Банктерде, Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерінің филиалдарында және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда сақталуға тиіс негізгі құжаттар тізбесін және оларды сақтау мерзімдерін белгілеу туралы
Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2026 жылғы 31 наурыздағы № 35 Қаулысы
«Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 77-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Банктерде, Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерінің филиалдарында және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда сақталуға тиіс негізгі құжаттар тізбесі және оларды сақтау мерзімдері белгіленсін.
2. Қаржы ұйымдарының әдіснамасы және пруденциялық реттеу департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы қаулы қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оны ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына қазақ және орыс тілдерінде жіберуді;
2) осы қаулыны ресми жарияланғанынан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;
3) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.