«Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі» 2025 жылғы 15 наурыздағы № 171-VIII Кодексі (2026.01.07. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)

Предыдущая страница

Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген өлшемшарттарға сай келмейтін мемлекеттік тапсырманы жоспарлауға тыйым салынады.

3. Мемлекеттік тапсырманы жоспарлау осы баптың 2-тармағының бірінші бөлігінде көзделген өлшемшарттарға сәйкестігі тұрғысынан монополияға қарсы орган айқындайтын тәртіппен берілетін монополияға қарсы органның оң қорытындысы ескеріле отырып, бюджетті әзірлеу кезінде осы Кодексте белгіленген талаптар сақтала отырып жүзеге асырылады.

Мемлекеттік тапсырманы орындауға жауапты, осы баптың 1-тармағында көрсетілген квазимемлекеттік сектор субъектілері мен заңды тұлғалар мемлекеттік тапсырманы қосалқы мердігерлікке берген жағдайда, монополияға қарсы органның қорытындысында мемлекеттік тапсырманы қосалқы мердігерлікке берудің көлемі мен шарттары айқындалады.

Осы тармақтың ережелері басталған (жалғасатын) мемлекеттік тапсырмалар бойынша мемлекеттік тапсырманы жоспарлауға қолданылмайды.

4. Мемлекеттік тапсырманың құны бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша тиісті саланың (аяның) орталық уәкілетті органдары айқындайтын тәртіппен белгіленеді.

5. Мемлекеттік тапсырма нәтижелерінің көрсеткіштері мемлекеттік органдардың даму жоспарларында және (немесе) тиісті бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік бағдарламаларының паспорттарында айқындалады.

6. Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган орындалуына республикалық бюджет жобасында бюджет қаражаты көзделетін мемлекеттік тапсырмалар туралы жиынтық ақпаратты қалыптастырады және оны республикалық бюджет туралы заң жобасына қоса берілетін материалдардың құрамына енгізеді.

7. Жарғылық капиталына мемлекет қатысатын квазимемлекеттік сектор субъектілеріне мемлекеттік тапсырманы орындауға бюджет қаражатын бөлу жарғылық капиталды ұлғайтпай жүзеге асырылады.

8. Мемлекеттік тапсырманы орындау республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі мен мемлекеттік тапсырманы орындаушы арасында азаматтық-құқықтық мәміле жасасу жолымен Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында көзделген конкурстық рәсімдер сақталмастан жүзеге асырылады.

Осы баптың 2-тармағы бұзыла отырып жасалған азаматтық-құқықтық мәмілелерді сот мүдделі тұлғалардың талап қоюы бойынша жарамсыз деп тануы мүмкін.

9. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген квазимемлекеттік сектор субъектілері мен заңды тұлғалар жыл сайын мемлекеттік тапсырманың орындалу барысы мен нәтижелері туралы ақпаратты қамтитын оның орындалуы туралы есептілікті қалыптастырады және бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне ұсынады.

10. Мемлекеттік тапсырманың орындалуы туралы ақпарат республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есептің құрамына енгізіледі және осы Кодекстің 40-бабына сәйкес жариялануға жатады.

11. Мемлекеттік тапсырманы жоспарлау тәртібін бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды.

Мемлекеттік тапсырманы орындау және мемлекеттік тапсырманың орындалуы туралы есептілікті жасау тәртібін, оны ұсыну нысандары мен мерзімдерін, сондай-ақ мемлекеттік тапсырманың орындалу барысы мен нәтижелері туралы берілетін ақпаратқа қойылатын талаптарды бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды.

12. Осы Кодекстің 41-бабына сәйкес мемлекеттік тапсырманың орындалуы үшін жауаптылық республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің, осы баптың 1-тармағында көрсетілген квазимемлекеттік сектор субъектілерінің және заңды тұлғалардың бірінші басшыларына жүктеледі.

 

17-бап. Бюджеттік қатынастар саласындағы пилоттық жобалардың ерекшеліктері

1. Бюджеттік қатынастар саласындағы пилоттық жоба - бұл Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасымен оны іске асыру бойынша ұсынылатын шешімнің шынайылығын, уақыт шығындарын, шығыстарының көлемдерін, кемшіліктерін және әсерін анықтау мақсатында шектеулі ауқымда өткізілетін уақытша жоба.

2. Бюджеттік қатынастар саласындағы пилоттық жоба мынадай өлшемшарттарға сай келуге тиіс:

оны іске асыру үшін ұсынылатын шешім бірегей (инновациялық, жоғары технологиялық) болуға тиіс;

нақты мақсаттары мен күтілетін нәтижелерінің болуы;

уақытпен шектелген болуы;

аяқталған сипатының болуы;

оң экономикалық (әлеуметтік) әсерінің болуы;

шынайы болуы.

3. Бюджеттік қатынастар саласындағы пилоттық жобаны іске асыруды (енгізуді) және (немесе) оны басқаруды квазимемлекеттік сектор субъектілері жүзеге асыруы мүмкін.

Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің бюджеттік қатынастар саласындағы пилоттық жобаны іске асыру (енгізу) және (немесе) оны басқару жөніндегі өкілеттіктері, тетіктері, жұмыс істеуі және қызметі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес айқындалады.

Квазимемлекеттік сектор субъектісінің бірінші басшысы бюджеттік қатынастар саласындағы пилоттық жобаны іске асыруға (енгізуге) және (немесе) оны басқаруға Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.

4. Бюджеттік қатынастар саласындағы пилоттық жобаны іске асыру (енгізу) тәртібі мен мерзімдерін тиісті орталық уәкілетті орган әзірлейді және Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.

5. Бюджеттік қатынастар саласындағы пилоттық жобаны дербес, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектісіне беру арқылы іске асыратын мемлекеттік орган оның іске асырылуын, оның ішінде күтілетін нәтижелерге қол жеткізу тұрғысынан талдауды және бағалауды жүзеге асырады, осыны ескере отырып, оның қорытындысы туралы ақпаратты және оны одан әрі іске асырудың орындылығы туралы ұсыныстарды Қазақстан Республикасының Үкіметіне жібереді.

 

2026.16.01. № 259-VIII ҚР Заңымен 17-1-баппен толықтырылды (2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)

17-1-бап. Жүйелік маңызы бар банкті реттеуге мемлекеттік қатысудың ерекшеліктері

1. Қазақстан Республикасының Үкіметі:

1) реттеу режиміндегі жүйелік маңызы бар банктің акцияларын не реттеу режиміндегі жүйелік маңызы бар банктің активтері мен міндеттемелері берілетін тұрақтандыру банкінің акцияларын сатып алу арқылы жүйелік маңызы бар банктерді реттеуге бағытталған мемлекеттік инвестициялық жобаларды (бұдан əрі - жүйелік маңызы бар банкті реттеуге бағытталған мемлекеттік инвестициялық жоба) іске асыру;

2) жүйелік маңызы бар банктің не жүйелік маңызы бар банктің активтері мен міндеттемелері берілетін тұрақтандыру банкінің соңғы сатыдағы қарыз бойынша міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету ретінде жүйелік маңызы бар банкті реттеу үшін Қазақстан Республикасының қарыздар бойынша мемлекеттік кепілдігін беру арқылы Қазақстан Республикасының банк заңнамасына сəйкес жүйелік маңызы бар банктерді реттеуге қатысуға құқылы.

2. Жүйелік маңызы бар банкті реттеуге бағытталған мемлекеттік инвестициялық жоба Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе ұлттық басқарушы холдингтің реттеу режиміндегі жүйелік маңызы бар банктің акцияларын не реттеу режиміндегі жүйелік маңызы бар банктің активтері мен міндеттемелері берілетін тұрақтандыру банкінің акцияларын сатып алуы туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде Қазақстан Республикасының банк заңнамасында көзделген жағдайларда іске асырылады.

Жүйелік маңызы бар банкті реттеуге бағытталған мемлекеттік инвестициялық жобаны іске асыру кезінде мынадай талаптардың сақталуы қамтамасыз етіледі:

1) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау жəне қадағалау жөніндегі уəкілетті орган жүйелік маңызы бар банкке реттеу режимін қолдану туралы шешім қабылданғанға дейін өзі қабылдаған шаралар туралы толық ақпарат береді;

2) жүйелік маңызы бар банктің не реттеу режиміндегі жүйелік маңызы бар банктің активтері мен міндеттемелері берілетін тұрақтандыру банкінің акцияларын республикалық бюджет қаражаты жəне (немесе) өзге де мемлекеттік қаражат есебінен Қазақстан Республикасының Үкіметі не ұлттық басқарушы холдинг сатып алады;

3) Қазақстан Республикасының Үкіметі, ұлттық басқарушы холдинг жүйелік маңызы бар банктің акцияларын не жүйелік маңызы бар банктің активтері мен міндеттемелері берілген тұрақтандыру банкінің акцияларын иеліктен шығарған кезде алынған қаражат республикалық бюджетке аударылуға жатады.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің, ұлттық басқарушы холдингтің жүйелік маңызы бар банктің не жүйелік маңызы бар банктің активтері мен міндеттемелері берілген тұрақтандыру банкінің акцияларын, мұндай акцияларды иеліктен шығару нəтижесінде туындаған залал «Қазақстан Республикасындағы банктер жəне банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 100-бабында белгіленген тəртіппен өтелуге тиіс жағдайларды қоспағанда, көрсетілген акциялар иеліктен шығарылған жылдың алдындағы кезең үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген инфляция бойынша нысаналы бағдарлар ескеріле отырып, оларды сатып алу құнынан төмен құны бойынша иеліктен шығаруына жол берілмейді.

Жүйелік маңызы бар банкті реттеуге бағытталған мемлекеттік инвестициялық жобаларды іске асыру тəртібін, сондай-ақ мұндай мемлекеттік инвестициялық жобалардың іске асырылу мониторингін қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау жəне қадағалау жөніндегі уəкілетті орган бюджеттік саясат жөніндегі орталық уəкілетті органмен, бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уəкілетті органмен жəне бюджеттің атқарылуы жөніндегі орталық уəкілетті органмен келісу бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен бірлесіп айқындайды.

3. Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі алдындағы жүйелік маңызы бар банктің не жүйелік маңызы бар банктің активтері мен міндеттемелері берілетін тұрақтандыру банкінің соңғы сатыдағы қарыз бойынша берешекті толық өтеу міндеттемесі жүйелік маңызы бар банкті реттеу үшін қарыздар бойынша мемлекеттік кепілдік болып табылады.

Жүйелік маңызы бар банкті реттеу үшін қарыздар бойынша мемлекеттік кепілдік беруді Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы негізінде бюджеттің атқарылуы жөніндегі орталық уəкілетті орган жүзеге асырады.

4. Осы Кодекстің 28-тарауының ережелері мен талаптары жүйелік маңызы бар банкті реттеуге мемлекеттік кепілдік алуға үміткер реттеу режиміндегі жүйелік маңызы бар банкке жəне реттеу режиміндегі жүйелік маңызы бар банктің активтері мен міндеттемелері берілетін тұрақтандыру банкіне қолданылмайды.

Осы Кодекстің 29-тарауының ережелері мен талаптары реттеу режиміндегі жүйелік маңызы бар банктің акцияларын жəне реттеу режиміндегі жүйелік маңызы бар банктің активтері мен міндеттемелері берілетін тұрақтандыру банкінің акцияларын сатып алуға бағытталған мемлекеттік инвестициялық жобаларға қолданылмайды.

 

 

5-тарау. РЕЗЕРВТЕР

 

18-бап. Резервтер туралы жалпы ережелер

1. Резервтер республикалық және жергілікті бюджеттерді әзірлеу кезінде олардың күтілмегендігіне байланысты жоспарланбаған және ағымдағы қаржы жылында кейінге қалдырмай қаржыландыруды талап ететін шығындарды қаржыландыру үшін республикалық, облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеті, аудандық (облыстық маңызы бар қала) бюджет құрамында құрылады.

2. Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың резервтерінен бюджет қаражатын бөлу қаржы жылы аяқталғаннан кейін күші жойылатын тиісінше Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың қаулыларымен, сондай-ақ азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның құқықтық актілерімен жүзеге асырылады.

3. Қазақстан Республикасы Президентінің бастамаларына арналған резервті бөлу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.

4. Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың резервтерін бөлу және пайдалану тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.

5. Қазақстан Республикасының Үкіметі резервінің қаражатын келесі қаржы жылында толық пайдалануға жол берілмейді.

 

19-бап. Қазақстан Республикасы Президентінің бастамаларына арналған резерв

1. Қазақстан Республикасы Президентінің бастамаларына арналған резерв трансферттер түсімдерін есепке алмағанда, кезекті қаржы жылына арналған республикалық бюджет кірістерінің жоспарланатын көлемінің кемінде бір жарым пайызы мөлшерінде және үш пайызынан аспайтын мөлшерде жоспарлы кезеңнің бірінші жылына арналған республикалық бюджет құрамында қалыптастырылады.

2. Қазақстан Республикасы Президентінің бастамаларына арналған резерв бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган әкімшілендіретін жеке бөлінетін бюджеттік бағдарлама бойынша көзделеді және ағымдағы қаржы жылы ішінде бөлінеді.

3. Қазақстан Республикасы Президентінің бастамаларына арналған резерв Қазақстан Республикасы Президентінің жыл сайынғы Қазақстан халқына жолдауларын және Қазақстан Республикасы Президентінің басқа да бастамаларын іске асыруға байланысты, ағымдағы қаржы жылында күтпеген және кейінге қалдырмай қаржыландыруды талап ететін шығындарды қаржыландыруға бағытталады.

4. Қаржы жылы ішінде Қазақстан Республикасы Президентінің бастамаларына арналған резервтен бюджет қаражатын бөлу Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша қаржы жылы аяқталғаннан кейін күші жойылатын Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен жүзеге асырылады.

 

20-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың резервтері

1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінде:

1) төтенше резерв;

2) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою кезінде халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуге арналған резерв;

3) шұғыл шығындарға арналған резерв;

4) соттардың шешімдері бойынша міндеттемелерді орындауға арналған резерв;

5) облыстық бюджеттердің, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттерінің қолма-қол ақша тапшылығын жабуға арналған резерв қамтылады.

2. Жергілікті атқарушы органның резервінде:

1) төтенше резерв;

2) шұғыл шығындарға арналған резерв;

3) соттардың шешімдері бойынша міндеттемелерді орындауға арналған резерв;

4) тиісінше аудандық (облыстық маңызы бар қалалар) бюджеттердің немесе аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер бюджеттерінің қолма-қол ақша тапшылығын жабуға арналған резерв қамтылады.

3. Қазақстан Республикасының Үкіметі резервінің жалпы көлемі трансферттер түсімдерін есепке алмағанда, кезекті қаржы жылына арналған республикалық бюджет кірістерінің жоспарланатын көлемінің үш пайызына дейінгі мөлшерде республикалық бюджет құрамында қалыптастырылады.

Жергілікті атқарушы орган резервінің жалпы көлемі трансферттерді, қарыздарды және жоғары тұрған бюджетке бюджеттік алып қоюларды есепке алмағанда, тиісті жергілікті өкілді органның шешімімен тиісті жергілікті бюджет түсімдері көлемінің кемінде екі пайызы көлемінде белгіленеді.

4. Резерв түрлерінің біріне көзделген бюджет қаражаты жеткіліксіз болған жағдайда, Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе жергілікті атқарушы орган тиісті бюджетті түзету арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе жергілікті атқарушы орган резервтерінің жалпы көлемдерін қайта бөлу арқылы тиісті резервтің жоспарлы мақсатын ұлғайтады.

5. Төтенше резерв Қазақстан Республикасының аумағында әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды және олардың салдарын жою, төтенше жағдайдың құқықтық режимін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды жүргізу мақсатында және Қазақстан Республикасының басқа мемлекеттерге ресми гуманитарлық көмек көрсетуі үшін пайдаланылады.

Тиісінше Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органдардың қаулыларында көзделген әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды және олардың салдарын жоюға арналған іс-шараларға төтенше резервтен бөлінетін шығыстарды қаржыландыруды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің негіздейтін құжаттарды ұсынуына қарай бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органдар жүзеге асыруы мүмкін.

6. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою кезінде халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуге арналған резерв төтенше жағдайлар аймақтарында, эвакуациялау маршруттарында және эвакуацияланатын адамдар орналасқан жерлерде адамдардың өмірін сақтауға және денсаулығын қолдауға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыру үшін пайдаланылады.

7. Шұғыл шығындарға арналған резерв Қазақстан Республикасының немесе оның әкімшілік-аумақтық бірлігінің саяси, экономикалық және әлеуметтік тұрақтылығына, сондай-ақ адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін жағдайларды жою мақсатында пайдаланылады.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің шұғыл шығындарға арналған резерві Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімдерімен айқындалатын өзге де күтпеген шығындарға пайдаланылуы мүмкін.

Арнаулы мемлекеттік қор есебінен қаржыландырылатын шығыстарды шұғыл шығындарға арналған резервтен қаржыландыруға жол берілмейді.

8. Соттардың шешімдері бойынша міндеттемелерді орындауға арналған резерв соттардың шешімдері бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің, орталық мемлекеттік органдардың, олардың ведомстволары мен аумақтық бөлімшелерінің, жергілікті атқарушы органдардың міндеттемелерін орындауға пайдаланылады.

9. Қолма-қол ақша тапшылығын жабуға арналған резерв осы Кодекстің 113-бабына сәйкес кезекті қаржы жылында өз бюджеттерінің қолма-қол ақша тапшылығы болжанған жағдайда төмен тұрған бюджеттерге бюджеттік кредиттер беруге пайдаланылады.

Кезекті қаржы жылында қолма-қол ақша тапшылығы болжанған жағдайда төмен тұрған бюджеттің жергілікті атқарушы органының және (немесе) аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі аппаратының қарыз алуы бюджетті түзету арқылы қаржы жылы шегінде алты айға дейінгі мерзімге жүзеге асырылуы мүмкін.

10. Қазақстан Республикасы Үкіметінің және облыстың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органының резервтерінен төмен тұрған бюджетке бюджет қаражатын бөлу нысаналы трансферттер түрінде жүзеге асырылады.

 

21-бап. Резервтердің пайдаланылуы туралы есептілік

1. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган және бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті орган бюджеттік бағдарламалардың әкімшілерімен бірлесіп, қаржы жылының қорытындысы бойынша резервтердің пайдаланылуы туралы есептерді қалыптастырады.

2. Резервтердің пайдаланылуы туралы есептер тиісті бюджеттік бағдарламалардың паспорттарында көзделген қаражатты бөлу себептерін, қол жеткізілген түпкілікті нәтижелерді көрсете отырып, олардың түрлері бойынша қалыптастырылады және тиісті шығындарға бюджетте баламалы көздердің жоқ екендігі және бюджетті әзірлеу кезінде оларды жоспарлаудың мүмкін еместігінің себептері туралы ақпаратты қамтуға тиіс.

3. Резервтердің пайдаланылуы туралы есептілік осы Кодекстің 40-бабына сәйкес жариялануға жатады.

4. Резервтердің пайдаланылуы туралы ақпарат тиісті бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепке енгізіледі.

5. Резервтердің пайдаланылуы туралы есептерді қалыптастыру және оларды жариялау тәртібін бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды.

 

 

6-тарау. БЮДЖЕТКЕ ТҮСЕТІН ТҮСІМДЕРДІ

БЮДЖЕТ ДЕҢГЕЙЛЕРІ АРАСЫНДА БӨЛУ

 

22-бап. Түсімдерді бөлу туралы жалпы ережелер

1. Түсімдерді республикалық, жергілікті бюджеттер арасында бөлу осы Кодекстің 78-бабында айқындалған бюджетаралық қатынастар қағидаттарына негізделеді.

2. Осы Кодекстен басқа Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында түсімдер есепке жатқызылуға тиісті бюджет деңгейін белгілеуге жол берілмейді.

Түсімдердің жекелеген түрлерін бюджеттің бір деңгейінен екіншісіне беру осы Кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізілген кезде ғана жүзеге асырылады.

3. Түсімдерді республикалық бюджет, жергілікті бюджеттер, салықтық емес төлемдердің есебінен қалыптастырылатын бюджеттен тыс қорлардың қолма-қол ақшаны бақылау шоттары арасында бөлу осы Кодекстің 107-бабының 5-тармағына сәйкес жүзеге асырылады.

 

23-бап. Республикалық бюджетке түсетін түсімдер

1. Мыналар республикалық бюджетке түсетін салықтық түсімдер болып табылады:

1) мұнай секторының ұйымдарынан түсетін түсімдерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының кәсіпкерлік саласындағы заңнамасына сәйкес қалыптастырылатын кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне сәйкес ірі кәсіпкерлік субъектілерінен түсетін корпоративтік табыс салығы;

2) қосылған құн салығы, оның ішінде Қазақстан Республикасының аумағында өндірілген тауарларға, орындалған жұмыстарға және көрсетілген қызметтерге және Қазақстан Республикасының аумағына импортталатын тауарларға қосылған құн салығы;

3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағына импортталатын тауарларға акциздер;

4) қалааралық және (немесе) халықаралық телефон байланысын, сондай-ақ ұялы байланысты бергені үшін төлемақы;

5) мұнай секторының ұйымдарынан түсетін түсімдерді қоспағанда, бонустар;

6) кең таралған пайдалы қазбаларды, жерасты суларын, емдік балшықтарды және мұнай секторының ұйымдарынан түсетін түсімдерді қоспағанда, пайдалы қазбаларды өндіру салығы;

7) мұнай секторының ұйымдарынан түсетін түсімдерді қоспағанда, экспортқа рента салығы;

8) радиожиілік спектрін пайдаланғаны үшін төлемақы;

9) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды мемлекеттік тіркегені, сондай-ақ оларды қайта тіркегені үшін алым;

10) теле-, радиоарнаны, мерзімді баспасөз басылымын, ақпараттық агенттікті және желілік басылымды есепке қойғаны үшін алым;

11) ғарыш объектілерін және оларға құқықтарды мемлекеттік тіркегені үшін алым;

12) банк және сақтандыру нарықтарына қатысушылар үшін рұқсат беру құжаттарын, келісім бергені үшін алым;

13) көмірсутектер саласындағы жекелеген кіші қызмет түрлерімен айналысу құқығына байланысты лицензия бергені үшін лицензиялық алым;

2026.11.06. № 306-VIII ҚР Заңымен 14) тармақша өзгертілді (2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

14) «Астана» халықаралық қаржы орталығының инвестициялық резиденті болып табылатын шетел азаматының немесе азаматтығы жоқ адамның резиденттігін растайтын құжатты бергені үшін алым;

15) әкелінетін және әкетілетін тауарларға кеден баждары;

16) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес төленетін кедендік алымдар;

17) ішкі нарықты қорғау шараларын қолдануға байланысты төленетін арнаулы, демпингке қарсы, өтемақы баждары;

18) осы тармақтың 15), 16) және 17) тармақшаларында санамаланған алдағы төлемдерді, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына импортталатын тауарларға қосылған құн салығы мен акциздерді төлеу есебіне Еуразиялық экономикалық одақтың және Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес енгізілетін аванстық төлемдер;

19) консулдық алым;

20) осы Кодекстің 58-бабы 2-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген мұнай секторының ұйымдарынан салықтық тексерулердің нәтижелері бойынша түсетін салықтық түсімдер.

2. Мыналар республикалық бюджетке түсетін салықтық емес түсімдер болып табылады:

1) республикалық меншіктен түсетін кірістер:

республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың таза кірісі бөлігінің түсімдері;

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің таза кірісі бөлігінің түсімдері;

республикалық меншіктегі акциялардың мемлекеттік пакеттеріне төленетін дивидендтер;

республикалық меншіктегі заңды тұлғалардағы қатысу үлестеріне төленетін кірістер;

республикалық меншіктегі мүлікті жалға беруден түсетін кірістер;

республикалық бюджеттің уақытша бос қаражатын қаржы құралдарына орналастырудан алынған және бірыңғай қазынашылық шоттағы ақшаның күн сайынғы қалдығына сыйақылар;

квазимемлекеттік сектор субъектілерінің уақытша бос бюджет қаражатын қаржы құралдарына орналастыруынан алынған сыйақылар;

республикалық бюджеттен берілген кредиттер бойынша сыйақылар;

республикалық меншіктен түсетін өзге де кірістер;

2) республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелердің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуінен түсетін түсімдер;

3) республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелер ұйымдастыратын мемлекеттік сатып алуды өткізуден түсетін ақша түсімдері;

4) орталық мемлекеттік органдар тартатын гранттар;

5) мұнай секторының ұйымдарынан және салықтық емес төлемдер есебінен қалыптастырылатын бюджеттен тыс қорларға түсетін түсімдерді қоспағанда, республикалық бюджетке түсетін өзге де салықтық емес түсімдер.

3. Мемлекеттік материалдық резервтен тауарларды сатудан түсетін ақша негізгі капиталды сатудан республикалық бюджетке түсетін түсімдер болып табылады.

4. Жер қойнауын пайдаланушылардың Қазақстан Республикасының аумағындағы ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға аударымдары республикалық бюджетке түсетін арнаулы түсімдер болып табылады.

5. Мыналар республикалық бюджетке түсетін трансферттердің түсімдері болып табылады:

1) облыстық бюджеттерден, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттерінен түсетін трансферттер;

2) Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан республикалық бюджетке түсетін кепілдендірілген трансферт;

3) Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан республикалық бюджетке түсетін нысаналы трансферт;

4) Арнаулы мемлекеттік қордан түсетін трансферт.

6. Республикалық бюджеттен берілген кредиттерді, үкіметтік қарыздарды өтеуден түсетін түсімдер республикалық бюджетке есепке жатқызылады.

 

24-бап. Республикалық маңызы бар қала, астана бюджетіне түсетін түсімдер