«Туберкулез профилактикасы жөніндегі іс-шараларды жүргізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 30 қарашадағы № ҚР ДСМ - 214/2020 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2025 жылғы 11 сәуірдегі № 35 бұйрығы
БҰЙЫРАМЫН:
1. «Туберкулез профилактикасы жөніндегі іс-шараларды жүргізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 30 қарашадағы № ҚР ДСМ 214/2020 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21695 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексі 98-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:»;
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Туберкулез профилактикасы жөніндегі іс-шараларды жүргізу қағидаларында:
1 және 2-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Осы Туберкулез профилактикасы жөніндегі іс-шараларды жүргізу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексі (бұдан әрі - Кодекс) 98-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасында туберкулез профилактикасы жөніндегі іс-шараларды жүргізу тәртібін айқындайды.»;
2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
1) ауқымды дәріге дейін көнбейтін туберкулез - штаммдары рифампицинге, рифампицинге және изониазидке, сондай-ақ фторхинолон қатарындағы препараттардың біріне (левофлоксацин, моксифлоксацин) көнбейтін туберкулез микобактерияларынан туындаған туберкулез;
2) ауқымды дәріге көнбейтін туберкулез - штаммдары рифампицинге, рифампицинге және изониазидке, сондай-ақ фторхинолон қатарындағы препараттардың біріне (левофлоксацин, моксифлоксацин) және кем дегенде А тобындағы қосымша бір препаратқа көнбейтін туберкулез микобактерияларынан туындаған туберкулез;