Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бөлімшелері үшін стандарттарды әзірлеу, қабылдау, тіркеу, есепке алу, өзгерту, қайта қарау, күшін жою, басып шығару, тарату, қолдану қағидалары - қызметтік регламентін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2025 жылғы 3 қазандағы № 746 бұйрығы
«Ішкі істер органдары туралы» Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 23 сәуірдегі № 199-V ҚРЗ Заңының 5-9-баптарына, «Стандарттау туралы» Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 05 қазандағы № 183-VI Заңының 19-бабының 1-тармағына, «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ережесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 22 маусымдағы № 607 қаулысының 19-тармағының 5) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бөлімшелері үшін стандарттарды әзірлеу, қабылдау, тіркеу, есепке алу, өзгерту, қайта қарау, күшін жою, басып шығару, тарату, қолдану қағидалары - қызметтік регламенті бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Заң мен нормашығармашылықты үйлестіру департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте осы бұйрықтың деректемелерін Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2023 жылғы 11 шілдедегі № 472 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізілімін, жүргізу қағидаларының 4-тармағының талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде орналастыру үшін Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі бөлімшелерінің бірінші басшыларына жүктелсін.
4. Осы бұйрық барлық жеке құрамның назарына жеткізілсін.