«Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі» 2025 жылғы 15 наурыздағы № 171-VIII Кодексі (2026.01.01. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)

Предыдущая страница

1. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары төмен тұрған деңгейдегі құжаттарды әзірлеу қажеттігі мен заңдылығы бір деңгей жоғары тұрған құжаттардан туындайтын, ал бір деңгей жоғары тұрған құжаттарды мониторингтеу мен бағалау төмен тұрған деңгейдегі құжаттарды іске асыру туралы анық ақпарат негізінде жүзеге асырылатын тұтас жүйені білдіреді.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары Қазақстан Республикасының ұзақ мерзімді даму болжамына негізделеді.

2. Бюджет процесінде мыналар қолданылады:

мемлекеттік органдардың даму жоспарлары;

облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарлары;

республикалық немесе жергілікті бюджеттен шығыстар жоспарланатын квазимемлекеттік сектор субъектілерінің даму жоспарлары, іс-шаралар жоспарлары, сондай-ақ дербес білім беру ұйымдарының ұзақ мерзімді даму стратегиялары.

3. Ағымдағы қаржы жылы ішінде туындайтын, республикалық және (немесе) жергілікті бюджеттерден қосымша шығыстарды талап ететін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарында көзделген жаңа бастамаларға және өзге де қосымша іс-шараларға арналған шығыстар даму жоспарын әзірлейтін мемлекеттік органның даму жоспарына, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарына, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің даму жоспарларына және (немесе) іс-шаралар жоспарларына енгізілгеннен кейін бюджетте жоспарланады.

4. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы, мемлекеттік орган - республикалық бюджеттік бағдарламаның әкімшісі, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган осы Кодексте көзделген рәсімдерді ескере отырып, тиісінше мемлекеттік органдардың даму жоспарларының жобаларын, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың даму жоспарларының жобаларын, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің даму жоспарларының жобаларын және (немесе) іс-шаралар жоспарларының жобаларын қарауды қамтамасыз етеді.

 

36-бап. Мемлекеттік органның даму жоспары және оны қарау тәртібі

1. Мемлекеттік органның даму жоспары мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапалы ұсынылуын қамтамасыз ету қажеттілігі ескеріле отырып, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жоғары тұрған құжаттарын іске асыруға бағытталған орта мерзімді кезеңдегі орталық мемлекеттік органның қызметін, функцияларды, өкілеттіктер мен құзыреттерді айқындайтын құжат болып табылады.

2. Даму жоспарларын әзірлемейтін орталық мемлекеттік органдардың тізбесін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жоспарлау жүйесі шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.

3. Мемлекеттік органның даму жоспары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жоспарлау жүйесіне сәйкес мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша әрбір үш жыл сайын бесжылдық кезеңге әзірленеді және бекітіледі.

4. Мемлекеттік органның даму жоспарына мыналар енгізіледі:

1) нысаналы индикаторлар, оларға қол жеткізуді мемлекеттік орган қамтамасыз етеді және оның қызметіне және бюджет қаражатына байланысты болады;

2) нысаналы индикаторлар, оларға қол жеткізуді бірнеше мемлекеттік орган, өңір және (немесе) квазимемлекеттік сектор субъектісі ведомствоаралық өзара іс-қимыл шеңберінде қамтамасыз етеді және бюджет қаражатына байланысты болады;

3) макроиндикаторлар, оларға қол жеткізу ведомствоаралық өзара іс-қимыл шеңберінде бірнеше мемлекеттік органның, өңірдің және (немесе) квазимемлекеттік сектор субъектісінің қызметіне байланысты болады және бюджет қаражатына байланысты емес.

Осы тармақтың бірінші бөлігінің 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген нысаналы индикаторлар даму жоспарында жекелеген қосымшалар түрінде көрсетіледі.

5. Мемлекеттік органдардың даму жоспарларына Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары негізінде әзірленген инвестициялық жоспарлар қоса беріледі.

Мемлекеттік органның инвестициялық жоспары осы Кодекстің 148-бабына сәйкес әзірленеді және қолданылады.

6. Даму жоспарын бекіту үшін мемлекеттік орган ведомстволық бюджет комиссиясының оң ұсынысы бар даму жоспарының жобасын мемлекеттік органның қолданыстағы даму жоспары аяқталатын жылдың 1 сәуірінен кешіктірмей мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға қарауға енгізеді.

Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган осы Кодекстің 46-бабына сәйкес жүзеге асырылатын нәтижелерді бағалау қорытындыларын ескере отырып, мемлекеттік органдардың даму жоспарларының жобаларын олардың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкестігі тұрғысынан қарайды.

Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның қорытындысы осы Кодекстің 43-бабына сәйкес жүргізілетін шығыстарды стратегиялық шолу қорытындылары негізінде мақсаттар мен нысаналы индикаторлардың басымдығы көрсетіле отырып қалыптастырылады және Республикалық бюджет комиссиясының қарауына шығару үшін бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға және тиісті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне ағымдағы қаржы жылының 1 мамырынан кешіктірілмей жіберіледі.

Мемлекеттік органның пысықталған даму жоспарының жобасын бюджеттік бағдарламаның әкімшісі осы Кодекстің 75-бабының 12-тармағына сәйкес бюджеттік бағдарламаның паспортымен бір мезгілде мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға қарау үшін енгізеді.

2025 қаржы жылында республикалық және жергілікті бюджеттерді нақтылау, түзету және атқару 36-бабы 4, 5 және 6-тармақтарының ережелері қолданылмай жүзеге асырылады

7. Мемлекеттік органның даму жоспарының жобасын мемлекеттік органның басшысы мемлекеттік органның қолданыстағы даму жоспары аяқталатын жылдың 30 желтоқсанынан кешіктірмей мемлекеттік жоспарлау және бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органдармен келісу бойынша бекітеді.

8. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган мақсаттар мен нысаналы индикаторлар, олардың декомпозициясы туралы жиынтық сандық мәліметтерді қамтитын мемлекеттік органдардың бекітілген даму жоспарлары туралы біріктірілген жиынтық ақпаратты өзі айқындаған тәртіппен қалыптастырады және осы Кодекстің 90-бабында көзделген құжаттар мен материалдардың құрамына енгізу үшін бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға жібереді.

9. Мемлекеттік органның даму жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізуге:

1) республикалық бюджет туралы заңдарды және оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңдарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының жаңа заңдары қабылданған не қолданыстағыларына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген;

2) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жаңа құжаттары қабылданған не қолданыстағыларына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген;

3) мемлекеттік органның функциялары, құрылымы өзгерген;

4) Қазақстан Республикасы Президентінің және (немесе) Қазақстан Республикасы Үкіметінің тапсырмаларын іске асыру қажет болған жағдайларда жол беріледі.

10. Мемлекеттік органдар даму жоспарларының іске асырылуы туралы есептерді дайындайды, оларды шоғырландыру үшін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға жібереді.

11. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган мақсаттар мен нысаналы индикаторларға қол жеткізу, олардың декомпозициясы туралы жиынтық сандық мәліметтерді қамтитын барлық орталық мемлекеттік органның даму жоспарларының іске асырылуы туралы шоғырландырылған есепті өзі айқындаған тәртіппен қалыптастырады және республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепке енгізу үшін бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органға жібереді.

12. Мемлекеттік органдардың даму жоспарларының іске асырылуы туралы есептер негізінде осы Кодекстің 46-бабына сәйкес оларды бағалау жүзеге асырылады.

Сыртқы мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары жүргізетін бағалау «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.

13. Мемлекеттік органның даму жоспарын әзірлеу, келісу, бекіту, жариялау және оған өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу, мемлекеттік органның даму жоспарының іске асырылуы туралы есепті қалыптастыру және мемлекеттік органның даму жоспарының іске асырылуын мониторингтеу тәртібін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды.

14. Мемлекеттік органның даму жоспары және оның іске асырылуы туралы есеп, мемлекеттік органдардың бекітілген даму жоспарлары туралы біріктірілген жиынтық ақпарат, мемлекеттік органдардың даму жоспарларының іске асырылуы туралы шоғырландырылған есеп осы Кодекстің 40-бабына сәйкес жариялануға жатады.

15. Даму жоспарын әзірлеуші мемлекеттік органның бірінші басшысы осы Кодекстің 41-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.

 

37-бап. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспары және оны қарау тәртібі

1. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспары Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары негізінде тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың ерекшелігі ескеріле отырып, олардың дамуын айқындайтын құжат болып табылады.

2. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарына жергілікті бюджет кірісіне енгізілмеген түсімдер көлемі мен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарға сәйкес жер қойнауын пайдаланушылардың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және оның инфрақұрылымын дамытуға аудару жөніндегі, оның ішінде жер қойнауын пайдаланушы жүргізген жұмыстар мен көрсеткен қызметтер бойынша міндеттемелерді орындау шеңберінде облыстық әкімдік, республикалық маңызы бар қала, астана әкімдігі мен жер қойнауын пайдаланушылар арасында жасалған меморандумдарға сәйкес шығыстар көрсетілген іс-шаралар туралы ақпарат енгізіледі.

3. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарының мақсаттары мен нысаналы индикаторлары Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жоғары тұрған құжаттарынан декомпозицияланады.

4. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарына мыналар енгізіледі:

1) нысаналы индикаторлар, оларға қол жеткізуді жергілікті атқарушы орган қамтамасыз етеді және оның қызметіне және бюджет қаражатына байланысты болады;

2) нысаналы индикаторлар, оларға қол жеткізуді бірнеше өңір және (немесе) квазимемлекеттік сектор субъектілері ведомствоаралық өзара іс-қимыл шеңберінде қамтамасыз етеді және бюджет қаражатына байланысты болады;

3) макроиндикаторлар, оларға қол жеткізу бірнеше өңірдің және (немесе) квазимемлекеттік сектор субъектісінің қызметіне байланысты болады және бюджет қаражатына байланысты емес.

Осы тармақтың бірінші бөлігінің 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген нысаналы индикаторлар даму жоспарында жекелеген қосымшалар түрінде көрсетіледі.

5. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың даму жоспарларына Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары негізінде әзірленген инвестициялық жоспарлар қоса беріледі.

Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың инвестициялық жоспары осы Кодекстің 148-бабына сәйкес әзірленеді және қолданылады.

6. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жоспарлау жүйесіне сәйкес облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы ең төмен стандарттарды, елді мекендерге арналған өңірлік стандарттар жүйесін міндетті түрде қолдану арқылы әрбір үш жыл сайын бесжылдық кезеңге әзірлейді, оларды орталық салалық мемлекеттік органдар, өңірлік саясат жөніндегі орталық уәкілетті орган келіседі және тиісті мәслихат бекітеді.

7. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарын келісу үшін облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы орталық салалық мемлекеттік органдармен келісілген даму жоспарының жобасын мемлекеттік органның қолданыстағы даму жоспары аяқталатын жылдың 1 сәуірінен кешіктірмей өңірлік саясат жөніндегі орталық уәкілетті органға қарауға енгізеді.

Өңірлік саясат жөніндегі орталық уәкілетті орган облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарларының жобаларын олардың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкестігі тұрғысынан қарайды.

Өңірлік саясат жөніндегі орталық уәкілетті орган облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарын қараудың қорытындысы бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, аста наның даму жоспарының жобасы келіп түскеннен кейін бір ай ішінде қорытынды қалыптастырады және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органына жібереді.

Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы өңірлік саясат жөніндегі орталық уәкілетті органның қорытындысын, осы Кодекстің 46-бабына сәйкес жүзеге асырылатын нәтижелерді бағалау тұжырымдарын, осы Кодекстің 43-бабына сәйкес жүргізілетін шығыстарды стратегиялық шолу тұжырымдарын ескере отырып, тиісті мәслихатқа осы Кодекстің 91-бабының 2-тармағында айқындалған құжаттар мен материалдардың құрамында енгізу үшін облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарын және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бекітілген даму жоспары туралы біріктірілген жиынтық ақпаратты қалыптастырады.

8. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарының жобасы қолданыстағы даму жоспары аяқталатын жылдың 30 желтоқсанынан кешіктірілмей бекітіледі.

9. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарына:

1) республикалық бюджет туралы заңдарды және оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңдарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының жаңа заңдары қабылданған не қолданыстағыларына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген;

2) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жаңа құжаттары қабылданған не қолданыстағыларына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген;

3) мемлекеттік органның функциялары, құрылымы және (немесе) әкімшілік-аумақтық құрылым өзгерген;

4) Қазақстан Республикасы Президентінің және (немесе) Қазақстан Республикасы Үкіметінің тапсырмаларын іске асыру қажеттілігі болған жағдайларда өзгерістер мен толықтырулар енгізуге жол беріледі.

10. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарының іске асырылу мониторингін тиісінше облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органы облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарына қатысатын бірлесіп орындаушы мемлекеттік органдар беретін іске асырылу барысы туралы ақпарат негізінде іске асырылуы туралы есептерді қалыптастыру арқылы тиісті аумақтың бірлесіп орындаушы мемлекеттік органдарымен бірлесе отырып жүргізеді.

Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарының іске асырылу мониторингі жыл қорытындысы бойынша жылына бір рет жүзеге асырылады және облыстық әкімдіктің, республикалық маңызы бар қала және астана әкімдігінің интернет-ресурсында есепті кезеңнен кейінгі жылдың 1 наурызына дейін орналастырылады.

11. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жоспарлау жүйесінде айқындалған тәртіппен даму жоспарларының іске асырылуы туралы есептерді дайындайды және шоғырландыру үшін өңірлік саясат жөніндегі орталық уәкілетті органға жібереді.

12. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың даму жоспарларының іске асырылуы туралы есептер негізінде осы Кодекстің 46-бабына сәйкес оларды бағалау жүзеге асырылады.

Сыртқы мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары жүргізетін бағалау «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.

13. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарының іске асырылуы туралы есепті қалыптастыру және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарының іске асырылуын мониторингтеу тәртібін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды.

14. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспары, оның іске асырылуы туралы есеп және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың даму жоспарларының іске асырылуы туралы шоғырландырылған есеп осы Кодекстің 40-бабына сәйкес жариялануға жатады.

15. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімі және тиісті жергілікті мемлекеттік органның бірінші басшысы осы Кодекстің 41-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.

 

38-бап. Республикалық немесе жергілікті бюджеттен шығыстар жоспарланатын квазимемлекеттік сектор субъектілерінің даму жоспарлары, іс-шаралар жоспарлары, сондай-ақ дербес білім беру ұйымдарының ұзақ мерзімді даму стратегиялары және оларды қарау тәртібі

1. Бюджет процесіне Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әзірленетін, республикалық немесе жергілікті бюджеттен шығыстар жоспарланатын квази мемлекеттік сектор субъектілерінің іс-шаралар жоспарлары, даму жоспарлары, сондай-ақ дербес білім беру ұйымдарының ұзақ мерзімді даму стратегиялары қатысады.

2. Республикалық бюджеттен шығыстар жоспарланатын квазимемлекеттік сектор субъектілерінің іс-шаралар жоспарларының немесе даму жоспарларының жобалары осы Кодекстің 43-бабына сәйкес жүргізілетін шығыстарды стратегиялық шолу қорытындылары негізінде әзірленеді, мемлекеттік орган - республикалық бюджеттік бағдарламаның әкімшісімен келісіледі және осы Кодекстің 90-бабы 2-тармағының 16) тармақшасында айқындалған құжаттар құрамында бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға енгізіледі.

3. Жергілікті бюджеттен шығыстар жоспарланатын квазимемлекеттік сектор субъектілерінің іс-шаралар жоспарлары немесе даму жоспарлары мемлекеттік орган - жергілікті бюджеттік бағдарламаның әкімшісімен келісіледі және осы Кодекстің 91-бабы 2-тармағының 10) тармақшасында айқындалған құжаттар құрамында мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органға енгізіледі.

4. Әрбір қаржы жылының қорытындысы бойынша мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындаған тәртіппен осы баптың 1-тармағында көрсетілген квазимемлекеттік сектор субъектілерінің іс-шаралар жоспарларының немесе даму жоспарларының орындалуы жөніндегі есеп, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің іс-шаралар жоспарларының немесе даму жоспарларының іске асырылу мониторингінің нәтижелері туралы есеп және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің іс-шаралар жоспарларының немесе даму жоспарларының іске асырылуын бағалау қалыптастырылады.

5. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген квазимемлекеттік сектор субъектілерінің іс-шаралар жоспарларының немесе даму жоспарларының іске асырылуын мониторингтеу және олардың іске асырылуын бағалау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Сыртқы мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары жүргізетін бағалау «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.

6. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген квази мемлекеттік сектор субъектілерінің іс-шаралар жоспарларының, даму жоспарларының, сондай-ақ дербес білім беру ұйымдарының ұзақ мерзімді даму стратегияларының орындалуы жөніндегі есептілік тиісті бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есептің құрамына енгізіледі және осы Кодекстің 40-бабына сәйкес жариялануға жатады.

7. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген квазимемлекеттік сектор субъектілерінің іс-шаралар жоспарларын немесе даму жоспарларын, дербес білім беру ұйымдарының ұзақ мерзімді даму стратегияларын әзірлеу, келісу және бекіту, оларға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу, есептілік жасау тәртібі және олардың түрлері, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің іс-шаралар жоспарларының немесе даму жоспарларының, дербес білім беру ұйымдарының ұзақ мерзімді даму стратегияларының іске асырылуын мониторингтеу және бағалау тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.

8. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген квазимемлекеттік сектор субъектілерінің іс-шаралар жоспарларының немесе даму жоспарларының, дербес білім беру ұйымдарының ұзақ мерзімді даму стратегияларының іске асырылуын мониторингтеу және бағалау нәтижелері осы Кодекстің 40-бабына сәйкес жариялануға жатады.

9. Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің, дербес білім беру ұйымдарының бірінші басшылары осы Кодекстің 41-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.

 

 

9-тарау. ЕСЕП БЕРУ ЖӘНЕ ТРАНСПАРЕНТТІЛІК

 

39-бап. Есеп беру және транспаренттілік туралы жалпы ережелер

1. Уәкілетті органдардың есеп беруі бюджет саясаты саласында қабылданатын шешімдер және нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін жауаптылықты білдіреді.

2. Бюджет процесіне қатысушылардың есеп беруі бюджеттік қатынастарда қабылданатын әкімшілік және басқарушылық шешімдердің айқындығын және олар үшін жауаптылықты қамтамасыз етуге арналған құралдар жиынтығы арқылы іске асырылады.

3. Бюджет жүйесінің транспаренттілігі бюджет туралы ақпараттың жұртшылық үшін, оның ішінде азаматтық бюджетті жариялау үшін айқындығы мен ашықтығын білдіреді.

Республикалық және жергілікті бюджеттердің негізгі ережелерін ашатын, осы Кодекстің 40-бабына сәйкес жұртшылық үшін қолжетімді нысанда жарияланатын ақпарат азаматтық бюджет болып табылады.

Азаматтық бюджетті республикалық және жергілікті бюджеттерді жоспарлау кезінде және оларды атқару процесінде бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органдар, бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган, бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органдар, бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері, алынған бюджет қаражаты бойынша квазимемлекеттік сектор субъектілері қалыптастырады.

Бюджетті жоспарлау және атқару сатыларында азаматтық бюджетті жасау, ұсыну және жариялау тәртібін бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды.

4. Уәкілетті органдардың есеп беруі осы Кодекске сәйкес бюджеттік құжаттаманы әзірлеу және жариялау арқылы жүзеге асырылады.

5. Азаматтардың бюджет процесіне қатысуы осы Кодекстің 70-бабы 3-тармағының екінші бөлігіне сәйкес халық қатысатын бюджетті іске асыру, жергілікті өзін-өзі басқаруды жүзеге асыру арқылы және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да тәсілдермен қамтамасыз етіледі.

6. Бюджет процесіне қатысушылардың есеп беруі мыналарды қамтиды:

осы Кодекске сәйкес республикалық бюджет туралы заңның және мәслихаттар шешімдерінің жобаларын әзірлеу кезінде және бюджеттердің атқарылуының қорытындысы бойынша өкілді органдарда мемлекеттік органдардың өкілдерін тыңдау;

осы Кодекстің 40-бабына сәйкес құжаттарды жариялау және талқылау;

осы Кодекстің 41-бабына сәйкес бюджет процесіне қатысушылардың жауаптылығы.

 

40-бап. Бюджет процесінің құжаттарын жариялау және талқылау

1. Бюджет процесінің материалдары, ақпараты мен құжаттары осы бапта аталған қатысушылардың өз ресми интернет-ресурстарында, оның ішінде міндетті түрде ашық бюджеттердің интернет-порталында Қазақстан Республикасының ақпаратқа қол жеткізу, мемлекеттік құпиялар туралы, әкімшілік рәсімдер, қоғамдық кеңестер, ақпараттандыру туралы заңнамасының талаптары сақтала отырып, жариялауына жатады.

2. Бюджет процесінің құжаттарын талқылау осы Кодекске, Қазақстан Республикасының жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы, Қазақстан Республикасының қоғамдық кеңестер туралы, ақпаратқа қол жеткізу туралы заңнамасына сәйкес өкілді органдарда, қоғамдық кеңестерде, жергілікті қоғамдастықтың жиналысында, ашық бюджеттердің интернет-порталында жүзеге асырылады.

3. Бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган:

Қазақстан Республикасының ұзақ мерзімді даму болжамын;

Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму болжамын;

бюджеттік тәуекелдер туралы талдамалық есепті;

40-баптың 3-тармағының бесінші абзацы 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі

салықтық шығыстар туралы талдамалық есепті;

жалпы сипаттағы трансферттердің көлемдері туралы заң жобасын;

қаржы жылының қорытындысы бойынша мемлекеттік инвестициялық жобалардың іске асырылуы туралы жиынтық есепті және мемлекеттік инвестициялық жобалардың іске асырылуын бағалау нәтижелерін;

мемлекеттік инвестициялық жобалардың жүргізілген экономикалық сараптамаларының нәтижелері бойынша ақпаратты;

байланысты гранттардың пайдаланылуы туралы жиынтық есепті және байланысты гранттардың пайдаланылуын бағалау нәтижелерін жариялауды қамтамасыз етеді.

4. Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган:

республикалық бюджет туралы заңның жобасын қосымшаларымен бірге;

республикалық бюджет туралы заңды қосымшаларымен бірге, Қазақстан Республикасы Президентінің алдағы қаржы жылының бірінші тоқсанына арналған республикалық қаржы жоспары туралы жарлығын қосымшаларымен бірге;

азаматтық бюджетті;

шығыстарға шолу жүргізу қорытындысы бойынша тұжырымдар мен ұсынымдарды жариялауды қамтамасыз етеді.

5. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган:

шығыстарға шолу жүргізу қорытындысы бойынша тұжырымдар мен ұсынымдарды;

мемлекеттік органдардың бекітілген даму жоспарлары туралы біріктірілген жиынтық ақпаратты;