Бюджет қаражаты есебінен және берілетін салықтық жеңілдіктер шеңберінде қаржыландырылатын ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерді ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің м.а. 2024 жылғы 26 желтоқсандағы № 598 бұйрығы
«Ғылым және технологиялық саясат туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 23) тармақшасына және «Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 580 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 111-3) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Бюджет қаражаты есебінен және берілетін салықтық жеңілдіктер шеңберінде қаржыландырылатын ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерді ұйымдастыру қағидалары бекітілсін (бұдан әрі - Қағидалар).
2. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.