Республикалық деңгейде бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу үшін сатып алынатын көрсетілетін қызметтердің құнын айқындау әдістемесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 2021 жылғы 14 маусымдағы № 209 бұйрығы
Осы редакция 2023 жылғы 30 қарашада енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» 1999 жылғы 23 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 4-3-бабының 7-2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Республикалық деңгейде бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу үшін сатып алынатын көрсетілетін қызметтердің құнын айқындау әдістемесі бекітілсін.
2. «Республикалық бюджет есебінен бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу үшін сатып алынатын қызметтердің құнын айқындау әдістемесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 2019 жылғы 29 тамыздағы № 313 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19310 болып тіркелген) күші жойылсын.
3. Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Ақпарат комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму вице-министріне жүктелсін.