомасы осы Кодекстің 606-бабында белгіленген тәртіппен осы заңды тұлғаға қайтарылуға жатады;

2010.30.06. № 297-ІV ҚР Заңымен  4) және 5) тармақшалармен толықтырылды (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)

4) айыппұлдардың төленген сомалары осы Кодекстің 605-бабында белгіленген негіздер бойынша және тәртіппен осы заңды тұлғаға қайтарылуға жатады;

2011.21.07. № 467-ІV ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (2011 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

5) кеден органдары алатын кедендік баждардың, салықтардың, кедендік алымдар мен өсімпұлдардың бюджетке артық (қате) төленген сомалары Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында белгіленген тәртіппен осы заңды тұлғаға қайтарылуға жатады;

11. Таратудың салық есептілігі табыс етілген күннен бастап және таратудың салықтық тексеруі аяқталған күнге дейінгі кезеңде салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді, әлеуметтік аударымдарды төлеу бойынша салық міндеттемесі, міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын аудару бойынша міндеттер туындаған жағдайда, таратылатын заңды тұлға осындай салық міндеттемесін, міндетті осы Кодекстің 607-бабы 2-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген салық органының хабарламасы негізінде орындауға міндетті.

2011.21.07. № 467-ІV ҚР Заңымен 12-тармақ жаңа редакцияда (2011 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

12. Құжаттық тексеру аяқталғаннан кейiн таратылатын заңды тұлға орналасқан жерi бойынша салық органына бір мезгiлде:

1) тарату балансын;

2012.24.12. № 60-V ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)

2) банктегi бар шоттарының жабылғаны туралы банктiң және (немесе) банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымның анықтамасын табыс етеді.

3) 2012.24.12. № 60-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)

Таратылатын заңды тұлға осы тармақта көрсетілген құжаттарды бір мезгілде мынадай талаптар:

1) салық берешегiнің, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша берешегінің болмауы;

2) салықтардың, төлемдердің және өсімпұлдардың артық төленген сомаларының болмауы;

3) салықтардың, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің, өсімпұлдар мен айыппұлдардың қате төленген сомаларының болмауы;

4) есепке жатқызылатын қосылған құн салығының осы Кодекстің 273 және 274-баптарына сәйкес қайтарылуға жататын есептелген салық сомасынан асып түсуінің болмауы;

5) кеден органдары алатын кедендік баждарды, салықтарды, кедендік алымдар мен өсімпұлдарды есепке жатқызуды және (немесе) артық (қате) төленген сомаларын қайтаруды жүргізуге арналған орындалмаған салықтық өтініштің болмауы сақталған жағдайда, құжаттамалық тексеру аяқталған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде табыс етеді.

Салық берешегi, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша берешегі, салықтардың, төлемдердің және өсімпұлдардың артық төленген сомалары, салықтардың, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің, өсімпұлдар мен айыппұлдардың қате төленген сомалары болған және (немесе) есепке жатқызылатын қосылған құн салығы осы Кодекстің 273 және 274-баптарына сәйкес қайтарылуға жататын есептелген салық сомасынан асып түскен жағдайда таратылатын заңды тұлға осы тармақта көрсетілген құжаттарды:

1) салық берешегi, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша берешегі өтелген күннен;

2) салықтардың, төлемдердің, өсімпұлдардың артық төленген сомалары қайтарылған күннен;

3) салықтардың, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің, өсімпұлдар мен айыппұлдардың қате төленген сомалары қайтарылған күннен;

4) есепке жатқызылатын қосылған құн салығы осы Кодекстің 273 және 274-баптарына сәйкес қайтарылуға жататын есептелген салық сомасынан асып түсуді қайтарған күннен;

5) кеден органдары алатын кедендік баждардың, салықтардың, кедендік алымдар мен өсімпұлдардың артық (қате) төленген сомаларын қайтарған күннен кейін келетін күннен бастап үш жұмыс күні ішінде табыс етеді.

13. Резидент емес заңды тұлғаның Қазақстан Республикасындағы қызметі тоқтатылатын құрылымдық бөлімшесінің, сондай-ақ резидент емес заңды тұлғаның тұрақты мекемесінің салық міндеттемесін орындауы осы бапта белгіленген тәртіппен жүргізіледі.

2012.26.12. № 61-V ҚР Заңымен 14-тармақпен толықтырылды (2013 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)

14. Осы баптың ережелері осы Кодекстің 37-1-бабына сәйкес таратылатын резидент заңды тұлғаның салық міндеттемесін орындаудың ерекшелігі белгіленген резидент заңды тұлғаларға қолданылмайды.

 

2012.26.12. № 61-V ҚР Заңымен 37-1-баппен толықтырылды (2013 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)

37-1-бап. Таратылатын резидент заңды тұлғалардың жекелеген санаттарының салық міндеттемесін орындау ерекшеліктері

1. Осы бап бір мезгілде мынадай тиісті шарттарға сәйкес келетін:

1) қосылған құн салығын төлеуші болып табылмайтын;

2) ауыл шаруашылығы өнiмiн, акваөсіру (балық шаруашылығы) өнімін өндiрушi заңды тұлғалар және селолық тұтыну кооперативтері үшін арнаулы салық режімін қолданбайтын (қолданбаған);

3) қайта ұйымдастырылмаған немесе қайта ұйымдастырылған заңды тұлғаның құқықтық мирасқоры болып табылмайтын;

4) тәуекелдерді бағалау жүйесі іс-шараларының нәтижелері негізінде салықтық тексерулер жоспарына енгізілмеген таратылатын заңды тұлғаның салық міндеттемесін орындау ерекшелігін белгілейді.

Осы бап осы Кодекстің 46-бабында белгіленген талап қою мерзімі ішінде осы тармақта айқындалған шарттарға сәйкес келетін заңды тұлғаларға қатысты қолданылады. Осы баптың ережелері құрылған күнінен бергі кезеңі осы Кодекстің 46-бабында белгіленген талап қою мерзімінен аз заңды тұлғаларға да қолданылады.

2. Заңды тұлға тарату туралы шешім қабылданған жағдайда өзінің орналасқан жері бойынша салық органына бір мезгілде:

1) қызметті тоқтату туралы салықтық өтінішті;

2) осындай есепке алу болған жағдайда қызметтің жекелеген түрлері бойынша тіркелу есебінен шығару туралы салықтық өтінішті;

3) таратудың салық есептілігін;

4) осы Кодекстің 648-бабында белгіленген тәртіппен бақылау-кассалық машинасын есептен шығару туралы салықтық өтінішті табыс етеді.

Таратылатын заңды тұлға бақылау-кассалық машинасын салық органына есепке қойған жағдайда осы тармақтың 4) тармақшасында көрсетілген құжатты табыс етеді.

3. Таратудың салық есептілігі таратылатын заңды тұлға төлеуші және (немесе) салық агенті болып табылатын салықтардың, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түрлері, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша, қызметті тоқтату туралы салықтық өтініш табыс етілген салық кезеңінің басынан бастап осындай өтініш табыс етілген күнге дейінгі кезең үшін жасалады.

Егер кезекті салық есептілігін табыс ету мерзімі таратудың салық есептілігін табыс еткеннен кейін басталса, осындай кезекті салық есептілігін табыс ету таратудың салық есептілігі табыс етілген күннен кешіктірілмей жүргізіледі.

4. Таратылатын заңды тұлға салық органына таратудың салық есептілігі табыс етілген күннен бастап күнтізбелік он күн мерзімнен кешіктірмей, таратудың салық есептілігінде көрсетілген салықтарды, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді, әлеуметтік аударымдарды төлейді, міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын аударады.

Егер таратудың салық есептілігінің алдында табыс етілген салық есептілігінде көрсетілген салықтарды, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді, әлеуметтік аударымдарды төлеу, міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын аудару мерзімі осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзім өткеннен кейін басталатын болса, онда төлеу (аудару) таратудың салық есептілігі салық органына табыс етілген күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірілмей жүргізіледі.

5. Салық органы таратылатын заңды тұлғаның қызметін тоқтату туралы салықтық өтінішін алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде осы Кодекстің 46-бабында белгіленген талап қою мерзімі шегінде заңды тұлғаға қатысты салықтық тексеру жүргізілмеген кезең үшін:

1) мемлекеттік уәкілетті органдарға - қызметі тоқтатылатын заңды тұлғаның мемлекеттік тіркелуге жататын мүлікпен жасаған мәмілелері туралы, сондай-ақ салық органының сұратуын алған күнгі жағдай бойынша оның мүлкі туралы мәліметтерді табыс ету туралы;

2) кеден органдарына - қызметі тоқтатылатын заңды тұлға жасаған сыртқы сауда мәмілелері туралы мәліметтерді табыс ету туралы, сондай-ақ кеден төлемдері және салықтар бойынша салық органының сұратуын алған күнге берешегінің жоқ екендігін растау туралы;

3) банктерге және (немесе) банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға - қызметі тоқтатылатын заңды тұлғаның салық органының сұратуы алынған күні банктік шоттарындағы ақшаның қалдығы және қозғалысы туралы мәліметтерді табыс ету туралы сауал жібереді.

Салық органының осы тармақта көрсетілген сауалдары бойынша мәліметтер, егер осы Кодекстің 581-бабының 12) тармақшасында өзгеше көзделмесе, оларды алған күннен бастап жиырма жұмыс күнінен кешіктірілмей табыс етілуге жатады.

6. Салық органы осы баптың 5-тармағында көзделген барлық мәліметтерді алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде камералдық бақылауды жүзеге асырады және осы Кодексте белгіленген тәртіппен қорытынды жасайды.

Қорытындыда камералдық бақылаудың нәтижелері, салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша есеп айырысудың жай-күйі көрсетіледі.

Қорытынды кемінде екі данада жасалады және оған салық органының лауазымды адамдары қол қояды. Қорытындының бір данасы қол қойылғаннан кейін үш күннен кешіктірмей қолын қойдыра отырып таратылатын заңды тұлғаға тапсырылады немесе оған почта арқылы хабарламасы бар тапсырыс хатпен жіберіледі.

Салық қызметі органы таратылатын салық төлеушіге (салық агентіне) почта арқылы хабарламасы бар хатпен жіберген қорытындыны почта немесе өзге байланыс ұйымы қайтарған жағдайда, осы Кодексте белгіленген негіздер бойынша және тәртіппен куәгерлерді тарта отырып, салықтық тексеріп-қарау жүргізілген күн осындай қорытындыны тапсырған күн болып табылады.

7. Камералдық бақылау нәтижелері бойынша бұзушылықтар анықталған жағдайда таратылатын заңды тұлғаға қорытынды алынған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей осы Кодекстің 84-тарауына белгіленген тәртіппен камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама тапсырылады.