«Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі» 2025 жылғы 15 наурыздағы № 171-VIII Кодексі (2026.01.01. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)

Предыдущая страница

2. Инкассолық өкімдерді бірыңғай қазынашылық шотқа және бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органға ашылған шетел валютасындағы шоттарға, сыртқы қарыздардың немесе байланысты гранттардың арнаулы шоттарына, сыртқы қарыздардың немесе байланысты гранттардың арнаулы шоттарына арналған шоттарға, тиісті бюджеттердің, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қолма-қол ақшаны бақылау шоттарына, Жәбірленушілерге өтемақы қорының, Арнаулы мемлекеттік қордың және тиісті саланың орталық және (немесе) жергілікті уәкілетті органының, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының, ақшаны уақытша орналастырудың, сыртқы қарыздарды немесе байланысты гранттарды қайта айырбастаудың, пилоттық жобаны іске асыру бойынша квазимемлекеттік сектор субъектісінің, мемлекеттік сатып алудың, дербес білім беру ұйымдарының және мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператордың қолма-қол ақшаның бақылау шоттарына шығаруға жол берілмейді.

Қазынашылық сүйемелдеу жағдайында мемлекеттік мекеме мен бас мердігер арасында жасалған шарттың талаптарына байланысты іс бойынша сот актісінен басқа кезде мемлекеттік сатып алудың қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы ақшаға инкассолық өкімді шығаруға жол берілмейді.

3. Инкассолық өкім Қазақстан Республикасының банк заңнамасында белгіленген нысан бойынша ұсынылады.

4. Инкассолық өкімдерді орындау бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.

 

113-бап. Өтімділікті басқару

1. Өтімділікті басқару - бірыңғай қазынашылық шоттағы қаражат қалдықтарын басқару, бюджетке түсетін түсімдердің мерзімдеріне сәйкес төлемдердің уақтылы жүргізілуін қамтамасыз ету үшін ақша қаражатының қозғалысын болжау және уақытша бос бюджет ақшасын әртүрлі қаржы құралдарына орналастыру жөніндегі іс-шаралар.

2. Мемлекеттік қазынашылық пен бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті орган өтімділікті басқаруды жүзеге асырады.

3. Мемлекеттік қазынашылық немесе бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті орган түсімдердің және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарында көзделген көлемде төлемдерді қолма-қол ақшамен қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылдайды.

4. Мемлекеттік қазынашылық немесе бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті орган мемлекеттік мекемелердің төлемдерін уақтылы әрі толық жүргізуді және олардың міндеттемелерін қамтамасыз ету үшін:

бюджетке түсетін түсімдердің күтілетін көлемдерін және жоспарлы кезеңге арналған шығыстардың атқарылуын, қолма-қол ақша профицитін (тапшылығын) және оны жабу көздерін айқындау жөніндегі процесс болып табылатын қолма-қол ақша легінің болжамын жасайды;

тиісті бюджеттің қолма-қол ақшаны бақылау шотындағы ақша қозғалысына мониторинг жүргізеді.

5. Республикалық және жергілікті бюджеттерге түсуі күтілетін немесе түсетін нақты түсімдер мен бюджет қаражатының қалдықтары көлемінің ағымдағы қаржы жылы басталғаннан бері күтілетін немесе жүргізілген төлемдер көлемінен асып түсуі қолма-қол ақша профициті болып табылады.

Түсуі күтілетін немесе жүргізілген төлемдер көлемінің ағымдағы қаржы жылы басталғаннан бері республикалық және жергілікті бюджеттерге түсуі күтілетін немесе түсетін нақты түсімдердің және бюджет қаражаты қалдықтарының көлемінен асып түсуі қолма-қол ақша тапшылығы болып табылады.

6. Республикалық бюджеттің қолма-қол ақшаны бақылау шотында қолма-қол ақша тапшылығы болжанған жағдайда, қолма-қол ақшаның тапшылығын жабу:

осы Кодекстің 139-бабына сәйкес қарыз алу;

түсімдердің және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарына өзгерістер енгізу;

жергілікті бюджеттердің қолма-қол ақшаны бақылау шоттарынан уақытша бос бюджет ақшасын тарту;

квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қолма-қол ақшаны бақылау шоттарынан уақытша бос бюджет ақшасын тарту есебінен жүзеге асырылады.

Жергілікті бюджеттердің қолма-қол ақшаны бақылау шоттарынан және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің шоттарынан уақытша бос бюджет ақшасын тарту және оларды қайтару келісім жасасу жолымен жүзеге асырылады.

Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган жергілікті бюджеттердің қолма-қол ақшаны бақылау шоттарынан және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің шоттарынан уақытша бос бюджет ақшасын тарту және оларды қайтару қағидаларын, келісімдердің нысанын бекітеді.

7. Жергілікті бюджеттің қолма-қол ақшаны бақылау шотында қолма-қол ақша тапшылығы болжанған жағдайда, қолма-қол ақшаның тапшылығын жабу:

осы Кодекстің 140-бабына сәйкес жоғары тұрған бюджеттен бюджеттік кредиттер алу түрінде қарыз алу;

түсімдердің және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарына өзгерістер енгізу есебінен жүзеге асырылады.

8. Мемлекеттік қазынашылық тиісті бюджеттің қолма-қол ақшаны бақылау шотында қолма-қол ақшаның профициті болжанған жағдайда, уақытша бос бюджет ақшасының көлемін айқындайды.

Ағымдағы қаржы жылының белгілі бір уақыт кезеңі ішінде пайдаланылмайтын, бірыңғай қазынашылық шоттағы ақша уақытша бос бюджет ақшасы болып табылады.

Республикалық бюджетке кірістер алу үшін бірыңғай қазынашылық шоттан уақытша бос бюджет ақшасы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіндегі, Ұлттық пошта операторындағы және (немесе) екінші деңгейдегі банктердегі депозиттерге орналастырылады.

Мемлекеттік қазынашылық бірыңғай қазынашылық шоттағы ақша қалдығына күнделікті сыйақыны республикалық бюджет кірісінің есебіне жатқызады.

Осы бапта көзделген жағдайларды қоспағанда, бюджет ақшасын, оның ішінде қайтарымды негізде алынған ақшаны банктік шоттарға орналастыруға жол берілмейді.

9. Мемлекеттік қазынашылық бірыңғай қазынашылық шоттан уақытша бос бюджет ақшасын орналастыруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен жүзеге асырады.

10. Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сыйақы алу мақсатында уақытша бос бюджет қаражатын Ұлттық пошта операторындағы және (немесе) екінші деңгейдегі банктердегі депозиттерге және басқа да қаржы құралдарына орналастыруына мемлекеттік қазынашылықпен келісу бойынша жол беріледі.

Бұрын бюджеттен бөлінген, бірыңғай қазынашылық шотта болмайтын және ағымдағы қаржы жылының белгілі бір уақыт кезеңі ішінде пайдаланылмайтын бюджет қаражаты квазимемлекеттік сектор субъектілерінің уақытша бос бюджет қаражаты болып табылады.

Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің уақытша бос бюджет қаражатын Ұлттық пошта операторындағы және (немесе) екінші деңгейдегі банктердегі депозиттерге және басқа да қаржы құралдарына орналастырудан алған сыйақылары квазимемлекеттік сектор субъектілерінің кірістері болып табылмайды, акциялардың мемлекеттік пакеттеріне дивидендтерді, мемлекеттік меншіктегі заңды тұлғаларға қатысу үлесіне кірістерді төлеу есебіне есепке алынбайды және республикалық бюджеттің кірісіне жіберіледі.

Квазимемлекеттік сектор субъектілері уақытша бос бюджет қаражаты туралы ақпаратты бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайтын тізбе, тәртіп және нысан бойынша мемлекеттік қазынашылыққа жібереді.

Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сыйақылар алу мақсатында уақытша бос бюджет қаражатын Ұлттық пошта операторындағы және (немесе) екінші деңгейдегі банктердегі депозиттерге және басқа да қаржы құралдарына орналастыру мерзімдері мен көлемдерін мемлекеттік қазынашылықпен келісу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша айқындайды.

 

114-бап. Қазынашылық мониторинг

1. Қазынашылық мониторинг Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасын бұзу тәуекелдерін анықтау мақсатында деректерді талдау және жинау арқылы жүргізіледі.

2. Мемлекеттік қазынашылық пен мемлекеттік қазынашылық органдары осы Кодекстің 110-бабына сәйкес ағымдағы бақылауды жүзеге асыру барысында қазынашылық мониторингті жүзеге асырады.

3. Қазынашылық мониторинг мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің өткізілген және орындалмай қайтарылған қаржылық құжаттары негізінде жүзеге асырылады.

4. Қазынашылық мониторинг жүргізу тәртібін бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды.

5. Қазынашылық мониторинг нәтижелері осы Кодекстің 45-бабына сәйкес қолданылады.

 

 

23-тарау. ҚАРЖЫ ЖЫЛЫНЫҢ АЯҚТАЛУЫ

 

115-бап. Бюджет қаражатын пайдалану және толық пайдалану ерекшеліктері

1. Мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша қабылданатын аудиторлық қорытындыға сәйкес нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмаған Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан берілетін нысаналы трансферттер, жоғары тұрған бюджеттен берілетін нысаналы трансферттер мен бюджеттік кредиттер мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша қабылданатын аудиторлық қорытындыға қол қойылғаннан кейін үш айдан кешіктірілмей тиісінше Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына немесе тиісті бюджетке міндетті түрде қайтарылуға жатады.

Мемлекеттік аудит немесе «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сай республикалық бюджет қаражатының нысаналы әрі тиімді пайдаланылуын бақылауды жүзеге асыруды аяқтау нәтижелері бойынша қабылданатын аудиторлық қорытындыға сәйкес нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмаған, заңды тұлғаларға берілетін трансферттер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша немесе «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес республикалық бюджет қаражатының нысаналы әрі тиімді пайдаланылуын бақылау нәтижелері бойынша қабылданатын аудиторлық қорытындыға қол қойылғаннан кейін үш айдан кешіктірілмей тиісті бюджетке міндетті түрде қайтарылуға жатады.

2. Осы тармаққа сәйкес қалыптастырылатын тізбе негізінде бюджеттік бағдарламалардың (кіші бағдарламалардың) орындалмауы болжанған жағдайда, ағымдағы қаржы жылында пайдаланылмаған бюджет қаражатын келесі қаржы жылында толық пайдалануға рұқсат етіледі.

Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган немесе бюджетті атқару жөніндегі жергілікті атқарушы орган ағымдағы қаржы жылының 1 желтоқсанына дейін бюджеттік мониторинг және бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің ұсыныстары негізінде бюджет қаражатын келесі қаржы жылында толық пайдалануға рұқсат етілетін мемлекеттік инвестициялық жобалар және (немесе) іс-шаралар бөлінісінде бюджеттік бағдарламалардың (кіші бағдарламалардың) тізбесін жасайды және оны тиісті бюджет комиссиясының қарауына енгізеді.

Бюджет қаражатын келесі қаржы жылында толық пайдалануға рұқсат етілетін мемлекеттік инвестициялық жобалар және (немесе) іс-шаралар бөлінісінде бюджеттік бағдарламалардың (кіші бағдарламалардың) тізбесі ағымдағы қаржы жылының желтоқсанында Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың жоспарлы кезеңге арналған республикалық бюджет туралы заңды іске асыру туралы қаулыларына, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің шешіміне немесе жергілікті бюджет туралы мәслихаттың шешіміне енгізіледі.

3. Осы баптың 2-тармағына сәйкес толық пайдалануға рұқсат етілген бюджет қаражаты қайтадан толық пайдаланылмаған жағдайда, бюджеттік бағдарламаның әкімшісі оларды толық пайдалану жылының 20 желтоқсанына дейін тиісті бюджетке қайтаруға тиіс.

4. Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері ағымдағы қаржы жылында жоғары тұрған бюджеттен берілетін нысаналы даму трансферттерін пайдалану кезінде үнемдеу қалыптасқан жағдайда, үнемдеу сомасын жоғары тұрған бюджетке қайтаруды қамтамасыз етеді.

5. Есепті кезеңнің соңында квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қолма-қол ақшаны бақылау шоттарында қалған бюджеттен алынған қаражаттың пайдаланылмаған қалдықтары квазимемлекеттік сектор субъектілерінің ағымдағы қаржы жылында пайдаланылмаған (толық пайдаланылмаған) қаражаты болып табылады.

Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің ағымдағы қаржы жылында пайдаланылмаған (толық пайдаланылмаған) қаражаты бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен және мерзімдерде бюджетке қайтарылуға жатады.

Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қолма-қол ақшаны бақылау шоттарына есепке жатқызылған тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) төлеуден түскен қаражат әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қолма-қол ақшаны бақылау шотына есепке жатқызылған тұрақсыздық айыбын (айыппұлдарды, өсімпұлды) қоспағанда, тиісті бюджет кірісіне аударылуға жатады.

Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуы арқылы бюджеттік инвестициялардың бекітілген қаржылық-экономикалық негіздемесінде белгіленген мерзім квазимемлекеттік сектор субъектілеріне бөлінетін бюджеттік инвестициялар үшін есепті кезең деп қабылданады.

6. Заңды тұлғаларға берілетін трансферттер түрінде бөлінген, ағымдағы қаржы жылында пайдаланылмаған (толық пайдаланылмаған) бюджет қаражаты Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен және мерзімдерде бюджетке қайтарылуға жатады.

7. Нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмаған, пайдаланылмаған, толық пайдаланылмаған бюджет қаражатын толық пайдалану, тиісті жоғары тұрған бюджетке қайтару тәртібін бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды.

 

116-бап. Бюджет қаражатының қалдықтары

1. Есепті кезеңнің соңындағы жағдай бойынша тиісті бюджеттердің қолма-қол ақшаны бақылау шоттарында қалған бюджет қаражаты кезең соңындағы бюджет қаражатының қалдықтары болып табылады.

2. Кезекті қаржы жылының 1 қаңтарындағы жағдай бойынша есепті қаржы жылындағы бюджеттің атқарылу қорытындылары бойынша тиісті бюджеттердің қолма-қол ақшаны бақылау шоттарында қалған бюджет қаражаты жыл басындағы бюджет қаражатының қалдықтары болып табылады.

3. Кезеңнің соңында жергілікті бюджеттердің қолма-қол ақшаны бақылау шоттарында қалған бюджет қаражатының қалдықтары осы Кодекстің 113-бабы 6-тармағының төртінші абзацында көзделген жағдайды қоспағанда, жоғары тұрған бюджетке алып қоюға (аударылуға) жатпайды.

Бюджетті атқару барысында кірістердің жоспарлы көлемінің нақты көлемінен асып кетуі нәтижесінде пайда болған, кезеңнің соңында жергілікті бюджеттердің қолма-қол ақшаны бақылау шоттарында қалған бюджет қаражатының қалдықтары басталған (жалғасатын) жобаларды, оның ішінде осы Кодекстің 150-бабына сәйкес бюджеттік инвестициялардың бекітілген (нақтыланған) параметрлерін түзетуге байланысты жобаларды қаржыландыруға пайдаланылады.

Бюджетті атқару барысында салықтық және салықтық емес түсімдер бойынша түсімдердің, бюджеттік кредиттерді өтеу сомаларының түсімдердің жиынтық жоспарында көрсетілген жоспарлы мәндерден асып кетуі нәтижесінде пайда болған, кезеңнің соңында жергілікті бюджеттердің қолма-қол ақшаны бақылау шоттарында қалған бюджет қаражатының қалдықтары:

1) жергілікті атқарушы органның борышын, оның ішінде жоғары тұрған бюджеттен берілген бюджеттік кредиттерді бюджет қаражатының осы қалдықтарының кемінде елу пайызы көлемінде мерзімінен бұрын өтеу;

2) бюджет шығыстарының мынадай:

елді мекендерге газ тарту;

сумен жабдықтау объектілерін, тазарту, дренаждық жүйелерді, кәріз, жылу және электр желілерін құру, реконструкциялау және жөндеу;

автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп-ұстау жөніндегі бағыттарын қаржыландыру үшін пайдаланылады.

4. Жәбірленушілерге өтемақы қорының, Арнаулы мемлекеттік қордың жыл басындағы ақша қалдықтары бюджетке алып қойылуға (аударылуға) жатпайды.

5. Жыл басындағы бюджет қаражатының қалдықтары келесі қаржы жылының бюджетін түзету арқылы мыналарға:

1) алынған қарыздар бойынша негізгі борышқа қызмет көрсетуге және оны өтеуге;

2) толық пайдалануға рұқсат етілген қаражатты қоспағанда, республикалық, облыстық немесе аудандық (облыстық маңызы бар қала) бюджеттен бөлінген нысаналы трансферттердің өткен қаржы жылында пайдаланылмаған (толық пайдаланылмаған) сомаларын қайтаруға;

3) Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан нысаналы трансферт түрінде республикалық бюджетке тартылған, пайдаланылмаған (толық пайдаланылмаған) қаражатты Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына қайтаруға;

4) активтер мен басқа да тауарларды сатып алу мен беруді, қызметтер көрсетуді, жұмыстар орындауды көздейтін бюджеттік даму бағдарламалары, ағымдағы бюджеттік бағдарламалар бойынша іске асыру мерзімі бір қаржы жылынан асатын өткен қаржы жылының тіркелген міндеттемелерінің төленбеген бөлігін қаржыландыруға пайдаланылуы мүмкін.

Осы тармақтың 4) тармақшасы шеңберінде Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан берілетін нысаналы трансферттер есебінен қаржыландырылатын бюджеттік бағдарламалар және (немесе) кіші бағдарламалар бойынша өткен қаржы жылының тіркелген міндеттемелерінің төленбеген бөлігін қаржыландыруға рұқсат етіледі.

6. Осы баптың 5-тармағында көзделген мақсаттарға бөлгеннен кейін қалған жыл басындағы бюджет қаражатының қалдықтары алынған қарыздар бойынша негізгі борышты өтеуге жіберіледі.

7. Осы баптың 5 және 6-тармақтарында көзделген мақсаттарға бөлгеннен кейін қалған жыл басындағы бюджет қаражатының қалдықтары бюджет қаражатының бос қалдықтары болып табылады және бюджетті нақтылау арқылы ағымдағы қаржы жылының шығыстарын қаржыландыруға жіберілуі мүмкін.

 

 

24-тарау. БЮДЖЕТТІК ЕСЕПКЕ АЛУ, БЮДЖЕТТІК

ЕСЕПТІЛІК ЖӘНЕ БЮДЖЕТТІК МОНИТОРИНГ

 

117-бап. Бюджеттік есепке алу және бюджеттік есептілік жөніндегі жалпы ережелер

1. Бюджеттік есепке алу Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасымен регламенттелген, кассалық негізде бірыңғай қазынашылық шоттан және мемлекеттік мекемелердің шоттарынан операциялар туралы ақшалай мәндегі ақпаратты жинаудың, тіркеудің және қорытудың ретке келтірілген жүйесін білдіреді.

2. Бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органдар, мемлекеттік қазынашылық және аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерінің аппараттары бюджеттік есепке алуды жүргізеді.

3. Бюджеттік есепке алуды жүргізу тәртібін бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды.

4. Бюджеттік есепке алу деректері бюджеттік есептілік жасауға негіз болып табылады.

5. Бюджеттік есептілік мынадай сапалық сипаттамаларға сәйкес келуге тиіс:

1) жасалған операциялардың төлнұсқалығын және оларды есепке алуда көрсеткен кезде қателердің жоқ екенін білдіретін анықтық;

2) Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында көзделген, талап етілетін барлық ақпараттың көрсетілуін білдіретін толықтық;

3) осы Кодекстің және басқа да нормативтік құқықтық актілердің есептілікті жасау жөніндегі ережелерінің сақталуын білдіретін сәйкестік.

6. Бюджеттік есептілікте алынған тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) бюджетке түсімдері ақшалай мәнде көрсетіледі.

 

118-бап. Бюджеттік есептіліктің түрлері

1. Мемлекеттік мекемелер, бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері, бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органдар және аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерінің аппараттары бюджеттік есептілікті жасайды.

2. Бюджеттік есептілік есептердің мынадай түрлерін қамтиды:

1) мемлекеттік мекемелер жасайтын:

қаржыландыру жоспарының орындалуы туралы есеп;

тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түсетін ақша түсімдері мен шығыстары жоспарларының орындалуы туралы есеп;

филантропиялық қызметтен және (немесе) демеушілік қызметтен және (немесе) меценаттық қызметтен және (немесе) туып-өскен жеріне қолдау көрсету жөніндегі қызметтен ақшаның түсуі және жұмсалуы туралы есеп;

2) бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері жасайтын:

қаржыландыру жоспарының орындалуы туралы есеп;

жоғары тұрған бюджеттен бөлінген нысаналы трансферттердің атқарылуы туралы есеп;

3) бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган, мемлекеттік қазынашылық және аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерінің аппараттары жасайтын:

республикалық, тиісті жергілікті бюджеттің, облыс, аудан (облыстық маңызы бар қала), аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджетінің, мемлекеттік және шоғырландырылған бюджеттердің атқарылуы туралы есеп;

Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қолма-қол ақшаны бақылау шотындағы ақша қозғалысы туралы есеп;

мемлекеттік, республикалық және жергілікті бюджеттер бойынша тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден ақша түсімдері мен шығыстары жоспарларының орындалуы туралы есеп;

мемлекеттік, республикалық және жергілікті бюджеттер бойынша филантропиялық қызметтен және (немесе) демеушілік қызметтен және (немесе) меценаттық қызметтен және (немесе) туып-өскен жеріне қолдау көрсету жөніндегі қызметтен ақшаның түсуі және жұмсалуы туралы есеп.

3. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган өз құзыреті шегінде бюджеттік есептіліктің қосымша нысандарын белгілейді.

4. Орталық және жергілікті мемлекеттік органдар, мемлекеттік мекемелер бюджеттік есептілікті жасау және ұсыну жөніндегі нормативтік құқықтық актілерді басшылыққа алуға міндетті.

5. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган бюджеттік есептілікті жасау және ұсыну тәртібін айқындайды.

 

119-бап. Бюджеттік мониторинг

1. Бюджет түсімдерінің орындалмауы, міндеттемелерді уақтылы қабылдамау, бюджеттік бағдарламалар бойынша төлемдердің уақтылы жүргізілмеуі себептерін анықтау, бюджет түсімдері мен шығыстарының атқарылу болжамдарын жасау, бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуын талдау мақсатында жүзеге асырылатын бюджеттің атқарылу көрсеткіштерін тұрақты және жүйелі жинау, қадағалап отыру және талдау бюджеттік мониторинг болып табылады.

2. Мемлекеттік кірістер органдары, салықтық емес түсімдер жөніндегі уәкілетті органдар, негізгі капиталды сатудан, трансферттерден, бюджеттік кредиттерді өтеу сомаларынан, мемлекеттің қаржылық активтерін сатудан, қарыздардан түсімдерді алуға жауапты және бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органдар, бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері, бюджетті атқару жөніндегі орталық және жергілікті уәкілетті органдар, аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерінің аппараттары бюджеттік мониторингті жүзеге асырады.

3. Бюджеттік бағдарламаның басшысы бюджеттік мониторинг жүргізуді, оның нәтижелерін талдауды және бюджеттік бағдарламалар паспорттарында көзделген түпкілікті нәтижелерге қол жеткізілуін қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдауды қамтамасыз етеді.

4. Бюджеттік мониторинг бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органдардың бюджеттік есептілігі және мемлекеттік кірістер органдары, салықтық емес түсімдер жөніндегі уәкілетті органдар, негізгі капиталды сатудан, трансферттерден, бюджеттік кредиттерді өтеу сомаларынан, мемлекеттің қаржылық активтерін сатудан, қарыздардан түсімдерді алуға жауапты және бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органдар, бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері ұсынатын ақпарат негізінде жүзеге асырылады.

5. Мемлекеттік кірістер органдары, салықтық емес түсімдер жөніндегі уәкілетті органдар, негізгі капиталды сатудан, трансферттерден, бюджеттік кредиттерді өтеу сомаларынан, мемлекеттің қаржылық активтерін сатудан, қарыздардан түсімдерді алуға жауапты және бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органдар бюджетті атқару жөніндегі орталық және жергілікті уәкілетті органдарға мемлекеттік қазынашылықтың және мемлекеттік қазынашылық органдарының есепке алу деректері негізінде қалыптастырылатын бюджет түсімдерінің атқарылуы туралы талдамалық есептерді ұсынады.

6. Республикалық және жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бюджеттік бағдарламалардың іске асырылу мониторингінің, кәсіпкерлік субъектілерінің мемлекеттік қолдау көрсету шеңберінде алынған бюджет қаражатын пайдалануының нәтижелері туралы есептерді бюджетті атқару жөніндегі орталық және жергілікті уәкілетті органдарға ұсынады.

7. Бюджеттік мониторинг нәтижелері тиісті бюджет комиссиясының қарауына шығарылады.

8. Республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілерімен бірлесіп бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган жүргізген бюджеттік мониторинг нәтижелері бойынша бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындаған тәртіппен Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын мемлекеттік сатып алу нәтижелері бойынша бюджеттік даму бағдарламалары бойынша пайда болған соманы қайта бөлу туралы шешімін қалыптастырады.

9. Бюджетті атқару жөніндегі орталық және жергілікті уәкілетті органдар бюджеттік мониторинг нәтижелері бойынша тоқсан сайын және жыл қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметіне, Қазақстан Республикасының мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы заңнамасына сәйкес республикалық немесе жергілікті бюджеттің атқарылуын ағымдағы бағалауды жүзеге асыру үшін сыртқы мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарына, жергілікті атқарушы органдарға және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға республикалық және жергілікті бюджеттердің атқарылуы туралы талдамалық есепті, сондай-ақ ай сайын бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне міндеттемелер бойынша қаржыландыру жоспарына сәйкес бюджеттік бағдарламалар бойынша қабылданбаған міндеттемелер туралы және төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарының уақтылы орындалмауы туралы ақпарат жібереді.