Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің алтын-валюта активтерін, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының активтерін және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін сыртқы басқарушыларды таңдау және активтерді сыртқы басқаруға беру қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2026 жылғы 30 маусымдағы № 77 Қаулысы
«Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабы 2-тармағының 9) және 23) тармақшаларына, «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ережесін және құрылымын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 31 желтоқсандағы № 1271 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы ереженің 19-тармағы екінші бөлігінің екінші абзацының 51) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса берілген Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің алтын-валюта активтерін, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының активтерін және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін сыртқы басқарушыларды таңдау және активтерді сыртқы басқаруға беру қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының кейбір қаулылары осы қаулыға қосымшаға сәйкес тізбе бойынша күші жойылған деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Монетарлық операциялар департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;
3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.