ҚР Әділет министрінің 2026.25.02. № 191 бұйрығымен (2026 ж. 15 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2026.30.04. № 406 бұйрығымен (2026 ж. 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) қағида жаңа редакцияда
Қазақстан Республикасы
Әділет министрінің
міндетін атқарушының
2020 жылғы 28 мамырдағы
№ 61 бұйрығына
1-қосымша
«Адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттаудан өткізу» мемлекеттiк көрсетілетін қызметтің
Қағидалары
(2026.12.07. берілген өзгерістермен)
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы «Адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттаудан өткізу» мемлекеттiк көрсетілетін қызметтің қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Мемлекеттік және әлеуметтік жауапкершілігі бар көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 1) тармақшасына сәйкес әзірленді және «Адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттаудан өткізу» мемлекеттік көрсетілетін қызметтің (бұдан әрі - мемлекеттік көрсетілетін қызмет) тәртібін анықтайды.
2. Мемлекеттік көрсетілетін қызметті облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың әділет департаменттері (бұдан әрі - көрсетілетін қызметті беруші) көрсетеді.
3. Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар мен қысқартулар қолданылады:
1) көрсетілетін қызметті алушы - кәсіптік қызметпен айналысуға үміткер жеке тұлға;
2) тестілеу операторы - тестілеу рәсімдерін ұйымдастыруды және «Кәсіби қызметпен айналысу және біліктілік беру құқығына автоматтандырылған режимде кешенді тестілеуге арналған бағдарламалық қамтамасыз ету» АЖ техникалық сүйемелдеуді қамтамасыз етуші оператор;
3) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі - ЭЦҚ) - электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілті мен электрондық цифрлық қолтаңба құралдарын пайдалана отырып жасалған, электрондық құжаттың анықтығын, оның тиесілілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын цифрлық жазба (цифрлық деректер жиынтығы);
4) портал - «цифрлық үкіметтің» веб-порталы www.egov.kz, www.elicense.kz.