Кондоминиум объектісін басқару шартының үлгілік нысанын бекіту туралы 2011 жылғы 13 қыркүйектегі № 338 және Кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған шығыстар сметасын есептеу әдістемесін бекіту туралы 2011 жылғы 12 желтоқсандағы № 479 Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі төрағасының бұйрықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Өңірлік даму министрлігінің 2014 жылғы 30 маусымдағы № 193/НҚ бұйрығы
Осы редакция 2015 жылғы 20 наурызда және 26 наурызда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі Заңының 10-2-бабының 10-4) және 10-6) тармақшаларына сәйкес БҰЙРАМЫН:
1. Мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
1) «Кондоминиум объектісін басқару шартының үлгілік нысанын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі төрағасының 2011 жылғы 13 қыркүйектегі № 338 бұйрығында (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7260 тіркелген, «Казахстанская правда» газетінде 2011 жылғы 16 қарашада № 365 (26756) жарияланған):
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Кондоминиум объектісін басқару шартының үлгілік нысанында:
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Кондоминиум объектісін басқару органы инженерлік желілер мен жабдықтарды, ортақ пайдаланылатын жерлер мен және кондоминиум объектісіне іргелес жатқан аумақты тиісті күтіп-ұстауды және жөндеуді, Меншік иесіне коммуналдық және өзге де қызметтерді беруді қамтамасыз етеді.
Кондоминиум объектісін басқару органдары осы мақсат үшін әрбір кондоминиум объектісі бойынша ортақ мүлікті күрделі жөндеуге соманы жинақтау үшін екінші деңгейдегі банктерде жинақтау шотын ашады.
Кондоминиум объектісін күрделі жөндеу үшін жинақталған соманы жинақ шотынан алуды үй-жайлардың (пәтерлердің) меншік иелерінің жалпы жиналысының шешімі бойынша кондоминиум объектісін басқару органдарының басшылары жүзеге асырады.