Қоршаған ортаны қорғау саласындағы лицензияланатын қызмет түріне қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2021 жылғы 12 шілдедегі № 245 бұйрығы
Осы редакция 2023 жылғы 6 маусымда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасы Экология кодексінің 34-бабының 2-тармағына және «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 12-бабы 1-тармағының 1-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Қоршаған ортаны қорғау саласындағы лицензияланатын қызмет түріне қойылатын біліктілік талаптары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің «Қоршаған ортаны қорғау саласындағы лицензияланатын қызмет түріне қойылатын біліктілік талаптарын және оларға сәйкестікті растайтын құжаттар тізбесін бекіту туралы» (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10333 тіркелген) 2015 жылғы 14 қаңтардағы № 6 бұйрығының күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитеті Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде осы бұйрықтың мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларымен көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.