2026.09.01. № 256-VIII ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (2026 ж. 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда қажетті құжаттар хабарламаға қоса беріледі, бұл ретте Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік цифрлық ресурстардан алынуы мүмкін құжаттарды және өзге де ақпаратты өтініш берушілерден талап етуге тыйым салынады.
Хабарламада және (немесе) хабарламаға қоса берілетін құжаттарда қамтылған мәліметтердің анықтығы үшін өтініш беруші жауапты болады.
6. Қызметтің нақты түріне немесе әрекетке қатысты рұқсат беру тәртібінің орнына хабарлама жасау тәртібі енгізілген кезде, хабарлама жасау тәртібін енгізу кезіне қызметтің осы түріне немесе әрекетке арналған жарамды рұқсаты болған жеке және заңды тұлғалар хабарламаны жіберген болып есептеледі және рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік цифрлық тізіліміне автоматты түрде енгізіледі.
7. Жеке тұлғаның заңды мекенжайы, заңды тұлғаның орналасқан жері, хабарламада көрсетілген қызметті немесе әрекеттерді жүзеге асыру мекенжайы, сондай-ақ, олар туралы ақпарат хабарламада толтыру үшін міндетті болып табылатын тіркеу деректері өзгерген жағдайда, өтініш беруші өзгеріс болған күннен бастап он жұмыс күні ішінде осы бапта белгіленген тәртіппен көрсетілген өзгерістер туралы хабарлама жіберуге міндетті.
47-бап. Хабарлама жіберілгенін растау
Өтініш берушілердің өтініштері бойынша хабарламаны қабылдауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар өтініш жасалған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде өтініш берушілерге рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік цифрлық тізілімінен өтініш берушілердің жіберген хабарламалары туралы үзінді көшірмелер береді.
Мемлекеттік органдар мен үшінші тұлғалар өтініш берушінің хабарламаны жібергенін растауды хабарламаларды қабылдауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардан немесе рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік цифрлық тізілімінен алады.
2015.24.11. № 419-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2026.09.01. № 256-VIII ҚР Заңымен (2026 ж. 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 9-тараудың тақырыбы өзгертілді
9-тарау. ЛИЦЕНЗИЯЛАУДЫ, РҰҚСАТ БЕРУ РӘСІМДЕРІН ЖӘНЕ ХАБАРЛАМАЛАР ЖАСАУДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ КЕЗІНДЕГІ ЦИФРЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР
48-бап. Лицензиялауды, рұқсат беру рәсімдерін және хабарламалар жасауды электрондық нысанда жүзеге асыру
1. Лицензиялау және хабарламаларды жіберу рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік цифрлық жүйесі және рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік цифрлық тізілімі пайдаланыла отырып, электрондық нысанда жүзеге асырылады.
Рұқсат беру рәсімдері рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік цифрлық жүйесі және рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік цифрлық тізілімі пайдаланыла отырып, осы Заңның 52-бабы 3-тармағының ережелері ескеріліп, электрондық нысанда жүзеге асырылады.
Электрондық құжат нысанында берілген рұқсаттардың қағаз жеткізгіштегі рұқсаттармен мәні бірдей.
Рұқсат беру органдары қағаз нысанында жүзеге асырылған рұқсат беру рәсімдері туралы ақпаратты рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік цифрлық тізіліміне рұқсат беру рәсімін жүзеге асырумен бір мезгілде енгізуге міндетті.
Осы тармақтың төртінші бөлігінде белгіленген талаптардың орындалмағаны үшін рұқсат беру органы жауапты болады.
Осы тармақтың күші автоматтандыруға жатпайтын рұқсаттарға қолданылмайды.
2015.17.11. № 408-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Қаржы саласындағы және қаржы ресурстарын шоғырландыруға байланысты қызметке берілетін рұқсаттарды қоспағанда, Мемлекеттік корпорация арқылы рұқсат алу үшін өтініш беруші орналасқан жеріне қарамастан Мемлекеттік корпорацияға өтініш жасауға құқылы.
2015.17.11. № 408-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Өтініш беруші Мемлекеттік корпорация арқылы рұқсат беру рәсімінен өту үшін өтініш жасаған жағдайда - Мемлекеттік корпорацияның қызметкері электрондық өтінішті немесе өзге де осыған ұқсас құжатты өзінің қызмет бабында пайдалану үшін берілген электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырады. Мұндай куәландыру өтініш берушінің жазбаша келісімі негізінде жүзеге асырылады.
4. Өтініш беруші рұқсатты және (немесе) рұқсатқа қосымшаны қағаз жеткізгіште алуға өтініш жасаған жағдайда, рұқсат және (немесе) рұқсатқа қосымша электрондық нысанда ресімделеді, басып шығарылады және рұқсат беру органының мөрімен және рұқсат беру органы басшысының қолымен куәландырылады.
5. Рұқсатты және (немесе) рұқсатқа қосымшаны электрондық нысанда беру мүмкіндігі болмаған жағдайда, рұқсат және (немесе) рұқсатқа қосымша қағаз жеткізгіште беріледі.
2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6. Өтініш электрондық нысанда берілген жағдайда, лицензиар және екінші санаттағы рұқсатты беруге уәкілеттік берілген орган өтінішті тіркеуді бір жұмыс күні ішінде жүргізеді.
2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 7-тармақпен толықтырылды; 2026.09.01. № 256-VIII ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (2026 ж. 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
7. Өтініш берушіні біліктілік немесе рұқсат беру талаптарына сәйкестігін тексеруді жүзеге асыруға және рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік цифрлық жүйесінде өтініш берушіні тексерудің және рұқсат берудің автоматты режимінде рұқсат беруге жол беріледі.
Мұндай жағдайда тиісті мемлекеттік көрсетілетін қызметтің нәтижесі рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік цифрлық жүйесі иесінің электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы куәландырылады. Бұл ретте рұқсат беру органы мемлекеттік көрсетілетін қызметтің нәтижесі үшін жауапты болады.
Өтініш берушінің біліктілік немесе рұқсат беру талаптарына сəйкестігін тексеру жəне рұқсатты не уəжделген бас тартуды беру өтініш берушіні тексерудің жəне рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік цифрлық жүйесінде рұқсат берудің автоматты режимінде жүзеге асырылатын рұқсаттардың тізбесін рұқсат беру органының бекітілген нормативтік құқықтық актісі негізінде цифрландыру саласындағы уəкілетті орган айқындайды.
49-бап. Рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік цифрлық тізілімі
1. Рұқсат беру органдары рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік цифрлық тізілімін тұрақты негізде жүргізеді.
Хабарламалар бойынша рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік цифрлық тізілімін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда хабарламаларды қабылдауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар жүргізеді.
2. Мемлекеттік органдар өз өкілеттіктерін жүзеге асыру үшін рұқсаттар мен хабарламалар туралы ақпаратты рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік цифрлық тізілімінен, көрсетілген ақпаратты растауды жеке және заңды тұлғалардан қосымша талап етпестен алуға міндетті.
2016.29.03. № 479-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік цифрлық тізілімі тәуекелдерді бағалау жүйесі мен тексерулер жүргізу кестесін қалыптастыру үшін негіз болып табылады.
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (2020 ж. 16 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Жеке немесе заңды тұлғаның, қызметінің нысанасы қаржылық қызметтер көрсету болып табылатын шетелдік заңды тұлға филиалының қызметі немесе жекелеген қызмет түрлері немесе әрекеттері (операциялары) тоқтатыла тұрған жағдайда рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік цифрлық тізіліміне тиісті мәліметтер енгізіледі.
5. Рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік цифрлық тізілімінен хабарламаны алып тастау өтініш берушінің өтініші, соттың жеке немесе заңды тұлғаның қызметіне немесе жекелеген қызмет түрлеріне немесе әрекеттеріне тыйым салу туралы шешімі бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда жүзеге асырылады.
6. Рұқсат беру органдарының және хабарламаларды қабылдауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік цифрлық тізілімін жүргізу мүмкіндігі уақытша немесе тұрақты болмаған кезеңде олар барлық қажетті тарихи деректердің тіркелуін және сақталуын қамтамасыз етуге және осындай мүмкіндік пайда болғаннан кейін рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік цифрлық тізілімін тарихи деректермен толықтыруға міндетті.
10-тарау. ЖАУАПТЫЛЫҚ ЖӘНЕ БАҚЫЛАУ
50-бап. Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 51-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
51-бап. Хабарламалар бойынша бақылау және рұқсаттық бақылау
2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2024.21.05. № 86-VIII ҚР Заңымен (2024 ж. 22 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2025.24.06. № 196-VIII ҚР Заңымен (2026 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді
1. Берілген рұқсаттар бойынша біліктілік немесе рұқсат беру талаптарына, жіберілген хабарламалар бойынша талаптарға сəйкестігі тұрғысынан жүргізілетін рұқсаттық бақылау, егер осы баптың 1-1-тармағында өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының Кəсіпкерлік кодексіне жəне «Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау жəне қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сəйкес тексеру нысанында жүзеге асырылады.
Егер берілген рұқсаттар бойынша біліктілік немесе рұқсат беру талаптарына, автоматтандырылған цифрлық жүйе арқылы жіберілген хабарламалар бойынша талаптарға сәйкестігіне жүзеге асырылатын рұқсат беру бақылауын жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарында көзделсе, онда мұндай бақылау Қазақстан Республикасының осындай заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
2025.24.06. № 196-VIII ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды (2026 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
1-1. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында берілген рұқсаттар бойынша біліктілік немесе рұқсат беру талаптарына сәйкестігі тұрғысынан жүргізілетін рұқсаттық бақылау «Азаматтық қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес тексеру нысанында жүзеге асырылады.
2020.29.06. № 352-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Рұқсаттық бақылау осы баптың 2-1 - 2-4-тармақтарында белгіленген тəртіппен жүзеге асырылады.
Қаржы саласындағы қызмет жəне қаржы ресурстарын шоғырландыруға байланысты қызмет саласында рұқсаттық бақылау «Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттiк реттеу, бақылау жəне қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген тəртіппен жүзеге асырылады.
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді)
2-1. Біліктілік жəне рұқсат беру талаптарын бекіту туралы Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде рұқсаттық бақылауды жүзеге асыру кезінде өтініш берушіге бару қажеттілігі болған жағдайда бару нəтижелері бойынша өтініш берушінің біліктілік немесе рұқсат беру талаптарына сəйкестігі немесе сəйкес еместігі туралы қорытынды жасалады.
Өтініш берушінің біліктілік немесе рұқсат беру талаптарына сəйкестігі немесе сəйкес еместігі туралы қоры тындыда мыналар көрсетіледі:
1) қорытындының жасалған күні, уақыты жəне орны;
2) рұқсат беру органының атауы;
3) рұқсаттық бақылауды жүзеге асырған адамның (адамдардың) тегі, аты, əкесінің аты (егер ол жеке басты куəландыратын құжатта көрсетілсе) жəне лауазымы;
4) өтініш берушінің атауы немесе тегі, аты, əкесінің аты (егер ол жеке басты куəландыратын құжатта көрсетілсе), рұқсаттық бақылауды жүзеге асыру кезінде қатысқан жеке немесе заңды тұлға өкілінің лауазымы;
5) мемлекеттік органдар мен ведомстволық бағынысты ұйымдардың рұқсаттық бақылауды жүргізу үшін тартылатын мамандары, консультанттары жəне сарапшылары туралы мəліметтер;
6) рұқсаттық бақылаудың нəтижелері туралы, оның ішінде біліктілік немесе рұқсат беру талаптарына анықталған сəйкессіздіктер туралы мəліметтер;
7) өтініш берушінің, өтініш беруші өкілінің, сондай-ақ рұқсаттық бақылауды жүзеге асыру кезінде қатысқан адамдардың қорытындымен танысқаны немесе танысудан бас тартқаны туралы мəліметтер, олардың қолтаңбалары немесе қол қоюдан бас тартуы;
8) рұқсаттық бақылауды жүзеге асырған лауазымды адамның (лауазымды адамдардың) қолтаңбасы.
Өтініш берушінің біліктілік немесе рұқсат беру талаптарына сəйкестігі немесе сəйкес еместігі туралы қорытындыға өнім үлгілерін (сынамаларын) іріктеу, қоршаған орта объектілерін зерттеп-қарау туралы актілер, жүргізілген зерттеулердің (сынақтардың) жəне сараптамалардың хаттамалары (қорытындылары) жəне рұқсаттық бақылаудың нəтижелеріне байланысты басқа да құжаттар немесе олардың көшірмелері болған кезде қоса беріледі.
Рұқсаттық бақылаудың нəтижелері бойынша ескертулер жəне (немесе) қарсылықтар болған жағдайда өтініш беруші не оның өкілдері ескертулерді жəне (немесе) қарсылықтарды жазбаша түрде жазуға құқылы.
Ескертулер жəне (немесе) қарсылықтар өтініш берушінің біліктілік немесе рұқсат беру талаптарына сəйкестігі немесе сəйкес еместігі туралы қорытындыға қоса беріледі, бұл туралы тиісті белгі жасалады.
Рұқсат беру органы өтініш берушінің біліктілік немесе рұқсат беру талаптарына сəйкестігі немесе сəйкес еместігі туралы қорытындыға бақылау субъектісінің ескертулерін жəне (немесе) қарсылықтарын он бес жұмыс күні ішінде қарауға жəне уəжді жауап беруге тиіс.
Өтініш берушінің біліктілік немесе рұқсат беру талаптарына сəйкестігі немесе сəйкес еместігі туралы қорытындыны қабылдаудан бас тартылған жағдайда акт жасалады, оған рұқсаттық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар жəне өтініш берушінің басшысы не өтініш берушінің уəкілетті өкілі қол қояды.
Өтініш беруші не оның уəкілетті өкілі бас тарту себебі туралы жазбаша түсіндірме бере отырып, актіге қол қоюдан бас тартуға құқылы.
Өтініш берушінің біліктілік немесе рұқсат беру талаптарына сəйкестігі немесе сəйкес еместігі туралы қорытынды екі данада жасалады.
Өтініш берушінің біліктілік немесе рұқсат беру талаптарына сəйкестігі немесе сəйкес еместігі туралы қорытындының бірінші данасы рұқсат беру органында қалады, екінші данасы қағаз жеткізгіште қол қойғызып немесе электрондық нысанда өтініш берушіге (заңды тұлғаның басшысына не оның уəкілетті тұлғасына, жеке тұлғаға) беріледі.
Рұқсаттық бақылауды жүзеге асыру кезінде түпнұсқа бухгалтерлік жəне өзге де құжаттарды алып қоюға жəне алуға тыйым салынады.
Өтініш беруші біліктілік немесе рұқсат беру талаптарына сəйкес келген жағдайда өтініш берушінің біліктілік немесе рұқсат беру талаптарына сəйкестігі туралы қорытынды ресімделеді.
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 2-2-тармақпен толықтырылды (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді)
2-2. Рұқсаттық бақылауды жүзеге асыру кезінде рұқсат беру органының лауазымды адамдары:
1) біліктілік жəне рұқсат беру талаптарын бекіту туралы Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде белгіленбеген талаптардың орындалуын тексеруге;
2) егер құжаттар, ақпарат, өнім үлгілері (сынамалары), қоршаған орта объектілері мен өндірістік орта объектілерін зерттеп-қарау сынамалары рұқсаттық бақылау объектілері болып табылмаса немесе оның нысанасына жатпаса, оларды беруді талап етуге;
3) өнім үлгілеріне, қоршаған орта объектілерін жəне өндірістік орта объектілерін зерттеу сынамаларына зерттеу, сынау, өлшеу жүргізу үшін көрсетілген үлгілердің, сынамалардың белгіленген нысан бойынша жəне (немесе) ұлттық стандарттарда, үлгілерді, сынамаларды іріктеп алу қағидаларында жəне олардың зерттеу, сынау, өлшеу əдістерінде, техникалық регламенттерде немесе олар күшіне енетін күнге дейін қолданыста болатын өзге де нормативтік техникалық құжаттарда, зерттеу, сынау, өлшеу қағидаларында жəне əдістерінде белгіленген нормадан асатын санда іріктеп алынуы туралы хаттамаларды ресімдемей, оларды іріктеп алуға;
4) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, рұқсаттық бақылау нəтижесінде алынған жəне коммерциялық, салықтық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты жария етуге жəне (немесе) таратуға;
5) рұқсаттық бақылау нысанасына жатпайтын талаптар қоюға жəне өтініштермен жүгінуге құқылы емес.
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 2-3-тармақпен толықтырылды (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді)
2-3. Рұқсаттық бақылауды жүзеге асыру кезінде рұқсат беру органдары лауазымды адамдарының:
1) өтініш берушінің аумағына жəне үй-жайларына кедергісіз кіруге;
2) өтініш берушінің біліктілік немесе рұқсат беру талаптарына сəйкестігі немесе сəйкес еместігі туралы қорытындыға қоса тіркеу үшін қағаз жəне электрондық жеткізгіштердегі құжаттарды (мəліметтерді) не олардың көшірмелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар жəне Қазақстан Республикасының заңымен қорғалатын өзге де құпиялар туралы заңнамасында көзделген талаптарды сақтай отырып, өтініш берушінің рұқсаттық бақылау нысанасына сəйкес автоматтандырылған дерекқорларға (цифрлық жүйелерге) қолжетімділікті алуға;
3) аудио-, фото- жəне бейнетүсірілімді жүзеге асыруға;
4) рұқсаттық бақылау нысанасына жататын техникалық бақылау құралдарының, байқау жəне тіркеп-белгілеу аспаптарының, фото- жəне бейнеаппаратураның жазбаларын пайдалануға;
5) мемлекеттік органдар мен ведомстволық бағынысты ұйымдардың мамандарын, консультанттарын жəне сарапшыларын тартуға құқығы бар.
Рұқсаттық бақылауды жүзеге асыру кезінде рұқсат беру органдарының лауазымды адамдары:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасын, өтініш берушілердің құқықтары мен заңды мүдделерін сақтауға;
2) рұқсаттық бақылауды жүзеге асыру кезеңінде өтініш берушілердің белгіленген жұмыс режиміне кедергі жасамауға;
3) рұқсаттық бақылауды жүзеге асыру кезінде өтініш берушінің қатысуына кедергі жасамауға, рұқсаттық бақылау нысанасына жататын мəселелер бойынша түсіндірмелер беруге;
4) өтініш берушіге рұқсаттық бақылау нысанасына жататын қажетті ақпаратты беруге;
5) рұқсаттық бақылауды жүзеге асыру нəтижесінде алынған құжаттар мен мəліметтердің сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 2-4-тармақпен толықтырылды (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді)
2-4. Рұқсаттық бақылауды жүзеге асыру кезінде өтініш берушілер не олардың уəкілетті өкілдері:
1) егер мəліметтер рұқсаттық бақылау нысанасына жатпаса, оларды ұсынбауға;
2) өтініш берушінің біліктілік немесе рұқсат беру талаптарына сəйкестігі немесе сəйкес еместігі туралы қорытындыға Қазақстан Республикасының заңнамасына сəйкес шағым жасауға;
3) рұқсаттық бақылаудың жүзеге асырылу процесін, сондай-ақ рұқсат беру органы лауазымды адамының рұқсаттық бақылау шеңберінде жүргізіп жатқан жекелеген əрекеттерін лауазымды адамның қызметіне кедергі жасамай, аудио- жəне бейнетехника құралдарының көмегімен тіркеп-белгілеуге;
4) өз мүдделері мен құқықтарын білдіру мақсатында рұқсаттық бақылауға қатысуға үшінші тұлғаларды тартуға құқылы.
Рұқсаттық бақылаудың жүзеге асырылуы кезінде өтініш берушілер не олардың уəкілетті өкілдері:
1) рұқсат беру органдары лауазымды адамдарының өтініш берушінің аумағына жəне үй-жайларына кедергісіз кіруін қамтамасыз етуге;
2) коммерциялық, салықтық не заңмен қорғалатын өзге де құпияны қорғау жөніндегі талаптарды сақтай отырып, рұқсат беру органдарының лауазымды адамдарына өтініш берушінің біліктілік немесе рұқсат беру талаптарына сəйкестігі немесе сəйкес еместігі туралы қорытындыға қоса тіркеу үшін қағаз жəне электрондық жеткізгіштердегі құжаттарды (мəліметтерді) не олардың көшірмелерін, сондай-ақ рұқсаттық бақылаудың міндеттері мен нысанасына сəйкес автоматтандырылған дерекқорларға (цифрлық жүйелерге) қолжетімділікті беруге;
3) өтініш берушінің біліктілік немесе рұқсат беру талаптарына сəйкестігі немесе сəйкес еместігі туралы қорытындыны алған кезде оны алғаны туралы екінші данасына белгі жасауға;
4) рұқсаттық бақылауды жүзеге асыру үшін объектіге келген адамдардың осы объект үшін белгіленген нормативтерге сəйкес зиянды жəне қауіпті өндірістік əсер ету факторларынан қауіпсіздігін қамтамасыз етуге;
5) алдағы рұқсаттық бақылау туралы хабарламаны алған жағдайда тағайындалған мерзімдер мен уақытта бақылау жəне қадағалау объектісі тұрған жерде болуға міндетті.
3. 2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен алып тасталды (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 4-тармақ өзгертілді
4. Хабарламаны алғаннан кейін мемлекеттік орган Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне және «Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес өтініш берушінің Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарында, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларында немесе Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде қызметті жүзеге асыру үшін белгіленген талаптарды сақтауын дербес тексереді.
11-тарау. Қорытынды және өтпелі ережелер
52-бап. Өтпелі ережелер
1. Осы Заңның 3-бабының 2-тармағында көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін қолданылған және осы Заңға 1, 2 және 3-қосымшаларда көзделген рұқсаттар мен хабарламалар тізбелеріне енбеген рұқсаттар мен хабарламалардың болуы міндетті болып табылмайды және осы рұқсаттарсыз және хабарламаларсыз қызметті немесе әрекеттерді (операцияларды) жүзеге асыру жеке немесе заңды тұлғалар үшін жауаптылыққа әкеп соқпайды.
2. «Лицензиялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңы 4-бабының 8-тармағына сәйкес лицензиялануға жатпаған қызмет түрлеріне осы Заң қолданысқа енгізілген кезден бастап, олар осы Заңға 1, 2 және 3-қосымшаларда болған жағдайда, рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібі жалпы негіздерде қолданылады.
3. Рұқсат беру рәсімдерін жүзеге асыру 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік цифрлық жүйесі және рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік цифрлық тізілімі пайдаланыла отырып, электрондық нысанда мұндай мүмкіндік болған жағдайда жүргізіледі.
Рұқсат беру рәсімдерін жүзеге асыру 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік цифрлық жүйесі және рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік цифрлық тізілімі пайдаланыла отырып, электрондық нысанда ғана жүргізіледі.
Цифрландыру саласындағы уәкілетті орган мен рұқсаттар және хабарламалар саласындағы уәкілетті органның бірлескен бұйрығымен бекітілетін, автоматтандыруға жатпайтын тізбеге енгізілген екінші санаттағы рұқсаттарды қоспағанда, 2015 жылғы 31 желтоқсанға дейін рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік цифрлық тізілімінде рұқсаттарды жинау мен сақтауды немесе рұқсат беру рәсімдерін жүзеге асыруды автоматтандыру енгізілмейтін және қамтамасыз етілмейтін екінші санаттағы рұқсаттардың күші жойылуға жатады.
4. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін берілген атом энергиясын пайдалану саласындағы лицензиялар осы Заң қолданысқа енгізілген күннен кейін алты ай ішінде осы Заңға 1-қосымшаға сәйкес мерзімі шектеулі лицензияларға қайта ресімделуге жатады.
2025.17.11. № 231-VIII ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды (2026 ж. 18 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
5. Шектеусіз мерзімге берілген, ақпарат таралып кететін техникалық арналарды және жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуге арналған, сондай-ақ киберқауіпсіздіктің жедел орталығы қызметінің және киберқауіпсіздіктің оқыс оқиғаларына ден қою қызметінің жұмысы шеңберіндегі арнаулы техникалық құралдарды анықтау жөніндегі қызметтер көрсетуге арналған лицензиялар, жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуге арналған арнаулы техникалық құралдар саласындағы және ақпаратты криптографиялық қорғау құралдарын әзірлеуге арналған лицензиялар 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап алты ай ішінде, қолданылу мерзімдері шектелген лицензиялар осы Заңға 1-қосымшаға сәйкес қайта ресімделуге тиіс.