Қазақстан Республикасының
Ауыл шаруашылығы министрінің
2020 жылғы 1 қазандағы
№ 301 бұйрығына
9-қосымша
Осы редакция 2023 жылғы 19 маусымда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Елді мекендер шегінде объектілер салу үшін жер учаскелерін беру»
мемлекеттік қызметін көрсету қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы «Елді мекендер шегінде объектілер салу үшін жер учаскелерін беру» мемлекеттік қызметін көрсету қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 10-бабының 1) тармақшасына сәйкес әзірленді және «Елді мекендер шегінде объектілер салу үшін жер учаскелерін беру» мемлекеттік қызметін (бұдан әрі - мемлекеттік көрсетілетін қызмет) көрсету тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) жеке кабинет - «электрондық үкіметтің» веб-порталындағы пайдаланушының кабинеті;
2) жергілікті атқарушы органдардың шешімдері - облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының, сондай-ақ аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар, ауылдық округтер әкімдерінің жер учаскесіне құқық беру туралы құқықтық актілері;
3) жер қатынастары жөніндегі уәкілетті орган - облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдарының жер қатынастары саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесі;
4) жер учаскесі - 2003 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасының Жер кодексінде (бұдан әрі - Кодекс) белгіленген тәртіппен жер қатынастары субъектілеріне бекітіліп берілетін, тұйық шекарада бөлінген жер бөлігі;
5) жер учаскесінің жер-кадастрлық жоспары (бұдан әрі - жер-кадастрлық жоспар) - елді мекен шегінде құрылыс мақсаттары үшін берілетін жер учаскесінің жер, құқықтық және қала құрылысы кадастрларын жүргізу мақсаттары үшін қажетті сәйкестендіру сипаттамаларын қамтитын құжат;