Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
2015 жылғы 28 ақпандағы
№ 164 бұйрығымен
бекітілген
ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 16 қарашадағы № ҚР ДСМ-197/2020 бұйрығымен күші жойылды
«Тамақ өнімдерін өндіру жөніндегі объектілерге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар»
санитариялық қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы «Тамақ өнімдерін өндіру жөніндегі объектілерге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидалары (бұдан әрі - Санитариялық қағидалар) «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 144-бабының 6-тармағына сәйкес әзірленген және Қазақстан Республикасының заңнамасында өндіруге және қайта өңдеуге қойылатын өзге де талаптар белгіленген тамақ өнімдерін қоспағанда, тамақ өнімдерін өндіру жөніндегі объектілерге (бұдан әрі - объектілер) қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды айқындайды.
2. Осы Санитариялық қағидалар:
1) жобалау, салу, реконструкциялау, қайта жабдықтау және пайдалануға беру;
2) үй-жайлар мен жабдықты күтіп-ұстау және пайдалану;
3) тамақ өнімдерін өндіру, өлшеп-орау, сақтау, тасымалдау, байыту;
4) өндірістік бақылауды ұйымдастыру;
5) персоналға тұрмыстық қызмет көрсету кезінде объектілерге, сондай-ақ медициналық қарап тексеруге және персоналды гигиеналық оқытуға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды қамтиды.
3. Осы Санитариялық қағидаларда мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылды:
1) азық-түлік (тамақ) шикізаты - тамақ өнімдерін өндіру кезінде одан әрі қайта өңдеуге арналған жануардан, өсімдіктен, микробиологиялық, минералдық, жасанды немесе биотехнологиялық жолдармен алынатын шикізат және ауыз су;
2) балалар сүт ас үйі - еметін және жас сәбилерге арналған сүт өнімдері мен емдік тамақтану өнімдерін дайындауға арналған объект;