Бұл ретте түсімдер санаттар, сыныптар және кіші сыныптар бойынша жазылады, ал шығыстар функционалдық топтар, бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері және бюджеттік бағдарламалар бойынша жазылады.
«Бюджет тапшылығын қаржыландыру (профицитін пайдалану)» бөлімі жалпы сомамен ұсынылады.
Бюджеттің мұнайға қатысты емес тапшылығының (профицитінің) мөлшері ақшалай мәнде көрсетіледі;
2) Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына жіберілетін ағымдағы қаржы жылына арналған түсімдердің көлемдері;
3) бюджетті атқару процесінде секвестрлеуге жатпайтын, ағымдағы қаржы жылына арналған республикалық және жергілікті бюджеттік бағдарламалардың (кіші бағдарламалардың) тізбесі;
4) бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік бағдарламаларының паспорттары туралы біріктірілген жиынтық ақпарат қоса беріледі.
7. Қазақстан Республикасының Үкіметі республикалық бюджет туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасымен бір мезгілде Қазақстан Республикасының Парламентіне мынадай құжаттар мен материалдарды:
1) Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының нақтыланған болжамын;
2) нақтылаған республикалық бюджет жобасына енгізілген шешімдерді ашып көрсететін түсіндірме жазбаны;
3) бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің мыналарды:
бюджеттік сұранымдарды;
мыналар:
бюджеттік бағдарламаларға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың сипаттамасы, олардың мемлекеттік органның даму жоспарының мақсаттары мен нысаналы индикаторларына қол жеткізу үшін қажеттілігі;
даму жоспарының мақсаттарымен және нысаналы индикаторларымен өзара байланыстырылған, өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін бюджеттік бағдарламалар паспорттарында көзделген мақсаттардың, нысаналы индикаторлардың және жоспарланатын түпкілікті нәтижелердің сипаттамасы;
бюджеттік бағдарламалар мен бюджеттік кіші бағдарламалар бөлінісінде бюджет қаражатын жұмсау бағыттарының өзгерістері, бюджеттік бағдарламалардың паспорттарында көзделген іс-шаралар өзгерістерінің қысқаша сипаттамасы бар түсіндірме жазбаны қамтитын құжаттарын ұсынады.
96-бап. Жергілікті бюджетті нақтылау
1. Жергілікті бюджетті нақтылау жөніндегі ұсыныстарды:
облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттері, аудандық (облыстық маңызы бар қала) бюджет үшін - тиісті бюджет комиссиясы;
аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджеті үшін - жергілікті қоғамдастық жиналысы, содан кейін тиісті ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджет комиссиясы қарайды.
2. Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес облыстық бюджет пен аудандық (облыстық маңызы бар қалалар) бюджеттер арасында бөлінетін түсімдер бойынша аудандық (облыстық маңызы бар қала) бюджетті нақтылау облыстың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органымен келісу бойынша жүргізіледі.
3. Жергілікті бюджеттерді нақтылау жоғары тұрған бюджетті нақтылауға байланысты жүргізілген жағдайда, мәслихаттың тиісті шешімі республикалық бюджет туралы заңды іске асыру туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе тиісті бюджет туралы мәслихаттың шешімін іске асыру туралы жергілікті атқарушы органның қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органның қаулыларына қол қойылғаннан кейін екі апта мерзімнен кешіктірілмей қабылданады.
4. Жергілікті бюджетті нақтылау кезінде жергілікті бюджет туралы мәслихаттың шешіміне Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
2025.17.07. № 213-VIII ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (2025 ж. 29 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджет комиссиясының немесе әкімшілік-аумақтық бірлік әкімі аппаратының, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджет комиссиясының ағымдағы қаржы жылына арналған жергілікті бюджетті нақтылау туралы ұсынысын ескере отырып, бюджет комиссиясының отырысынан кейін бес жұмыс күні ішінде бюджеттік сұранымдарды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органға ұсынады.
Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган бес жұмыс күні ішінде бюджеттік сұранымдарды қарайды, олар бойынша қорытындыларды дайындайды және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың немесе әкімшілік-аумақтық бірлік әкімі аппаратының бюджет комиссиясының, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджет комиссиясының қарауына енгізеді.
6. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың немесе әкімшілік-аумақтық бірлік әкімі аппаратының бюджет комиссиясының, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджет комиссиясының ұсынысын ескере отырып, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган нақтыланған жергілікті бюджеттің жобасын жасайды және оны облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың немесе әкімшілік-аумақтық бірлік әкімі аппаратының бюджет комиссиясының, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджет комиссиясының қарауына енгізеді.
7. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың немесе әкімшілік-аумақтық бірлік әкімі аппаратының бюджет комиссиясының, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджет комиссиясының нақтыланған жергілікті бюджет жобасы жөніндегі ұсынысы негізінде он жұмыс күні ішінде жергілікті бюджет туралы мәслихаттың шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәслихат шешімінің жобасын жасайды және оны жергілікті атқарушы органға қарауға ұсынады.
8. Жергілікті бюджет туралы мәслихаттың шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәслихат шешімінің жобасына:
1) осы Кодексте және бірыңғай бюджеттік сыныптамада айқындалған құрылымға сәйкес жекелеген қосымшамен қалыптастырылған, ағымдағы қаржы жылына арналған жергілікті бюджеттің жобасы қоса беріледі.
Бұл ретте түсімдер санаттар, сыныптар және кіші сыныптар бойынша жазылады, ал шығыстар функционалдық топтар, бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері және бюджеттік бағдарламалар бойынша жазылады.
«Бюджет тапшылығын қаржыландыру (профицитін пайдалану)» бөлімі жалпы сомамен ұсынылады.
Бюджеттің мұнайға қатысты емес тапшылығының (профицитінің) мөлшері ақшалай мәнде көрсетіледі;
2) бюджетті атқару процесінде секвестрлеуге жатпайтын, ағымдағы қаржы жылына арналған жергілікті бюджеттік бағдарламалардың (кіші бағдарламалардың) тізбесі;
3) қаладағы әрбір ауданның бюджеттік бағдарламалары;
4) бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бюджеттік бағдарламаларының паспорттары туралы біріктірілген жиынтық ақпарат;
5) басқа да деректер қоса беріледі.
9. Жергілікті атқарушы орган жергілікті бюджет туралы мәслихаттың шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәслихат шешімінің жобасымен бір мезгілде мәслихатқа мынадай құжаттар мен материалдарды:
1) нақтыланған жергілікті бюджет жобасына енгізілген шешімдерді ашып көрсететін түсіндірме жазбаны;
2) бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің мыналарды:
бюджеттік сұранымдарды;
мыналар:
бюджеттік бағдарламалар паспорттарына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың сипаттамасы, олардың облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарының мақсаттары мен нысаналы индикаторларына қол жеткізу үшін қажеттілігі;
облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарының мақсаттары мен нысаналы индикаторларымен өзара байланыстырылған, өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін бюджеттік бағдарламалар паспорттарында көзделген мақсаттардың, нысаналы индикаторлардың және жоспарланатын түпкілікті нәтижелердің сипаттамасы;
бюджеттік бағдарламалар мен бюджеттік кіші бағдарламалар бөлінісінде бюджет қаражатын жұмсау бағыттарының өзгерістері, бюджеттік бағдарламалар паспорттарында көзделген іс-шаралар өзгерістерінің қысқаша сипаттамасы бар түсіндірме жазбаны қамтитын құжаттарын ұсынады.
19-тарау. СЕКВЕСТРЛЕУ ЖӘНЕ БЮДЖЕТТІ ТҮЗЕТУ
97-бап. Секвестрлеу
1. Секвестрлеу бюджет қаражатының шығыстарын белгілі бір шектерде қысқартуды көздейтін арнаулы тетікті білдіреді, ол республикалық және жергілікті бюджеттерді атқару кезінде бекітілген түсімдердің республикалық және жергілікті бюджеттерге толық түспеуі салдарынан бекітілген бюджеттік бағдарламаларды толық көлемде қаржыландыру мүмкін болмаған жағдайларда енгізіледі.
2. Секвестрлеуге жатпайтын бюджеттік бағдарламалардың (кіші бағдарламалардың) шығыстарын қоспағанда, шығыстардың жылдық бекітілген (нақтыланған) көлемін он пайыздан аз сомаға секвестрлеу - Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органның (аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің) шешімімен, он пайыздан жоғары сомаға секвестрлеу республикалық бюджет туралы заң немесе жергілікті бюджет туралы мәслихаттың шешімі негізінде жүзеге асырылуы мүмкін.
3. Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органның секвестрлеу жүргізу туралы қаулысы негізінде бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган осы Кодексте белгіленген тәртіппен бюджеттің түсімдері мен шығыстарын өзгерту арқылы тиісті бюджетті түзетуді жүзеге асырады.
Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің секвестрлеу жүргізу туралы шешімі негізінде тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік әкімінің аппараты осы Кодексте белгіленген тәртіппен бюджеттің түсімдері мен шығыстарын өзгерту арқылы тиісті бюджетті түзетуді жүзеге асырады.
4. Бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) қысқарту кезінде олардың басымдығы мен әлеуметтік бағыттылығы, сондай-ақ осы Кодекстің 70-бабы 6-тармағы екінші бөлігінің талабы ескеріледі.
Бюджетті атқару процесінде секвестрлеуге жатпайтын, кезекті қаржы жылына арналған республикалық және жергілікті бюджеттік бағдарламалардың (кіші бағдарламалардың) тізбесі республикалық бюджет туралы заңда бекітіледі.
5. Тиісті бюджет комиссиясының секвестрлеу туралы шешім қабылдауымен бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган азаматтық-құқықтық мәмілелерді тіркеуді жүзеге асыруды және секвестрлеу белгіленіп отырған бюджеттік бағдарламалар (кіші бағдарламалар) бойынша төлемдер жүргізуді тоқтата тұрады.
6. Секвестрлеу жүргізу кезінде бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері ағымдағы қаржы жылына арналған бюджеттік сұранымдарды жасайды және оларды бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға немесе мемлекеттік жоспарлау жөніндегі тиісті жергілікті уәкілетті органға ұсынады.
7. Секвестрлеу кезінде бюджет қаражаты есебінен жасалған азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша туындаған қатынастарды реттеу Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
1. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың қаулылары, аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерінің шешімдері және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілері негізінде түсімдердің және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарына, кезекті қаржы жылына арналған міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы бекітілген (нақтыланған) бюджеттің көрсеткіштерін өзгерту процесі бюджетті түзету болып табылады.
Егер жүргізілген түзетуден кейін бюджетті нақтылау жүргізілсе, бөлінетін бюджеттік бағдарламаларды қоспағанда, бюджеттің түзетілген көрсеткіштері нақтыланған бюджетте көрсетіледі.
2. Республикалық бюджетті түзету:
1) орталық мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық және аумақтық бөлімшелері құрылған, таратылған, қайта ұйымдастырылған, функциялары мен штат санының лимиттері өзгертілген жағдайларда жүзеге асырылады.
Бұл ретте бюджетті түзету аталған жағдайларға байланысты тиісті бюджеттік бағдарламаларды республикалық бюджет туралы заңда бекітілген (нақтыланған) осы бюджеттік бағдарламалардың жалпы сомасы шегінде біріктіруді, бөлуді, қысқартуды (ұлғайтуды), беруді білдіреді;
2) Республикалық бюджет комиссиясында міндетті түрде қарала отырып, бюджет құрылымын өзгертпей, қаражат бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері арасында және (немесе) бюджеттік бағдарламалар арасында ағымдағы қаржы жылына арналған бюджеттік бағдарлама шығыстары көлемінің он бес пайызынан аспайтын көлемде қайта бөлінген жағдайларда жүзеге асырылады.
Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген жағдайларда республикалық бюджетті түзету жүргізілгеннен кейін бекітілген (нақтыланған) республикалық бюджет көрсеткіштерінің өзгерістері туралы ақпаратты бес жұмыс күнінен кешіктірмей Қазақстан Республикасының Парламентіне береді.
Қарыздар мен гранттарды пайдалануға бағытталған қаражатты қайта бөлуге жол берілмейді.
Осы тармақшаның бірінші абзацының бюджетті түзету кезінде қайта бөлінетін қаражат көлемін шектеу бөлігіндегі ережелері Қазақстан Республикасы Президентінің бастамаларына арналған резервке және Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервіне қолданылмайды;
3) бекітілген бөлінетін бюджеттік бағдарламаның қаражаты бюджеттік бағдарламалардың әртүрлі әкімшілері арасында бөлінген;
4) осы Кодекстің 20-бабының 4 және 9-тармақтарында көзделген;
5) осы Кодекстің 97-бабының 3-тармағында көзделген;
6) осы Кодекстің 115-бабының 1, 2 және 5-тармақтарында көзделген;
7) осы Кодекстің 116-бабының 5 және 6-тармақтарында көзделген;
8) осы Кодекстің 119-бабының 7-тармағында көзделген жағдайларда жүзеге асырылады.
3. Жергілікті бюджетті түзету:
1) жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдар мен олардың құрылымдық және аумақтық бөлімшелері құрылған, таратылған, қайта ұйымдастырылған, функциялары мен штат санының лимиттері өзгертілген жағдайларда жүзеге асырылады. Бұл ретте бюджетті түзету аталған жағдайларға байланысты тиісті бюджеттік бағдарламаларды жергілікті бюджет туралы мәслихаттың шешімімен бекітілген (нақтыланған) осы бюджеттік бағдарламалардың жалпы сомасы шегінде біріктіруді, бөлуді, қысқартуды (ұлғайтуды), беруді білдіреді;
2) жоғары тұрған бюджеттен қосымша нысаналы трансферттер мен бюджеттік кредиттер бөлінген және (немесе) бөлінген көлемдері өзгерген;
3) қаржы жылы ішінде төмен тұрған бюджетке Қазақстан Республикасы Президентінің бастамаларына арналған резервтен, Қазақстан Республикасы Үкіметінің, облыстың және ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органдарының резервтерінен қаражат бөлінген, сондай-ақ қаржы жылы ішінде төмен тұрған бюджетке жоғары тұрған бюджетте көзделген бөлінетін бюджеттік бағдарламадан қаражат бөлінген;
4) жергілікті бюджет комиссиясында міндетті түрде қарала отырып, бюджет құрылымын өзгертпей, жоғары тұрған бюджеттен берілетін қаражат есебінен қаржыландырылатын бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) қоспағанда, қаражат бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері арасында және (немесе) бюджеттік бағдарламалар арасында ағымдағы қаржы жылына арналған бюджеттік бағдарлама шығыстары көлемінің он бес пайызынан аспайтын көлемде қайта бөлінген жағдайларда жүзеге асырылады.
Қарыздарды пайдалануға бағытталған қаражатты қайта бөлуге жол берілмейді;
5) бекітілген бөлінетін бюджеттік бағдарламаның қаражаты бюджеттік бағдарламалардың әртүрлі әкімшілері арасында бөлінген;
6) осы Кодекстің 20-бабының 4 және 9-тармақтарында көзделген;
7) осы Кодекстің 97-бабының 3-тармағында көзделген;
8) осы Кодекстің 115-бабының 1, 2 және 5-тармақтарында көзделген;
9) осы Кодекстің 116-бабының 5 және 6-тармақтарында көзделген;
10) осы баптың 4-тармағында көзделген;
11) жергілікті атқарушы органның борышы өтелген және оған қызмет көрсетілген жағдайларда жүзеге асырылады.
4. Аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің бюджетін түзету аудандық (облыстық маңызы бар қала) бюджеттен берілетін нысаналы трансферттер есебінен қаржыландырылатын бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) қоспағанда, бюджеттік мониторинг қорытындылары бойынша ағымдағы қаржы жылы ішінде бюджет қаражаты игерілмеген және (немесе) бюджеттік бағдарламалар тиімсіз орындалған кезде, бекітілген (нақтыланған) бюджет бойынша ағымдағы қаржы жылына арналған бюджеттік бағдарлама шығыстары көлемінің жиырма пайызынан аспайтын көлемдегі қаражат бюджеттік бағдарламалар арасында қайта бөлінген жағдайда жергілікті қоғамдастық жиналысымен міндетті түрде келісіле отырып, бюджет құрылымын өзгертпей жүзеге асырылады.
20-тарау. ТӨТЕНШЕ МЕМЛЕКЕТТІК БЮДЖЕТТІ ӘЗІРЛЕУ, ЕНГІЗУ НЕМЕСЕ ОНЫҢ ҚОЛДАНЫСЫН ТОҚТАТУ
99-бап. Төтенше мемлекеттік бюджетті әзірлеуге, енгізуге немесе оның қолданысын тоқтатуға негіз
1. Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан Республикасының аумағында төтенше немесе соғыс жағдайын енгізу немесе оның күшін толық немесе ішінара жою туралы жарлықтары төтенше мемлекеттік бюджетті әзірлеуге, енгізуге немесе оның қолданысын тоқтатуға негіз болып табылады.
2. Қазақстан Республикасының бірнеше өңірінің аумағында бір мезгілде төтенше жағдайды енгізу төтенше жағдайдың салдары республиканың ұлттық мүддесі мен экономикалық қауіпсіздігіне нақты қатер төндіруі мүмкін болған жағдайда ғана төтенше мемлекеттік бюджетті енгізуге негіз болып табылуы мүмкін.
3. Төтенше мемлекеттік бюджетті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган әзірлейді және ол Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен бекітіледі.
4. Төтенше мемлекеттік бюджеттің қабылданғаны туралы Қазақстан Республикасының Парламенті дереу хабардар етіледі.
5. Төтенше мемлекеттік бюджеттің қолданылу уақытында республикалық бюджет туралы заңның және жергілікті бюджеттің барлық деңгейдегі бюджеттері туралы мәслихаттар шешімдерінің қолданылуы тоқтатыла тұрады.
6. Төтенше мемлекеттік бюджет төтенше немесе соғыс жағдайы енгізілген мерзім ішінде қолданылады.
7. Төтенше мемлекеттік бюджеттің қолданылуы тоқтатылысымен республикалық және жергілікті бюджеттерді нақтылау жүргізіледі.
100-бап. Төтенше мемлекеттік бюджеттің жобасын әзірлеу
1. Қазақстан Республикасының Президенті төтенше немесе соғыс жағдайын енгізген кезде тиісті мемлекеттік органдар төтенше немесе соғыс жағдайы қолданылуы кезеңінде жүзеге асырылатын іс-шараларды қаржыландыру жөніндегі бюджеттік сұранымдарды бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға енгізеді.
2. Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган төтенше немесе соғыс жағдайындағы іс-шараларды қаржыландыруға арналған бюджеттік бағдарламалардың тізбесі мен көлемдерін жасайды және оларды Республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізеді.
3. Республикалық бюджет комиссиясы осы баптың 2-тармағында көрсетілген бюджеттік бағдарламалардың тізбелері мен көлемдерін мақұлдағаннан кейін бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Президентінің төтенше мемлекеттік бюджет туралы жарлығының жобасын жасайды. Қазақстан Республикасы Президентінің төтенше мемлекеттік бюджет туралы жарлығының жобасына:
1) осы Кодексте белгіленген құрылым бойынша жасалатын төтенше мемлекеттік бюджет;
2) төтенше мемлекеттік бюджеттің құрамына енгізілген және төтенше немесе соғыс жағдайындағы іс-шараларды қаржыландыруға арналған қажеттілік ескеріле отырып түзетілген республикалық және жергілікті бюджеттердің көрсеткіштері қоса беріледі.
4. Қазақстан Республикасы Президентінің төтенше мемлекеттік бюджет туралы жарлығының жобасын Қазақстан Республикасының Үкіметі, егер Қазақстан Республикасы Президентінің төтенше немесе соғыс жағдайын енгізу туралы жарлығында өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Президентінің бекітуіне енгізеді.
21-тарау. БЮДЖЕТТІҢ АТҚАРЫЛУЫ ТУРАЛЫ ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
101-бап. Бюджеттің атқарылуы туралы жалпы ережелер
1. Бюджетке түсімдердің түсуін, бюджеттік бағдарламалардың (кіші бағдарламалардың) іске асырылуын қамтамасыз ету, бюджет тапшылығын қаржыландыру (профицитін пайдалану) жөніндегі іс-шаралар кешенін орындау бюджеттің атқарылуы болып табылады.
Бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің және оларға ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелердің өздеріне арналған бюджет қаражатын осы Кодекстің талаптарына және тиісті нормативтік құқықтық актілердің ережелеріне сәйкес нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізу мақсатында өздерінің пайдалануы бюджеттің шығыстар бойынша атқарылуы болып табылады.
2. Республикалық бюджеттің атқарылуын Қазақстан Республикасының Үкіметі қамтамасыз етеді.
3. Жергілікті бюджеттердің атқарылуын жергілікті атқарушы органдар қамтамасыз етеді.
Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджетінің атқарылуын тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік әкімінің аппараты қамтамасыз етеді.
4. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган бюджетті атқару саласында басшылықты жүзеге асырады, өз құзыреті шегінде республикалық және жергілікті бюджеттердің атқарылуы мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді, бекітеді, республикалық және жергілікті бюджеттердің атқарылуы, бухгалтерлік және бюджеттік есепке алу, қаржылық және бюджеттік есептілік саласында әдіснамалық басшылықты жүзеге асырады.
5. Бюджеттің атқарылуы ағымдағы қаржы жылының 1 қаңтарында басталып, 31 желтоқсанында аяқталады.
Бюджетке түсетін түсімдерді есепке жатқызуға және бюджеттен төлемдерді жүзеге асыруға байланысты ағымдағы қаржы жылының барлық операциясы ағымдағы қаржы жылының 31 желтоқсанында аяқталады.
Ағымдағы қаржы жылының 31 желтоқсанынан кейін бюджетке есепке жатқызылған түсімдер жаңа қаржы жылының түсімдері болып есептеледі.
Ағымдағы қаржы жылының 31 желтоқсаны аяқталғанға дейінгіні қоса алғанда пайдаланылмаған жоспарлы мақсаттардың қалдықтары жойылады.
Ағымдағы қаржы жылының 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша пайда болған бюджеттік бағдарламалар бойынша бюджет қаражатының қалдықтарын аккредитивтік және өзге де бюджеттен тыс шоттарға аударуға жол берілмейді.
6. Бюджеттің атқарылуы республикалық бюджет туралы заңмен немесе жергілікті бюджет туралы мәслихаттың шешімімен бекітілген, тиісті қаржы жылына арналған бюджет қаражатының көлемдері шегінде жүзеге асырылады.
Бюджеттің атқарылуы кезінде жоспарлы кезеңнің екінші және (немесе) үшінші қаржы жылдарында көзделген бюджет қаражатын ағымдағы қаржы жылында пайдалануға жол берілмейді.
7. Бюджеттің атқарылуын ұйымдастыру және бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджетті атқару жөніндегі қызметін үйлестіру бюджетті атқару жөніндегі тиісті уәкілетті органға жүктеледі.
8. Арнаулы мемлекеттік органдар бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша айқындайтын арнаулы мемлекеттік органдардың бюджетті атқару рәсімдерін, сондай-ақ білім беру саласындағы уәкілетті орган бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша айқындайтын білім беру саласындағы пилоттық ұлттық жобаны іске асыру кезіндегі бюджеттің атқарылу рәсімдерін қоспағанда, бюджеттің қазынашылық атқарылуы рәсімдерін және оларға кассалық қызмет көрсетуді бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды.
102-бап. Мемлекеттік мекемелердің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуінен түсетін, өз иелігінде қалатын ақша бойынша атқару ерекшеліктері
102-бабы 1-тармағының қолданысы 2025 ж. 1 шілдеге дейін тоқтатылды, 2025 ж. 1 қаңтардан бастап 2025 ж. 1 сәуірге дейін осы тармақ 172-баптың 2-тармағының 1) тармақшасының редакциясында қолданылды, 2025 ж. 1 сәуірден бастап 2025 ж. 1 шілдеге дейін осы тармақ 172-баптың 2-тармағының 2) тармақшасының редакциясында қолданылды
1. Ғылым, білім беру, дене шынықтыру және спорт, сұрыптарды сынақтан өткізу, ветеринария, орман шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар салаларында мемлекеттік мекемелер, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету саласында арнаулы мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдарының мемлекеттік мекемелері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің мемлекеттік мекемелері, мемлекеттік кітапханалар, мемлекеттік музейлер, музей-қорықтар және мемлекеттік архивтер өндіретін тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түсетін ақшаны қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңдарында кіріс келтіретін қызметті жүзеге асыруға құқық берілген мемлекеттік мекемелердің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуінен түсетін ақша Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тиісті бюджетке есепке жатқызылуға тиіс.
2. Мемлекеттік мекемелердің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуінен түсетін, өз иелігінде қалатын ақша есебінен тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) сатып алу Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
3. Мемлекеттік мекеменің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуінен түсетін, өз иелігінде қалатын ақша есебінен азаматтық-құқықтық мәмілелерді тіркеу осы Кодекстің 109-бабына сәйкес жүзеге асырылады.