2. Бюджеттің түсімдер бойынша атқарылуы:
1) түсімдерді бірыңғай қазынашылық шотқа есепке жатқызуды;
2) түсімдерді республикалық, жергілікті бюджеттер, Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры, салықтық емес төлемдер есебінен қалыптастырылатын бюджеттен тыс қорлар және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің бюджеттері арасында бөлуді;
3) бюджеттен артық (қате) төленген түсімдер сомаларын қайтаруды не оларды берешекті өтеу есебіне есепке жатқызуды қамтиды.
3. Бюджетке түсетін түсімдер ақшалай нысанда жүзеге асырылады және бюджетке түсетін түсімдердің сыныптамасына сәйкес бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган белгілеген тәртіппен толық көлемде ұлттық валютамен бірыңғай қазынашылық шотқа есепке жатқызылады.
Сыртқы қарыздардың немесе байланысты гранттардың арнаулы шоттарына және сыртқы қарыздардың немесе байланысты гранттардың арнаулы шоттарына арналған шоттарға түсетін түсімдерді қоспағанда, бюджетке шетел валютасымен түсетін, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мемлекеттік қазынашылықтың шоттарына шетел валютасымен есепке жатқызған түсімдер қайта айырбасталуға және бірыңғай қазынашылық шотқа есепке жатқызылуға тиіс.
Мемлекеттік қазынашылық шоттарынан шетел валютасын қайта айырбастау тәртібін бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісу бойынша айқындайды.
Мемлекеттік мекемелердің, мемлекет кепілдік берген қарызды тартқан қарыз алушылардың мемлекеттік қазынашылықтағы шоттардан шетел валютасын қайта айырбастауы мен есепке жатқызуы тәртібін бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды.
4. Мемлекеттік қазынашылық пен мемлекеттік қазынашылық органдары салықтық емес түсімдер бойынша уәкілетті органдардың төлеушілер бөлінісінде өздері әкімшілендіретін түсімдер туралы мәліметтерге қол жеткізуін қамтамасыз етеді.
5. Түсімдерді бөлу бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган бекітетін, бюджет түсімдерін бюджеттердің деңгейлері, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының, салықтық емес төлемдер есебінен қалыптастырылатын бюджеттен тыс қорлардың қолма-қол ақшаны бақылау шоттары және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің бюджеттері арасында бөлу кестесі, тиісті мәслихаттың шешімімен белгіленетін, кірістерді жергілікті бюджеттер арасында бөлу нормативтері, сондай-ақ мұнай секторы ұйымдарының тізбесі негізінде жүзеге асырылады.
6. Бірыңғай бюджеттік сыныптаманың бюджетке түсетін түсімдер сыныптамасының кодтары бойынша түсімдердің артық (қате) төленген сомаларын бюджеттен, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан, Жәбірленушілерге өтемақы қорынан, Арнаулы мемлекеттік қордан қайтаруды және (немесе) есепке жатқызуды мемлекеттік кірістер органдарының төлем тапсырмалары негізінде мемлекеттік қазынашылық органдары жүзеге асырады.
Мемлекеттік кірістер органдары әкімшілендіретін негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдерді, трансферттерді, бюджеттік кредиттерді өтеу сомаларын, мемлекеттің қаржылық активтерін сатудан түсетін түсімдерді, қарыздарды қоспағанда, бюджетке, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына, Жәбірленушілерге өтемақы қорына, Арнаулы мемлекеттік қорға түсетін салықтық емес түсімдердің артық (қате) төленген сомаларын бюджеттен, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан, Жәбірленушілерге өтемақы қорынан, Арнаулы мемлекеттік қордан қайтаруға және (немесе) есепке жатқызуға арналған төлем тапсырмасы оларды алып қоюға жауапты уәкілетті органдардың қорытындысы негізінде жасалады.
Мемлекеттік кірістер органдары әкімшілендіретін негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдерді, трансферттерді, бюджеттік кредиттерді өтеу сомаларын, мемлекеттің қаржылық активтерін сатудан түсетін түсімдерді, қарыздарды қоспағанда, бюджетке, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына, Жәбірленушілерге өтемақы қорына, Арнаулы мемлекеттік қорға түсетін салықтық емес түсімдерді алып қоюға жауапты уәкілетті орган артық (қате) төленген сомаларды бюджеттен, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан, Жәбірленушілерге өтемақы қорынан, Арнаулы мемлекеттік қордан қайтаруға және (немесе) есепке жатқызуға арналған қорытындыны жасайды және мемлекеттік кірістер органдарына ұсынады.
Осы қорытындылардың анықтығын және олардың ұсынылу негізділігін уәкілетті органдардың басшылары қамтамасыз етеді.
Төлем тапсырмалары Қазақстан Республикасының төлемдер және төлем жүйелері туралы заңнамасында белгіленген нысан бойынша ұсынылады.
Түсімдердің артық (қате) төленген сомаларын бюджеттен, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан, Жәбірленушілерге өтемақы қорынан, Арнаулы мемлекеттік қордан қайтару және (немесе) есепке жатқызу бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.
108-бап. Бюджеттің шығыстар бойынша қазынашылық атқарылуы
1. Республикалық және жергілікті бюджеттерді қаржыландыру жоспарларын қалыптастыру мен жүргізу, міндеттемелерді тіркеу және бюджет заңнамасының талаптары мен рәсімдерін сақтай отырып, төлем құжаттарын жүргізу қамтылатын нормативтік құқықтық актілерге және мәслихаттардың шешімдеріне сәйкес республикалық және жергілікті бюджеттерді атқару бюджеттің шығыстар бойынша қазынашылық атқарылуы болып табылады.
2. Лауазымды адамдардың бюджеттің шығыстар бойынша қазынашылық атқарылуы талаптарын сақтау жөніндегі жауаптылығы осы Кодекстің 41-бабында айқындалған.
109-бап. Мемлекеттік мекемелердің міндеттемелері
1. Мемлекеттік мекемелер азаматтық-құқықтық мәмілелер жасасумен де және оларсыз да шығыстардың экономикалық сыныптамасының ерекшеліктері бойынша міндеттемелер қабылдайды.
2. Мемлекеттік мекеменің азаматтық-құқықтық мәмілелер жасасуы Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына, Қазақстан Республикасының бюджет және азаматтық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
3. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, мемлекеттік мекемелердің азаматтық-құқықтық мәмілелерін мемлекеттік мекемелер Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында белгіленген мерзімнен аспайтын мерзімге жасайды.
Мемлекеттік мекемелердің Қазақстан Республикасы ратификациялаған мемлекеттік қарыздар туралы халықаралық шарт шеңберіндегі немесе байланысты грант туралы азаматтық-құқықтық мәмілелерін мемлекеттік мекемелер:
қарыз қаражаты немесе байланысты грант есебінен - қарыз қаражатының немесе байланысты гранттың қолжетімділік мерзімінен аспайтын мерзімге;
республикалық бюджеттен қоса қаржыландыру қаражаты есебінен қарыз қаражатының қолжетімділік мерзімі аяқталатын қаржы жылының соңына дейінгі мерзімге жасайды.
2025.17.07. № 213-VIII ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2025 ж. 29 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Тіркеуді талап етпейтін азаматтық-құқықтық мәмілелерді қоспағанда, мемлекеттік мекемелердің және бюджеттік инвестицияларды іске асыру шеңберінде дербес білім беру ұйымдарының азаматтық-құқықтық мәмілелері мемлекеттік қазынашылық органдарында олар міндетті түрде тіркелгеннен кейін күшіне енеді.
Азаматтық-құқықтық мәмілелер бүкіл қолданылу мерзімі ішінде тиісті қаржы жылына арналған міндеттемелер бойынша жеке қаржыландыру жоспарында бекітілген сомалар және бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган қалыптастыратын тізбеге енгізілген жоспарлы кезеңнің екінші және үшінші қаржы жылдары бюджетінің тұрақты сипаттағы шартсыз базалық шығыстары шегінде тіркелуге жатады.
Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы заңнамасында көзделген жағдайларды, сондай-ақ жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын дайындау құны шарт құнына енгізілген объектілерді қоспағанда, ғимараттарды, құрылысжайларды, жолдарды салуға не реконструкциялауға, үй-жайларды, ғимараттарды, құрылысжайларды, жолдарды және басқа да объектілерді күрделі жөндеуге байланысты азаматтық-құқықтық мәмілелерді тіркеу мынадай құжаттардың бірі: жобалау-сметалық құжаттама бойынша ведомстводан тыс кешенді сараптаманың оң қорытындысы, техникалық-экономикалық негіздеме бойынша ведомстводан тыс кешенді сараптаманың оң қорытындысы немесе «толық бітіріп берілетін» құрылыстың есептік құны міндетті түрде болған кезде жүргізіледі.
Лизинг қызметтері бойынша азаматтық-құқықтық мәмілелер лизингтік төлемдерді өтеу графигіне сәйкес мемлекеттік қазынашылық органдарында тіркелуге жатады.
Мерзімі үш жылдан асатын мемлекеттік сатып алу туралы шарттарды тіркеу бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
Мемлекеттік тапсырманы орындауға байланысты азаматтық-құқықтық мәмілелерді тіркеу Қазақстан Республикасы Үкіметінің республикалық бюджет туралы заңды іске асыру туралы қаулысымен бекітілген мемлекеттік тапсырмалар тізбесіне сәйкес жүзеге асырылады.
Дербес білім беру ұйымдарының инвестициялық шығындарын қаржыландыруға бағытталған бюджеттік инвестицияларды іске асыруға байланысты бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі мен дербес білім беру ұйымы арасындағы азаматтық-құқықтық мәмілені тіркеу Қазақстан Республикасы Үкіметінің республикалық бюджет туралы заңды іске асыру туралы қаулысымен бекітілген республикалық бюджеттік инвестициялар тізбесі негізінде жүзеге асырылады.
5. Мемлекеттік мекеменің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) сатып алу жөніндегі азаматтық-құқықтық мәміле бойынша ақы төлеу жөніндегі міндеттемесі осы мемлекеттік мекеменің уәкілетті адамы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген және тауарды беру (жұмысты орындау, қызмет көрсету) фактісін растайтын құжатқа (тауарды беру, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету актісіне) қол қойғаннан кейін басталады.
Тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) мемлекеттік сатып алу туралы шарттар бойынша сатып алу жөніндегі азаматтық-құқықтық мәмілелер шеңберіндегі міндеттемелерге ақы төлеу Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында белгіленген мерзімде жүзеге асырылады.
6. Мемлекеттік мекемелердің азаматтық-құқықтық мәмілелерін шетел валютасымен тіркеу үшін шарттың сомасы шетел валютасымен келтіріледі, тіркеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленген, тіркеу күнгі валюта айырбастаудың ресми бағамы бойынша жүргізіледі.
7. Шартты тіркеу туралы хабарлама азаматтық-құқықтық мәміленің тіркелгенін растайтын құжат болып табылады.
8. Қазақстан Республикасы Президентінің бастамаларына арналған резервтен, Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органның резервінен бюджет ақшасын бөлу, сондай-ақ қолданылу мерзімі ағымдағы қаржы жылынан асатын шарттарды және мемлекеттік қазынашылық органында бұрын тіркелген азаматтық-құқықтық мәмілелерге қосымша келісімдерді тіркеу жағдайларын қоспағанда, азаматтық-құқықтық мәмілелерді ағымдағы қаржы жылының 20 желтоқсанынан кейін тіркеуге жол берілмейді.
9. Мемлекеттік мекемелердің және бюджеттік инвестицияларды іске асыру шеңберінде дербес білім беру ұйымдарының азаматтық-құқықтық мәмілелерін тіркеуді жүзеге асыру тәртібін бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды.
110-бап. Төлемдер мен ақша аударымдарын ұлттық валютамен және шетел валютасымен жүзеге асыру
1. Мемлекеттік мекемелердің міндеттемелер бойынша төлемдері төлеуге берілетін шоттар негізінде жүзеге асырылады.
Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің, мемлекет кепілдік берген қарызды тартқан қарыз алушылардың, қаржылық қолдау операторларының, пилоттық жобаны іске асыру (ендіру) жөніндегі квазимемлекеттік сектор субъектісінің, қазынашылық сүйемелдеу шеңберінде бас мердігерлердің, бюджеттік инвестицияларды іске асыру бойынша дербес білім беру ұйымдарының, мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператордың төлемдері Қазақстан Республикасының төлемдер және төлем жүйелері туралы заңнамасында белгіленген нысан бойынша төлем тапсырмалары негізінде жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік мекеменің төлеуге берілетін шоты және квазимемлекеттік сектор субъектісінің, мемлекет кепілдік берген қарызды тартқан қарыз алушының, қаржылық қолдау операторларының, пилоттық жобаны іске асыру (ендіру) жөніндегі квазимемлекеттік сектор субъектісінің, қазынашылық сүйемелдеу шеңберінде бас мердігерлердің, бюджеттік инвестицияларды іске асыру бойынша дербес білім беру ұйымдарының, мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператордың төлем тапсырмасы мемлекеттік қазынашылық органы үшін ақша алушының пайдасына төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыруға негіз болып табылатын құжаттарды білдіреді.
3. Мемлекеттік мекемелердің төлемдері мен ақша аударымдары төлемнің негізділігін растайтын құжаттар негізінде, қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы немесе мемлекеттік мекемелердің шоттарындағы қалдықтар шегінде, сондай-ақ төлемдер бойынша жеке қаржыландыру жоспарына сәйкес жоспарлы мақсаттар сомалары мен шартты тіркеу туралы хабарламаның пайдаланылмаған қалдығы шегінде жүргізіледі.
Бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бюджеттік субсидияларды аударуы бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері айқындаған рәсімдерге сәйкес ағымдағы қаржы жылына көрсетілген сомалар шегінде төлемнің негізділігін растайтын құжаттар негізінде бюджеттік субсидияларды түпкілікті алушыларға немесе бюджеттік субсидияларды түпкілікті алушыларға аудару үшін қаржылық қолдау операторларының қолма-қол ақшаны бақылау шоттарына жүзеге асырылады.
Бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің қаражатты квазимемлекеттік сектор субъектілеріне, қаржылық қолдау операторларына, пилоттық жобаны іске асыру (ендіру) жөніндегі квазимемлекеттік сектор субъектілеріне аударуы қаржылық-экономикалық негіздемеге немесе техникалық-экономикалық негіздемеге (жобалау-сметалық құжаттамаға) сәйкес төлемнің негізділігін растайтын құжаттар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құжат түрі негізінде, ағымдағы қаржы жылына оларда көрсетілген сомалар шегінде жүзеге асырылады.
Бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің қаражатты қаржылық қолдау операторларына және пилоттық жобаны іске асыру (ендіру) жөніндегі квазимемлекеттік сектор субъектілеріне аударуы төлемнің негізділігін растайтын құжаттардың негізінде жүзеге асырылады.
Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің, қаржылық қолдау операторларының, пилоттық жобаны іске асыру (ендіру) жөніндегі квазимемлекеттік сектор субъектісінің, қазынашылық сүйемелдеу шеңберінде бас мердігерлердің, бюджеттік инвестицияларды іске асыру бойынша дербес білім беру ұйымдарының, мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператордың төлемдері мен ақша аударымдары төлемнің негізділігін растайтын құжаттар негізінде, олардың қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы қалдықтар шегінде жүргізіледі.
Мемлекет кепілдік берген қарызды тартқан қарыз алушылардың төлемдері мен ақша аударымдары төлемнің негізділігін растайтын құжаттар негізінде мемлекет кепілдік берген қарыз шоттарындағы және қызмет көрсету шоттарындағы қалдықтар шегінде жүргізіледі.
Мемлекеттік қазынашылық органы төлемдерді жүргізу кезіндегі ағымдағы бақылауды жүзеге асырады, ол төлеуге берілетін шоттарды:
төлемдер бойынша жеке қаржыландыру жоспарына;
тіркелген азаматтық-құқықтық мәмілелерге;
бірыңғай бюджет сыныптамасына;
нысанды толтырудың толықтығы мен дұрыстығы бойынша Қазақстан Республикасы бюджет заңнамасының талаптарына сәйкестігіне тексеруді білдіреді.
Аванстық төлем сомасын қоспағанда, тіркелген азаматтық-құқықтық мәміле бойынша төлем жүргізу кезінде мемлекеттік қазынашылық органы тауарларды беру туралы шот-фактураның немесе жүкқұжаттың (актінің) немесе орындалған жұмыстар, көрсетілген қызметтер актісінің көшірмелерінің бар-жоғына ағымдағы бақылауды жүзеге асырады.
Жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын дайындау құны шарт құнына енгізілген ғимараттарды, құрылысжайларды, жолдарды салуға не реконструкциялауға, үй-жайларды, ғимараттарды, құрылысжайларды, жолдарды және басқа да объектілерді күрделі жөндеуге байланысты шығыстар бойынша мемлекеттік қазынашылық органы аванстық төлемнен кейінгі төлем жүргізу кезінде құрылысқа арналған жобалардың (техникалық-экономикалық негіздеме немесе жобалау-сметалық құжаттама) ведомстводан тыс кешенді сараптамасының оң қорытындысының бар-жоғына ағымдағы бақылауды жүзеге асырады.
Мемлекеттік қазынашылық органы квазимемлекеттік сектор субъектілерінің, қаржылық қолдау операторларының төлемдерін жүргізу кезінде ағымдағы бақылауды жүзеге асырады, ол төлем тапсырмаларын:
1) төлемнің негізділігін растайтын құжаттардың: тауарларды беру туралы шот-фактура немесе жүкқұжат (акт) немесе орындалған жұмыстар, көрсетілген қызметтер актісі көшірмелерінің бар-жоғына;
2) бағалы қағаздар нарығын реттеу мен қадағалауды жүзеге асыратын уәкілетті орган куәлігінің не квазимемлекеттік сектор субъектісінің жарғылық капиталын ұлғайтуға ақша аударылған жағдайда басқару органдарының тиісті шешімінің бар-жоғына;
3) нысанды толтырудың толықтығы мен дұрыстығы бойынша Қазақстан Республикасы банк заңнамасының талаптарына сәйкестігіне тексеруді білдіреді.
Мемлекеттік қазынашылық органы қазынашылық сүйемелдеу шеңберінде мемлекеттік сатып алудың қолма-қол ақшаны бақылау шоттарынан төлемдер жүргізу кезінде ағымдағы бақылауды жүзеге асырады, ол төлем тапсырмаларын:
1) төлемнің негізділігін растайтын құжаттардың: төлем сертификатының және электрондық шот-фактураның бар-жоғына;
2) нысанды толтырудың толықтығы мен дұрыстығы бойынша Қазақстан Республикасы банк заңнамасының талаптарына сәйкестігіне тексеруді білдіреді.
Мемлекеттік қазынашылық органы Арнаулы мемлекеттік қордың, тиісті саланың орталық және (немесе) жергілікті уәкілетті органының қолма-қол ақшаны бақылау шоттарынан төлемдер жүргізу кезінде ағымдағы бақылауды жүзеге асырады, ол төлеуге берілетін шоттарды:
1) төлемнің негізділігін растайтын құжаттардың: тауарларды беру туралы шот-фактура немесе жүкқұжат (акт) немесе орындалған жұмыстар, көрсетілген қызметтер актісі көшірмесінің бар-жоғына;
2) нысанды толтырудың толықтығы мен дұрыстығы бойынша Қазақстан Республикасы банк заңнамасының талаптарына сәйкестігіне тексеруді білдіреді.
Мемлекеттік қазынашылық органы пилоттық жобаны іске асыру жөніндегі квазимемлекеттік сектор субъектісінің қолма-қол ақшаны бақылау шотынан төлемдер жүргізу кезінде ағымдағы бақылауды жүзеге асырады, ол төлем тапсырмаларын:
1) төлемнің негізділігін растайтын құжаттардың: электрондық шот-фактураның және орындалған жұмыстардың құны туралы анықтаманың бар-жоғына;
2) нысанды толтырудың толықтығы мен дұрыстығы бойынша Қазақстан Республикасы банк заңнамасының талаптарына сәйкестігіне тексеруді білдіреді.
4. Жасалған азаматтық-құқықтық мәмілелерді тіркеу міндетті болып табылатын шығыстардың экономикалық сыныптамасының ерекшеліктері бойынша тіркелген азаматтық-құқықтық мәмілесіз мемлекеттік мекемелердің төлемдері мен ақша аударымдарын жүргізуге жол берілмейді.
Шығыстардың экономикалық сыныптамасы ерекшеліктерінің, оның ішінде жасалған азаматтық-құқықтық мәмілелерді тіркеу міндетті болып табылатын шығыстар түрлерінің тізбесін бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды.
Бюджеттік операцияларды жүргізу кезінде төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыру тәсілдері Қазақстан Республикасының төлемдер және төлем жүйелері туралы заңнамасында, Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда айқындалады.
Бюджеттік операцияларды жүргізу кезінде төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру тәртібін бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды.
5. Мемлекеттік мекемелер, мемлекет кепілдік берген қарызды тартқан қарыз алушылар төлемдер мен ақша аударымдарын валюталардың түрлері бойынша шетел валютасымен Қазақстан Республикасы бейрезиденттерінің пайдасына шетел валютасын айырбастау және аудару жөніндегі операцияларды жүргізу арқылы жүзеге асырады.
Валюталардың түрлері бойынша шетел валютасын айырбастау немесе қайта айырбастау Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен айқындалған, айырбасталатын немесе қайта айырбасталатын күнгі валюта айырбастаудың ресми бағамы бойынша жүзеге асырылады.
Валюталардың түрлері бойынша шетел валютасымен мемлекеттік мекеменің шотына немесе квазимемлекеттік сектор субъектісінің шотынан айырбасталған шетел валютасы бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындаған тәртіппен және мерзімдерде мақсаты бойынша пайдаланылуға тиіс.
Пайдаланылмаған не толық пайдаланылмаған шетел валютасы мемлекеттік мекеме шығыстарының бюджеттік сыныптамасының кодына немесе шетел валютасын айырбастау жүзеге асырылған квазимемлекеттік сектор субъектісінің шотына ұлттық валютадағы сома кейіннен қалпына келтіріле отырып, көрсетілген мерзім өткен соң қайта айырбасталуға тиіс.
Бюджеттік операцияларды жүргізу кезінде төлемдер мен ақша аударымдарын шетел валютасымен жүзеге асыру тәртібін бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды.
111-бап. Азаматтық-құқықтық мәмілелерді тіркеуді және төлемдер мен ақша аударымдарын жүргізуді тоқтата тұру
1. Мемлекеттік қазынашылық органы азаматтық-құқықтық мәмілелерді тіркеу және төлемдер мен ақша аударымдарын жүргізу үшін мемлекеттік мекемелердің құжаттарын қабылдауды:
1) міндеттемелер мен төлемдер бойынша жеке қаржыландыру жоспарларына өзгерістер енгізілген;
2) осы Кодекстің 112-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, инкассолық өкімдер шығарылған;
3) егер мемлекеттік мекеме айырбасталған шетел валютасының мақсаты бойынша пайдаланылмаған не толық пайдаланылмаған қалдығын қайта айырбастау рәсімін жүзеге асырмаған;
4) егер жергілікті атқарушы орган бюджеттік кредит сомасын оны бөлген жоғары тұрған бюджетке кредиттік шарттың талаптарында көзделген мерзімде қайтармаған;
6) егер бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі жылдық қаржылық есептілікті мемлекеттік қазынашылық белгілеген тәртіппен және мерзімдерде ұсынбаған;
7) осы Кодекстің 112-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, уәкілетті органдарға тыйым салынған және (немесе) сот органының актісі шығарылған;
8) 112-баптың 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, салық органы мен ішкі мемлекеттік аудит органының өкімі шығарылған;
9) бюджеттік алып қою сомаларын аудару мерзімдері бұзылған;
10) республикалық бюджетке нысаналы трансферттерді аудару мерзімдері бұзылған;
11) тиісті бюджеттің қолма-қол ақшаны бақылау шотында ақша болмаған не жеткіліксіз болған жағдайларда тоқтата тұрады.
2. Азаматтық-құқықтық мәмілелерді тіркеу және мемлекеттік мекемелердің, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің, қазынашылық сүйемелдеу шеңберінде бас мердігердің төлемдерін жүргізу жөніндегі операцияларды тоқтата тұру бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындаған тәртіппен және мерзімдерде жүзеге асырылады.
1. Инкассолық өкім республикалық бюджет туралы заңда не жергілікті бюджет туралы мәслихаттың шешімінде тиісті қаржы жылына мемлекеттік тапсырманы орындау үшін немесе жарғылық капиталын ұлғайтуға (қалыптастыруға) қаражат көзделген мемлекеттік мекеменің, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектісінің атқарушылық құжатты, сондай-ақ пайда болған салық берешегін, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар және (немесе) жарналар немесе әлеуметтік аударымдар бойынша берешекті, Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында көзделген жағдайларда пайда болған берешекті өтеуге байланысты құжатты мәжбүрлі түрде орындауына негіз болып табылатын құжатты білдіреді.
Инкассолық өкім мемлекеттік мекеме мен квазимемлекеттік сектор субъектісі төлемінің негізділігін растайтын құжат болып табылады.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік кірістер органдарының инкассолық өкімдерін қоспағанда, инкассолық өкім атқарушылық құжаттың негізінде және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген басқа да негіздер бойынша жасалады.
Мемлекеттік кірістер органдарының инкассолық өкімдері осы өндіріп алудың негізділігін растайтын құжаттар қоса тіркелмей беріледі.
Инкассолық өкімдерді шығару мемлекеттік мекеменің кодына, ақылы қызметтер көрсетудің, қайырымдылық көмектің қолма-қол ақшаны бақылау шоттарына, сондай-ақ республикалық бюджет туралы заңда не жергілікті бюджет туралы мәслихаттың шешімінде тиісті қаржы жылына мемлекеттік тапсырманы орындау үшін немесе жарғылық капиталдарын ұлғайтуға (қалыптастыруға) қаражат көзделген квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қолма-қол ақшаны бақылау шоттарына жүзеге асырылуы мүмкін.
Инвестициялық жоба бойынша инкассолық өкімді орындау жөніндегі міндеттемелер туындаған жағдайда, бұл инкассолық өкім осы инвестициялық жобаны қаржыландыру жүзеге асырылатын квазимемлекеттік сектор субъектісінің қолма-қол ақшаны бақылау шотына шығарылады.