Қазақстан Республикасының
Заңы
Құқық қорғау қызметі туралы
(2014.07.11. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылды
Түпнұсқада мазмұны жоқ
Осы Заң Қазақстан Республикасының құқық қорғау қызметіне тұруға, оны өткеруге және тоқтатуға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары қызметкерлерінің құқықтық жағдайын (мәртебесін), материалдық қамтамасыз етілуін және әлеуметтік қорғалуын айқындайды.
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) ауыстыру - құқық қорғау органы жүйесінде лауазымдарға орналасу;
2) ауысу - құқық қорғау органдарындағы қызметті тоқтатпастан құқық қорғау органында атқарып жүрген қызметінен босата отырып, сол мезгілде басқа құқық қорғау органындағы лауазымға тағайындау;
3) баянат - қызметкер қызмет әрекеті процесінде тікелей немесе уәкілетті басшыларға өтініш жасаған кезде ерекше нысандағы жазбаша баяндау;