Медициналық көмек көрсету кезінде Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде пайдаланылатын Қазақстан Республикасында тіркелген және әскери-медициналық мекемелердің (ұйымдардың) дәрілік формулярына енгізілмеген дәрілік заттар тізбесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2020 жылғы 9 қарашадағы № 612 бұйрығы
(2021.14.09. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» 2020 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының Кодексі 139-бабының 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Медициналық көмек көрсету кезінде Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде пайдаланылатын Қазақстан Республикасында тіркелген және әскери-медициналық мекемелердің (ұйымдардың) дәрілік формулярына енгізілмеген дәрілік заттар тізбесі бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас әскери-медициналық басқармасы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты алғашқы ресми жарияланғанынан кейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;
3) мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Заң департаментіне жолдауды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы бұйрық лауазымды адамдарға, оларға қатысты бөлігінде жеткізілсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.