2. Егер өгей әке мен өгей шеше өгей балалары мен өгей қыздарын бес жылдан аз уақыт тәрбиелесе және күтіп-бақса, сондай-ақ олар өздерінің тәрбиелеу немесе күтіп-бағу жөніндегі міндеттерін тиісті түрде атқармаса, сот өгей ұлдар мен өгей қыздарды өгей әкесін немесе өгей шешесін күтіп-бағу міндеттерінен босатуға құқылы.
156-бап. Отбасының басқа мүшелерінен сот тәртібімен өндіріп алынатын алименттің мөлшері
1. Осы Кодекстің 151-155-баптарында аталған адамдарға алименттің мөлшері мен оны төлеу тәртібі тараптардың келісімімен айқындалуы мүмкін.
2. Тараптардың келісімі болмаған кезде сот тәртібімен өндіріп алынатын алименттің мөлшерін сот әрбір жеке жағдайда алимент төлеуші мен алушының материалдық және отбасылық жағдайлары мен тараптардың басқа да назар аударарлық мүдделерін негізге ала отырып, алимент төлеген кезде қолданылып жүрген айлық есептік көрсеткіштің еселенген қатынасында белгілейді.
3. Егер отбасының алимент талап етуші мүшесін бір мезгілде бірнеше адам күтіп-бағуға міндетті болса, сот олардың материалдық және отбасылық жағдайларына қарай олардың әрқайсысының алимент төлеу жөніндегі міндетін орындауға қатысу мөлшерін айқындайды. Алимент мөлшерін айқындау кезінде сот алимент төлеуге міндетті адамдардың бәріне, олардың біреуіне немесе бірнешеуіне талап-арыз берілгеніне қарамастан, сол адамдардың бәрін ескеруге құқылы.
22-тарау. Алимент төлеу туралы келісім
157-бап. Алимент төлеу туралы келісім жасау
Алимент төлеу (алименттің мөлшері, оны төлеудің шарттары мен тәртібі) туралы келісім алиментті төлеуге міндетті адам мен оны алушының арасында, ал алиментті төлеуге міндетті адам және (немесе) алимент алушы әрекетке қабілетсіз болған кезде, осы адамдардың заңды өкілдерінің арасында жасалады.
2021.20.12. № 84-VII ҚР Заңымен 158-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
158-бап. Алимент төлеу туралы келісімнің нысаны
Соттан тыс тәртіппен жасалған алимент төлеу туралы келісімді:
1) нотариус - алимент төлеу туралы келісім;
2) медиатор - дауды (жанжалды) реттеу туралы келісім;
3) адвокаттар, заң консультанттары палатасының мүшелері болып табылатын тұлғалар - партисипативтік рәсім тәртібімен алимент төлеу туралы дауды реттеу туралы келісім нысанында жазбаша түрде жасайды.
159-бап. Алимент төлеу туралы келісімді жасау, орындау, өзгерту, бұзу және жарамсыз деп тану тәртібі
1. Алимент төлеу туралы келісімді жасауға, орындауға, өзгертуге, бұзуға және жарамсыз деп тануға Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің азаматтық-құқықтық мәмілелерді жасауды, орындауды, өзгертуді, бұзуды және жарамсыз деп тануды реттейтін нормалары қолданылады.
2. Алимент төлеу туралы келісімді орындаудан біржақты бас тартуға немесе оның шарттарын біржақты өзгертуге тыйым салынады.
3. Тараптардың материалдық немесе отбасылық жағдайлары елеулі түрде өзгеріске ұшыраған жағдайда және алимент төлеу туралы келісімді өзгерту немесе бұзу жөніндегі келісімге қол жетпеген кезде, мүдделі тарап осы келісімді өзгерту туралы немесе бұзу туралы сотқа талап-арызбен жүгінуге құқылы. Алимент төлеу туралы келісімді өзгерту немесе бұзу туралы мәселені шешу кезінде сот тараптардың назар аударарлық кез келген мүддесін ескеруге құқылы.
160-бап. Алимент алушының мүддесін бұзатын алимент төлеу туралы келісімді жарамсыз деп тану
Егер алимент төлеу туралы келісімде көзделген кәмелетке толмаған баланы немесе кәмелетке толған әрекетке қабілетсіз отбасы мүшесін күтіп- бағу шарттары олардың мүдделерін елеулі түрде бұзатын болса, атап айтқанда, осы Кодекстің 161-бабы 2-тармағының талаптары сақталмаған жағдайда, мұндай келісім кәмелетке толмаған баланың немесе кәмелетке толған әрекетке қабілетсіз отбасы мүшесінің заңды өкілінің, сондай-ақ қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның немесе прокурордың талап етуі бойынша сот тәртібімен жарамсыз деп танылуы мүмкін.
161-бап. Алимент төлеу туралы келісім бойынша төленетін алименттің мөлшері
1. Алимент төлеу туралы келісім бойынша төленетін алименттің мөлшерін тараптар осы келісімде айқындайды.
2. Кәмелетке толмаған балаларға алимент төлеу туралы келісім бойынша белгіленетін алименттің мөлшері олардың сот тәртібімен алимент өндіріп алған кездегі алуы мүмкін алименттің мөлшерінен төмен болмауға тиіс.
162-бап. Алимент төлеу туралы келісім бойынша алимент төлеудің тәсілдері мен тәртібі
1. Алимент төлеу туралы келісім бойынша алимент төлеудің тәсілдері мен тәртібі осы келісімде айқындалады.
2. Алимент оны төлеуге міндетті адамның табысына және (немесе) өзге де кірісіне үлеспен кезең-кезеңмен төленіп тұратын тұрақты ақша сомасымен; біржолғы төленетін тұрақты ақша сомасымен; мүлік беру жолымен, сондай-ақ келісімде қол жеткізілген өзге де тәсілдермен төленуі мүмкін.
Алимент төлеу туралы келісімде алимент төлеудің әртүрлі тәсілдерін ұштастыру көзделуі мүмкін.
23-тарау. Алиментті сот тәртібімен төлеттіру және өндіріп алу тәртібі
163-бап. Алиментті сот шешімі бойынша өндіріп алу
Осы Кодекстің 143-155-баптарында аталған отбасы мүшелері алимент төлеу туралы келісім болмаған кезде алимент өндіріп алу туралы талаппен сотқа жүгінуге құқылы.
164-бап. Алимент алу үшін өтініш беру мерзімдері
1. Алимент алуға құқығы бар адам, егер бұрын алимент төлеу туралы келісім бойынша алимент төленбеген болса, алимент алу құқығы туындаған кезден бастап өткен мерзімге қарамастан, сотқа алимент өндіріп алу туралы өтініш жасауға құқылы.
2. Алимент сотқа өтініш жасалған кезден бастап тағайындалады.
Егер сотқа өтініш беруден бұрын күтіп-бағуға қаражат алу шаралары қолданылғанын, бірақ алиментті төлеуге міндетті адамның оны төлеуден жалтаруы салдарынан алимент алынбағанын сот анықтаған болса, сотқа өтініш жасалған кезден бастап үш жыл мерзім шегінде өткен кезеңге алимент өндіріп алынуы мүмкін.
2020.26.06. № 349-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2021.20.12. № 84-VII ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 165-бап өзгертілді
165-бап. Ұйымның лауазымды адамының алиментті ұстап қалу міндеті
Алимент төлеуге міндетті адамның жұмыс орны бойынша ұйымның лауазымды адамы осы Кодекстің 158-бабында көзделген алимент төлеу туралы келісімнің негізінде немесе атқару құжатының негізінде төленген күнінен бастап алуға жататын оның жалақысынан және өзге де кірісінен алимент алатын адамның пайдасына ай сайын алимент ұстап қалуға және оны алимент төлеуге міндетті адамның есебінен жалақының және өзге де кірістің төленген күнінен бастап үш күн мерзімнен кешіктірмей төлеуге немесе аударуға міндетті.
Төлеушіден ұсталған, бірақ алушыға уақтылы аударылмаған алиментті төлеуді кешіктіргені үшін жауапкершілік ұйымның лауазымды адамына жүктеледі.
2021.20.12. № 84-VII ҚР Заңымен 166-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
166-бап. Алимент төлеу туралы келісімнің негізінде алиментті ұстап қалу
Осы Кодекстің 158-бабында көзделген алимент төлеу туралы келісімнің негізінде алиментті ұстап қалу, егер осындай келісімнің және атқару құжаттарының негізінде ұстап қалудың жалпы сомасы алимент төлеуге міндетті адам жалақысының және өзге де кірісінің елу пайызынан аспайтын болса, жүргізіледі.
167-бап. Алимент төлеуге міндетті адамның жұмыс орнын немесе тұрғылықты жерін ауыстырғаны туралы хабарлау міндеті
2021.20.12. № 84-VII ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Сот шешімі немесе осы Кодекстің 158-бабында көзделген алимент төлеу туралы келісім негізінде алиментті ұстап қалатын ұйымның лауазымды адамы алиментті өндіріп алу туралы шешімнің орындалатын жері бойынша сот орындаушысына және алимент алушы адамға алиментті төлеуге міндетті адамның жұмыстан босағаны туралы, сондай-ақ, егер бұл өзіне белгілі болса, оның жаңа жұмыс орны немесе тұрғылықты жері туралы үш күн мерзімде хабарлауға міндетті.
2. Алимент төлеуге міндетті адам сот орындаушысы белгілеген мерзімде осы сот орындаушысына және сондай-ақ алимент алушы адамға жұмыс орнының немесе тұрғылықты жерінің өзгергені туралы, ал кәмелетке толмаған балаларға алимент төлеген кезде қосымша табысының немесе өзге де кірісінің болуы туралы хабарлауға және хабарлағаны туралы растама алуға тиіс.
168-бап. Алимент төлеуге міндетті адамның мүлкінен өндіріп алу
1. Алимент төлеу туралы келісіммен немесе сот шешімімен белгіленген мөлшерде алиментті өндіріп алу, сондай-ақ алимент бойынша берешекті өндіріп алу алимент төлеуге міндетті адамның табысынан және өзге де кірісінен жүргізіледі, табысы және өзге де кірісі жеткіліксіз болған кезде алимент сол алимент төлеуге міндетті адамның банктердегі шотындағы және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын өзге де ұйымдардағы ақшалай қаражатынан ұсталады. Бұл қаражат жеткіліксіз болған кезде ол алимент төлеуге міндетті адамның заң бойынша өндіріп алуға болатын кез келген мүлкінен өндіріп алынады.
2. Алимент төлеуге міндетті адамның шотындағы ақшалай қаражатынан және оның өзге де мүлкінен алимент өндіріп алу Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен жүргізіледі.
169-бап. Алимент бойынша берешек мөлшерін белгілеу
2021.20.12. № 84-VII ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Алимент төлеу туралы келісімнің негізінде немесе атқару құжатының негізінде өткен кезең үшін алимент өндіріп алу атқару құжаты не осы Кодекстің 158-бабында көзделген алимент төлеу туралы келісім табыс етілгенге дейінгі үш жыл мерзім шегінде жүргізіледі.
Алимент төлемдерiн жалақыдан немесе өзге де кірістерден қатарынан үш ай бойы өндiрiп алу мүмкiн болмаған кезде борышкердiң Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өндiрiп алуға болмайтын мүлкінен басқа мүлкiнен өндiрiп алынады.
2021.20.12. № 84-VII ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Атқару құжатының негізінде немесе осы Кодекстің 158-бабында көзделген алимент төлеу туралы келісімнің негізінде алимент ұстап қалу алиментті төлеуге міндетті адамның іздестірілуіне байланысты жүргізілмеген жағдайларда, осы баптың 1-тармағында белгіленген мерзімге қарамастан және күтіп-бағуға алимент тағайындалған адамның кәмелетке толғанына қарамастан, алимент бүкіл кезең үшін өндіріп алынады.
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2020.26.06. № 349-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2022.27.06. № 129-VII ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3-тармақ өзгертілді
3. Осы Кодекстің 139-бабына сәйкес кәмелетке толмаған балаларға төленетін алимент бойынша берешектің мөлшерін алимент төлеуге міндетті адамның алимент өндіріп алынбаған кезеңдегі жалақысы мен өзге де кірісін негізге ала отырып, сот орындаушысы айқындайды. Егер алимент төлеуге міндетті адам осы кезеңде жұмыс істемеген болса немесе оның жалақысы мен өзге де кірісін растайтын құжаттар ұсынылмаса, ай сайынғы төлемдер және (немесе) алимент бойынша берешек сол берешекті өндіріп алу кезіндегі Қазақстан Республикасындағы орташа айлық жалақының мөлшері негізге алына отырып айқындалады.
Бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқан адамдар үшін, егер борышкер осы кезеңде жұмыс істемеген болса, алимент бойынша берешек бір айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айқындалады.
Мүгедектігі бар адам болып табылатын борышкерлер үшін ай сайынғы төлем немесе алимент бойынша берешек - олардың ай сайынғы жалақысынан және өзге де кірісінен, ал егер олар жұмыс істемейтін жағдайда бюджет қаражатынан және (немесе) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін ай сайынғы жәрдемақылардан және (немесе) әлеуметтік төлемдерден айқындалады.
4. Сот орындаушысының алимент бойынша берешекті айқындауымен келіспеген кезде кез келген тарап Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен сот орындаушысының іс-әрекетіне шағым жасай алады.
2023.20.04. № 226-VІІ ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (2023 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Баланың алимент төлеуден жалтарып жүрген ата-анасын іздестіру кезеңінде төленген, балаға Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде белгіленген ай сайынғы жәрдемақы сомалары төленген сомалардың он пайызын бюджет кірісіне есептеу арқылы сол ата-аналардан өндіріп алынады.
170-бап. Алимент бойынша берешекті төлеуден босату
1. Алимент бойынша берешекті төлеуден босату немесе тараптардың келісімі бойынша алимент төлеген кезде осы берешекті азайту, кәмелетке толмаған балаларға алимент төлейтін жағдайларды қоспағанда, тараптардың өзара келісімі бойынша жүргізілуі мүмкін.
2. Алимент төлеуге міндетті адамның талап-арызы бойынша сот, егер алимент осы адамның науқастануына байланысты немесе басқа да дәлелді себептер бойынша төленбегенін және оның материалдық және отбасылық жағдайы алимент бойынша пайда болған берешекті өтеуге мүмкіндік бермейтінін анықтаса, оны алимент бойынша берешекті төлеуден толық немесе ішінара босатуға құқылы.
171-бап. Алиментті уақтылы төлемеу
1. Алимент төлеу туралы келісім бойынша алимент төлеуге міндетті адамның және (немесе) сот шешімі бойынша алимент төлеуге міндетті адамның кінәсінен берешек пайда болған кезде кінәлі адам алимент алушыға кешіктірген әрбір күні үшін төленбеген алимент сомасының оннан бір пайызы мөлшерінде тұрақсыздық айыппұлын төлейді.
2. Алимент алушы алименттің уақтылы төленбеуіне кінәлі адамнан алиментті төлеу жөніндегі міндетін орындауды кешіктіруден келтірілген бүкіл залалының тұрақсыздық айыппұлымен жабылмаған бөлігін де өндіріп алуға құқылы.
172-бап. Алиментті есепке жатқызуға және кері өндіріп алуға жол бермеу
1. Алиментті басқа қарсы талаптармен есепке жатқызуға болмайды.
1) Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінде көзделген;
2) алимент алушы тарапынан алдап, қорқытып немесе күш қолданып жасалған алиментті төлеу жөніндегі келісім жарамсыз деп танылған жағдайларды қоспағанда, кері талап етуге болмайды.
3. Егер осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасында тізбеленген іс-әрекеттерді кәмелетке толмаған баланың немесе кәмелетке толған әрекетке қабілетсіз алимент алушының өкілі жасаса, алимент кері өндіріп алынбайды, ал төленген алименттің сомасы алимент төлеуге міндетті адамның талап-арызы бойынша кінәлі өкілден өндіріп алынады.
Сот шешімі бойынша тұрақты ақша сомасында өндіріп алынатын алименттің индекстелуін алиментті ұстап қалатын орын бойынша ұйымның әкімшілігі айлық есептік көрсеткіштің мөлшеріне барабар түрде жүргізеді.
174-бап. Алимент төлеуге міндетті адам Қазақстаннан тыс жерлерге уақытша кеткен немесе тұрақты тұруға кеткен жағдайда алимент төлеу
1. Алимент төлеуге міндетті адам Қазақстаннан тыс жерлерге уақытша кеткен немесе тұрақты тұруға кеткен жағдайда, ол заң бойынша күтіп-бағуға қаражат беруге міндетті отбасы мүшелерімен осы Кодекстің 157-162-баптарына сәйкес алимент төлеу туралы келісім жасасуға құқылы.
2. Келісімге қол жеткізілмеген кезде мүдделі адам алименттің мөлшерін тұрақты ақша сомасында белгілеу туралы немесе алиментті біржолғы төлеу туралы не белгілі бір мүлікті алимент есебіне беру туралы немесе алиментті өзге де тәсілмен төлеу туралы талаппен сотқа жүгінуге құқылы.
3. Алиментті төлегенін растайтын құжаттары болмаған жағдайда борышкерге Қазақстаннан тыс жерлерге тұрақты тұру үшін кетуге рұқсат берілмейді.
175-бап. Сот бұрын белгілеген алимент мөлшерін өзгерту және алимент төлеуден босату
1. Егер алимент төлеу туралы келісім болмаған кезде алимент мөлшері сот тәртібімен белгіленгеннен кейін тараптардың бірінің материалдық немесе отбасылық жағдайы өзгерсе, сот кез келген тараптың талап етуі бойынша белгіленген алимент мөлшерін өзгертуге немесе алимент төлеуге міндетті адамды оны төлеуден босатуға құқылы. Алимент мөлшері өзгертілген немесе оны төлеуден босатылған кезде сот тараптардың назар аударарлық өзге де мүддесін ескеруге құқылы.
2014.03.07. № 227-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Егер кәмелетке толған әрекетке қабілетті адамның алименттер төлеуге міндетті адамға қатысты қасақана қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны анықталса немесе кәмелетке толған әрекетке қабілетті адам отбасында лайықсыз мінез-құлық көрсеткен жағдайда, сот оған алименттер өндіріп беруден бас тартуға құқылы.
176-бап. Алимент төлеу жөніндегі міндеттерді тоқтату
1. Алимент төлеу туралы келісімде белгіленген алимент төлеу жөніндегі міндет осы келісімнің қолданылу мерзімі аяқталғанда немесе осы келісімде көзделген негіздер бойынша, сондай-ақ тараптардың бірі қайтыс болғанда тоқтатылады.
2. Сот тәртібімен өндіріп алынатын алиментті төлеу:
1) бала кәмелетке толғанда немесе кәмелетке толмаған балалар кәмелетке толғанға дейін толық әрекетке қабілетті болған жағдайда немесе алимент төлеу туралы келісімде көрсетілген жасқа толғанда;
2) күтіп-бағу үшін алимент өндіріп алынған бала асырап алынғанда;
3) сот алимент алушының еңбекке жарамдылығы қалпына келтірілген немесе көмекке мұқтаждығы тоқтатылған деп танығанда;
4) еңбекке жарамсыз, бұрынғы жұбайының көмегіне мұқтаж болып келген алимент алушы жаңа некеге отырғанда (ерлі-зайыпты болғанда);
5) алимент алушы адам немесе алимент төлеуге міндетті адам қайтыс болғанда тоқтатылады.
6-бөлім. Азаматтық хал актілері
24-тарау. Жалпы ережелер
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 177-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 177-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
177-бап. Мемлекеттік тіркеуге жататын азаматтық хал актілері
Туу, қайтыс болу, неке қию (ерлі-зайыпты болу), некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу (соттың некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы шешімі бойынша некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуды қоспағанда) тіркеуші органдарда осы Кодексте белгіленген мерзімдерде міндетті мемлекеттік тіркеуге жатады.
Бала асырап алу және әке болуды анықтау оқиғалары мен фактілері тиісті өзгерістер, толықтырулар енгізу арқылы тууды мемлекеттік тіркеу туралы акт жазбасында көрсетіледі. Соттың шешімі бойынша некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы акт жазбасында оған некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы белгі қою арқылы көрсетіледі.
Қайтыс болу туралы куәлікті және Қазақстан Республикасының неке-отбасы заңнамасында көзделген өзге де жағдайларды қоспағанда, қайтыс болған адамдарға қатысты азаматтық хал актілерін тіркеуге, қалпына келтіруге, қайтыс болған адамның дербес деректеріне өзгерістер, түзетулер және толықтырулар енгізуге, сондай-ақ азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу туралы қайталама куәліктерді беруге тыйым салынады.
2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 178-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
178-бап. Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу туралы бастапқы, қайталама куәліктер мен анықтамалар беру
1. Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу туралы куәліктер мен анықтамалар өздеріне қатысты акт жазбасы жасалған адамдарға электрондық нысанда немесе олардың қалауы бойынша қағаз жеткізгіште азаматтық хал актілері мемлекеттік тіркелгеннен кейін беріледі.
Электрондық нысанда берілген азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу туралы куәлік, анықтама құжатты берген тіркеуші орган бастығының электрондық-цифрлық қолтаңбасы арқылы куәландырылады.
Қағаз жеткізгіште берілген азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу туралы куәлік, анықтама құжатты берген тіркеуші орган бастығының қолтаңбасымен, тіркеуші органның елтаңбалы мөрімен бекемделеді.
Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті, анықтаманы берген, Қазақстан Республикасы шет елдегі мекемесінің лауазымды адамының қолтаңбасымен және Қазақстан Республикасы шет елдегі мекемесінің елтаңбалы мөрімен бекемделген құжат қағаз жеткізгіште беріледі.
Қағаз жеткізгіштегі азаматтық хал актісін мемлекеттік тіркеу туралы бастапқы куәлік жоғалған немесе пайдалануға жарамсыз болған жағдайда, тіркеуші органдар, Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемесі акт жазбасының негізінде азаматтық хал актісін мемлекеттік тіркеу туралы қайталама куәлік береді.
2. Балаларына қатысты ата-ана құқықтарынан айырылған ата-анаға балалардың туу туралы қайталама куәліктері құқықтары қалпына келтірілгенге дейін қайтадан берілмейді.
Неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы қайталама куәліктер некесін (ерлі-зайыптылықты) бұзған немесе некесі (ерлі-зайыптылық) жарамсыз деп танылған ерлі-зайыптыларға не ерлі-зайыптылардың біреуі қайтыс болғаннан кейін берілмейді.
Неке (ерлі-зайыптылық) бұзылғаннан немесе ол жарамсыз деп танылғаннан не ерлі-зайыптылардың біреуі қайтыс болғаннан кейін қажет болған кезде неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы анықтама беріледі, онда некені тоқтату негізі көрсетіледі.
3. Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу туралы куәліктер, анықтамалар қазақ немесе орыс тілінде толтырылады.
Азаматтар (ата-аналар, ерлі-зайыптылар, бала асырап алушылар, қайтыс болған адам) туралы мәліметтер олардың жеке басын куәландыратын құжаттарға сәйкес толтырылады.
4. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда, азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу туралы куәліктер, анықтамалар нотариат куәландырған сенімхатпен берілуі мүмкін.
2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 179-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
179-бап. Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуді жүргізетін органдар
1. Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуді Қазақстан Республикасының аумағында - тіркеуші органдар, Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері жүргізеді.
2. Ауылдарда, кенттерде, ауылдық округтерде ауылдың, кенттің, ауылдық округтің әкімі тиісті ауыл, кент, ауылдық округ аумағында тұратын азаматтардың азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуге құжаттар қабылдауды және осы Кодексте көзделген мерзімдерде оларды азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу және Жеке тұлғалар туралы мемлекеттік дерекқорға мәліметтер енгізу үшін ауданның немесе облыстық маңызы бар қаланың тиісті тіркеуші органына беруді, сондай-ақ азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу туралы куәліктер, қажет болған кезде анықтамалар беруді және табыс етуді жүргізеді.
3. Тіркеуші органның жұмыскері, Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемесінің қызметкері өздеріне, өздерінің жұбайларына (зайыптарына) және жақын туыстарына қатысты азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуді жүргізуге құқылы емес.
Тіркеуші органның жұмыскеріне, Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемесінің қызметкеріне, оның жұбайына (зайыбына) және жақын туысына қатысты азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуді тіркеуші органның басқа жұмыскері, Қазақстан Республикасы шет елдегі мекемесінің басқа қызметкері жүзеге асырады немесе басқа тіркеуші органда, Қазақстан Республикасының шет елдегі басқа мекемесінде жүзеге асырылады.
180-бап. Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеудің қағидалары мен тәртібі
1. Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеудің қағидалары, сондай-ақ некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) адамдардың денсаулық жағдайы мен отбасылық жағдайы туралы бір-бірін өзара хабардар етуі, олардың болашақ ерлі-зайыптылар және ата-аналар ретіндегі құқықтары мен міндеттерін түсіндіру тәртібі осы Кодекске сәйкес белгіленеді.
2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуді ұйымдастыру, оларға өзгерістер, түзетулер, толықтырулар енгізу, азаматтық хал актілерінің күшін жою және қалпына келтіру тәртібін Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі әзірлейді және бекітеді.
2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 181-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
181-бап. Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу туралы акт кітаптары, акт жазбалары, куәліктер мен анықтамалар
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-тармақ жаңа редакцияда
1. Акт кітаптары тігілген және қатаң реттілікпен нөмірленген, оларды құрастырған тіркеуші орган бастығының қолтаңбасымен және елтаңбалы мөрімен бекемделген бірдей екі жүз акт жазбаларын қамтып, екі данада қалыптастырылады. Акт жазбаларының бірдейлігін тіркеуші органның жұмыскерлері қамтамасыз етеді.
Акт кітаптарының бірінші даналары азаматтық хал актісін бастапқы мемлекеттік тіркеу орны бойынша - ауданның (қаланың) тіркеуші органының архивінде, екінші данасы облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тіркеуші органының архивінде сақталады.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Электрондық нысандағы және қағаз жеткізгіштегі азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу туралы акт жазбаларының, куәліктер мен анықтамалардың нысандарын Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі бекітеді.
3. Акт кітаптарының бірінші және екінші даналарын бір үй-жайда (ғимаратта) сақтауға тыйым салынады.
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Қазақстан Республикасының аумағында тіркеуші органдарда және Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерінде тіркелген акт жазбаларының электрондық нұсқалары Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған уәкілетті органда Жеке тұлғалар туралы мемлекеттік дерекқордың орталық серверінде сақталады.
5. Бастапқы тіркеу орны бойынша акт кітаптары жетпіс бес жыл бойы сақталады, содан кейін тиісті мемлекеттік мұрағатқа беріледі.
6. Екінші даналардың акт кітаптары белгіленген мерзім өткеннен кейін жойылуға жатады.
2023.06.02. № 194-VІІ ҚР Заңымен 182-бап жаңа редакцияда (2023 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)