Кәмелетке толмаған адамдардың қылмыстары және оларды қоғамға қарсы іс-әрекеттер жасауға тарту жөніндегі істер бойынша сот практикасы туралы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2002 ж. 11 сәуірдегі № 6 нормативтік қаулысы
(2011.21.04. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы редакция 2018 жылғы 20 сәуірде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Кәмелетке толмағандардың қылмыстары мен оларды қылмыстық және қоғамға жат әрекеттерге тарту туралы істер жөніндегі сот практикасын жинақтаудың қорытындыларын талқылап, кәмелетке толмағандардың жауапкершілігін және оларға қатысты сот ісін жүргізудің тәртібін реттейтін Қазақстан Республикасының қылмыстық және қылмыстық-іс жүргізу заңдарының дұрыс және біркелкі қолданылуын қамтамасыз ету мақсатында жалпы отырыс қаулы етеді:
1. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі сот ісін жүргізуге қатысты заңмен бекітілген талаптар мен ережелерді қатаң сақтау, осы санаттағы істерді уақытылы және сапалы қарау қажеттілігіне соттардың назары аударылсын.
2. Қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауаптылық басталатын жас шамасы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі - ҚК) 15-бабында көрсетілген. Қылмыстық іс жүргізуші органдар кәмелетке толмағандардың істері бойынша қылмыстық жауаптылыққа тартылған адамның жасын (туған жылын, айын, күнін) дәл анықтау жөнінде шара қолдануға міндетті. Бұл орайда адамның белгілі жасқа толуы ол туған күні емес, келесі тәуліктен бастап есептеледі.
Адамның жасын растайтын құжаттар болмаған жағдайда немесе ол құжаттар күмән тудыратын болса, Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінің (бұдан әрі - ҚІЖК) 241-бабының 2-тармағына сәйкес сараптама тағайындау қажет. Мұндайда сараптамашылар белгілеген жылдың соңғы күні туған күн болып есептеледі. Сараптамашылар жастың ең төменгі және ең жоғарғы мөлшерін жылдар санымен белгілесе (мысалы, 14-тен 15-ке дейін), онда сараптама ұсынған жастың ең төменгі мөлшері есепке алынуы қажет.