182-бап. Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу қызметтерін көрсетуге ақы төлеу
1. Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу қызметтерін көрсетуге ақы төлеу мөлшерін Қазақстан Республикасының Әділет министрлігімен және монополияға қарсы органмен келісу бойынша мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
2. Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу қызметтерін көрсеткені үшін ақы төлеуден мыналар босатылады:
1) азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркегені және азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу туралы қайталама куәліктер мен анықтамаларды бергені үшін - растайтын құжаттарды көрсеткен кезде Ұлы Отан соғысының ардагерлері, жеңілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер және басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдар, 1941 жылғы 22 маусым - 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталмаған адамдар, мүгедектігі бар адамдар, сондай-ақ бала кезінен мүгедектігі бар адамның, мүгедектігі бар баланың ата-анасының бірі, қорғаншылар (қамқоршылар);
2) туу туралы қайталама куәліктерді бергені үшін - мемлекеттік ұйымдар;
3) баланың тууын мемлекеттік тіркегені және туу туралы куәлікті бергені үшін - жеке тұлғалар;
4) қайтыс болуды мемлекеттік тіркегені және қайтыс болу туралы куәліктерді, қайталама куәліктерді, анықтамаларды және хабарламаларды бергені үшін - жеке тұлғалар;
5) азаматтық хал актілерінің күшін жойғаны үшін - жеке тұлғалар;
6) азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу кезінде жіберілген қателерге байланысты азаматтық хал актілерінің жазбалары өзгертілген, толықтырылған, қалпына келтірілген және түзетілген кезде оларға куәліктерді бергені үшін - жеке тұлғалар;
7) әке болуды анықтауға, Қазақстан Республикасы азаматтарының бала асырап алуына байланысты тууды мемлекеттік тіркеу туралы акт жазбаларына өзгерістер, толықтырулар енгізгені және бала асырап алу мен әке болуды анықтауға байланысты туу туралы қайталама куәліктерді бергені үшін - жеке тұлғалар.
183-бап. Азаматтық хал актілерінің жазбаларын өзгерту, толықтыру және түзету тәртібі
2014.17.11. № 254-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Тіркеу туралы бастапқы акт жазбалары, сондай-ақ жеткілікті негіздер болған кезде және мүдделі адамдардың арасында дау болмаған кезде азаматтық хал актілерінің жазбаларына өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізуді тіркеуші орган жүргізеді. Мүдделі адамдардың арасында дау болған кезде азаматтық хал актілерінің жазбаларына өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізу мәселелері медиация тәртібімен немесе сот тәртібімен шешіледі.
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Азаматтық хал актілерінде жазылған жазбаларға өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізу туралы өтініштер өтініш берушінің қалауы бойынша Қазақстан Республикасының аумағындағы кез келген тіркеуші органға беріледі.
3. Шетелде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының, сондай-ақ азаматтық хал актілерін Қазақстан Республикасының тіркеуші органдарында тіркеген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың өтініштері Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерi арқылы бастапқы жазбаның сақталған орны бойынша тіркеуші органға беріледі.
2020.29.06. № 351-VI ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Азаматтық хал актілерінің жазылған жазбаларына өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізуді жазба жасалған жердегі тіркеуші орган жүргізеді. Азаматтық хал актілерінің жазбаларына өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізуден бас тартуға Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
184-бап. Азаматтық хал актілерінің жазбаларын қалпына келтіру
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Азаматтық хал актілерінің жоғалған жазбаларын қалпына келтіру туралы өтініш сол өтініш берушінің қалауы бойынша Қазақстан Республикасының аумағындағы кез келген тіркеуші органға, ал шетелде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының, сондай-ақ азаматтық хал актілерін Қазақстан Республикасының тіркеуші органдарында тіркеген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың өтініштері Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерi арқылы бастапқы жазбаның мемлекеттік тіркелген (жоғалған) орны бойынша тіркеуші органға беріледі.
2. Азаматтық хал актілері жазбаларын қалпына келтіру тиісті жазбаның бұрын болғанын растайтын құжаттар болған кезде немесе мемлекеттік тіркеу орны мен уақыты көрсетіле отырып, акт жазбасын қалпына келтіру туралы сот шешімінің негізінде жүргізіледі.
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3-тармақ өзгертілді
3. Тарихи отанына қайта оралған адамдарға қатысты азаматтық хал актілерінің жазбаларын қалпына келтіру жеткілікті негіздер болған кезде және осы фактіні құжаттық растау (акт жазбасының болмауы (жоғалғаны) туралы анықтама немесе хабарлама) мүмкін болған кезде немесе ішкі істер органдарының осы адамдардың Қазақстан Республикасына заңды түрде келгені туралы растамасы және олардың Қазақстан Республикасының азаматтығын беру туралы өтініші болған кезде ғана жүргізіледі.
4. Азаматтық хал актілері жазбаларының жоғалғанын сол жоғалған жазба жасалған жер бойынша азаматтық хал актілері жазбасының облыстық (қалалық) мұрағаты растауға тиіс.
5. Тіркеуші органның жоғалған жазбаны қалпына келтіруі мүмкін болмаған кезде азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу фактісі Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінде белгіленген қағидалар бойынша сот тәртібімен белгіленеді.
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Азаматтық хал актілері жазбаларын қалпына келтіруді мемлекеттік тіркеуді өтініш берілген жер бойынша тіркеуші орган жүргізеді.
185-бап. Азаматтық хал актілерінің жазбаларын жою
1. Азаматтық хал актілерінің жазбасы:
2) мүдделі адамдардың өтініші бойынша;
3) жойылуға жататын бастапқы, қалпына келтірілген немесе қайтадан жазылған жазбаны тапқан тіркеуші органның бастамасы бойынша жойылуы мүмкін.
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Азаматтық хал актілерінің жазбаларын жою туралы өтініш сотқа немесе өтініш берушінің қалауы бойынша Қазақстан Республикасының аумағындағы кез келген тіркеуші органға, ал шетелде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының, азаматтық хал актілерін Қазақстан Республикасының тіркеуші органдарында тіркеген және шетелде тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың өтініштері Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерi арқылы жойылуға жататын акт жазбасының сақталу орны бойынша тіркеуші органға беріледі.
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Азаматтық хал актілерінің жазбаларын жою өтініш берушінің қалауы бойынша Қазақстан Республикасының аумағындағы кез келген тіркеуші органда жүргізіледі.
186-бап. Жеке адамдардың азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу тәртібін сақтау міндеті
1. Жеке адамдар осы Кодексте белгіленген азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу тәртібін сақтауға міндетті.
2. Тіркеуші органдарда азаматтық хал актілерін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімде мемлекеттік тіркеу міндеті азаматтарға жүктеледі.
3. Азаматтық хал актілерін тіркеу кезінде некеге отыруға (ерлі-зайыпты болуға) кедергі келтіретін мән-жайларды жасыруға немесе жалған мәліметтер беруге тыйым салынады.
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Өкіл арқылы ерлі-зайыптылардың бірлескен өтініші негізінде неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды), некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуды, тегін, атын, әкесінің атын ауыстыруды тіркеуге және баланың ата-анасының бірлескен өтініші негізінде әке болуды анықтау кезінде тууды мемлекеттік тіркеу туралы акт жазбасына өзгерістер, толықтырулар енгізуге жол берілмейді.
25-тарау. Баланың тууын мемлекеттік тіркеу
2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 187-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
187-бап. Баланың тууын мемлекеттік тіркеу үшін негіз
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Баланың тууын мемлекеттік тіркеу үшін туу туралы медициналық куәлік немесе туу фактісін анықтау туралы сот шешімінің көшірмесі негіз болып табылады.
Медициналық ұйымнан тыс жерде, оның ішінде үйде босанған жағдайда, туу туралы медициналық куәлікті анасының жеке басын куәландыратын құжаттарына сәйкес, анасы босанғаннан кейін жүгінген босандыру ұйымының жауапты медициналық қызметкері ресімдейді.
Ата-анасының жеке басын куәландыратын құжаттар болмаған жағдайда баланың тууын мемлекеттік тіркеу кезінде баланың ата-анасы туралы мәліметтер азаматтық хал актілерінің ақпараттық жүйесіндегі мәліметтерге сәйкес толтырылады.
Бала медициналық ұйымда туылған және анасының жеке басын куәландыратын құжаттары болмаған жағдайларда, туу фактісін мемлекеттік тіркеу кезінде анасының тегі, аты, әкесінің аты (бар болған кезде) туу туралы медициналық куәлікке сәйкес толтырылады, оған анасы туралы мәліметтер оның сөзі бойынша жазылғаны туралы белгі қойылады.
Бұдан әрі баланың анасы туралы мәліметтер Қазақстан Республикасының неке-отбасы заңнамасында белгіленген тәртіппен туу туралы акт жазбасында толықтырылады.
Туу туралы медициналық куәлік болмаған жағдайда, баланың тууын мемлекеттік тіркеу туу фактісін анықтау туралы сот шешімінің көшірмесі негізінде жүзеге асырылады.
Азаматтық хал актілеріне ата-анасының атын, әкесінің атын (егер бар болса), тегін, ұлтын жазу осы Кодекстің 50, 51 және 63-баптарына сәйкес жүргізіледі.
Баланы суррогат ана туған жағдайда, туу туралы медициналық куәлік баланың тууын мемлекеттік тіркеу үшін негіз болып табылады.
2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2024.21.05. № 86-VIII ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2024 ж. 22 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Баланың туу туралы медициналық куәлігі баланың анасы туралы барлық қажетті мәліметтерді, оның ішінде тегін, атын, әкесінің атын (егер бар болса), сондай-ақ баланың туған күнін, жынысын және жеке сәйкестендіру нөмірін, құжаттың берілген күнін қамтуға тиіс. Қазақстан Республикасының аумағында берілген, қағаз жеткізгіштегі баланың туу туралы медициналық куәлігі - медициналық ұйымның лауазымды адамының қолтаңбасымен және мөрімен расталуға тиіс, ал электрондық нысанда медициналық ұйымның лауазымды адамының электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы куәландырылуға тиіс.
Медициналық ұйымда баланың туу фактісі туралы мәліметтер туылған кезден бастап бір жұмыс күні ішінде азаматтық хал актілерінің ақпараттық жүйесіне беріледі.
3. Кәмелетке толмаған ата-аналардың бала тууын, сондай-ақ суррогат ана туған баланы мемлекеттік тіркеу жалпы тәртіппен жүргізіледі.
4. 2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 188-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
188-бап. Баланың тууын мемлекеттік тіркеу орны
2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Баланың тууын мемлекеттік тіркеу ата-анасының не олардың біреуінің қалауы бойынша Қазақстан Республикасының аумағындағы кез келген тіркеуші органда жүргізіледі.
2. Егер ата-анасы бір-бірімен некеде тұрмаса (ерлі-зайыпты болмаса), баланың тууын мемлекеттік тіркеу туралы өтінішпен бір мезгілде әке болуды анықтау туралы өтініш беріледі.
3. Тууды мемлекеттік тіркеу туралы акт жазбасында баланың туылған жері деп баланың тууын мемлекеттік тіркеу кезінде қабылданған Қазақстан Республикасы әкімшілік-аумақтық бірлігінің атауына сәйкес баланың нақты туылған жерінің атауы көрсетіледі.
Экспедицияларда және шалғай жерлерде, сондай-ақ анасы теңіз, өзен, әуе кемесінде немесе пойызда болған кезде туылған баланың туылған жері деп баланың тууын мемлекеттік тіркеу жүргізілетін әкімшілік-аумақтық бірлік көрсетіледі.
Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде туылған баланың туылған жері деп баланың нақты туылған жерінің атауы көрсетіледі.
4. Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде туылған баланың тууын мемлекеттік тіркеу Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерінде не ата-анасының немесе олардың біреуінің қалауы бойынша Қазақстан Республикасының аумағындағы кез келген тіркеуші органда шетелдік тіркеуші органдарда тіркелгеніне қарамастан, мынадай құжаттардың бірін:
1) туу туралы куәліктің түпнұсқасын;
2) туу туралы акт жазбасының көшірмесін;
3) туу туралы медициналық куәліктің түпнұсқасын көрсеткен кезде осы Кодексте белгіленген мерзімдерде жүргізіледі.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген құжаттар болмаған кезде, соттың туу фактісін анықтау туралы шешімінің көшірмесі көрсетіледі.
2016.09.04. № 501-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 189-бап өзгертілді
189-бап. Баланың тууы туралы өтініш беру мерзімдері
Баланың тууы туралы өтінішті оның ата-аналары не басқа да мүдделі адамдар тіркеуші органдарға ол туған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей беруге тиіс, ал бала өлі туған жағдайда, босанған кезден бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей медициналық ұйымның жауапты лауазымды адамы өтінішті береді.
Бала Қазақстан Республикасынан тыс жерде туған жағдайда баланың тууы туралы өтінішті оның ата-аналары не басқа да мүдделі адамдар Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелеріне оның туған күнінен бастап екі айдан кешіктірмей беруге тиіс.
2013.08.01. № 64-V ҚР Заңымен 190-бап жаңа редакцияда (2013 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
190-бап. Баланың тууын мемлекеттік тіркеу туралы өтініш
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Баланың тууын мемлекеттік тiркеу туралы өтінішті ата-анасы немесе олардың бiреуi, ал олар қайтыс болған, науқастанған немесе өзге де себептермен өтініш жасау мүмкiн болмаған жағдайда - мүдделi адамдар немесе бала туған кезде анасы жатқан медициналық ұйымның әкiмшiлiгi бередi. Баланың тууын мемлекеттік тіркеу туралы өтінішке, егер ата-анасы немесе олардың біреуі шетелдік не азаматтығы жоқ адам болса, шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның жеке басын куәландыратын құжаттың, егер неке Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде қиылса (ерлі-зайыпты болса), неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы куәліктің көшірмесі қоса беріледі.
Егер баланың тууын мемлекеттік тіркеуге ата-анасы емес, басқа адамдар өтініш жасаса, онда осы адамдар өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжатты, сондай-ақ баланың тууын тіркеуге оның өкілеттігін растайтын құжатты ұсынуы тиіс.
Екі немесе одан да көп баланы мемлекеттік тіркеу кезінде өтініш әрқайсысына қатысты бөлек беріледі.
Баланың тууын мемлекеттік тіркеу «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес өтініш берушінің таңдауы бойынша проактивті көрсетілетін қызмет арқылы жүзеге асырылған кезде баланың тууын мемлекеттік тіркеу туралы өтінішті ұсыну талап етілмейді.
Басқа мемлекеттің аумағында тұрақты тұратын шетелдік, азаматтығы жоқ адам жеке басын куәландыратын құжаттарды көрсетумен қатар, олардың мәтінінің нотариат куәландырған қазақ немесе орыс тіліндегі аудармасын ұсынады.
Шетелдіктің, азаматтығы жоқ адамның жеке басын куәландыратын құжаттары мәтіні аудармасының дұрыстығы шетелдік азаматы болып табылатын мемлекеттің немесе азаматтығы жоқ адам тұрақты тұратын мемлекеттің дипломатиялық өкілдігінде немесе консулдық мекемесінде не сыртқы саяси ведомствосында куәландырылуы мүмкін.
2015.17.11. № 408-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына не «электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы өтініш жасаған кезде баланың тууын мемлекеттік тіркеу туралы өтініш мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін айқындайтын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актіге сәйкес беріледі.
191-бап. Әкесі қайтыс болғаннан кейін немесе неке (ерлі-зайыптылық) бұзылғаннан кейін не неке жарамсыз деп танылғаннан кейін туған баланың тууын мемлекеттік тіркеу
Некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) кезде бойға біткен және әкесі қайтыс болғаннан кейін немесе неке (ерлі-зайыптылық) бұзылғаннан кейін не неке (ерлі-зайыптылық) жарамсыз деп танылғаннан кейін туған баланың тууын мемлекеттік тіркеу, егер әкесі қайтыс болған немесе неке (ерлі-зайыптылық) бұзылған не ол жарамсыз деп танылған күннен бастап екі жүз сексен күннен аспаса, жалпы негізде жүргізіледі.
192-бап. Баланың туу туралы акт жазбасына ата-аналары туралы мәліметтерді енгізу тәртібі
1. Бір-бірімен некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) әкесі мен анасы туу туралы жазбалар кітабына олардың кез келгенінің өтініші бойынша баланың ата-аналары болып жазылады. Мұндай жазбаға неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы куәлік негіз болып табылады.
2. Некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) және қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолдануға өз келісімін жазбаша нысанда берген адамдар, осы әдістерді қолдану нәтижесінде өздерінде бала туылған жағдайда туу туралы актілер жазбасының кітабына оның ата-аналары болып жазылады.
Суррогат ана болу шартына сәйкес бала туылған жағдайда, ерлі-зайыптылар туу туралы актілер жазбасының кітабына оның ата-аналары болып жазылады.
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Бала тууды тіркеу кезінде, егер ата-аналарының арасында неке (ерлі-зайыптылық) бұзылған, оны сот жарамсыз деп таныған немесе жұбайы қайтыс болған жағдайда, бірақ неке (ерлі-зайыптылық) бұзылған, оны жарамсыз деп таныған немесе жұбайы қайтыс болған кезден бастап екі жүз сексен күннен аспаса, анасы туралы мәлімет осы Кодекстің 187-бабында көрсетілген құжаттардың негізінде, баланың әкесі туралы мәлімет неке қию немесе некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы куәліктің немесе акт жазбасының, әкесінің қайтыс болуы туралы куәліктің немесе акт жазбасының негізінде енгізіледі.
Егер бала неке (ерлі-зайыптылық) бұзылған, оны жарамсыз деп таныған күннен бастап екі жүз сексен күн өткеннен кейін туса, бұрынғы жұбайы әке болуды анықтау негізінде ғана баланың әкесі болып жазылуы мүмкін.
Босанған әйелдің жұбайы болып табылмайтын адам жазбаша мойындаған жағдайда және оның күйеуінің жазбаша келісімі болған кезде тууды тіркеу кезінде баланың әкесі болып осы адам жазылады.
Босанған әйелдің жұбайының немесе бұрынғы жұбайының басқа адамның әке болуын анықтауға келісімі ішкі істер органы берген, жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілгені туралы немесе соттың оны хабар-ошарсыз кеткен немесе әрекетке қабілетсіз деп танығаны туралы заңды күшіне енген шешімі туралы растайтын құжат болған кезде міндетті емес.
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Егер баланың ата-анасы бір-бірімен некеде тұрмаса (ерлі-зайыпты болмаса), анасы туралы мәлімет осы Кодекстің 187-бабында көрсетілген құжаттардың негізінде енгізіледі.
Мұндай жағдайда тууды мемлекеттік тіркеу туралы акт жазбасына әкесі туралы мәліметтер:
1) егер әке болу баланың тууын мемлекеттік тіркеумен бір мезгілде анықталатын болса, осы Кодекстің 192-1-бабының 1-тармағында көрсетілген негіздер бойынша;
2) егер әкесі анықталмаса, некеде тұрмаған (ерлі-зайыпты болмаған) анасының өтініші бойынша енгізіледі.
Тууды жазу кiтабында баланың әкесiнің тегі - анасының тегi бойынша, баланың аты мен әкесiнiң аты оның көрсетуі бойынша жазылады. Енгізілген мәліметтер әке болуды анықтау туралы мәселені шешуге кедергі болып табылмайды.
Баланың әкесі туралы мәліметтер анасының тілегі бойынша туу туралы актілер жазбасына енгізілмеуі мүмкін;
3) өзін баланың әкесімін деп мойындаған адамның өтініші бойынша, оған баланың анасының келісімі болған кезде енгізіледі.
Анасы туралы мәліметтер осы Кодекстің 187-бабында көрсетілген құжаттардың негізінде енгізіледі, әкесі туралы мәліметтер осы адамның көрсетуі бойынша жазылады.
Бұдан әрі баланың анасы туу туралы акт жазбасына енгізілген баланың әкесі туралы мәліметтермен келіспеген кезде түзетулер белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 192-1-баппен толықтырылды
192-1-бап. Әке болуды анықтау кезінде баланың тууын мемлекеттік тіркеу туралы акт жазбасына өзгерістер, толықтырулар енгізу
1. Әке болуды анықтау кезінде баланың тууын мемлекеттік тіркеу туралы акт жазбасына өзгерістер, толықтырулар:
1) ата-анасының әке болуды анықтау туралы бірлескен өтініші;
2) анасы қайтыс болған, анасы қайтыс болды деп жарияланған, анасы хабар-ошарсыз кетті деп танылған, анасы әрекетке қабілетсіз деп танылған, анасы ата-ана құқықтарынан айырылған не оның ата-ана құқықтары шектелген, анасының тұрғылықты жерін анықтау мүмкін болмаған жағдайларда әкесінің өтініші;
3) соттың әке болуды анықтау, сондай-ақ әке болуды тану фактісін және әке болу фактісін анықтау туралы шешімі негізінде енгізіледі.
2. Егер сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адам, сондай-ақ осы әрекетке қабілетсіз адамның қорғаншысы өтініш беруші болып табылса, баланың тууын мемлекеттік тіркеу туралы акт жазбасына өзгерістер, толықтырулар енгізуден бас тартылады.
2013.29.01. № 74-V ҚР Заңымен 193-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
193-бап. Бала ата-анасының қай ұлтқа жататынын жазу тәртібі
Егер тууды тіркеу кезінде өтініш беруші ата-анасының қай ұлтқа жататынын көрсетуге тілек білдірсе, онда баланың туу туралы акт жазбасында ата-анасының - Қазақстан Республикасы азаматтарының ұлты Қазақстан Республикасы азаматтарының жеке басын куәландыратын құжаттарда көрсетілген ұлтына сәйкес көрсетіледі.
Шетелдік болып табылатын ата-ананың қай ұлтқа жататыны туралы мәлімет оның шетелдік паспортына сәйкес көрсетіледі.
Шетелдіктің шетелдік паспортында ұлты туралы мәлімет болмаған кезде оның ұлты өзі азаматы болып табылатын шет мемлекеттің құзыретті органы берген құжатқа сәйкес айқындалуы мүмкін.
194-бап. Баланың тууын мемлекеттік тіркеу кезінде оған тегін, атын, әкесінің атын беру тәртібі
1. Тууды мемлекеттік тіркеу кезінде баланың тегі ата-аналарының тегімен айқындалады. Ата-аналарының тегі әртүрлі болған кезде балаға ата-анасының келісімі бойынша әкесінің немесе анасының тегі беріледі. Ата-аналарының тілегі бойынша баланың тегі ұлттық дәстүрлер ескеріле отырып, баланың әкесінің немесе атасының атымен жазылады. Баланың тегіне қатысты ата-аналарының арасында туындаған келіспеушіліктер сот тәртібімен шешіледі.
2. Азаматтардың тілегі бойынша ұлты қазақ адамдардың тегі мен әкесінің атын жазуда қазақ тіліне тән емес: -ов, -ев, -ова, -ева, -ин, -н, -ины, -на, - овна, - евна, - ович, - евич аффикстері алып тасталады, ал олардың орнына әкесінің атына: - ұлы, - қызы деген сөздер қосылып бірге жазылады.
Жеке адамның тегіне «тегі», «ұрпағы», «немересі», «шөбересі», «келіні» деген және басқа да сөздерді қосып жазуға жол берілмейді.
2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Ұлты қазақ адамдардың әкесінің аты тегін ауыстырған кезде оның міндетті түрде бірінші болып тұруына, одан кейін атының жазылуына жол беріледі, ал әкесінің аты қалауы бойынша жазылады.
Әкесінің атына «-ұлы, -қызы» деген жалғау қосылып, тегін ауыстырған жағдайларда, әкесінің аты жазылмайды.
4. Басқа ұлт адамдарының тілегі бойынша олардың тегін, атын және әкесінің атын жазу олардың ұлттық ерекшеліктеріне сәйкес жүргізілуі мүмкін.
195-бап. Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде туған баланың тууын мемлекеттік тіркеу
Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде туған баланың тууын мемлекеттік тіркеу келген елдің аумағында орналасқан Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерінде не басқа елде қызметін қоса атқаратын Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерінде жүргізіледі.
196-бап. Тауып алынған, тастанды (бас тартылған) баланың тууын мемлекеттік тіркеу тәртібі
1. Тауып алынған, тастанды (бас тартылған) баланың тууы ішкі істер органдарының, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның, білім беру ұйымдары әкімшілігінің немесе бала орналастырылған медициналық ұйымның өтініші бойынша тауып алынған, бас тартылған немесе қалдырылған күннен бастап жеті тәуліктен кешіктірілмей тіркелуге тиіс.
Өтінішке бала тауып алынған кездегі уақыт, орын және мән-жайлар көрсетіле отырып, ішкі істер органы немесе қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган жасаған хаттама немесе акт; тауып алынған баланың жасы мен жынысын растайтын медициналық ұйым берген құжат және басқа да бала туралы дербес мәліметтер қоса тіркеледі.
2. Медициналық ұйымда баладан бас тартылған жағдайда, осы ұйымның әкімшілігі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген нысан бойынша анасының жазбаша өтінішін ресімдеу жөнінде шаралар қолданады.
3. Баланы белгісіз ана қалдырып кеткен жағдайда медициналық ұйымның әкімшілігі екі куәгердің қатысуымен хаттама жасайды. Тууды мемлекеттік тіркеу кезінде хаттамалар тастанды (ата-анасы бас тартқан) баланы тіркеу туралы медициналық ұйымның лауазымды адамының өтінішіне қоса беріледі.