«Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі» 2025 жылғы 15 наурыздағы № 171-VIII Кодексі (2026.01.01. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)

Предыдущая страница

мемлекеттік органдардың даму жоспарларының іске асырылуы туралы шоғырландырылған есепті жариялауды қамтамасыз етеді.

6. Өңірлік саясат жөніндегі орталық уәкілетті орган облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың даму жоспарларының іске асырылуы туралы шоғырландырылған есепті жариялауды қамтамасыз етеді.

2025.17.07. № 213-VIII ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (2025 ж. 29 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

7. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган:

мемлекеттік қаржының жай-күйі туралы мәліметтерді;

азаматтық бюджетті;

шоғырландырылған, мемлекеттік, республикалық және жергілікті бюджеттердің атқарылуы туралы ай сайынғы есепті;

республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті;

Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын қалыптастыру және пайдалану туралы жылдық есепті;

Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын сенімгерлік басқару нәтижелері және аудит жүргізу нәтижелері бойынша жылдық қаржылық есептілікті;

мемлекеттік борыштың, квазимемлекеттік борыштың, мемлекет кепілдік берген борыштың ағымдағы жай-күйі, мемлекеттік борышты өтеу есебіне төленген ақша сомасы, берілген мемлекеттік кепілдіктер және экспортты қолдау жөніндегі мемлекеттік кепілдіктер, мемлекеттің кепілдіктері мен экспортты қолдау жөніндегі мемлекеттің кепілдіктері бойынша төленген ақша сомасы туралы статистикалық ақпарат нысанындағы мәліметтерді;

мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерді;

мемлекеттік сектордың борыштық міндеттемелерінің жай-күйін жыл сайынғы бағалауды;

Қазақстан Республикасының мемлекеттік қаржы статистикасы жөніндегі есепті;

«толық бітіріп берілетін» құрылыс туралы шарттар бойынша мемлекеттік міндеттемелерді жариялауды қамтамасыз етеді.

8. Қазынашылық мониторингтің нәтижелерін жариялауды мемлекеттік қазынашылық қамтамасыз етеді.

9. Облыстық әкімдік, республикалық маңызы бар қала, астана әкімдігі:

әлеуметтік-экономикалық даму болжамын;

облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарын;

облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың инвестициялық жоспарын;

шығыстарға шолу жүргізу қорытындысы бойынша тұжырымдар мен ұсынымдарды;

облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарының іске асырылуы туралы есепті жариялауды қамтамасыз етеді.

10. Облыстық әкімдік, республикалық маңызы бар қала, астана әкімдігі, аудандық (облыстық маңызы бар қала) әкімдік, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты:

осы Кодекстің 87 және 88-баптарының 5-тармағында, 91-бабының 2-тармағында көрсетілген қосымшаларымен, құжаттарымен және материалдармен бірге жергілікті бюджет туралы мәслихат шешімінің жобасын;

жергілікті бюджет туралы мәслихаттың шешімін қосымшаларымен бірге, жергілікті атқарушы органның кезекті қаржы жылының бірінші тоқсанына арналған жергілікті қаржы жоспары туралы қаулысын (аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің шешімін) қосымшаларымен бірге;

шығыстарға шолу жүргізу қорытындысы бойынша тұжырымдар мен ұсынымдарды; азаматтық бюджетті;

облыстық бюджеттің, республикалық маңызы бар қала, астана, аудан (облыстық маңызы бар қала), аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджетінің атқарылуы туралы ай сайынғы есепті;

облыс, республикалық маңызы бар қала, астана, аудан (облыстық маңызы бар қала), аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджетінің атқарылуы туралы жылдық есепті;

жалпы сипаттағы трансферттердің көлемдері туралы мәслихат шешімінің жобасын жариялауды қамтамасыз етеді.

11. Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері:

бюджеттік бағдарламалардың паспорттарын;

бюджеттік бағдарламалардың паспорттары туралы біріктірілген жиынтық ақпаратты;

азаматтық бюджетті;

бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуы туралы есептерді жариялауды қамтамасыз етеді.

12. Мемлекеттік орган:

мемлекеттік органның даму жоспарын;

мемлекеттік органның инвестициялық жоспарын;

республикалық немесе жергілікті бюджеттен бюджет қаражаты бөлінген квазимемлекеттік сектор субъектілерінің іс-шаралар жоспарларының немесе даму жоспарларының орындалуы бойынша есептілікті, олардың іске асырылуын мониторингтеу және бағалау нәтижелерін;

мемлекеттік инвестициялық жобалардың іске асырылуын мониторингтеу бойынша есептерді;

мемлекеттік органдардың даму жоспарларының іске асырылуы туралы есептерді;

шығыстарға шолу жүргізу қорытындысы бойынша тұжырымдар мен ұсынымдарды;

бюджеттен тыс қорлардың түсімдері мен шығыстары туралы ақпаратты жариялауды қамтамасыз етеді.

13. Мемлекеттік мүлік жөніндегі орталық уәкілетті орган Мемлекеттік активтер мен квазимемлекеттік секторды басқару жөніндегі ұлттық баяндаманы жариялауды қамтамасыз етеді.

14. Квазимемлекеттік сектор субъектісі:

алынған бюджет қаражаты бойынша азаматтық бюджетті;

іс-шаралар жоспарларын немесе даму жоспарларын және олардың іске асырылуы туралы есептерді;

іс-шаралар жоспарларының немесе даму жоспарларының іске асырылуын мониторингтеу және бағалау нәтижелерін;

квазимемлекеттік сектор субъектісі борышының жай-күйі туралы ақпаратты жариялауды қамтамасыз етеді.

15. Дербес білім беру ұйымдары дербес білім беру ұйымдарының ұзақ мерзімді даму стратегияларын және олардың іске асырылуы туралы есептерді жариялауды қамтамасыз етеді.

16. Республикалық бюджеттен трансферттер немесе мемлекеттік тапсырманы орындауға бюджет қаражатын алатын заңды тұлғалар немесе квазимемлекеттік сектор субъектілері, тиісті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері республикалық бюджеттен алынған трансферттердің пайдаланылуы немесе мемлекеттік тапсырманың орындалуы туралы есептерді жариялауды қамтамасыз етеді.

17. Бағалау жүргізуге уәкілеттік берілген мемлекеттік органдар нәтижелерді бағалау қорытындысын жариялауды қамтамасыз етеді.

18. Осы Кодекске сәйкес мониторингті жүзеге асыратын орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар, бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері, квазимемлекеттік сектор субъектілері, тиісті саланың (аяның) уәкілетті органдары және өзге де заңды тұлғалар мониторинг нәтижелерін жариялауды қамтамасыз етеді.

19. Бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі, бюджетті атқару жөніндегі орталық және жергілікті уәкілетті органдар, мемлекеттік қазынашылық осы Кодекстің 133 және 134-баптарына сәйкес жасалатын жылдық шоғырландырылған қаржылық есептілікті жариялауды қамтамасыз етеді.

 

41-бап. Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасын бұзғаны үшін бюджет процесіне қатысушылардың жауаптылығы

1. Бюджеттік бағдарлама әкімшісінің бірінші басшысы:

Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан берілетін нысаналы трансферттердің олардың нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланылмағаны;

бюджеттік сұранымды және бюджеттік бағдарламаның паспортын тиісті уәкілетті органдарға, оның ішінде ақпараттық жүйе арқылы уақтылы ұсынылуы;

Арнаулы мемлекеттік қор қаражатының Қазақстан Республикасының заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы заңнамасына сай жұмсалмағаны;

мынадан:

бекітілген заттай нормалардан асып кетуден;

Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында көзделген құжаттардың (инвестициялық ұсыныстың, техникалық-экономикалық негіздеменің, қаржылық-экономикалық негіздеменің, жобалау-сметалық құжаттаманың) және (немесе) олар бойынша тиісті органдар және (немесе) ұйымдар шешімдерінің (қорытындыларының, сараптамаларының) болмауынан;

егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, тиісті бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің балансында есепте тұрмаған объектілерді күтіп-ұстауға бюджет қаражатын жұмсаудан;

егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен пайдалануға енгізілмеген объектілерді күтіп-ұстауға бюджет қаражатын жұмсаудан;

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалатын мемлекеттік инвестициялық жобаларды іске асырудан экономикалық тиімділіктің болмауынан көрінген, бюджет қаражатының тиімсіз жоспарланғаны және (немесе) тиімсіз пайдаланылғаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.

2. Бюджеттік бағдарламаның басшысы:

бюджеттік бағдарлама паспортының жасалуы, бюджеттік бағдарлама паспортының негізділігі мен толықтығы, бюджеттік бағдарламаға (кіші бағдарламаға) есеп-қисаптардың анықтығы үшін, оның ішінде ақпараттық жүйе арқылы, осы Кодекстің 148-бабы 8-тармағының талаптарына сәйкес келмейтін мемлекеттік инвестициялық жобалардың енгізілгені;

осы Кодекстің 75-бабының 8-тармағында белгіленген талаптардың сақталуы;

бюджеттік бағдарламалардың тиімсіз орындалғаны;

бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің қаржыландыру жоспарларының және жеке қаржыландыру жоспарларының анықтығы, ресімделуінің дұрыстығы және мемлекеттік қазынашылыққа немесе бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органға уақтылы ұсынылуы;

бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің қаржыландыру жоспарларына өзгерістердің уақтылы енгізілуі;

бюджеттік бағдарламаның (кіші бағдарламаның) бюджет қаражатын қайта бөлудің негізділігі;

мемлекеттік инвестициялық жобалардың іске асырылуына мониторингтің уақтылы жүргізілмегені және оның нәтижелерінің тиісті мемлекеттік органдарға уақтылы ұсынылмағаны және (немесе) жобаларды басқару кезінде оның нәтижелерінің пайдаланылмағаны;

осы Кодексте белгіленген жағдайларда бюджет қаражатын тиісті бюджетке қайтарудың уақтылы қамтамасыз етілмегені;

келесі қаржы жылында қаражатын пайдалануға (толық пайдалануға) рұқсат етілетін бюджеттік бағдарламалардың тізбесін қалыптастыруға негіз болатын ақпараттың анықтығы;

бюджеттік бағдарламаның іске асырылуы туралы есептің анықтығы мен толықтығы;

қарыз шартында көзделген мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізбеуге алып келген, мемлекеттік сыртқы қарыздың қарыз шартында белгіленген мерзімде игерілмегені не мемлекеттік сыртқы қарызды игеру мерзімінің ұзартылғаны;

мемлекеттік сыртқы қарыз бойынша қаражатты үнемдеу себебінен болған жағдайларды қоспағанда, қарыз шартында көзделген мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізбеуге алып келген, мемлекеттік сыртқы қарыздың толық және (немесе) ішінара күші жойылғаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.

3. Бюджет комиссиясының төрағасы комиссия жүзеге асыратын қызмет үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.

2025.17.07. № 213-VIII ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2025 ж. 29 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

4. Бюджет комиссиясы осы Кодекстің 73-бабында көрсетілген нормативтік құқықтық актілердің жобаларын қарау кезінде:

нормативтік құқықтық актіні әзірлеуші орталық мемлекеттік органның немесе әзірлеуші жергілікті мемлекеттік органның бірінші басшысы қаржыландыру көздері көрсетілген қаржылық-экономикалық есеп-қисаптардың және негіздемелердің толықтығы мен анықтығы, тиісті жергілікті бюджет комиссиясы қорытындысының болмауы үшін;

Республикалық немесе жергілікті бюджет комиссиясының хатшысы Республикалық немесе жергілікті бюджет комиссиясының қарауына жұмыс органының қаржыландыру көздері көрсетілген қаржылық-экономикалық есеп-қисаптары мен негіздемелері жоқ немесе тиісті жергілікті бюджет комиссиясының қорытындысы жоқ қорытындылардың шығарылғаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.

5. Мемлекеттік органның даму жоспарын әзірлейтін орталық мемлекеттік органның бірінші басшысы:

мемлекеттік органның даму жоспары мазмұнының анықтығы мен толықтығы;

республикалық бюджетте көзделген қаражат шеңберінде жоспарланған мақсаттар мен нысаналы индикаторларға қол жеткізілуі;

мемлекеттік органның даму жоспарының іске асырылуы туралы есептің анықтығы мен толықтығы үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.

6. Облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімі және тиісті жергілікті мемлекеттік органның бірінші басшысы:

облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарының анықтығы мен толықтығы;

облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарының іске асырылуы туралы есептің анықтығы мен толықтығы;

облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары борышы лимитінің сақталмағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.

7. Тиісті бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің және квазимемлекеттік сектор субъектісінің бірінші басшылары:

квазимемлекеттік сектор субъектісінің даму жоспары немесе іс-шаралар жоспары мазмұнының толықтығы және оның уәкілетті органдарға уақтылы ұсынылуы;

ұсынылатын инвестициялық ұсыныстардың және техникалық-экономикалық және (немесе) қаржылық-экономикалық негіздемелердің негізділігі үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.

8. Жалпы сипаттағы трансферттерді жоспарлау және оларды пайдалану кезінде:

орталық салалық мемлекеттік органның бірінші басшысы ағымдағы, оның ішінде күрделі шығындарды және дамуға арналған шығындарды қаржыландыру әдістемелерінің уақтылы әзірленуі, жалпы сипаттағы трансферттерді есептеу кезінде қабылданған көрсеткіштердің анықтығы мен негізділігі;

тиісті салалардың (аялардың) орталық және жергілікті уәкілетті органдарының басшылары және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың), аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдері жалпы сипаттағы трансферттерді есептеуге ұсынылатын ақпараттың негізділігі, анықтығы;

облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың), аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің әкімі жалпы сипаттағы трансферттердің жалпы сипаттағы трансферттердің көлемдері туралы заңға және тиісті мәслихаттың шешіміне сәйкес пайдаланылмағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.

9. Жоғары тұрған бюджеттен төмен тұрған бюджетке нысаналы трансферттер бөлу және оларды пайдалану кезінде:

жоғары тұрған бюджеттің бюджеттік бағдарламалары әкімшілерінің бірінші басшысы төлемдер бойынша жеке қаржыландыру жоспарына сәйкес төмен тұрған бюджеттерге нысаналы трансферттердің аударылмағаны;

нысаналы даму трансферттерін аударатын жоғары тұрған бюджеттің бюджеттік бағдарламалары әкімшісінің бірінші басшысы тиісті жергілікті бюджеттік даму бағдарламаларының паспорттарында көзделген түпкілікті нәтижелерге қол жеткізілмегені үшін;

мемлекеттік сатып алу жөніндегі конкурстың бірыңғай ұйымдастырушысы болып табылатын жоғары тұрған бюджеттің бюджеттік бағдарламалары әкімшісінің бірінші басшысы конкурстық рәсімдердің уақтылы өткізілмегені үшін;

облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың), аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің әкімі және жергілікті бюджеттік бағдар ламалардың тиісті әкімшілерінің бірінші басшысы нысаналы трансферттердің бюджеттік бағдарламаның паспортына сәйкес пайдаланылмағаны, нәтижелерге, оның ішінде бюджет қаражатын толық пайдалану кезінде қол жеткізілмегені, алынған нысаналы трансферттерді пайдалану есебінен қол жеткізілген нәтижелер туралы есептің ұсынылмағаны үшін;

облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың), аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің әкімі, төмен тұрған бюджеттің бюджеттік бағдарламалары әкімшілерінің бірінші басшысы нәтижелерге қол жеткізбеуге алып келген, жоғары тұрған бюджеттен алынған нысаналы трансферттердің игерілмегені үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.

10. Заңды тұлғаларға берілетін трансферттерді немесе мемлекеттік тапсырманы орындауға бюджет қаражатын алатын заңды тұлғалардың немесе квазимемлекеттік сектор субъектілерінің бірінші басшылары:

мемлекеттік органдардың даму жоспарларында, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің даму жоспарларында, іс-шаралар жоспарларында, сондай-ақ дербес білім беру ұйымдарының ұзақ мерзімді даму стратегияларында және (немесе) тиісті бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік бағдарламаларының паспорттарында айқындалған нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізілуі;

бюджеттік бағдарламаға (кіші бағдарламаға) есеп-қисаптардың негізділігі мен анықтығы, бюджеттік бағдарламаның (кіші бағдарламаның) толық және уақтылы ұсынылуы;

заңды тұлғаларға берілетін трансферттердің пайдаланылуы туралы немесе мемлекеттік тапсырманың орындалуы туралы есептердің негізділігі мен анықтығы үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.

11. Квазимемлекеттік сектор субъектісінің бірінші басшысы пилоттық жобаны іске асыру (енгізу) және (немесе) оны басқару жөніндегі міндеттемелердің орындалмағаны немесе толық орындалмағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.

12. Жарғылық капиталдарын ұлғайтуға (қалыптастыруға) республикалық бюджет туралы заңда не жергілікті бюджет туралы мәслихаттың шешімінде тиісті қаржы жылына қаражат көзделген квазимемлекеттік сектор субъектілерінің бірінші басшылары:

бюджеттік инвестициялардың іске асырылуына уақтылы мониторинг жүргізілмегені;

жобаларды басқару кезінде бюджеттік инвестициялардың іске асырылуын мониторингтеу нәтижелерінің пайдаланылмағаны;

бюджеттік даму бағдарламаларының паспорттарында көзделген түпкілікті нәтижелерге қол жеткізілмегені;

қаржылық-экономикалық негіздемеде көзделген, оның ішінде бөлінген бюджет қаражатын толық пайдалану кезінде бюджеттік инвестициялардың нәтижелеріне қол жеткізілмегені;

дивидендтер (таза кірістің бір бөлігі) төленгеннен кейін квазимемлекеттік сектор субъектісінің иелігінде қалған қаражаттың дивиденд саясатына сәйкес пайдаланылмағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.

13. Мемлекеттік мекеменің бірінші басшысы:

азаматтық-құқықтық мәмілелерді тіркеу кезінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасы, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасы талаптарының сақталуын;

төлеуге берілетін шот ұсынудың заңдылығы мен негізділігін;

төлеуге берілетін шот пен растайтын құжаттарда көрсетілген деректемелердің және сомалардың анықтығын;

төлемдерді ақша алушылардың пайдасына жүзеге асыру жөніндегі міндеттемелерді орындаудың уақтылығы мен толықтығын;

жасалған азаматтық-құқықтық мәмілелерге сәйкес тауарлар беруді, орындалған жұмыстарды және (немесе) көрсетілген қызметтерді растаудың анықтығын;

тіркелген азаматтық-құқықтық мәміле бойынша төлемнің негізділігін растайтын құжаттардың мемлекеттік қазынашылық органына ұсынылуын қамтамасыз етеді және олар үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.

14. Қазынашылық сүйемелдеу шеңберінде квазимемлекеттік сектор субъектісінің, бас мердігердің бірінші басшысы, мемлекет кепілдік берген қарызды тартқан қарыз алушылар:

төлем тапсырмаларын ұсынудың заңдылығы мен негізділігін;

төлем тапсырмаларында көрсетілген деректемелердің анықтығын;

төлемдерді ақша алушының пайдасына жүзеге асыру жөніндегі міндеттемелерді орындаудың уақтылығы мен толықтығын;

жасалған операциялардың анықтығын;

төлемнің негізділігін растайтын құжаттардың мемлекеттік қазынашылық органдарына ұсынылуын қамтамасыз етеді және олар үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.

15. Мемлекеттік кепілдігі бар қарыз бойынша қарыз алушы Қазақстан Республикасының Үкіметі кепілдік берген қарыз бойынша алынған қаражатты мақсатсыз пайдаланғаны үшін және қарыз алушы қарыз бойынша борыштық міндеттемелерін орындамаған жағдайда, мемлекеттік кепілдік бойынша міндеттемелерді орындауға бөлінген қаражаттың қайтарылуы үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.

Мемлекет кепілгерлігімен тартылатын қарыз бойынша қарыз алушы алынған қаражатты мақсатсыз пайдаланғаны және қарыз алушы қарыз бойынша борыштық міндеттемелерін орындамаған жағдайда, мемлекет кепілгерлігі бойынша міндеттемелерді орындауға бөлінген қаражаттың қайтарылуы үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.

16. Квазимемлекеттік сектор субъектісінің бірінші басшысы:

ішкі және сыртқы қарыздар мен борыш бойынша ақпараттың толықтығы және оның уәкілетті органдарға уақтылы ұсынылуы;

қарыз шартында көзделген мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізбеуге алып келген, мемлекет кепілдігімен берілген мемлекеттік емес қарыздың қарыз шартында белгіленген мерзімде игерілмегені не мемлекет кепілдігімен берілген мемлекеттік емес қарызды игеру мерзімінің ұзартылғаны;

мемлекеттік кепілдікпен берілген мемлекеттік емес қарыз бойынша қаражатты үнемдеу себебінен болған жағдайларды қоспағанда, қарыз шартында көзделген мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізбеуге алып келген, мемлекеттік кепілдікпен берілген мемлекеттік емес қарыздың толық және (немесе) ішінара жойылғаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.

17. Мемлекеттік инвестициялық жобалардың экономикалық сараптамасын жүзеге асыруға айқындалған заңды тұлғалар экономикалық сараптаманың сапасы үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.

18. Бюджеттік кредит бойынша қарыз алушы мен түпкілікті қарыз алушы:

бюджеттік кредитті нысаналы мақсаты бойынша пайдаланбағаны;

бюджеттік кредитті өтемегені, уақтылы өтемегені үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.

2025.17.07. № 213-VIII ҚР Заңымен 19-тармақ өзгертілді (2025 ж. 29 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

19. Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың бірінші басшылары тиісті қаржы жылына көзделген бюджет қаражаты шеңберінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша, «толық бітіріп берілетін» құрылыс туралы жобалар бойынша мемлекеттік міндеттемелердің орындалуы үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.

20. Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, бюджет қаражатын алатын квазимемлекеттік сектор субъектілерінің, заңды тұлғалардың бірінші басшылары осы Кодекстің 40-бабына сәйкес жарияланатын материалдардың, ақпарат пен құжаттардың анықтығы үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.

 

 

10-тарау. НӘТИЖЕЛЕРДІ БАСҚАРУ

 

42-бап. Нәтижелерді басқару жөніндегі жалпы ережелер

1. Нәтижелерді басқару Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын жоспарлаудан, бюджеттерді жоспарлау мен атқарудан, шығыстарға шолу, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау нәтижелері, мониторинг нәтижелері, нәтижелерді бағалау жүйесі қолданылатын есептілік жасаудан тұрады.

2. Нәтижелерді басқаруды мемлекеттік органдар, уәкілетті органдар бюджетті жоспарлау және атқару кезеңдерінде жүзеге асырады.

 

43-бап. Шығыстарға шолу

1. Шығыстарға шолу - бұл бюджет қаражатының жұмсалуын бақылауды қамтамасыз ету және оларға басымдық беру сапасын арттыру мақсатында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарында және бюджетте, сондай-ақ мемлекеттік органның салалық саясатында жоспарланатын немесе көзделген шығыстарды талдау.

2. Шығыстарға шолу осы Кодексте көзделген жағдайларда және өзге де жағдайларда, оның ішінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын әзірлеу кезінде тиісті бюджет комиссиясының, Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының бейінді тұрақты комитеттерінің ұсынысы бойынша және (немесе) Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органның шешімі негізінде жүргізіледі.

3. Шығыстарға шолу жүргізу кезінде мынадай талаптар сақталуға тиіс:

шығыстарға шолудың мақсаты мен тақырыбына сәйкестігі;

шығыстарға шолу жүргізудің негізгі өлшемшарттары (нәтижелері) нақты айқындалуға тиіс;

шығыстарға шолу көлемі (қамту) - құжаттардың, шығыстарды шолуға арналған шығыстардың түрлері айқындалуға тиіс;

шығыстарға шолу деңгейі - шығыстарға шолу үшін мемлекеттік басқару деңгейі және (немесе) деңгейлері, сала (ая) айқындалуға тиіс;

уақытпен шектелуі, кезеңділік.

4. Шығыстарға шолуда:

шығыстарға шолу тақырыбы болған проблемалық мәселелерді шешу жолдары;

бюджет шығыстарының жүргізіліп жатқан салалық саясатқа сәйкестігі;

бюджеттің басымдығы төмен және тиімсіз шығыстарын оңтайландыру мүмкіндіктері (нұсқалары);

жүргізіліп жатқан саясаттың басымдықтарына байланысты бюджет қаражатын басқа немесе жаңа шығыстарға қайта бөлу мүмкіндіктері (нұсқалары) бойынша тұжырымдар мен ұсынымдар қамтылуға тиіс.

5. Шығыстарға шолу:

шығыстарға стратегиялық шолу;

шығыстарға бюджеттік шолу;

шығыстарға инвестициялық шолу болып бөлінеді.

Шығыстарға стратегиялық шолу:

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының шынайылығы, орындылығы, өзектілігі;

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарында айқындалған мақсаттар мен міндеттердің үйлесімділігі;

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары арасында қайталанудың, фрагменттіліктің, қиылысудың және қайшылықтардың болуы (болмауы);

жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясатқа сәйкестігі;